Ұлылықты ұлықтаған

Ұлылықты ұлықтаған

Ұлылықты ұлықтаған
ашық дереккөзі
Мұқағалидың тойында Әбішпен бір киіз үйге түскен екенбіз. Сәл кешігіңкіріп кірсем, төрде отыр екен. Бос орынға жайғаса бермекші едім, «Келіңіз, Сәбе. Жанымызға отырыңыз­шы» деп қасына шақырды. Рақ­метім­ді ай­тып, отырдым. Әбіш бір жайдан кейін бір жайды қозғап, жұрттың ауы­зын аш­қызып тастады. Не деген төгілген тіл, нет­кен таусылмайтын білім бұл! Үнсіз ға­на тыңдап отырмын. Қызық, Әбіш отырған жерде үнің де шықпай қалады екен. «Қа­лай­сыз? Әңгіме айтпайсыз ғой өзіңіз. Сіздің әң­­гімелеріңізді сырттан, жұрттан естіп, қы­­зығып жатамын», – деді бір кезде ма­­­ған қарап. Актерлердің арасында не­ше түрліні хикаялап жүретінім бар ғой, со­­ларды еститін көрінеді. «Ой, Әбеке, мен сізбен сөйлесуге дауаламаймын. Сіз­бен әңгіме-дүкен құрғым-ақ келеді, соған білімім жетпейді», – дедім. Рай­ла­нып күлді. Сол әңгімеден кейін ауық-ауық болса да кездесетін болдық. Бірте-бір­те етім үйреніп, неше түрлі әңгі­ме­лерім­нің біразын айтып та жүрдім. Бара-бара, Әбіштің сөзіне қанаттанып алып, жаңағы ауызша әңгімелерімнің жаз­баша нұсқасын жасауға шықтым. Олардың біразы «Егемен Қазақстанға», көбі «Алматы ақшамына» жарияланды. Бү­гінге дейін жарық көргенінің өзі қа­лың-қалың екі кітапты болып қалды. Мақала жазуға да ауыстым бірте-бірте. Сізбен әңгімелесуге білімім жетпейді де­генім – шын сөзім. Жалпы, жағынуға, жал­бақтауға жоқпын. Әбіш деген Құдай бір бөлек жарата салған адам еді ғой. Арғы замандарды қайдан білейік, өзіміз ес жиып, жұрт сөзіне құлақ аса бас­та­ғалы бері өз басым Әбіштей терең білім­ді кісіні көрген емеспін. Он сегіз мың ға­ламда Әбіш білмейтін жай жоқ сияқ­ты, адамзаттың арғы-бергісінде Әбіш баға бере алмайтын оқиға да, адам да табылмайтын сияқты сезілетін. Сондықтан да сонау жас кезінен біріміз аға, біріміз іні болып келе жатқан Сауыт­бек бауырым ана бір жылы өзінің алпыс жылдығына елге барғанымызда: «Сә­бе, Әбекең туралы кітап жазуға ма­те­риал жинап жүрмін. Көресіз, түбі бір жа­замын», – дегенінде бір жағынан ақыл­­дылығына разы болып, бір жа­ғы­нан батылдығына таңданып, бетіне қарап қалғаным есте. Сауытбектің алпыс жылдығын атауға Шымкентке, Қа­зығұртқа, Келеске Әбішпен, Фари­за­мен, Сейітпен, сол кездегі облыс әкімінің орынбасары, қазіргі сенатор Әли Бек­таевпен, бауырымның Әлібек Асқар бастаған бір топ достарымен сапарлаған сол бір армандай бес күннің ішінде Әбе­кеңнің талай әңгімесін тыңдадық. Шым­кенттегі театрдың сахнасында тұрып той иесі туралы ақтарылып айтқаны, Қа­зығұрт тауының бөктерінде тұрып қа­сиетті тау туралы әңгімелегені, тіпті ға­жап шыққан еді. Жол бойындағы «Ке­меқал­ған» ескерткішінің жанында Әбіш шамамен отыз минуттай сөйледі-ау деймін. Бас-аяғы бүп-бүтін, тұтас толғау болатын. Әттең, жазылмай қалыпты. Театрдағы сөзі де солай болыпты. Ұқып­ты деген Сауытбекке айтсам, «Залда бол­сам диктофон қосар едім, сахнада оты­рып, өзім жайындағы сөзді жазып алып жатуға ыңғайсыздандым», – дейді.  width= Жарайды, кіріспем көбейіп кетті ме, негізгі айтарыма көшейін­ші. Мұның бәрін «Абыз Әбіш» деген та­ма­ша атпен көлемді кітап жариялап, Әбіш Кекілбаевтың ойшылдығы туралы тол­ғаныстарын халыққа ұсынуға бекін­ген Сауытбек Абдрахмановтың өз мой­нына қандайлық үлкен жауапкершілік жүктегенін аңғарту үшін айтып жатыр­мын. Сауытбектің мына кітабын жазу тұрмақ, оқып шығудың өзіне біраз дайын­дық керек көрінді. Әсіресе, «Мә­дениет мәйегі» деп аталған тарауында Әбіш­тің теориялық танымының терең­дігі, қиын ұғымдардың өзін біз сияқты орташа оқырманның өзіне ұғымды етіп түсіндіретін мәнері сондай әдемі жет­кі­зілген. Мәдениетпен арнаулы ми­нистр­лік қана айналысатындай көретін адамдар арамызда аз емес кезде бізге мұн­дай әңгіме өте керек. Өзім өнер ада­мы болған соң қатты қадалғаным, тіпті екі рет оқып шыққаным – «Өнер өрісі» де­ген тарау. Ахмет Жұбановтан кейін күй өнерін Әбіштей аспандатқан адам жоқ па дедім. Ойпырмай, Құрманғазы туралы толғаған тұсында тіпті қара сөз оқып емес, күй тыңдап отырғандай күй кешесің ғой енді. Әбіштің өнердің қай са­ласына қалам сілтесе де өрен жүйрік шығатынын Сауытбек оның Ахмет Жұ­банов, Ғарифолла Құрманғалиев, Серке Қожамқұлов, Қали Жантілеуов, Әбілхан Қастеев, Шәкен Айманов, Сұлтан Қо­жы­қов, Роза Бағланова, Шәмші Қал­дая­қов, Нұрғиса Тілендиев, Өзбекәлі Жәнібеков, Қал­тай Мұхамеджанов, Ыдырыс Но­ғай­баев, Нұрмұхан Жантөрин, Асанәлі Әші­мов сияқты дара дүлдүлдер туралы ж­а­саған баяндамаларын, жазған ма­қа­лаларын жіліктей талдай отырып дә­лелдейді. Әбіштің жылы сөзін есту – жер басып жүрген әр қазақ үшін бақыт, өмір­де жоқтардың үрім-бұтағына мақ­таныш. Мына мен де, мысалы, Әбіш Ке­кі­лбаевтың Досқанның «Біржан салы» ту­ралы «Еркіндікпен қоштасқан есіл дәу­рен» деген мақаласында фильмде өзім ойнаған би рөлі жайында жазғанын мақтаныш етемін. Әбіш сонда: «Жер тү­бінен келе жатқан бейсауат жолаушы кө­рінді. Асықпай аяңмен келеді екен. Кә­рі би екен. Ұсталып қалған ха­бар­шы­сы­ның соңынан келеді. Жап­пай құрақ ұша қарсы алды. Дәулет, Жанбай қайтіп ора­ғытса да Кәрі би міз бақпады. Ақы­рында сөзден жеңіп, тұтқынын босатып әкет­ті. Бұл қазақ жұртындағы билік өне­рінің шоқтығын асырған әйгілі сах­на еді. Халық әртісі Сәбит Оразбаев ха­лық ынтымағының діңгегі Кәрі бидің рөлін майын тамызып орындады. Не қи­мылынан, не сөзінен шәлкем-шалыс еш­теңе байқалмады. Бәрі де алтын та­баққа құйылған сары балдай аса дәмді шық­ты» деп жазған. «Егемен Қазақ­стан­ның» сол мақаласынан елу шақты кө­шір­ме жасатқанымды, реті келген жерде (не­месе ретін өзім келтіріп) туған-туыс­қандарыма, тамыр-таныстарыма та­рат­қанымды жасырмаймын. Неге десеңіз, талайды көрген басым бар, сексен беске келіп қалған жасым бар, әйтеуір, Әбіш­тің әулие сөзі кім-кімнің де мерейін та­сытатынын жақсы білемін. Осы ма­қа­ланы жазып отырып, тағы бір рет тасқа басылып қалсын деп, жаңағы бағаны да әдейі сынамалап келтіргенім содан. Мына еңбекті оқып шыққан адам­да Кекілбаевтың кемеңгер еке­ніне ешқандай күмән қалмайды. Бір мы­салын келтірейін. Парламентте тіл тағ­дыры таразыға тартылып, елімізде екі мемлекеттік тіл болып кете жаз­да­ғалы тұрған жерінен депутат болмаса да заң жобасын талқылауға қатысу үшін сөз сұрағанын, Нұрсұлтан Әбішұлының бел­ден басып тұрып мандатсыз қалам­гер­ге сөз алып беруімен ортаға шыққа­нын жазады Сауытбек. Сонда айналайын Әбіш залдағы өзге тілді азаматтарға қа­ратып: «Немене, кеше ел басына күн ту­ғанда, тар үйімізден орын ығысып, тө­рімізді ұсынғанда, тартыңқы дас­тарқанымызды алдарыңызға жайып, жар­ты күлшемізді ауыздарыңызға ұста­ғанда, біз күндердің күнінде, бүгінгідей де­мократия орнатып кемелденеміз бе деп жатқан заманда, өз үйімізде өз ті­лімізде сөйлеу үшін мына сіздерден бүй­тіп жылап тұрып рұқсат сұраймыз ба деп ойлап па едік?!» деген. Қауіптің бе­ті сол сөзден кейін мәселе дауысқа қай­та қойыл­ғанда қайтқан. «Тіл тар­ты­сы» та­рауында баян етілгендей осындай сәт­терді қалай ұмытармыз? Ұмытпай­мыз. Ойшылдық туралы толғаныстар де­геннен кейін Сауытбектің кі­табын әлі оқымаған адамдар кәдімгі ғы­лыми зерттеу сияқты көруі мүмкін. Олай емес. Кітаптың ғылымилығы ой те­реңдігінде, теориялық байыптылы­ғын­да. Ал мұның жеткізілуі өте тартым­ды. Автор Әбіштің ойшылдығын кәдімгі қа­зақы әңгімелеу мәнерімен-ақ әдемі дә­лелдеп айтады. Осынысы менің жа­ны­ма тіпті майдай жақты. Бір мысал кел­тірейін. 1991 жылы Парламент сай­лауына түскенде Әбіш Павлодар об­лы­сына барған сапарға Сауытбекті ерте кет­кен екен. Ол кезде бұлар Орталық комитетте бірге жұмыс істеген. Одан бұрын кинода қатар істегені де бар. Бая­н­ауыл жерінде Әбекеңе неше түрлі сұрақ­тар қойылып, оның бәріне салмақ­ты, салиқалы жауаптар қайтарылады. Әрі қарай Сауытбектің сөзін тыңдайық: «Әңгіме содан бастапқы жаймашуақ арнасына түсіп қалып еді, енді басқа бір ақ­сақал қолын көтерді. Бұл кісінің сөзі шымырлау шықты. «Айналайын, сенің өзіңе шатағымыз жоқ. Үлкен азамат екен­сің. Дегенмен, біз де елміз ғой. Бая­н­ауыл деген атымыз бар. Біздің де осы бәйгеге салып отырған азаматтарымыз бар. Олар да елге қызмет етіп жүр. Сөзі­міз­ді сөйлеп, сол жерде отыратын шы­ғар деп күтіп едік. Енді оларға не ай­тарымызды білмей қалдық. Өзіңнің де елің бар емес пе? Ол жақтан неге түс­педің?», – деді. Зал тым-тырыс. Әбіш бұл жолы жауапты қысқа қайырды: «Ағасы, қа­зақта сөз бар ғой, «Тұлпарлығыңды сы­нағың келсе, арғымақ баптаған жерге бар – құлын кезіңді көрген жоқпыз деп қай­тара қоймас бағыңды, жігіттігіңді сы­нағың келсе, азамат өсірген елге бар – әкеңмен табақтас болмадық деп сын­дыра қоймас сағыңды» деген. Мен ба­ғым­ды арғымақ баптаған жерден, аза­мат өсірген елден сынайын деп келіп отыр­мын. Қалғанын өздеріңіз шешіңіз­дер». Әлгі ақсақал мықты екен. Сол сәтін­де-ақ: «Ау, ағайын, мына жігіт текті адамның сөзін айтып отыр ғой, сөзді қойып, бәріміз осы жігітке дауыс бе­рейік» деп қалың жұртшылыққа қарап еді, зал толы жұрт дуылдата қол соқты. Кейін сайлауда Әбіш жеңіп шықты. Дәл сондай нақыл халықта бар-жоғын әлі біле қоймаймын, оны Әбіштің сол арада суырып салып айтуы да мүмкін, олай болмаған күннің өзінде де табан асты сөз тауып кеткені және онысын бір өзі­нен он шақты академик шыққан Бая­науыл еліне құрметін көрсете келістіріп айт­қаны баршамыздың айызымызды қан­дырды. Шешендік деп те, көсемдік деп те осындайды айтады ғой». Рас, ше­шендік те, көсемдік те Әбіштің әр сө­зі­нен танылып тұратын еді ғой, шіркін. «Тәуелсіздік толғауы» деген тарауда Мереке Құлкеновтің Әбіш туралы айт­қан «Ол – қазақтың саяси ой ағымын қа­лып­тастырып, дамытып келе жатқан данагөй саясаткер» деген бағасының салмағы әбден байыпты дәлелденеді. Әбіш­тің елге еткен еңбегінің әр қыры қа­пысыз қамтылады. Тағы бір мысал. Ел басына күн туып, бізді көлденең көк ат­ты басқарып тұрған кезде Әбіш Біш­кекке арнайы барған екен. Шыңғыс Айт­матовқа: «Өз төрінде өздері отыр­ғандар бір амалын табар-ау. Бізді айт­саңызшы» деп бастап, республикадағы жағдай туралы ақтарып әңгімелеп бер­ген екен. Сонда Шыңғыс: «Оң жамбасқа кел­сін де» деген екен. Енді Әбішті тың­дайық: «Көп ұзамай КСРО халық де­путат­тарының съезі ашылды. Ана жолғы кеш­те бірге болған бір жігіт телефон соқ­ты: «Әбеке, телевизорды ашыңызшы», – деді. Ашсам – Мәскеудегі Съездер сарайының мін­бесінде Шықаң сөйлеп тұр. «Қазақ­станды бұдан әрі де бұрышқа тұрғызып қоюға тырысу қиянат», – деді әйгілі аза­мат. Есіме анадағы әңгімеміз түсті. «Оң жам­басқа келсін де», – деп еді. «Кел­ген екен ғой» деп ойладым». Осыны Сауыт­бек қайтадан жаңғыртып, мынан­дай кі­тапқа таңбаламаса газеттің тігін­дісінде қа­ла берер еді. Әбіш Кекілбаевтың қалам­гер­лігі мен қайраткерлігі бір-бірін толық­ты­рып жататынын осылайша аша­ды. Әйгілі жазушының тарих білгірі екенін айқара көрсеткен «Тарих та­ғылымы», сыншылығын, зерттеу­ші­лігін тамаша танытатын «Әдебиет әле­мі», туған жері Маңғыстау жайындағы баян­дарын байыптаған «Өлке өрнегі» та­раулары туралы айта берсем, әңгі­ме­нің ұзаққа кетіп қалуы мүмкін. Оларды жаң­ғақша шағып сөйлеуге сөз маң­дайы­на емес, таңдайына біткен (жарықтық Се­рағаң осылай дейтін еді) әртіс адам­ның өресі жете бермеуі де мүмкін. Бірақ бұл кітаптың әр беті ойландыратынын, талай тұстары таңдандыратынын с­е­німмен айта аламын. Қаншама мә­лі­мет­ке, қаншама ойға толы болса да, осының бәрі өте қызғылықты, тартымды оқы­ла­ды. Қаламгердің әдебиеттегі өзінің ұстаз­дары мен тұстастары туралы жаз­ғанда ағыл-тегіл ақтарылатыны, жақ­сы­ның жақсылығын жарқырата жазатыны, таланттың бар бағасын тамыршыдай тап басып беретіні айыз қандырады. Кең болмаған адамның кемеңгер болуы да мүмкін емес шығар, тегінде. Академик ағамыз Серік Қирабаев заман қысып, сыннан көз аш­па­ған Мұх­тар Әуезовтің өзі «ұлы жазушы» де­генді естімей кетті деп ескерткен екен. «Өкі­ні­ші көп өткеннен алар сабағы­мыз­дың бі­рі де осы», – дейді кітаптың ав­торы. «Абыз Әбіш» кітабы Кекілбаев ке­­­мең­гер­лігін кемел көрсетумен бірге, бізді қолда бар асылдарымызды ардақ­тауға, ұлы­лық­ты ұлықтауға үйретеді. Ең бастысы, оқыр­манын ойға шақырады, үздік үлгі­нің биігіне ұмтылдырады. Оның лайық­ты бағаланатынына өз ба­сым кәміл сенемін. Жолы болсын!  

Сәбит ОРАЗБАЕВ,

Қазақстанның халық әртісі,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты