28 Наурыз 2019, 16:30 1010 0 Қоғам Әсел ӘНУАРБЕК

Жастарды қолдауға 24,6 млрд теңге

ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Жастар жылын өткізу жөніндегі жол картасына енгізілген толықтырулар мақұлданды. Қабылданған құжат жастардың әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

 Үкімет басшысының орынбасары Гүлшара Әбдіқалықованың айтуынша, Жастар жылын өткізуге бюджеттен 24,6 млрд теңге қарастырылып отыр. Бұл қаржы жастарды сапалы әрі қолжетімді біліммен, тұрғын үймен, жұмыспен қамтамасыз етуге және жас кәсіпкерлер мен отбасыларды қолдауға бағытталмақ.

Жастарды қолдауға арналған жол картасы 5 бағыт, 89 тармақтан тұрады.

 

Бірінші бағыт

 

Еңбек етіп жүрген жастарды баспанамен қамтамасыз ету
Екінші бағыт Жастарды еңбекпен қамту
Үшінші бағыт

 

Білім беру мен волонтерлер ұйымдарын дамыту
Төртінші бағыт

 

Жастардың әлеуметтік белсенділігін дамыту
Бесінші бағыт

 

Жас отбасыларды, денсаулық пен әлеуметтік инклюзивтілікті қолдау бойынша шаралар кешені

Жастарды қолдауға бағытталған жол картасының алғашқы бағыты бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жыл сайын жас мамандарға арналған мыңға жуық жалға берілетін тұрғын үйлер бой көтермек. Бұл баспаналар кәсіпорындарда, ауыл шаруашылығы мен бюджеттік мекемелерде, ғылым саласында жұмыс істейтін жас мамандарға, жаңа іс бастаған кәсіпкерлерге беріледі. Отбасындағы бала саны, арнайы күтімді қажет ететін бала тәрбиелеп отырғандар, толық емес отбасылар және тағы басқа факторлар да ескеріледі.

Ал екінші бағыт бойынша «Жас кәсіпкер» бағдарламасы жүзеге асырылмақ. 3 жылда 60 мыңнан астам жас кәсіпкерлік негіздері бойынша тәлім алады. Сонымен бірге, ауылдағы жастарға 15 мың шағын несие беру көзделіп отыр. Жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін 30 мыңнан аса мемлекеттік грант қарастырылады.

Білім беру мен волонтерлер ұйымдарын дамыту бойынша «Жас маман» деп аталатын бағдарлама әзірленуде. Аталған бағдарлама арқылы сұранысқа ие 100 индустриалды және сервистік кәсіп бойынша мамандар дайындалады. Ал «Ашық университет» жобасына барлық жоғары оқу орындары мен колледждер де қосылмақ. Сонымен қатар іргелі әрі қолданбалы зерттеулерді гранттық қаржыландыру жылына 3 млрд теңгеге ұлғайтылатын болады. Волонтерлық шараларға белсене қатысып жүрген студенттердің шәкіртақысы 30 пайызға артады.

Төртінші бағыт жастардың әлеуметтік белсенділігін дамытуға арналады. Бұл бағытта «Жасыл Ел» қозғалысының негізінде «Жасыл қала – Жасыл ауыл» жалпыұлттық жобасын жүзеге асыру қолға алынғалы отыр. Құрылыс компанияларында студенттік құрылыс отрядтары үшін квота бөлінеді. Сондай-ақ 2025 жылға дейінгі әскери-патриоттық тәрбиелеу бағдарламасы және тағы басқалары әзірленеді.

Ал бесінші бағыт бойынша аймақтық жастар чемпионаты мен студенттер универсиадаларын жаппай өткізу тәжірибесін жаңарту жоспарланған. Жоспар аясында түрлі жастар санатын әлеуметтендіру, суицидтің алдын-алу, отбасы институтын нығайту және отбасылық құндылықтарды алға жылжыту, дарынды жастарды қолдау жұмыстары жүзеге асырылмақ.

Соңғы жаңалықтар