14 Мамыр, 10:44 4279 0 Атажұрт Túrkistan Gazeti

Джакартадағы қазақ ғалымы: Қазақстан әлем қазақтарын магнитше тартып тұрады

Шетелдегі қа­зақ­­тардың Қазақ­стан десе бүйрегі бұ­­рып, елге елеңдеп оты­­­ратыны рас. Олар­­дың арасында ата­­жұртқа арнайы ат басын бұрып, ізінше көшіп келуге ықы­лас танытып жүргендері бар­­шылық. Ал Қазақстанға тіпті  табаны тимей, сыртынан тілекші болып жүргендер қаншама. Сондай қандасымыздың бірі – Құрмет Қаукен. Қытай еліне қарасты Баркөл ауданында туып-өскен ол қазіргі таңда Индонезия астанасы Джакартада Индо­не­зиядағы Sinarmas Бүкіләлемдік академиясындағы жаратылыстану ғы­лымдары бөлімінің жетекшісі. Робототехника  бойынша сан мың­даған шәкірттің шеберлігін шыңдап, мұнымен қоса, бүкілә­лемдік олимпиадаларға қазылық етіп, әйгілі Кэмбридж, Оксфорд университеттеріндегі емтихандық комиссияның мүшесі қызметін ат­қарған. Қандасымыз қазіргі таңда өзінің маңызды жұмысынан бөлек, қазақ мұғалімдеріне де көмектесуге уақыт тауып жүр. Алдағы уақытта тек сырттан ғана қол ұшын созып қоймай, елге келіп еңбек еткісі келетін қандасымызбен етене танысу мақсатында хабарласқан едік.

– Әлеуметтік желідегі парақ­шаңыз­да көптеген жарыстарда алдына жан салмай, топ жарып келген оқушы­ла­рыңыздың фотоларын көзім шалды. «Ұстазы бейілді болса, шәкірті зейінді келеді» демекші, мұндай бейілді ұстаз болуды қайдан үйрендіңіз?

– Бейілді ұстаз болу ата-анамнан дары­ған қасиет деп ұғамын. Өзім Қытай еліне қарасты Баркөл қазақ автономиялы ауданында қарапайым отбасында дүниеге келгенмін. Әкем сол Баркөл өлкесіндегі қазақтарды ағарту ісінің негізін қалауға көп үлес қосқан, елге абыройлы болған кісі. Сан мыңдаған оқушы тәрбиелеп, бар ғұмырын тәлім беру ісіне сарп еткен жан. Анам да әкеме ілесіп, отыз жыл қатарынан ұстаздық еткен жан. Қазір зейнетте. Мұн­дай ортада тәрбиеленген соң, олардың ізін қумау мүмкін емес. Өзіме келер болсам, жер­гілікті мектепті үздік бітірген соң, Шың­жаң педагогикалық университетінің физика пәнінің мұғалімі бойынша оқуға түстім. Мұны тәмамдаған соң, Бейжің, Гуанчжоу, Гонконг қалаларында инженер болып жұмыс істедім. Сол уақыт аралы­ғында білімімді шыңдауға септігін тигізетін ағылшын тілін меңгеріп, 2006 жылы Малайзиядағы Малайя университетінің магистратура бөліміне қолданбалы физика бағыты бойынша оқуға түстім. Көптеген халықаралық мектепте ұстаздық қызмет атқардым. Тек ұстаздықпен тоқтап қал­майын деп, көзге көрінген мүмкіндіктің түгелін қолданып, оқи бердім. Алдымен Ұлыбританиядағы Кэмбридж университетінде мұғалімдерге арналған алты айлық курс оқыдым. Бұдан бөлек, АҚШ-тағы Гарвард университетін, сосын Ұлыбри­таниядағы Нотингем университетінде үш айдан қосымша білім алғаным тағы бар. Енді алдағы қыркүйек айынан бастап Лондондағы UCL (University College London) университетінде технология және білім беру бойынша магистратура бөлімінде екі жыл тағы оқымақпын. 2014 жылдан бастап Индонезиядағы Sinarmas Бүкіләлемдік академиясында еңбек етіп келемін. Қазір мұнда жаратылыстану ғылымдары бөлімінің жетекшісімін. Жетекшілігімде бес пән бойынша ғылыммен айналысып жүрген ұстаздарға бағыт-бағдар беріп отырамын. Бұдан бөлек, былтыр Оксфорд қаласында орналасқан Pamoja Education компаниясы іріктеу арқылы алдымен жүз, сосын жиырма, ең соңында үш маманды жұмысқа таңдап, бағым жанып, сол үшеудің қатарынан табылдым. Сөйтіп, қазіргі таңда қосымша сол жерде онлайн режимде математика пәні бойынша сабақ беретін шетелдік ұстаздардың кеңесшісі қызметін атқарамын.

–Тағы сол суреттерден байқағаным­дай, робототехникадан халықаралық олимпиадалардың қазылар алқасына да мүшелік етеді екенсіз. Жалпы, ро­бототехникаға деген қызығушылық қайдан басталды?

– Иә, қазылық ететінім де бар. Негізі жыл сайын робот жасаудан ұйым­дас­тыры­латын бүкіләлемдік олимпиадаға (World Robot Olympiad) шәкірттерімнен құралған командамды апарып тұратынмын. Шыны керек, жүлдесіз қайтқан емеспіз. Бұл біліктілігімді ұйымдастырушылар байқаған болуы керек, кейін ара-тұра сол қазылар ал­қасында отыруға өзімді шақыратын бол­ды. Қазылық ету демекші, бұдан бөлек Ха­лықаралық бакалавриат ұйымы шең­берінде физика пәні бойынша емтихан қабылдаушы және модератор қызметін атқарғаным бар. Сондай-ақ Ұлыбритания­ның негізгі емтихандық комиссиясы саналатын OCR-де (Oxford, Cambridge and RSA) емтихан қабылдаушы және бағалаушы маман болып жұмыс істегенмін. Қызығушы­лықты сұрасаңыз, бала күнімнен техника құрастыруға қызықтым, әсіресе велосипед­тің құрал-сайманын мың мәрте ашып, құрайтынмын. Оның үстіне, жастайымнан физика мен математикаға әуес болдым. Әлгі бірдеңені шұқылау, түзеу секілді хоббиім мен жаратылыстану ғылымдарына деген ынтам мені осы бағытқа адастырмай алып келді. Сөйтіп, бұл қызығушылығым күн­нен-күнге ұлғая беріп, бар білген-көр­генімді шәкірттеріме аянбай әрі дөп жеткізуіме көп көмегі тиді.

– Білімге ұмтылу, біліктілікті арт­тыру, үнемі ізденісте жүруді көксеген сіздің ұл-қызыңыздың да ғылым жолына неліктен түскені түсінікті болды. Десек те, бір емес, екеуін бірдей ғы­лыми техникалық прогрестің дамуына оқушы кезінен мән беруге баулу қиынға түспеді ме?

– Өз заманының заңғар тұлғасы Альберт Эйнштейн «Қиял күші білімнен де маңыз­ды» деген. Сол себепті қазіргі таңда тара­зының басында білім емес, креативті дағды мен адамның қиялына қанат бі­тірудің салмағы әлдеқайда маңызды. Соны түсінген мен ұл-қызымның қиялын еш шектеген емеспін, керісінше қолдап, қолпаштап келемін. Кішкентай кезінен Lego ойындарын құрастыртып, қағілез болуын қадағалаудамын. Қазіргінің ата-аналары секілді алдына әкеліп құры бере салмай, қастарында отырып, құрастыру амал-айлаларын бақылап, бағыт-бағдар бе­ріп отыратынмын. Содан бері екеуі де осы салаға әуестеніп, небір нәрселер құрас­тырып, түрлі жарыстарға қатысып келеді. Әжесі Ботагөз, анасы Алиса деп атаған қызым қазір 17 жаста, ал ұлым Айдын 7-сынып оқиды. Екеуі де өзім жұмыс істейтін халықаралық академияда білім алады. Айта кетерлік жайт, екеуі де мен секілді бар білгенімен бөліскенді жақсы көреді. Айдын TEDx Talks-тың жастарға арналған алаңында «Неліктен роботехниканың білім беру бағдарлама­ларының бүкілінде маңызды орынды иеленуі тиіс?» деген тақырыпта көпшілік алдында өз ойымен бөліссе, жуырда қызым тура сол алаңда «Технология мен ин­новациядағы өсуді барынша жылдамдату» тақырыбында өз идеясын ортаға салды.

– Әлеуметтік желідегі парақ­шаңыз­да балаларыңыздың жетістігімен құттықтаған қандастарыңызға жауап ретінде «Қазақ бауырлары мен әпке-қа­рындастарының үлкен қолдауы арқылы көп нәрсеге қол жеткізіп, оны қай­тадан біздің Отанымызға қай­тара­мыз деп үміттенеміз» деген пікір қал­дырыпсыз. Мұны қазірден бастап біліммен қуаттап жатқан бала­ла­рыңыз­ды болашақта Қазақстандағы технологияның даму көшіне ілестіруді көздеп жүргеніңіз болар деп ұғын­дым...

– Дұрыс ұғыныпсыз. Қарға тамырлы қа­зақпыз. Ұлтым қазақ бола тұра, мұндай ойды есепке алмаймын десем ағаттық болар. Болашақта балаларым үлкен маман иесі атанып, Қазақстанның ілгерілеуіне үлес қосамын десе, құба-құп. Оның үстіне екеуі де Қазақстан жайлы көп біледі.

– Жоғарыда айтып өткендей, ха­лық­­аралық олимпиадаға оқушы­ларыңыз­ды қатыстырып немесе қа­зы­лық етіп жүргеніңізде Қа­зақ­станның намысын қорғап барған қара дома­лақ қандас­та­рыңыз­­ды да байқап қалған боларсыз. Жалпы, Қазақ­стан­дағы робототехниканың аяқ алы­сын ба­қы­лайсыз ба?

– Алғаш рет Қазақстаннан келген оқу­шы­лар командасын 2013 жылы Джакартада өткен бүкіләлемдік олимпиадада кез­дес­тіргенмін. Бастапқыда олардың Қазақ­станнан екенін білген жоқпын. Сосын бір жақтан балалардың қазақ тілінде әңгіме­лесіп тұрғаны құлағыма ерекше естіліп, жүрегім елең ете қалды. Қастарына барып, хал-жағдай сұрасам, Павлодар өңірінен келген өзіміздің бауырлар екен. Ереже бойынша олимпиадаға тіркелу бір ай бұрын аяқталған, мұны білмеген олар жыларман болып, жарысқа қатыса алмайтынына қапаланып тұр екен. Сөйтіп, қазылар алқасындағы өкілеттігімді пайдаланып, тіркелуіне көмектесіп, рұқсат алып бергенмін. Сол кездегі қуанғанын көрсеңіз. Сол сайыста әлемнің әр бұрышынан жүз­ден астам команда қатысса, жаңы­лыспасам, соның ішінде олар он сегізінші орынға табан тіреді-ау деймін. Сосын іс-шара соңын­­да олар алғысын жаудырып, естелік суретке түскенбіз. Ал Қазақстанның бұл ба­ғыт бойынша жағдайын сөз ететін болсам, бір-екі баланы сыртынан бақылап жүремін. Өзіме Назарбаев Зияткерлік мек­тептерінде білім алатын оқушылардың бағыт-бағдары ұнайды.

– Осы уақытқа дейін еліміздегі сол зияткерлік мектептердің бірінен немесе жоғары оқу орындары тарапынан жұ­мысқа шақыру туралы ұсыныстар түс­ті ме?

– Иә, түсті. Бірінші болып әлгінде Джакартада мен көмектескен Павлодардағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің басшылығы жұмысқа шақырған болатын. Ол уақытта балаларым кішкентай, бас тартуға тура келді. Сосын өткен жылы тамыз айында Алтайға жақын орналасқан Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің басшылығымен онлайн режимде сұхбаттастым. Өзіме жұмыс реті келгенімен, балаларыма шарт-жағ­дайы, оқу тәртібі қолайсыз болды. Сөй­тіп, амал нешік, тағы да бас тарттым. Десек те, ди­ректорға «1-2 жылдан соң, міндетті түрде барып жұмыс істеймін» деп уәдемді бердім.

– Жұмыс бабымен болмаса да, Қа­зақ­станға бұрын-соңды саяхаттап кел­генсіз бе?

– Жоқ (күліп). Орайы келмеді. Әлі табаным тиіп көрген жоқ. Қазақстанға әсіресе келіншегім барғысы келіп жүр. Қазақстанға қазір бару керек десе, менен бұрын ұшып кететін түрі бар. Ол кісімен 2003 жылы Малайзияда оқып жүргенде танысып, артынша көңіліміз жарасып, шаңырақ көтердік. Мамандығы – адвокат. Есімін қазақшалап «Шапағат» деп атаймын (күліп). Қазақстанға бармасақ та, Қытай­дағы өзім туған ауылға барғанбыз. Содан көр­гені бар, кітаптан оқығаны бар, ол кі­сінің Қазақстанға деген қызығушылығы зор. Оның үстіне Қазақстан туралы тарихи киноларды көп көреді. Содан «Қазақ деген батыр, текті халық екен ғой» деп кинодағы әр кейіпкерді талқылап, тарихи оқиға­лар­дың фактілерін ортаға салып отырады. Жұ­мысыма қатысты «Қазақстаннан қандай да бір ұсыныс түссе қарап көрші, өз ата­жұртың, барып көрелік» деп үнемі қолдап-қолпаштап жүреді. Бармасам да, тарихи Отан десе бүйрек ерекше бұрады, сол себепті үнемі сыртынан бақылап, алаңдап, тілекші болып отырамын. Жақында оң­түстік өңірде болған су апатына алаңдау­лымын. Себебі қазіргідей күн жылы болған­мен, түні суық көктемгі жағдайда үйдің жылуынан айырылып қалу оңай емес. Дегенмен кеше жан-жақтан жіберіліп жатқан көмек пен Өзбекстанның өзінен автобус арқылы көмек күшін жібергенін көріп, қуа­нып қалдым.

– Қазіргідей күллі әлемнің оқыту­шы­лары онлайн оқытуға мәжбүр бол­ған жағдайда сіз YouTube платфор­ма­сындағы парақшаңызға қазақ мұға­лім­деріне арнап Zoom және OneNote жүйесінде оқытудың қыр-сыры туралы қазақ тілді видео орналастырыпсыз. Бұл сұраныс қайдан туындады? Ел­ден біреу қолқа салды ма әлде өзіңіз бастамашы болдыңыз ба?

– Қай өңірден екенін ұмытып отырмын, елдегі аймақтардың бірінде тұратын бір ер мұғалім хабарласып: «Біз келесі апта­дан бастап Zoom-ды қолданғалы жатырмыз. Қалай қолдану керек екенін көрсетіп жі­беріңізші, толық білмейміз» деді. Бас­тап­қыда тек оған арнап жасағанмын. Сосын ол мұны WhatsApp-тағы мұғалімдер тобына жариялап, артынша сұраныс арта түсті. Сосын бәріне қолжетімді болсын деген оймен екінші видеоны Youtube арнасына жүктедім. Мұндай қиын жағдайға тап бол­ған елдегі ұстаздар көп нәрсені қалай жасау ке­рек екенінен бейхабар. Соған көмек­тескім келіп тұр. Бұған қоса пандемияның қайталану қаупі болса, бірінші ретте білмеген мұғалім келесі кезде онлайн оқытуды жаңғақша шағуы керек. Сондықтан алдағы уақытта қазақ тілінде тағы да видеолар жасамақшымын.

– Қазақстанға бірде-бір рет табаны ти­меген, сөйте тұра қазақ мұғалімдері мен оқушыларына сырттан жана­шыр­лық танытып, қол ұшын созып жүре­тін сіздің бұл ниетіңіз қит етсе, елден көшуге асығып, өзге тіл үйрене сала өз тілін менсінбейтін қандастарымызға үлгі боларлық дүние. Байқағаным, атажұрттан шалғайда қазақтар көп шоғырланған аймақта өсіп-өнген қандастарымыздың Отанға деген сүйіспеншілігі Қазақстанда туып-өскен бізден артық болмаса, кем емес секілді...

– Иә, мен мұны сөзбен айтып жеткізе ал­­маймын. Көзге көрінбей, іште менмұн­да­лап тұратын сүйіспеншілік. Бұл кәдуілгі магнит секілді ғой, магнитті бөліп, үгіте бер­сең, бәрібір тіпті үгітіндісіне дейін жабысып, бір-біріне тартылып тұрады. Мейлі кейбірі Түркияда өмірге келсін, енді бірі Пәкістан немесе Иранда өссін, келесі бірі мен секілді Қытай аймағында дүниеге кел­сін, барлығымыздың арамызда магниттік байланыс бар. Қазақстанға тартады да тұра­ды. Ойламай жүре алмайсың. Көзге кө­рінбейді ол, бірақ іште бар. Мұны жоя да ал­майсың. Қазақша айтқанда «қанда бар» деген сөз ғой.

Қаным қазақ болған соң, қазақпен байланыстының барлығы маған ыстық. Әсіресе, қазақша өлеңдер тыңдағанды ұнатамын. Қолым қалт еткенде туған ауылыма барып мауқымды басып қайтамын. Ауыл демекші, ауылыма қонақ болып барған шетелдік достарым біздің мейірімді, ашық, қонақжай ұлт екенімізді сан қай­талап айтты. Өзім бармасам да, Қазақстанға барған шетелдік достарымның бірінші көзге көрінетіні – халықтың мейірімділігі. Сосын олар жоғарыда тізіп өткен оқу орын­дарына жанталасып тапсырып жүрге­німді көріп, қажырлы мінезімізді тағы атап айтады. Сол қажырлылық, табандылықты жарыстарға қатысып жүрген оқушылардың бойынан да байқадым.

– Жоғарыда мектеп директорына берген уәдеңізге сәйкес, 1-2 жылдан соң Қазақстанға келіп тұрақтау туралы ұсыныс өз күшінде ғой?

– Әрине (күліп). Балаларым өсіп қалды, келер жылы немесе одан кейінгі жылы шақырту келсе міндетті түрде барамын. Десек те, жоғарыда атап өткендей шарт-жағдайы қолайлы, осындай халықаралық мектептерге маман немесе жалпы STEM (ғылым, технология, инженерия және математика) бойынша ментор және балалар мен жастарды робототехникаға баулуға қатысты ұсыныстар болса мен ашықпын. Істеймін деген сенім бар. Дәл қазір бар біл­ген-түйгенімді, оқығаным-тоқыға­ным­ды қазақ балаларына және мұғалімдерге үйреткім келіп жүр. Ғылымға ұмтылған баланы халықаралық деңгейге сай етіп әзірлемесең мұғалімнің ісі бекер. Сол себепті халықаралық дәрежеде жинаған тә­жірибемді бауырларым үшін сарп етуге әзірмін. Сөз соңында айта кетерлік жайт, шетелде өз ісінің маманы болып, өз ортасында абыройлы еңбек етіп жүрген талай қазақты көрдім. Елге шетелден мамандар шақырып жалдағанша, сол өзіміздің қа­зақ­тардың басын қосып, керекті салаға жұ­мыл­дырса, шіркін!

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

 

 

Соңғы жаңалықтар