15 Тамыз, 11:56 441 0 Ішкі саясат Ахмет ӨМІРЗАҚ

Ақсақалдар сенаты немесе қазақы төрелік

Өткен аптада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған Қазақ Тағамтану академиясының президенті, академик Төрегелді Шарманов Мемлекет басшысына жаңа қоғамдық бірлестік – Ақсақалдар сенаты жайында айтып берді. Ол бірлестік билікке елге танымал ақсақалдардың мемлекеттің дамуына пайдасын тигізу үшін құрылған-ды. 

Академик Төрегелді Шарма­нов­тың айтуынша, Ақсақалдар сенаты үш адамнан құралған. Олар: Төре­гел­ді Шарманов, Олжас Сүлей­мен­ов және Мұрат Әуезов. «Біз жасы ұлғай­ған, өмірлік тәжіри­бесі мол адамдар ретінде Ақса­қал­дар сена­тын құрып, елімізде болып жат­қан түрлі жағдай­лардың мән-мағынасын ұғып-білуге өз ақыл-кеңесімізді бергіміз келеді. Қан­дай­да бір түйткілдер пайда болған кезде қоғамда белгілі бір пікір­лер­дің ығында кетіп қалушылық  болмай тұрмайды. Ал ол мораль­дық тұрғыдан өте зиянды», – деді кез­десуде Т.Шар­манов.

Әрине, бүгінгі Қазақстанда қан­дай да бір қоғамдық ұйым құруға еш­қан­дай шектеу жоқ, тек олардың жұмысы еліміздің Ата заңына қайшы келмесе болды. Осы тұрғыдан кел­генде, елімізде тіркелген он мыңдаған қо­ғам­дық ұйымдардың өз жұмыс­та­рын еркін түрде жүргізіп жатуы – мем­лекеттің заңдық тұрғыда оларға еркіндік беріп қойғанының дәлелі.

Ал енді ғана құрылып жатқан Ақ­са­қалдар сенатының бағытын қалай бағалауға болады?

...Әр дәуірдің қоғамдық ерекшелігі болады десек, оның басқару тәртібі де өзгеше кейіпте көрініс береді. Мәсе­лен Қазақ хандары дәуірінде билер феномені үлкен маңызға ие болды.

Оның нақты бір мысалы – атақты «Жеті жарғы». 1680 – 1715 жылдар аралығында Қазақ ордасын билеген Тәуке хан өзінен бұрынғы кезеңде «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолын» жетілдіріп, қазақты алғашқы заң жүйесін жасау үшін билер кеңесіне жүгініп, күллі қазаққа әйгілі атақты Төле би, Қа­зыбек би, Әйтеке билердің қаты­суы­мен «Тәуке ханның Жеті жарғысы» аталған жеті бөлімнен тұратын заңдар жүйесін жасады.

Билер ел арасындағы дау-шарға әділ төрелік етіп, халықтың көңілінен шыға білді. Кейбір қиын жағдайда кінәлілерді билер сотына салып, ба­рым­та жасағандарға қарымта белгі­леп, мал иесін риза қылса, жазатайым жағ­дайда кісі өліміне жол бергендерді құн төлеу әдісімен жазалап, қазаға ұшыраған кісінің отбасына не әуле­ті­не айыпты жақ көп мал берумен бітіскен.

Мәселен кісі қолынан өлген ер адамның құны 1000 қой немесе 100 жылқы немесе 50 түйеге бағаланған. Оны қазақта «ердің құны» дейді. Ал жазым болған әйелге осының жар­тысы берілген. Айыпты адамның жағ­дайы келмесе, құнды ру-тай­пасы­мен бірігіп төлеген. «У ішсең руың­мен» деген мақал содан шыққан. Қа­зақ­тың осы құн төлеу салты елдің бірлігін ойлағаннан туған гуманистік бітім еді. Ол ел мен елдің арасында өшпенділік болмауы үшін, халықтың тұтастығы сақталуы үшін жасалған шара.

Қазақ елінің хандық құрылымы күйреп, орыс империясының бо­данына түскен ға­сыр­ларда билердің билігі мен билер соты жойыл­ды. Солайша жеке адамдардың арасындағы дау-кикілжіңдер орыс патшасының жергілікті билеушілері тарапынан реттелуге көшсе де, қазақ халқы бір кездегі салтын ұмыта қойған жоқ. Ендігі жағында билердің орнын ауыл ақсақалдары иелеп, ағайын ара­сындағы ұсақ дау-дамайдың оң ше­шілуіне ықпал жасап отырды. Ол салт күні бүгінде бар. Дегенмен Ата заңы бар тәуелсіз елде бәрі заң аясында шешіледі. Конституция бойынша ел азамат­тарының құқықтары мен еркіндіктері толық қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, жасалған құқық бұзушылық пен қылмыстардың бәріне арнаулы жаза түрі тағайындалады, оны іске асыратын органдар бар. Ал барлық жағынан құқықтық реттеуі бар елге ұлттық мәні бар Ақсақалдар сенаты не үшін керек?

Әр мемлекеттің өзіндік ерекшелігі бар десек, Қазақстанда мемлекет құраушы ұлт қазақ халқы, оның өзіндік салт-дәстүрі, на­ным-сенімі бар. Қазақтың мораль, әдеп­ті­лік нормасында үлкендердің орны ерек­ше. Яғни, отбасында ата-ананың рөлі бірінші орында тұрады. Сондықтан үлкенді сыйлау ғұрпы сақталған, өмір көрген адамның сөзінің салмағы басым келетін қазақ қоғамында ақсақалдық институттың қызметі әлі тоқтаған жоқ деуге болады. Жиын-тойларда жасы үлкен­дер­ге алдымен сөз беру, ақсақалдарды риза қы­лып батасын алу, түрі ұлттық салт-дәс­түрлерде ата мен әженің, әке мен ше­шенің, сонымен бірге елге сыйлы ақса­қал­дардың алдына түспеу қанымызға отбасы тәрбиесі арқылы сіңгендіктен, халқымыздың жазыл­маған заңдарын құрметтеп өсеміз. Міне, осы тұрғыдан келгенде, елімізде, қоғамдық негізде болса да Ақсақалар ұйымының жұмыс жүргізуі – қажет нәрсенің бірі деп санауға болады.

Жасыратын несі бар, бүгінгі құқықтық демо­кратиялық мемлекетте өмір сүре оты­рып, еркіндіктің жөні осы екен деп үлкенді үлкен, кішіні кіші демейтін, аузы­на келгенін ірікпейтін, кейде қарапайым адамдық қарым-қатынаста әдеп дегенді жиып қойып, аузына келгенді айта сала­тын жастардың көбейіп кетуі – қазақтың ұлттық дәстүрден тым алшақтап бара жатуының көрінісі секілді. Бұл өз кезе­гінде ұлттың, мемлекеттің әдеп нор­ма­сына өлшеусіз зиянын тигізетін құбылыс.

Бүгінде қабілеті бола тұра жұмыс­сыз­дықты мін көрмеу, балиғат жасына жет­пей балалы болып қалу жағдай­ларының жиілеуі, кісі тонау, педофилияның кө­беюі, барлық са­лада жемқорлықтың бел алуы, ақша табу үшін түрлі азғындықтан ші­мі­рікпеу секілді індеттерді заңмен тыю мүмкін болмай барады. Заң – болған әрекеттерді саралау, кінәліні анық­тап, жазасын беру арқылы ғана әре­кет етеді. Ал адамның жан-дүниесіне тәрбие мен өнеге әсер етеді десек, ұлт­тық құндылық – қазақы тәрбиені қалпына келтіру бүгінгі қоғамның алдына тұрған үлкен мәселе. Осы тұрғыдан алғанда, қазақы билік, қа­за­қы төреліктің мемлекеттік идео­ло­гия мен саясатқа әсер етуі жақсы жемісін беруі әбден мүмкін.

Демек, құрылып жатқан Ақсақалдар сенаты елдегі саяси мәселелерден гөрі, халықтың тәрбие­сіне, дүниетанымына көбірек әсер етуді ойлап, жұмысын сол бағытта жүргізсе нағыз пайдалы іс сол болар еді дейміз.

Соңғы жаңалықтар