АҚШ-тағы хоккей клубының бас бапкері: Еліміздің ұлттық құрамасын жаттықтырып, ескі жүйені өзгерткім келеді

АҚШ-тағы хоккей клубының бас бапкері: Еліміздің ұлттық құрамасын жаттықтырып, ескі жүйені өзгерткім келеді

АҚШ-тағы хоккей клубының бас бапкері: Еліміздің ұлттық құрамасын жаттықтырып, ескі жүйені өзгерткім келеді
ашық дереккөзі
Әйелдер арасындағы ұлттық хоккей лигасында (National Women’s Hockey League) өнер көрсетіп жүрген тұңғыш қазақ қызы Бұлбұл Қартаңбай арада бір жыл өтер-өтпес уақытта кезекті жетістікке қол жеткізді. Бұдан былай ол Нью-Джерси штатының «Метрополитен Риветерс» командасының намысын қорғаумен қатар, аталған штатта жаттығатын «Принстон Тайгер Лиллс» жасөспірімдер командасының бас бапкері қызметін атқарады. Болашақта ойыншы мен бас бапкердің қызметін қатар алып жүруге белін бекем буып отырған Бұлбұлмен арнайы хабарласып, әңгімелескен едік. – Бұлбұл, бас бапкер қызметіне тағайындалуыңызбен құттық­тай­мыз! Қазақстан хоккей тарихында тұңғыш рет америкалық клуб са­пы­на ойыншы ретінде қосыл­ға­ныңыз күні кеше еді. Бүгінде бұл ел­дегі жасөспірімдер команда­сы­ның бас бапкері атанып жатырсыз. Бұған қалай қол жеткіздіңіз? – Рақмет! Бұл жетістікке жетудің анау айт­қандай құпиясы жоқ, барлығы жұмыс іс­теуіңе байланысты. Мен бұл елге келген соң, тек хоккей ойнаумен шектеліп қал­май, ағылшын тілін жетілдіре түстім, бап­керлер курсына бардым, еріктілікпен ай­налыстым, яғни балалар жаттықтыра­тын бапкерлерге өздігімнен көмектесіп жүрдім. Мұ­нымды байқаған өз командамдағы бір бап­керім осы вакансияны ұсынып, «Бала­лармен жұмыс істеуде тәжірибең бар, бар да бағыңды сынап көр!» деп ұсыныс айтты. Содан қазіргі пандемия жағдайына байла­нысты алдымен телефонмен, кейін бей­неқоңырау арқылы сұхбаттасудан өтіп, нә­тижесінде осы қызметке мені лайықты деп таныды. – Кәсіби ойыншы мен бас бап­кер ісін қатар алып жүру қиынға соқпай ма? – Әлбетте, оңай болмайын деп тұр. Десек те, екеуін қатар алып жүруге барым­ды саламын. Оның үстіне мені жұмысқа қабылдар кезде жаңа басшылық «Сенің кәсіби ойыншы екеніңді білеміз, сыртта өтетін ойындарыңнан қалдырмаймыз, ор­ныңа адам табамыз» деп түсіністік та­ныт­ты. Бұған қоса мен жоқта командаға бас-көз болатын екі көмекшім бар. Сондықтан үшеу­леп, қол астымызда жаттығатын қыз­дардың әлеуетін жоғарылату үшін тырысып-бағамыз деп ойлаймын. Тағы бір айта кетерлік жайт, бас бапкер болсаң, мұнда балалармен тек мұзда ғана жұмыс істеп қоймайсың, мұздан тыс та атқарар шаруалар жетерлік. Мәселен, құжаттармен жұмыс істеу керек, ойын жоспарын сыза­сың, сонымен қатар, кімді қай позицияға қою керек екенін қағазға түсіріп, анализ жасайсың. Бастапқыда қиын көрінгенімен, «көз қорқақ, қол батыр» деп бел шеше кірі­сіп кеттім. – Бала кезіңізден бокс, күрес түр­лері, футбол және регби секілді спорт түрлеріне қызыққаныңызға қарағанда, ерлермен күш сынас­қан сізге ұнайтын секілді. Ал хок­кей  спорты несімен қызықтырды? – Дөп түстіңіз, маған ерлермен күш сынасқан, жарысқан ұнайды. Жалпы, мен Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Көгершін ауылында дүниеге кел­дім. Төртінші сыныпқа дейін әжемнің қо­лында өстім. Әжемнің қолында өстім деген­нен-ақ ұға беріңіз, ерке әрі шолжаң болып өстім. Бала кезімнен спортқа әуес болдым. Өзіңіз айтқандай, бокс, күрес түр­лерімен шұғылдандым. Ерлерге тән бұл спортқа қызығу себебім, ауылда қыз бала­лар айналысатын спорт түрлерімен шұ­ғылдануға мүмкіндік болмады. Сосын бесінші сынып оқып жүргенімде Алматы маңындағы Талғар қаласында тұратын анама көшіп келдім. Анам мектепте мұға­лім болып жұмыс істейтіндіктен, үйге бірге қайту үшін оны босқа күтіп отырғанша, сол аралықта алаңға барып балалармен футбол ойнайтынмын. Осылай футбол ойнап жүрген кезде мені бір бапкер байқап қалып, қыздар командасында өнер көр­сетуге шақырды. Сосын спортқа ерекше ден қойып жүргенімді байқаған үй ішім же­тінші сыныптың басында Алматыдағы дарынды балаларға арналған спорт мек­тебіне жетектеп әкелді. Мұнда қыздарға футбол үйрететін сабақтар жоқ болып шықты, сосын оқытушы бапкер «Коман­далық ойыннан бізде тек әйелдер хоккейі деген спорт бар, тапсырып көр» деді. Ол уа­қытта мен бұл спорт түрінен мүлде хаба­рым жоқ болатын. Тек роликте сырғанауды білетінмін. Сосын әлгі бапкер аяқпен қи­мылдай алатынымды байқап, тексеріп, оқу­ға қабылдады. Сөйтіп, мектептің «Жұл­дыз» командасында, сосын Қазақстан жа­сөспірімдер ұлттық құрамасында, кейіннен ересектер арасындағы Қазақстан құра­масына қабылдандым. – Осы аралықта ұлттық құрама са­пында жүрсеңіз де, хоккейден екі жылға қол үзіп, регби спорты­мен кәсіби түрде шұғылданыпсыз. Бұл қалай болғаны? – Ұлттық құрама сапында өнер көр­сетіп жүргенде бапкерлер алты ойыншыны, соның ішінде мені қаржылық қиындық­тарға бола команда құрамынан алып тас­тады. Сөйтіп, спорттан қол үзбеу мақ­сатында екі жылдай регби ойнадым. Сосын ұлттық құрамаға қайта шақырды, әрі сол уақытта 2013 жылы Нұр-Сұлтанда «Барыс» хоккей клубына қарасты «Томирис» қыздар командасы құрылып жатқан болатын, соған шақырту алдым. Сөйтіп, осында бес жылдай өнер көрсеттім. – «Томирис» қыздар клубында табысты өнер көрсетіп жүрген же­ріңізден Канадаға қалай аттан­дыңыз? – Америкалық клубтар жыл сайынғы өте­тін драфты кезінде әлемнің әр бұрышы­нан ойыншылар таңдап алады. Сөйтіп 2017 жылы «Бостон Блэйдз» командасының таң­дауы маған түсіп, өз құрамында өнер көр­сетуге шақырды. Алайда визалық мә­селелерге байланысты, бұл мүмкіндікті мүлт жіберіп алдым. Сосын таныстарым «Ка­надаға виза беріп қалар, сол елдің ко­мандаларын қарап көр» деп ұсыныс айтты. Айтқандай-ақ, құжаттар тапсырып, бағым­ды сынап көргенде «Калгари Койотс» атты ка­надалық командадан шақырту келіп, мұн­да бір жыл ойнадым. Сосын өткен жылдың жазында Әйелдер арасындағы ұлттық хоккей лигасында (National Women’s Hockey League) өнер көрсету мақ­са­тымды іске асырамын деп жүріп, Мин­несота, Буффало және Нью-Джерси қаласы ко­мандаларының жаттығу лагеріне шақы­рыл­дым, нәтижесінде Нью-Джерсидегі «Метрополитен Риветерс» командасын таң­дадым. Осында өнер көрсетіп жүрге­німе бір жылдай уақыт болды. Өкінішке қарай, өткен маусымда тек үш ай ойнадым, себебі желтоқсан айының соңында жол апатына ұшырадым. Дәрігерлер ми шай­қалуы деген диагноз қойды. Сөйтіп екі айдай тым жарық әрі тым шулы жерге баруға болмайтындықтан, спорттан қол үзіп қалуға тура келді. Десек те, керекті ем-дом қабылдап, мамыр айының басында сап­қа қайта оралдым. Оның үстіне қазіргі таңда түгел команда демалыста, кезекті мау­сым қазан айынан басталады. Осылай­ша, қазіргі таңда ойыншыдан гөрі, бапкер­лік қызметке көбірек мән беріп жатырмын. – Өзіңіз бапкерлік ететін «Принстон Тайгер Лиллс» коман­дасының құрамымен танысып үлгердіңіз бе? – Қазіргі жағдайға байланысты бетпе-бет әлі кездеспедік, десек те электронды пош­та арқылы ғана байланыстамыз. Мә­селен, қазіргі таңда ата-аналарға келі­сім­шарттарын қарастыруға жіберіп қойдым. Жалпы, «Принстон Тайгер Лиллс» коман­дасы – 13-14 жас аралығындағы қыз бала­лар­дан құралған команда. МАWHA лига­сында өнер көрсетеді. Алдымен өз айма­ғының жеңімпазы атанған команда штат­тық, ары қарай республикалық жарыстарға қатысып, өз мықтыларын анықтауы керек.  width= – Америкада хоккей әлдеқайда дамыған спорт түрі екені жалпыға мәлім. Көпшілік клуб басшылы­ғы­ның хоккейге ерте жастан ара­ласқан америкалық маманды та­ғайын­дамай, дәл сізді таңдауын үл­кен жетістікке балап отыр. Сізді таңдауға не себеп болды деп ой­лай­­сыз? – Жалпы, америкалықтарға барлығы қызықты. Олар Қазақстандағы хоккей ойнаудың стилін сұрайды. Сонымен қатар Канададағы тәжірибеме де қызығады. Бұған қоса ұлттық құрама сапында өнер көр­сеткенімнен де хабардар. Олар мұның барлығына ерекше ден қояды, себебі әр елдегі жаттықтыру тәсілдері әртүрлі. Оның үстіне балалармен жұмыс істеу тәжірибем бар. Осының барлығы әсер еткен болуы керек. – Жаттықтыру тәсілдері демек­ші, бір сұхбатыңызда Америкада бапкерлер жылы көзбен қараса, Қа­зақстандағы мамандардың қа­талдау, ұрысып тастайтынын ай­тыпсыз. Тағы қандай өзгешелік­терді байқадыңыз? – Иә, мұнда ойыншы бірдеңені дұрыс іс­темей жатса, «Не істеп жатырсың?» деп ай­қайлай алмайсың. Қасына сырғанап барып, ақырындап түсіндіруің керек. Ал егер ойыншы тіпті тыңдамаса еш айқайсыз үйіне қайтарасың. Десек те, бұл маған онша ұнамайды. Себебі бапкердің үш не­месе төрт мәрте айтқанын ұқпайтын кез­дер көп кездеседі. Былтыр балалармен жұмыс істегенде «Мен сәл қаталдаумын, сондықтан ренжімеңдер» деп алдын ала айтқаным бар. Бір көрсеттім, екі көрсеттім, дұрыс істемейді, сосын «Егер дұрыс істе­мейтін болсаңдар, жаттығуды аяқтап, үй­леріңе қайта беріңдер» деген едім, бірден барлығын түсіне кетіп, жаттығуды ерекше қарқынмен бастады. Сыпайы болу керек, десек те шектен тыс сыпайы болсаң, уақы­тың текке кетеді. Жаттығу тәсілдеріне кел­сек, шынымды айтсам күн сайын жаңа жаттығулар жасаймын. Мейлі, залда, мұзда және алаңда болсын, бапкерлер күн сайын бір жаңашылдық қосып отыруға тырысады. Процеске жаңа жаттығулар кіріктіріледі.  Ал біздің елде мұндай деп айта алмаймын. Бізде ескі, Кеңес заманынан қалған әдісте­мемен жаттықтырады. Бір орында тұрып қалдық. Бізде мектеп ашылғалы жиырма бес жылдай уақыттан бері бір бапкер жаттықтыратын кездер де бар. Сосын бізде расымен тым қаталдау, ойыншылар жат­тығу кезінде артық сөз сөйлеуге, жаттығу­дан тыс күлуге болмайды. Ал мұнда бар­лығы позитивті жүреді. Қазақстанда да дәл осылай жасағым келеді. Мен жоғарыда айт­қан ескі мектепті ысырып, барлығын жаңаша істегім келеді. Қазақстандағы әйелдер хоккейіне жаңа леп әкелгім келеді. Америкада тәжірибе жинақтап, хоккей ойнайтын жастан асқан соң, мұндағы көргенім мен білгенімнің түгелін хоккейге қызығатын сіңлілеріме арнағым келеді. Жал­пылама айтсам, елдегі бұл спортқа қа­тыстының түгелін басынан аяғына дейін түзесем деймін.  width= – Демек, сізді алдағы уақытта хок­кейден әйелдер құрамасының бас бапкері қызметінен көріп қалуы­мыз мүмкін шығар? – Мені мұндай мәртебелі қызметке ша­қырып жатса, ерекше қуанар едім. Себебі өзім ұлттық құраманың тынысымен та­ныспын. Барлығын жақсы білемін. Мә­селен, мұнда ойыншыларды «Хоккей ана­томиясы» атты кітап бойынша әзірлейді. Мұн­дағы маманданған бапкерлердің біреуі сырғанауды, енді біреуі шайба лақтыруды үйретсе, келесі біреуі ережелерді үйретеді. Мұны үйрену барысында «біздің елдегі ойын­шылар да мұның барлығын көрсе ғой» деп армандап кетемін. Сол себепті осын­дай мамандардың басын біріктіріп, ұлттық құрамада кіл мықтыларды әзірлеп шығаратындай деңгейде барымды салып, жұмыс істер едім.

Сұхбаттасқан

Әлия ІЗТІЛЕУ