Ақсораң құздың қиясы – ақсұңқар құстың ұясы

Ақсораң құздың қиясы – ақсұңқар құстың ұясы

Ақсораң құздың қиясы – ақсұңқар құстың ұясы
ашық дереккөзі
«Бісіміллә» – сөз басы… Шығыста бір тәмсіл бар: «Ақындардың құлағы өзінен қырық жыл бұрын туады» деген. Тіпті, одан да асырып: «Ақындар халықтан да ұзақ жасайды» деп жіберетіні тағы бар… Асылы, хас ақынның дабыралы дақпырты, дабылды даңқы тым алыс жерлерге де өзінен әлдеқайда бұрын жетеді. Егер ақын Тәңір-Тағала уә тәбараканың өз пешенесіне еншілеген Аманатына опасыздық қылмаса, яки атақ-мансап-ақша жолында ақындық киеге түк қатысы жоқ шаруалармен айналысып кетпесе, дақпырт өшіп, даңқ қана келер ғасырлардың еншісіне көшеді… О кезде күнде берекет, айда аял, жылда баян бар еді-ау. Уақыт шіркін, қазіргідей – басы да белгісіз, ақыры да әйгісіз бір түпсіз құрдымға құйып жатқан сылдырсұйық  сұрғылт топан емес-тін. Мүлгіген таулар қуысындағы қиян қыстауда түн тылсымында радиодан шалқыған төрт-бес күй мен бес-алты әннің өзі демі күрсін жаныңның ең шығай шиыр түкпірлерін шарлап, тар кеудеңде тыпырлаған рухың сыры тылсым ғаламның ең шыған қиыр шалғайларын кезіп кете барар-ды. Ал мерзімді баспасөзге шыға қалған мықты өлеңдер әп-сәтте санаңда мөрленіп, сол сиқырлы сөздерді әп-сәтте  мәңгіліктің тас тақтасынан оқып тұрғандай әсерге бөленетінсің… Бұрын да бір жазғанымдай, сол жылы орта мектепті құтарып, алыс Алматыдағы нән оқудан құлап келіп, майлы қиян Маңғыстаудың Қарамандыбас аталатын таушықтарының арасында тұлпардың көз шарасындай көзгелдек құдықтардан қауғалап жылқы суарып жүрген бір шағым-тын. «Алагөз», «Досанкөк» деген қос қылаң, «Қарға» атты бір баран – жүйрік аттарды алма-кезек мінем. Қашса, – құтылған, қуса, – жеткен, машырықтағыны мағұрыптағыға душар еткен, тарғыл тастан қарғыған суша кеткен беу, дәурен, ол кезде иек асты – қиян шетте маған жеткізбей жүрген жалғыз қашаған жақсы өлең ғана болатын… Сондай күннің бірінде Арқадағы Болат атты досымның хаты жетсін. Хат – буаз, бүйірі тым шығыңқы. Аз ғана аман-саулықтан соң қолмен жазылған «Арғымақтар» атты жыр кетсін!.. Сойқан жыр былай басталады: «Сәуірбек аға! Ғафу ет сұрағаныма, – Арғымақтардың да адамша жылағаны ма? Арғымақтар-ай, дәуірдің мазақ құрбаны, – Менің де қаным қыр қаны, қазақтың қаны! Құндыз қыл құйрық сұржекей арғымақтар-ай! – Шынымды айтам, шынымды, сандырақтамай!..» Мен де шынымды айтайын, басында мына екпіні сұрапыл жырды досыма «қимай» «қызғанып» қалдым. Соңынан барып авторын біліп «уһ» деп демімді бастым. Жоқ, демім, өрекпуім басылмады. Ол кезде Тәкен Әлімқұловтай классиктің «Тұлпарлар тағдыры» кітабынан, аталмыш Сәуірбек Бақбергеновтің еңбектерінен Абсенттің тағдырымен недәуір таныс едім. Бірақ мынау жырдан соң күнде көріп жүрген арғымақтарыма мүлде басқа көзбен қарай бастадым. Олардың сабау кірпікті тұнық көздеріне үңілсем, ұлтымның санқилы тағдыры мен жылқымның қым-қиғаш шабуылы елестеп қоя беретін болды… Сөйтіп жүріп қимас достарым – тұлпарларыма «қош, қош» айтып Алматыға да аттандым. Мұнда да – ұлы даланы дүбірлете құйындатып келіп, қаланың тас көшелерін аламан-тасырға бөлей шапқан арғымақтардың тұяғының астында қалғандай күй кештім! Көкірегіне сөз ұя салған жастың көбінің аузында Ақсұңқарұлының «Арғымақтары» жүр. Аңқылдап алдымнан шыққан аса құрметті Ертай Ақатұлының айтуынша, бізден бұрынғы бір шулыған шайыр Қарқаралыға барып, Ақсұңқарұлын «піріндей» қабылдап, «қол тапсырып» қайтыпты! Онысымен қоймай, «пірінің» біраз өлеңін жаттап алып, біраз уақыт өз атынан оқып астананың жырсүйер қауымын пері соққандай қылса керек… Сондай күндердің бірінде, жаңылмасам, 83-тің бас кезі, партияның органы «СҚ»-ның бір бетін толайым алып «Құрлықтар» атты поэманың жарияланғаны. Ырас, «поэма» дегеннен гөрі бір тақырыпқа топтастырылған кесек жыр-балладалар десек орынды болатын сияқты. Поэманың ішінде арқырай кісінеп, шырқырай шауып баяғы «Арғымақтарым» жүр… Соңында, әлі есімде, «Ақсұңқар Серік – жұмысшы» деген есім-нәм бар. Оның өзі жырдай естіледі. Шынын айту керек, ол кезде маған «жұмысшы» деген сонша бір абыройлы атақ болып көрінбейтін. Күнделікті көзге үйреншікті мұнайшыдан, ұлутас карьерлерінде, зауыт-фабрикаларда мігірсіз митыңдап жүретін көп жұмысшыдан мен ешқандай романтика, асқақтық сезінбеппін. Осынау рухтың ұстаханасында сомдалған кескекті мақам, ескекті екпін сол қарабайыр мамандықтың өзін тым шалқақтатып жіберіп еді. Ол кезде, әрине аталмыш поэма компартияның бас газетінің қоржынында бес жыл жатып, рухына – фатих, Ақселеу ағамыздың жанкештілігімен ғана асу-асу белдерден, кешу-кешу шөлдерден өтіп бізге жеткенінен бейхабармыз. Әйтсе де, әрбір жолы әбден қасаңданып қалған кеңестік қағидаларға қасарыса қайрат көрсетіп, әр шумағы сіресіп тұрған сойқан да сұсты жүйеге ысқырына айбат шеккен мынау өжет те өр сарынның сықиған «СҚ»-ның беттеріне тіпті сәйкеспей тұрғанын, жас та болсақ, болжадық… Міне, мынау  үндістердің «Яман тайпасының соңғы тұяғының» жыры: «…Жерді қан-жынға кім араластырды?! Тұрған ерініңді жалақ қып – Сары Алтыныңды – Сары Албастыңды Кетермін мәңгі талақ қып! Көзіңді аш! Қара – молаларыңа! Қара бұлт торлады алапты! Нейтрон дейтін Зобалаңыңа Айырбастамаймын Садақты! Аспанды сенше құша алмадым мен... Жалайды беріш ділімді: Сүйемін ұлы ұшан далам мен көгілдір кеңістігімді! Сол кеңістікте қала бермекпін, Бір рух жебеп денені. Далада тудым. Далада  ер жеттім. Далада өлгім келеді!» Бұл, шындығында, менің, яки тағдыры «Бар» мен «Жоқтың» таразысында теңселіп тұрған қазақ атты қасіретті ұлттың ышқынысы-тын!.. Көп ұзамай поэма «Жиырмасыншы ғасырдың жиырма сәті» аталған жеке кітап болып шықты. Жұп-жұқа мұқабалы көгіс кітап жастығымыздың астында тозды. Алайда ішіндегі жырлар күн өткен сайын жақұттай жарқырап жырсүйер жастардың ауыздарымен берісі – күлемге, әрісі әлемге тарап жүре берді… Сол 83-тің көктемі еді. Алматының, оның ішінде «КазГУ-городоктың» көктемі қандай! Жұматайшылап айтсақ, «шырша инесі, ырғай бүрі сорғалап», Найзағараның басынан Ай қорғалап, Егізқараның арасынан жұлдыздар жорғалап, күнімен жортып шөлдеп кеп, түнімен шабыт кәусарына мелдектеп, таң алдында талып жығылып ем, әлдекімдердің күбір-күбір үндерінен оянып кеткенім. Басымды көтерсем… басымда – қос Бауыржанның (Үсенин мен Жақыпов) қасында Ақсұңқар құстың баласы отыр! Жазбай таныдым! Ұйқым шайдай ашылды!.. Тасыр-тұсыр жуынып, апыл-ғұпыл киініп, алас-күлес таныса салып, Абай-Гагарин қиылысындағы Баспа үйіне тарттық. «Жазушы», әлде «Жалын»  баспасына жаңа кітабын тапсыра келіпті. Айтпақшы, қасымызға бұрын біздер жүзіне шалыс Қасымхан қосылды, ол да елде-тін. Сонымен біз, Ақсұңқарұлын алға салып ой, бір сайран кештік-ау! Арқадан арқалы ақын өзімізді іздеп келгесін аяқты әр жерден әлтек-тәлтек басамыз. Бір түрлі, әлемге де Ақсұңқарұлының  мөлшерімен, өлеңге де соның өлшемімен қарай бастағандаймыз. Көшедегі құмырсқадай жыбырлаған көп пенде түгілі, жайшылықта дардай көрінетін біраз ақындарды ағамыз: «Өй, әкең, Алматының ақындары ғой!..» деп белдерінен бір-ақ сызып тастағасын, оларға да недәуір биіктен қарайтындаймыз. «Алматының ақындары» деген жаңада шығарылған «жаназадай» естіледі. Бізбен бірге сыраханаға барған екі-үш ағамыз әлгі «жазаға» кесіліп, «жаназасы» көзапара шығарылып, арамыздан қуылып-ақ кеткені. Біз де еліріп алғанбыз, «пірінен» бата алып, «жаназа шығаруға» дайын болып қалғандаймыз. Жазушылар Одағына жасаған «жорығымыз» да аса абыройлы болмады. Талай адаммен жүз шайысып, аман шықтық-ау, әйтеуір. Қайран балаңқы жастық, қазақтың, қалса, одақтың күллі ақынын ағамыздың аузымен бағалатып алуға жан етеміз. Есениннен Есенғалиға, Хлебниковтен Кеңшілікке,  Евтушенкодан Ертайға дейінгі аралықта біз талдамаған, «бағаламаған» жан қалмады. Одақтан шығып келе жатып, Ақсұңқарұлының бір адас ақыны туралы сұрап ем, ол да «Алматының ақындарының» сапында «аласталып» кете барды. Құдай шебер, Бас поштаның жанына жете бергенде әлгі «алас» һәм адас-ағаның жолыға кеткені. Арқадан келген інісін таныстырып ем, ағасы ақ жарыла қуанды. Өзінің асығыс екеніне өкініш білдіріп, қалтасынан «қызыл ондық» шығарып: «Орталарыңда мені де бар деп есептеңдер» деп қолыма  ұстата берді… Біраздан соң Ақсұңқарұлы: Өзгеше кескінде екен кезеңіміз, Біздің де өрт ішкендей өзегіміз. Қасымда Бауыржан мен Светқали, Келгендей енді біздің кезегіміз, – деп, «Мұқағали. Хроника – 1973» өлеңінде суреттеген «Панфилов гүлбағының іргесінде шөл басып» отырғанымызда ағамызға әбден бой үйреткен менің ойыма әлдебір қияңқы қуақылық кірді. Іле-шала жаңағы адас-ақыны туралы бағасын сұрадым. Алдында ғана «жаназасын шығарып жіберген» ағам енді мүлде басқа ракурстан баға берсін: «Алматының  ақындарының ішіндегі мойыны озығы – сол!» дегенде сыртқа шығарып күле алмасақ та, кейін сыртынан мәз-мейрам болып айтып жүрдік… Сөйтіп бірде бала, бірде дана Серік ақынмен ағалы-інілі болып тарастық. Ақынның келесі кітабының жолы ауырлау болды. Одақта талқылау өтті. Кіргелі тұрғанымызда Есенғали: «Серікті қорғау керек» деп қалды. Өзімізше тапқан ақылымыз, үлкен адам, жәрдемі тиер деген үмітпен Үсенин екеуміз «Ақсақалдар алқасын» басқарып отырған Әлжекеңе кірдік: «Ініңіз, жерлесіңіз, аса талантты ақын. Жиынға қатысыңыз. Пікіріңіз қажет» деген сөзімізге ол шақшия қарап: «Оның маған не керегі бар?!» деп шаңқ ете қалғаны… Шошына шығындық. Алайда бар қарсылық адыра қалып, Ақсұңқарұлының кітабы баспаға өтті. Қорытынды сөз сөйлеген автор соңында «Қасқырдың монологы» атты жырын оқыды: Жек көрем итті! Алысып жүрем, Шабысым жүрем! Қағынып… Сайын даланың тағысымын – мен, Не деген ғажап – тағылық! – деп басталған адуын жырдың алапаты мына жазармандар ордасын ғана емес, бүкіл Алматыны басып бара жатқандай хәл кештірді-ай! «Ала төбеттің астында қалар – Күн туғаны ма ақыры… Неге үндемейсіңдер, қасқыр-бабалар, – Қағынып кеткен жатыры?! Неге үндемейсіңдер? – Ұрлық түн еді: Жатқаным мынау – жау іші. – Аспанның астын дүрліктіреді, Үрген иттердің дауысы…» Әсте ерлік әртүрлі жағдайда жасалады. Ал рухани ерліктің қалай жасалғанын көпшілік көбіне байқамай да қалады. Ондай ерлік жүректерден жүректерге, солар арқылы барып түнектерге өтсе керек. Дүниені тұншықтырған түнектер сондай ерліктердің сәулесі түскен соң ғана серпіле бастайды. Міне, Серіктің аталмыш жыры да сондай айтулы ерліктің бірі-тін. Совет империясының жойқын жүйесінің астында жүріп ондай жырды «көкейінен Күлтегіннің жазуын» оқи алған жан ғана жаза алса керек-ті. Міне, бүгін Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған «Көкейімде – Күлтегіннің жазуы» атты кітапты оқып отырғанымда Ақсұңқарұлы туралы ілкі ойыма оралған осы оқиғалар еді. Сыйлық демекші, мұндай дәрежелі құрмет, меніңше, шығармашылық иесінің жасына немесе лауазымына қарамай көрсетілгені жөн. Қазіргі өлшемге салсақ, егер Махамбет, Мағжан, Ілияс, Сұлтанмахмұт, Қасымдар тірі болса, ешқашан бұл сыйлықты ала алмасы анық! Демек мемлекеттің басты сыйлығы – тұлғаның ұлт ділінде  қандай рухани сілкіністер жасағанымен ғана бағалануы тиіс. Білуімше, Серік ақын бұл сыйлыққа бұрын да бір-екі рет түсіп, «құлады». Серіктей ақынды құлату – Құлагерді құлату сынды абыройсыз іс. Ақан серінің тұлпарының шыңғырған үні мынау тарғыл тағдырлы тарлан даланың құлағынан әлі өшкен жоқ. Қайта ол үн Қазақияның әрбір «құлагері» құлап не мерт болған сайын ұлғая бермек. Мен ақынның жаңа кітабынан сол бәдбақыт тұлпарлардың озанын естідім… Ондай озан туғыза алған ақын өзінің кім екенін жақсы біледі. Білгесін де оның: Дәлдүріштер миды ашытты, Жазғандары тақпақ құр, Өлең емес, шатпақ бұл! Күлтегіннің көзінің қарашығындай, Менің жырым мынау елдің ділін, Үнін сақтап тұр! – деуге әбден хақысы бар. Сөздің басында пәмдедік, ақын өз ғасырының әрбір сәтін қалт жібермей бақылағанын. Құр бақылап қоймай ол сәттердің себебі неде, салдары қандай екенін мидың микроскопымен, жүректің дүрбісімен үңіліп, тамыршыдай тап басады. Сен де сол өте нәзік «аппараттар» түсіріп берген ақпараттар бойынша болашақ ұлт пен адамзат тағдырына қандай сыналар қағылып, нендей сынақтарға тап боларын болжалдайсың. Ақынның хас миссиясы да сол. Ол, бірақ ылғи өсіп, мігірсіз рухани ізденісте болмаса, мұндай батпан да батпан, батпан жүк, шыңдардан биік отпан-жүкті арқалап жүре алмайды. Ондай талайсыз таланттардың талайын санамалап беруге болар еді... Әулиелер еңбектерін ізеуірлесек, рух екі түрлі болады. Бірі – сайиара, яки  өсетін рух, екіншісі – сабыта, яғни өспейтін рух. Екіншісі хайуандарға тән. Сондай-ақ тоғышарлар да осы топқа кірсе керек. Себебі мүбәрак Пайғамбарымыздың айтуынша: «Адамның жақсысы – періштеден абзал, жаманы – хайуан, бәлкім, хайуаннан да төмен!» Ал ғаламның, адамзаттың, Алаштың, қазақтың қайғысы мен қасіретін жүрегіне жүк, сүйегіне мүк қылып алған ақын шіркінде қандай дегбір, қандай маза болсын?! Ол тынымсыз ізденісімен өзіне еншілі сайиара-рухын жетілдіріп, сол арқылы ұлтын келесі бір биікке көтергенін өзі де сезбестен аласапыранға, ұйтқымаға, құйынға, хаосқа толы ғұмырын кеше береді. Сөйте тұра «Поэт – величина неизменная» деп салмақтанатынын, «поэт – сын гармонии» деп әруақтанатынын қайтерсің?.. Ұлы Блок айтқан осынау қағидаларды Ақсұңқарұлы да мойындайды. Бірақ ол іздеген үйлесім ылғи да күйресімге айналып кете береді. Себебі ақынның түпсанасына сыртқы күштердің ықпалымен аса ауыр соққылар, жойдасыз шабуылдар жасалған! Ол іргесі шатынап, көбесі қақырап тұрған Рух Қамалын аман сақтап қалу үшін күн-түн демей ышқынады. Жайдың тасындай сапаға ие сөздермен қамалының іргесін бекітіп бағады. Өйткені оның Жүрек-Отаны ылғи қатерде! Одан ертең ұлық сотта Отаны үшін жауап алынатынын жан-тәнімен сезеді. Оның сондықтан: «Ал, мырзам, кел де, алшаңда, ай-хой, алшаңда! Алдыңда сенің ақжол ғой қайда барсаң да. Астанадан да ақшаның иісі шығады, Алаштың иісі қай жаққа кеткен, ал, сонда?!» – деп таңдана һәм шамырқана сұрақ қоюы заңды. Оның сондықтан: «Базар деген – қаптаған қара шыбын! Қара шыбын құж-құж-құж... Қарасы – мың. Ақын, оған қарасаң, қара басып, Көзден ағып кетеді қарашығың!!!» – деп түршігуі табиғи. Оның сондықтан: «Қайда қарап жүргем? Көкті түрдім де, Әнге салып,  Айға қарап жүрдім бе? Үш жүзімнің үш мың жылдай жиғанын, Үш жойыт кеп сатып алды бір күнде!» – деп аһ ұруы қылапсыз. Оның сондықтан: «Елден тартып, жинап алған мал қандай! Күн көріп көр енді соған жалданбай?! Алшаңдайды,Азаттықты Алланың алдында боп, Өзі сұрап алғандай!..» – деп ызалануы лайық... Американың ХІХ ғасырда ғұмыр кешкен ойшыл ақыны Ралф Уолдо Эмерсон адамды тазартатын әрі қаһарман ететін дүниені ғана поэзияға жатқызуға болатынын жазады. Осы қағида біздің кейіпкерімізге қарап, қадап айтылғандай әсер береді. Шынында, Ақсұңқарұлы поэзиясы ұлт алдындағы ардың тазалығына һәм кез келген сәтте сол ұлт жолында кеудеңдегі жалғыз басыңды қырқып беруге дайын болуға үндейді. Ол сондықтан да: «Заман-ай, суық сұр – өңің, – Отқа да, суға саласың. Кенесарының басын ап, түкті жүрегін, – Жүрегіме жерлеп, – Қай жаққа қаңғып барасың?! Неңді іздеп жүрсің төрткүл дүниені түтіп жеп, – Осынау қырғын-сүргіннен? – ...Кеудемде әлі түкті жүрегім лүпілдеп, – Басымды іздеп жүрмін мен!..» немесе: «Тойы да көп, асы көп. – Шеттерінен мәз боп кәрі, жасы кеп; Қабыма, әне,  салып жатыр қиқулап: «Мынау – біздің Хан Кененің басы!» – деп; «Мынау – ақын Махамбеттің басы!» – деп; «Мынау – батыр Кейкіміздің басы!» – деп. – Жөңкіледі жолымда һәм соңымда, – Маған ұқсас  бір жері бар оның да. – «Кімсің?» – десем, «Мен – қазақпын!» – дейді ол, – Қазақтың басы – қолында!» – десе, сенесің. Сеніп қана қоймайсың, сенің рухың – сол бабалар Ұран-От жаққан шыңдардың басында басыңды қолыңа ұстатып тұрып атой салады! Ал бүгінгі поэзияға, күллі құндылықтарының бәсі кеміп, барша қасиеті аяқасты болған қазақ сынды халыққа бұдан артық не керек?! Қасиет, құндылықтардың аяқасты болуы дегеннен шығады, қазір елдің бәріне әйгі, Тәуелсіздік алғалы дін атын жамылған қатерлі ағымдар құдайсыз қоғамнан қалжаурап шыққан халқымыздың басын даң қылды. Тіпті, мемлекетті сақтаушы, ұлттың амандығын қорғаушы, ұрпақтың ертеңін қамдауға тиісті негізгі орган биліктің өзі мынау әщады қатерге әлі көзін жұмып қарап отырғандай немесе солармен ымыраласқандай... Ал осынау қанқұйлы дұшпанға қарсы аттандап шығуға тиісті қаламгерлер қауымы, бейне қайынағасының атын тергеген ибалы келіндей бұл мәселеге келгенде, басын бұғып қалады. Ұлтты тамырынан жоймақ бұл қанды қара балтаның жүзіне қаймықпай қарап, шімірікпей қарсы тұрған аздың ішінде тағы да Ақсұңқарұлы бар. Ол: «Мен қажыдым – Діні де өлген, ділі өлген – Сақалдардан! – Түрін қара түнерген?! – Жаным менің артық па еді Абайдан?! – Сол Хакімнің жолыменен жүрем мен!» «...Мен тұрмын қандай қайқаңда? – Өксігім ішке сыймайды, сонсоң, айтам да: Мұнайды бердім Қытайға, тілді орысқа, – Құдайды бердім неге мен Уақап-Сайтанға?! Қара пәренже – Желбіреп желге етегі, – Қара жыландай қайқаң да қайқаң етеді. – Абайға бармай, албасты басқан бұ қазақ, – Аллаға қалай жетеді?!» – деп қабырғаңды қаусата сауал қойса, демек ақынның да қабырғасы осынау қасіреттен қаншалықты қақырап тұрғанын сезесің. Ол қайғының табы өзегіңді өттей өрттемесе, онда қазақтығыңда ақау болғаны!.. Ал мұндай қайғыдан берен киінген ерен талант өмірбақи басын тау мен тасқа ұрып өтеді. Ол жас кезінде қандай албырт болса, егдергенде де салғырт болып қала алмайды. Ондай буырқанған қуат жерге сыймай атқыған лаваның ышқынысынан ытқыған магмадай дүниені қайта түзеді. Асылы, кісенүзген шығармашылық иесіне ол қуат екі тараптан беріледі. Ұлы Гөте айтқандай, бірі – Жаратушы иеден, бірі «мефистофельдік», яки ібіліси күштен. Құдайлық ілімнен жұрдай қоғамда өсіп, осы екі қуаттың арасында жанұшырған талай ақын сайтанаттың отына пәруанаша өртеніп кеткенін енді кімнен жасырамыз? Кеше ғана: Мен де осы жұртыммен бір түс көрдім, Уын дағы балдай көріп ішкенмін. Аруақтай – аяқ-қолым салбырап, Аспаннан кеп айықтырғышқа түскенмін!.. – деп жүрген ақын кенеттен Жұмекен ағасымен сырласып: Шалқыған жоқ шарап ішіп-шатысып, Барлардағы қан базарға қатысып. Біліп алды бір пенденің ішінде, Пушкин – Дантес жататынын атысып!   Жүрміз бірде үстем боп та, тең де боп, Жүрген жоқпыз рахаттан кенде боп: Пушкин жеңген күні бір сәт – адам боп, Дантес жеңген күні – күйкі пенде боп! – деп ділдегі «фітіри иманнның» арқасында ақиқаттың құпия қақпасын ашып тастайды. Ал бұл қақпаны ашу бақыты кім көрінгенге бұйырмаған! Ол – төркін-түркін таныған, алтын құлпын – халқын-ұлтын титтей жүрегіне сыйғызған Аршыланға ғана бұйырмыс сыбаға! Әрине, бұл жердегі «Пушкин», «Дантес» ұғымдары адам бойындағы бірі өрге, бірі көрге сүйрейтін екі күштің образға оранған бейнесі екені түсінікті. Ақиқаттың құпия қақпасын ашқан ақынды Құдай-Тағала қалғыған тауларды жаңғырықтыруға, мүлгіген бауларды дүрліктіруге жіберетін сияқты. Сондықтан да оның төбесінен қиқу кетпейді. Заманның қабағы қатуланса-ақ, ондай ақындарды соққыға жыққан не түрмеге тыққан, тіпті болмаса, 9 мысқал қорғасынды жүрегіне не миына құя салып құтылып отырған. Арыға бармай-ақ Абайдан бастайықшы... Басқа арызқойларды былай қойғанда, Құнанбайұлының соңынан бір ғана Үзікбай Бөрібайұлы деген ағайыны отарлаушы орыс өкіметінің әкімдігіне он жыл бойы тынбай арыз айдаған! Бұл, әлбетте Абайды құрту, тым болмаса, жігерін жасыту арқылы Ұлттың белін сындыру үшін тереңнен ойластырылған сұрқия саясат-тын. Құдайға емес, орыс лақтырған сүйекке құл болған үзікбайлар, бар болғаны, жат қолындағы жексұрын құралдар ғана-тын... Әлгі  арыздарды оқып отырсаң, Алла сақтасын, бұл жалғанда Абайдан асқан жауыз, Абайдан өткен азғын жоқ деп қалардайсың!.. Ұлы ақын: «Қайран сөзім қор болды...» немесе «Жаны аяулы жақсыға қосамын деп, әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып...» деп келетін жан-күйгі сөздерін осындайлардың қорлығына шыдамай айтқан ғой. Алайда тарих таразысында Абай кім, үзікбай кім?! Ал Алланың «Мизан-Таразысында» ұлтының хәкімін, адамзаттың ақынын парақор-кәпірдің ұңғысына байлап бермекке жан еткен жалақор-жәһілдің мүшкіл хәлі қандай болар?.. Жә, оған біз төреші емеспіз, тек қана «хауф уә рижа» сезімінен туып жатқан қорқыныш қой бұл. Қалай болғанда да Абайдың «толық (кәміл) адам» болып қалыптасуына үзікбайлар да еңбек сіңірді. Ақын сол жаттың айтағына үрген салдақы сатқындармен, жанбақы жұтқындармен егесе жүріп есейді, алыса жүріп кемелденді... 73 жастағы әулие Шәкәрім ақсақалды Қарасартовтың отряды қалай өлтіргені аян. Көлбай Тоғысовтың дегені болғанда, Мағжанды 1918 жылы 25-ақ жасында Омбыда омбы қарды ақынның күрең қанымен бояп атқызып тастар еді. Мағжанның тағы бір жерлесі Әбдрахман Байділдин ізінен сүмеңдеп еріп жүріп арыз айдады. Әлбетте оны осындай сүмелек хәлге жеткізген жат қара күш-тін. Адам Жүрек атты иман-таразысын бұзып алған күні кім-көрінгеннің сүйегіне үретін қарғылы қара итке айналып шыға келмек... Кейін «қазақ поэзиясының ақсақалының» себебімен 60-жылы ақталуға тиісті Мағжанның асыл поэзиясы тағы 28 жыл бойы қабірде жатты... Жыр-Құлагер Ілиястың түрме ішінде тұрып айтқан аһ ұрған сөзі: «Балам етікші болсын, тек ақын бола көрмесін!..» еді. Қайран жыр тұлпарына мұндай Керез-Сөзді айтқызған әлгі көлеңкедегі көрбақтардың арызы-тын! Ал өзі соғыстан жараланып, дерт тауып оралған, сәбиі ауру, астанасынан баспана бұйырмай қаңғыған Қасымның үстінен 1954 жылдың өзінде ғана 28 арыз-мақала ұйымдастырылған! Егер Сталин тірі болғанда, ауру ақынның сүйегі итжеккенде тоңға оранып жоғалуы әбден мүмкін-тін! Туған елінде тонға оранып жүруге тиісті ардақ ақынның көрген күні осы болды. Келесі жылы «шоқ шайнап, от бүріккен» қайран Қасым дәріл-фәниді талақ етті! Міне, өлім төсегіне бас қойған аяулысын аямаған қатыгездіктің шектен шыққан көрінісіне не деуге болады?! Бұл жұқпалы індет шамалы уақытта айықпастай болып ұлт бойына мерездене сіңіп алған. Ақсұңқарұлының: «...Академик болды-ау, бір ағатайым, – «Қасым деген –  ұлтшыл» деп қақсап жүріп...» – дейтіні содан. Надан да – хайуан! Хайуанның да ең жаман түрі! Хайуаннан айырмашылығы, ол адамдарға арналған күллі заманауи игіліктерді иелене алады. Ол – академик, ғалым, депутат, министр, мүфти, елші, кәсіпкер, заңшы, әнші, «болашақшы», ең берісі – блогер, арысы бір мемлекетке президент болуы да мүмкін! Бірақ инсанды иманға келтіретін жол болса, ол жолда қайрат қылған жан болса, оған ымырасыз хас дұшпан – сол! Себебі ол жол мұның хайуани-харамы жолын жабады! Егер харамы жол жабылса – күлгін топырақтың қатпарларында көмілген қазына-көмбе ашылады; мүлгін таулардың жақпарларында өрілген бәдіздердің бедері көрініп, «Күлтегіннің жазуы» күңіренген үн шығара бастайды; Дәдәм Қорқыттың мәңгілік өмірді аңсаған сарыны естіледі; Әулиелер Сұлтаны Әзірет Сұлтанның мәңгілік махаббатпен қауыштыратын хикметтері мен «Хай зікірі» өлі жүректерді дір еткізіп оятып, дүр еткізіп тірілтеді! Өлі жүректер тірілсе, «адам» атын арқалап жүрген өлекселерге жерде орын қалмайды. Харамы хайуанның арам түйсігі оны жақсы біледі. Қара күш – қара құс. Қара құс ешқашан ақсұңқар құстың баласының Арқадағы ең биік шың Ақсораңның ұшан биігінде қанатымен бұлтты жыртып, топшысымен шықты бүркіп жалт-ойын салып жүргенін көре алмайды. Көреді, бірақ көргісі келмейді. Ондайда ол көзін жұмып алмайды, жауын жыртып-жыртып тастауға шарғасы кем. Өйткені Қашаған ақын айтпақшы: «Құс үлкені – қарақұс, – Денесі дардай, күші жоқ. – Оның күші жоқтығының себебі – Тырнағының үші жоқ!» Сондықтан өлекселерден қалған сүйек-саяқпен ғана қорек айыратын бейбақ сол күңсіген-мүңсіген қалпында ақсұңқар құстың топшысы талғанын, қанаты қайрыла сынғанын ғана күтеді. Түте-түтесін шығарып мүжісем деген көксеу болады көр-көкейінде. Алайда ол «арманына» жете алмаған сорлы өз ұяластарының жемтігіне айналған күйі тірліктегі сапарын аяқтайды. Себебі менің әулие шалдарымның куәлік етуінше: «Ылашын-сұңқар жүн төксе, – Шеніне құзғын жоламас!..» Жүніне жолай алмай жүрген сормаңдай сүйегіне қайдан жақындасын?! Ақсұңқар құстың сүйегі Ақсораңның басында қалса керек-ті! Өйткені оның ұясы сол шыңның қиясында-дүр! Сөйтіп хас дұшпанының өлігі де бұйырмайды мыстаны пиғылды ыстаны қара бейбаққа!.. Егер бір қызығушы шығып, зерттей қалса, Қасымнан кейінгі үстінен ең көп арыз жазылған ақын сол Қасым туған – қасиеттің нұры мен қасіреттің қанына қатар иленген топырақтан жаралған Ақсұңқарұлы екеніне шүбәм жоқ! Ақынның 60 жылдық тойында залға «бомба қойып» жыр-мерекесінің шырқын бұзған қарасұрқи сұмпайылар оны қорлаймын деп жүріп қысқа қолы түгіл шолақ қиялы жетпес зау биікке қалай көтеріп алғандарын білмей де қалды. Асылы, жас шағында ізінен аңыз өріп жүрсе, егдергенде соңынан арыз еріп жүрсе, хас ақын – сол! Оның: Мен туасы кереметке кенелгем, Шулатуға туғам тыныш көшені. Бір доцентке тамақ тауып берем мен, Бір қырттардың болып қаңқу-өсегі... – деуінде сезімді селт еткізер, көзіңді мөлт еткізер шындық жатыр. Кеше Қасым тирандар таққа мінген империялардың жүзіне көзін айырмай қарап тұрып: Ей, тәкаппар дүние, Маған да бір қарашы; Естимісің сен мені, Мен – қазақтың баласы! – деп алапатын асырса, бүгінгі оның бөлесі: Алаштың тау мен тасына Талыстай таңба басылып, Ит пен құс шықты басыңа, Басыңның жоғын басынып!.. – деген айбарағын танытады. Бұлар   тұлынтұтқан өрлік пен жұлынжұтқан ерліктен ғана туатын зада-сөз! Мұндай сөзді айта алған ақындарды туған ел Ай астында мәңгі жасарына иманым кәміл! Ол сөздің сәулесін әуемді жайлаған қара құстар түгілі, әлемді байлаған қара күштер де сөндіре алмайды!.. Мен Мәди мен Қасымның, Серік пен Жанат, Мирастың Қарқаралысына жиі барам... Жақында «Қарқаралы басында қаһарман Кенесары ханның қамалы бар» дегенді естіп сапарға шықтым. Шың басындағы үш жағы бірдей аран-құз, бір жағына тас өрілген қамалға қарап тұрып тәнті болдым: «Мұздай темір құрсанған қатыгез кәпірге қарсы ымырасыз шайқасқа шыққан қайран баба қасиетті қазақ даласының әр пұшпағын алдырмас қамалға айналдырып баққан екен-ау!..» Қамалдың үстінде қанаты батып бара жатқан күннің қанына малынып, жанары қия тастардағы сәулеге шағылып шырқ айнала ақсұңқар құс ұшып жүрді… Құдды бір, сол кешегі елі мен жерінің азаттығы үшін қан кешіп кеткен есіл ерлердің өлмеген рухындай!.. Мемлекеттің ең жоғарғы сыйлығына түсіп жатқан Ақсұңқарұлы ағам есіме түсіп жақсы жоралғыға жорыдым. Сарыарқаның асқар биігі Ақсораң жақтан қанаты жарқылдап ай да көтерілді… Ол Серік ағамның кіндік қаны мен жанарының жасы, кейін қанатының жарқылы тамған тау ғой…  

Светқали НҰРЖАН,

ақын