5 Шілде 2019, 12:37 648 0 Білгенге маржан Әсел ӘНУАРБЕК

Мүдделер тайталасы

Жапония. Осака қаласы. Өткен аптада дәл осы шаһарда әлем елдерінің көшбасшылары бас қосты. Басқосудың басты себебі – экономикалық және саяси G-20  бірлестігінің кезекті саммиті. «Үлкен жиырмалықтың» жиынында бірқатар экономикалық, сауда және инвестиция тақырыптары қаралды. Сондай-ақ, экология мен құқықтық теңдік мәселесі де назарға алынды. Ал геосаяси мәселелер бойынша Украина, Иран және Сириядағы ахуал талқыланды. Сонымен, Осакадағы G-20  саммиті қалай өтті? «Үлкен жиырмалық» қандай қорытындыға келді?

 АҚШ пен мемлекеттер арасындағы байланыс оңала ма?

Бұл саммиттің басты оқиғасы – АҚШ және Ресей президенттері Дональд Трамп пен Владимир Путиннің кездесуі. «Үлкен жиырмалықтың» жиынында бас қосқан көшбасшылардың біразы екіжақты кездесулер өткізгені рас. Алайда Трамп пен Путиннің оңаша жүздесуі әлемдік ақпарат құралдарының басты назарында болды. Бір жарым сағатқа созылған кездесу барысында талқыланған тақырыптар аз болмады. Ең бастысы, мемлекет басшылары екі ел арасындағы байланысты қалыпқа келтіру қажет деген тоқтамға келді. Дегенмен АҚШ пен Ресей арасындағы байланыстың оңалатынына үміт артатындардан күдіктене қарайтындардың қарасы қалың. Біраз жылдан бері екі ел арасындағы арақатынасқа сызат түсіп, Трамп пен Путин бір-біріне қырын қарап жүрген еді. Тіпті, «Үлкен жиырмалықтың» өткен жылы Буэнос-Айресте өткен саммитінде Ақ үй басшысы Ресейден келген әріптесімен кездесуге ниетті еместігін анық байқатқан. Трамптың мұндай шешім қабылдауына Ресейдің  Керчь бұғазындағы арандатушылықтан кейін ұсталған украиндық теңізшілерді қамауға алуы себеп болған.

Ал биыл Трамптың ойы өзгерді ме, әйтеуір, саммитке дейін Ресей және Қытай президенттерімен кездесіп, аталған елдермен арадағы байланысты жақсартуды көздейтінін мәлімдеді. Не болса да, көпті алаңдатқан кездесу өтті. Жүздесу барысында қос ел президенттері қарусыздандыруды бақылаудың заманауи үлгісі бойынша пікірталасты жалғастыруға келісе отырып, Иран, Украина, Сирия және Венесуэланың жағдайын талқылады. Ұзаққа созылған кездесу барысында Ақ үй басшысы Керчьте қамауға алынған украиндықтар мәселесін тағы да көтерді. Бірақ Путиннің бұл мәселеге қатысты пікір білдіруге ниеті болмаған сыңайлы. «Мәселе әлі де қаралады» деп жылы жауып қойды. Ал кездесуден кейін саммит қорытындысы бойынша журналистердің сұрақтарына жауап берген Ресей президенті қамаудағы украиндықтар туралы сауалға: «Бұл мәселеге қатысты әлі нақты шешім жоқ – сот істері жүріп жатыр, күту керек. Мұны кейін шешетін боламыз», – деп жауап қатты. Айта кетейік, Украинаның жағдайы саммитте талқыға түскен негізгі тақырыптардың бірі. Бірақ бұл жиында Украинаның жаңа сайланған президенті Владимир Зеленский бой көрсетпеді. Ал украиналықтар Зеленскийдің саммитке бармауының себебін іздеп, әлеуметтік желіде қызу талқыға салды. Жұрттың басым көпшілігі «ел тағдыры талқыланып жатқан жиында Украина президентінің болмауы орынсыз» деген тоқтамға келген.

Келіссөздер басталғанға дейін журналистер Трампқа сауал жолдады. Бұл сұрақтың Трамп пен Путин кездесуінде назардан тыс қалуы мүмкін де емес еді. Мәселе – АҚШ-тағы сайлауға қатысты. БАҚ өкілдерінің «Ресейдің АҚШ сайлауына араласпауын талап етесіз бе?» деген сауалын естісімен Дональд Трамп  әріптесіне бұрылып: «2020 жылғы сайлауға араласпауыңды өтінемін, Владимир», – деді. Ал Путин Трамптың өтінішіне жай ғана жымиып жауап қатты. Сонымен, әлем назарын тіккен кездесу өтті. Путин мен Трамп сыпайы қол алысып, екі ел арасындағы байланысты қалыпқа келтіруге тырысатындықтарын айта отырып қоштасты.

Жапонияда алғаш рет өтіп отырған саммит алаңында пікірталастар аз болмады. Ал АҚШ президенті Дональд Трамптың саммитке келудегі басты мақсаты – әріптестерімен арақатынасты ретке келтіру болғандай. Ақ үй басшысы Түркия Республикасының президенті Реджеп Тайып Эрдоғанмен кездесіп, Анкара мен Вашингтон арасындағы қиындап кеткен жағдайды талқылады. Бұған дейін Түркия С-400 ресейлік зениттік зымыран кешенін алған еді. Ол үшін Анкара 2,5 млрд доллар жұмсады. Ал АҚШ ресейлік кешенді НАТО қаруларымен бірге қолдануға болмайтынына сенімді. Сондықтан Вашингтон осыған дейін де Анкараны талай мәрте санкциямен қорқытқан болатын. Соған қарамастан екіжақты кездесу барысында Трамп Түркияны Солтүстік-Атлантикалық альянстағы бірлескен жұмысты дамытуға шақырды. «Бұл – күрделі мәселе. Біздің көзқарасымыз әртүрлі. Түркия – біздің досымыз, біз сауда саласында серіктеспіз. Біз әрі қарай да байланысымызды жалғастырамыз деп үміттенемін», – деді Ақ үй басшысы. Эрдоған да екі ел арасындағы серіктестік байланыстың жалғасатынына сенімді. Дегенмен, Анкараның зениттік зымыран кешенінен бас тартпайтынын анық аңғартты.

G-20 саммитімен кімдер қоштасады?

«Үлкен жиырмалықтың» әр саммиті – әлем көшбасшылары үшін ерекше кездесу. Буэнос-Айрестегі соңғы саммиттен бері де талай нәрсе өзгерді. Кей басшылар мен мемлекеттер арасында алауыздық туындаса, енді біреулері байланысты нығайтты. Ал бұл жолғы саммит кейбір көшбасшылар үшін соңғы жиын болмақ. Мәселен, Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй G-20 саммитіне соңғы рет қатысты. Мэйдің биылғы жылдың 7 маусымынан бері Консервативтік партияның төрағалығынан кеткені мәлім. Дегенмен, Тереза Мэй жаңа көшбасшы сайланғанша премьер-министр қызметінде қалады. Ал жаңа басшының кім болары әзірге беймәлім. Қазіргі уақытта Борис Джонсонның дәл осы қызметке жайғасуға мүмкіндігі мол дейтіндер көп еді. Бірақ оның соңғы уақытта келеңсіз жайға тап болуы Джонсонның рейтингін құлдыратып жіберді. Қалай десек те, Осакадағы жиын – Тереза Мэйдің әлем көшбасшыларымен бірге өткізер соңғы кездесуі болды. Әлемдік ақпарат құралдарында жарияланған фотоларға назар салсақ, Тереза Мэйдің қимастығы мен көңіліндегі кірбіңді бірден байқауға болады.

«Үлкен жиырмалықпен» қоштасатын жалғыз Тереза Мэй ғана емес. Саммитке енді келмейтін басшылардың қатарына Канада премьер-министрі Джастин Трюдо да бар. 2019 жылдың қазан айында Канадада федералды сайлау өтеді. Сайлау нәтижесі бойынша Джастин Трюдо басқарып отырған Либералды партия жеңіске жетпесе, ол премьер-министр лауазымынан айырылуы мүмкін.

2019 жылдың қазан айы Аргентина үшін де өзгерістер мерзімі болуы ықтимал. Ел президенті Маурицио Макри екінші рет сайлауға түсуге ниетті. Айта кетейік, Макри 2015 жылғы сайлауда жеңіске жеткен еді. Бірақ қазір оның кезекті сайлауда жеңіске жету ықтималдығы аса жоғары емес. Өйткені мемлекет қазір экономикалық дағдарысқа ұшыраған.

«Үлкен жиырмалықпен» қоштасатын көшбасшылардың бірі – Еурокомиссия басшысы Жан-Клод Юнкер мен Еуропалық одақтың төрағасы Дональд Туск. Олар да 2019 жылдың қазан және қараша айларында өздерінің жайлы орындарын босатады.

Көшбасшылар келісімге келді

Саммитте сөз болған геосаяси мәселелердің көш басында Украинадағы жағдай тұрғаны мәлім. Германия канцлері Ангела Меркель Ресей президентімен кездесу барысында «Норманд форматын» сақтауға келісті. Ал Франция президенті Эммануэль Макрон келіспеушіліктерді «Минск келісімі» бойынша шешуге шақырды. Ал Ресей мен Британия байланысының болашағы бұлыңғыр. Егер Ресей әлемдік қауіпсіздікке кері әсер ететін жауапсыз саясатын тоқтатса ғана аталған екі мемлекеттің серіктестігіне сенім артуға болады. Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй саммит қорытындысы бойынша дәл осындай мәлімдеме жасады. Саммит барысында саясаткер: «Ресей билігі басқа жолды – өзге елдермен татулық пен ынтымақтастықта жұмыс істеуді таңдауы тиіс», – деді.

Ал бүкіл әлемнің назарын аударып отырған Қытай мен АҚШ арасындағы сауда соғысында үзіліс жарияланды. Бірақ бұл уақытша ғана. 2018 жылдың көктемінен бері қырғи-қабақ болып жүрген екі ел басшыларының кездесуінде екі тарап келісімге келгендей болды. Яғни, АҚШ пен Қытай сауда келісіміне отыруға келісті. Ал Дональд Трамп Қытай экспортына қатысты жаңа тарифтерді енгізбеуге уәде берді.

«Үлкен жиырмалықтың» көшбасшылары саясаттағы келіспеушіліктерге қатты мән бермеуге шешім қабылдады. Есесіне еркін сауда айналымы мен ғаламдық экономиканы дамыту үшін бірігудің қажеттігін тілге тиек етті. Қорыта келгенде, G-20 елдері осы жолы ортақ келісімге келіп, тіл табыса алғандай әсер қалдырды. Бұл «Үлкен жиырмалықтың» тарихындағы 14-ші, ал Жапонияда өткен алғашқы саммит.

Соңғы жаңалықтар