Нұржан Мақсотұлы: «Ең бақытты ел» жобасының берері мол

Нұржан Мақсотұлы: «Ең бақытты ел» жобасының берері мол

Нұржан Мақсотұлы: «Ең бақытты ел» жобасының берері мол
ашық дереккөзі
Қазақстанда әкелер бала тәрбиесі, отбасындағы құндылықтар жөніндегі қоғамдық істерге, әлеуметтік жобаларға көп араласпайтыны үйреншікті жағдай болып қалған. Ондай шаралардың басы-қасынан көбіне әйелдерді көреміз. Дегенмен әкелер институтын дамытуға бағытталған үздіксіз іс-шаралар бұл жағдайды біртіндеп өзгертіп келеді. Мысалы, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-тың гранты аясында әкелер институтын дамытудың жаңа тәсілдерін  «EN BAQYTTY EL» қоры ұсынуда. Қордың өткізген семинар, әлеуметтік тренингтер мен мастер-класстары қазақстандық әкелерді бала тәрбиесіне көбірек көңіл бөліп, басқалармен тәжірибе алмасуға қызықтыра түсті. Сондай шаралардың біріне қатысқан Атыраулық кәсіпкер, бес баланың әкесі Нұржан Ермұханов конференция бұл бағытта әлі талай шаруа атқарылуы керектігі туралы ой салғанын айтады. Сондықтан Атырау облыстық әкелер кеңесінің төрағасы ретінде қазір қоғамдық істердің басы-қасында жүр.  – Нұржан Мақсотұлы, «Ең бақытты ел» әлеуметтік жобасына қатысудағы басты мақсатыңыз қандай? Сізге жоба не береді деп ойлайсыз? – Мен өзім дәстүрлі отбасында өскендіктен, ең алдымен, елді өркендетудің, көркейтудің тетігі үй ішінде берілетін тәрбиеге тікелей байланысты деп айта аламын. Сол себептен «бақытты адам» тұлғасын сомдап шығарып, «бақытты елге» айналу үшін отбасында тәлім-тәрбиеге қатты көңіл аудару керек деп есептеймін. Қазақта «Бір жылдығын ойлаған ел бидай егеді, он жылдығын ойлаған ел ағаш егеді, Мәңгілігін ойлаған ел ұрпағының жүрегіне ізгіліктің дәнін егеді» деген қанатты сөз бар. Бұл бойынша, ең алдымен, жас ұрпақтың жүрегіне ізгілік, мейірім, даналық сияқты жақсы қасиеттердің ұшқынын бала кезінен сала беру керек. Сол кезде ол өсе келе, елінің қамын ойлайтын парасатты, өз басынан халықтың мақсат-мұратын жоғары қоятын кемел азаматқа айналады. Өзім де үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отырғандықтан әрі қоғамдық жұмыстармен көп айналысып, елдік, мемлекеттік маңызы бар жобалардың жүзеге асуына атсалысып жүргендіктен, «Ең бақытты ел» жобасы бойынша да ұсыныс-кеңестерімді ортаға салып, орындалуына мұрындық болуды қажет деп санадым. Бұл жоба аясында елдің қоршаған ортаға деген сауаттылығын, оң көзқарасын қалыптастыру, ұрпақ тәрбиесіне көңіл аудару, білім берудің ұлттық стандарттарын дәстүрлі негізде дамытып-жетілдіруді мақсат етіп отырмын. Өйткені бұлардың маңызы қазіргі жаһандану заманында бұрынғыдан да арта түсті. Біз басқа дамыған елдермен иық түйістіріп, тең дәрежеде тұру үшін білім, тәрбиені, ғылым мен технологияны өзіміздің табиғатымызға келетін дәрежеде көркейтуге тиіспіз. Ал жоба маған не береді дегенге келетін болсақ, көкейімде жүрген көптеген мәселелердің, ойлардың жарыққа шығып, шындыққа айналуына осы жоба үлкен септігін тигізер еді деп ойлаймын.  – Қазақстанда әкелер неліктен әлеуметтік жобаларда белсенділік танытып, тәрбие жұмысын бірге үйренуге құлшыныс таныта бермейді? – Иә, әрине, мұндай жайттың кең етек алып отыруы, шынымен де, қынжылтатын мәселе. Бізде, әрине, барлық отбасы иесінде тәрбие, білім, қоғамдық түйткілдерге қатысты ортаға салар ойлары мен идеялары бар. Дегенмен осыларды қоғамдық талқыға салуға келгенде көбісі шегіншектей береді. Бұл үшін мемлекетте идеялардың ашық айтылуы үшін кең алаң жасалуы тиісті деп санаймын. Отбасындағы әкелердің қоғамдық-саяси белсенділігін арттыратын уақыт жетті. Бірақ қазір, бір қуантарлығы, өзінің ой түкпіріндегі ақыл-кеңестерімен, ұсыныстарымен бөлісіп, мемлекеттік деңгейде болмаса да, жергілікті дәрежеде, мәселен, өз тұрып жатқан аймақтың өсіп-өркендеуі, көркеюі үшін бірқатар жобаларды атқарып келе жатқан азаматтар сапы да көбеюде. Ел, мемлекет, аймақ, қоршаған орта, тәрбие, білім, ғылым т.б. кез келген адамның салғырт, бей-жай қарамауға тиісті мәселелер болса, соның шешілуі үшін қолдан келгенге атсалысу – перзенттік парыз. Әрі бұл өзіміздің туып-өскен өңірімізге, ортамызға, бала-шағамызға да үлкен рухани әрі материалдық пайдасы тиетін бастама. Қазіргі кезде билік тарапынан да Қазақстанның әр тұрғынының қоғамға игілігін тигізетін ұстанымын, көзқарасын білдіруіне жағдай жасалып келеді. Осы мүмкіндікті барынша тиімді пайдалануымыз керек-ақ. Өзіме келер болсам, ес біліп, ел ісіне араласқалы, қоғамдық әрі мемлекеттік қызмет саласында да білгенімді, түйгенімді, үйренгенімді елдің кәдесіне жаратып келемін. Туып-өскен өңірім Атырау өңірінің көркейіп-гүлденуіне де қолдан келгенше үлесімді қосуға талпынып жүрген жандардың бірімін. Соңғы уақыттарда байқайтыным, жас буынның санасы оянып, елге, халыққа риясыз көмегін, жәрдемін тигізгісі келетіндер ұлғая бастады. Бұл да бір қуантарлық жайт деп білемін. Себебі барлық жақсы нәрсе бір күнде бола салмайды. Ол үшін сатылай тұрақты жұмыс жасап, игі әрекеттерді тоқтатпау керек.  – ХХІ ғасырда, отбасымен бірге болуға уақыт тапшы кезде әкенің бала тәрбиесіндегі рөлі қандай болу керек? – Қазір, жаңа технологиялардың, интернет пен смартфонның үйдегі тұрмыстық техниканың бір бөлігіне айналуы, бір жағынан, білім-ғылым, ақпарат алмасу, байланыс саласын едәуір дамытып, жетілдірді. Дегенмен, екінші жағынан, бұл уақыт тапшылығына да әкеліп соқтыруда. Бұрын дәстүрлі отбасында ата-ана үйде балалардың оқуы, тәрбиесі үшін арнайы уақыт бөліп, олардың ойын, пікірін тыңдауды бір әдет, дағды деп білетін. Қазір көп отбасында ата-ананың тәрбиесіне арналатын бос уақыттың орнын компьютердің, интернеттің басқаны, өкінішке орай, шындық болып тұр. Әсіресе мұндай кезде жауапкершілік әкелердің мойнына көбірек түседі. Жас болсын, ересек болсын, барлық адамның тағдыры – өмірдің қайталанбас өрнегі. Тағдыр күн сайын, сағат сайын адамға мән тосады. Адам оны сәт сайын жүзеге асыруға міндетті. Шәкәрім атамыз «Қапы өткізбе сол кездің бір сағатын, Өкініші қалмайды кетсе ағатың» деген екен. Яғни, қандай жақсы нәрсені болсын уақытында істемесең, оның арты үлкен өкінішке соғуы мүмкін. Сондықтан отбасында әке әр балаға өмірінде үлкен мәннің күтіп тұрғанын, оған қол жеткізу үшін тәрбие, білім мен ғылымды терең игеруі керек екенін ұқтыруы керек деп ойлаймын. Әке, қандай заманда болмасын, отбасында жетекші адам. Ол қазір де осы рһлінен жаңылмай, адаспай, отбасына қатысты барлық мәселені бірлесе, тізе қоса отырып сау ақылмен шешуге тиіс.  – Сіз балалармен үйде қандай тақырыптарда жиі әңгімелесуге тырысасыз? – Мен балаларыммен, алдымен, олардың қызығатын саласы бойынша, содан кейін тәрбие ұстанымдары негізінде сұхбат құруға тырысамын. Әр бала бір жас өскін сияқты, оның артық-кем мінездерін жөндеп, түзеп отыру – әке үшін маңызды міндет. Бала «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Сондықтан балаларымның елдің қамын ойлайтын, азаматтық парызын биік қоятын, білімді, тәлімді тұлғаға айналуы үшін мағыналы, рухани тақырыптарда көбірек әңгіме өрбітуге тырысамын. Бұл тұрғыда қазақтың дәстүрлі тәрбиелік мирастарын көбірек кәдеге жаратуды жөн деп санаймын. Олар салт-дәстүр, әдет-ғұрып, жоралғылар. Сан түрлі әдет-ғұрып, салт-сана бір жүйеге түсіп, үзіліссіз қайталануы арқылы ұлттық санамыз, рухани, тарихи жадымыз – рухани, ұлттық құндылыққа айналып, халқымыздың болмысын қалыптастырады екен. Осы ұлттық құндылықтарымызды дамытып, оны ұлттық дәстүр ретінде ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, тіліміз бен ділімізді олардың санасына сіңіріп, озығын дамытып жетілдіре алсақ қана ұрпағымызды аман сақтап, рухани жағынан жетілдіре аламыз.  – Әкенің қыз бала мен ұл баланың тәрбиесіндегі рөлін бөліп қарастырсақ, қандай айырмашылықтарды көруге болады? – Қазақта «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген мақал бар. Яғни ер баланың тәрбиесі көбінесе әкеден алатын ұлағаты мен тәліміне байланысты өрбиді. Ер бала көбінесе түзде жүретіндіктен елдік, қоғамдық жұмыстардың мән-маңызын, салмағын жастайынан біліп өсуі тиіс. Сондықтан оны жас кезінен сондай істерге баулуға мән беріледі. Ал қыз балаға қонақ деп қарағандықтан, әрі жат жұрттық деп құрмет тұтатындықтан, оған үй ішіндегі қолөнер жұмыстарын үйретуге назар аударылады. Менің үш ұлым есейіп, хат танитын күйге жеткендіктен, негізінен оларға берілетін тәрбиені өз мойныма алғанмын. Ал қызым әзірге сәби болғандықтан, оған да өскесін дәстүрлі қазақ отбасындағы үлгіге сай ізгі қасиеттерге баулуды қолға аламыз деген ниетім бар.  – Көпбалалы әкесіз. Тәрбие жұмысында қаталдық танытуға мәжбүр болатын кездер бола ма? – Иә, әрине, кейде ұл балаларға қаталдық танытуға тура келеді. Өйткені кейде олар еркелік көрсетіп, айтқаныңды, тапсырған ісіңді жүрдім-бардым қарап істеуі де мүмкін. Сондай кезде жұмсақтық танытпай, оған дұрыс тәрбие беру үшін қаттылау мінез көрсету бірнеше рет басымнан өтті. Қазақта тұңғыш ұл – кейінгі іні-қарындастарының қамқоршысы, ата-анасының көмекшісі, оған «Ағасы бардың – жағасы бар» деп арқа сүйейді. Ал кенже ұл – қара шаңырақ иесі. Басқа үлкендері енші алып, бөлек отау құрып жатса да, кенже ұл әке-шешенің қолында қалады. «Ұлға отыз үйден тыйым, сан үйден сын» демекші, ер жігітке айтылар сын көп, қойылар талап жоғары. Мен үшін ұлдарымның дара, мықты, қайсар, білімді, өнерлі, ақылды, саналы тұлға болып өсуі өте маңызды. Ол үшін, әрине, оларды ширатып, қайрап, түрлі сынақтардан өткізіп отыруды әдетке айналдырғанмын. Ер жігіт жігерін жаныған сайын құрыштай берік бола түседі. Сондықтан оларға қаталдық таныту – өздерінің келешегі үшін өте пайдалы деп білемін. Ал егер анасына көмектерiн көрсетiп, жылы сөздерін арнап жатса мен де балаларыма әке ретінде ризашылығымды білдіремін. Кейде достары сияқты сөйлесемiн, кейде алысып ойнаймын, кейде үлкен адамша ақылдасамын. Анасын, әжесін, қарындасын, жалпы қыз баланы сыйлауды, оларға қамқор бөлуді үйретіп келемін. Әрдайым бойындағы жақсы қасиеттерiн айтып, жiгерлендiрiп, сенiм бiлдiрiп отырамын. Үйленердiң алдында болашақ жарыма – Азизаға берген 2 уәдеммен бөлiсейiн: бірінші – қандай жағдай болса да ешқашан болашақ жарыма және балаларыма қол көтермеймiн! Екінші – Алланың берген ғұмырында, қандай жағдай болса да арамызда махаббат пен мейiрiм, сыйластық пен сенiм болатын қағиданы ұстанамын дегенмін. Аллаға мың шүкір, 10 жылдан асқан уақыт iшiнде уәдемiз бұзылмай, берекелі отбасы, көп балалы әке-ана атанып келеміз. Соңғы жылдары елімізде үйленуден ажырасу саны көбейгенi ерекше алаңдатады. Әр отбасының береке-бiрлiгiн сақтау мақсатында көптеген қоғамдық, қайырымдылық, рухани iс шаралар атқарып,  мектеп оқушыларымен, студенттер және жас отбасылармен кездесiп, санасы мен рухын, мәдениеті мен өмірлік құлшынысын арттыру жолында жұмыс істеп келемін. Жақында Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен, "En baqytty el" Қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткізiлген «Әкелік институтты қолдау және дамыту" бойынша  Zoom конференциясына қатыстым. Осы конференцияда Ақтөбе облысы әкелер кеңесі менiң жұмыстарымды жақсы білетінiн және өз өңірлерiнде осындай қызмет  жасағысы келетiндерiн жеткiзді. Ниеттеріне үлкен рақмет айтқым келеді.  – Сұхбат бергеніңіз үшін біз сізге рақмет айтқымыз келеді!