353
Артур Платонов: Наурыз – рухани иммунитетіміз
Артур Платонов: Наурыз – рухани иммунитетіміз

Бүгінгідей құбылмалы кезеңде, сырттан келіп жатқан бөтен, түсініксіз дүниелердің қоғамға дендеп енбеуі үшін дәстүрді құрметтеу, өзіңнің шыққан тегің мен түп-тамырыңды жақсы көру маңызды. Өткенге оралу, тарихты ұмытпау, одан тірек табу – рухани иммунитет. Өз тарихында рухани байлығымен, адамгершілігімен мақтана алатын ұлттар аз. Мен қазақ тарихының былғанбағанын, таза екенін ылғи да айтамын. Өзгелердің тарихында бар азғындықты қазақтың тарихынан таппайсыз. Бұл – биік адамгершіліктің үлгісі. Қазақ халқы әрқашан өзінде бар құндылықтарын қорғады, сақтады, болашақ ұрпаққа жеткізді. Өзін сақтап қала отырып, өзге ұлт өкілдерін бауырына басты, үйінің есігін ашты, төрінен орын берді. Бір ұлтты сақтау арқылы сол халықтың мәдениетін, тілін, дәстүрін сақтап қалды. Кей ұлттың ұрпағы ата-бабасының ұлтаралық, діни бағытта өзге ұлтты қырып-жойғанына өкінетіні анық, бұл жағынан қазақтың мақтануына себеп бар. Қазақ халқының өзге ұлттарға жасаған жақсылығын ұмытуға болмайды. Әсіресе, қазір әлемде болып жатқан жағдайларды есепке алсақ, рухани адамгершілік тұрғысынан көптеген ұлтқа үлгі бола аламыз. Сондықтан өзге ұлттың кей құндылықтары мен қасиетіне қызықпай, қазақтың өз қасиетін, дәстүрін бағалауымыз керек.
Дәстүр дегенді кей адамдар абстрактілі құндылық деп санайды. Дәстүр дегеніміз – ата-бабалардың ұлт ретінде аман қалу тәжірибесі. Олар әрқашан дінге сенді, бірақ діннің соңынан кетпеді, ешқашан дінді саясаттың құралына айналдырмады, бұл рухани қажеттілік. Ал біреулер үшін бұл баюдың, бұрмалаудың құралы екенін көріп отырмыз. Бұл құрал кейде адамдарды өзінің рухани түп-тамырынан ажыратып, жолынан тайдырады. Әсіресе, бүгінгідей жаһандану кезеңінде ұлттық дәстүр өткенге деген құрмет қана емес, қажетті өнегелік қорғанысы. Бұл бізге тарихи тәжірибеге сүйеніп, рухани дәстүрімізбен біте-қайнасып, алға қарай қарыштауымызға мүмкіндік береді.
Наурыз мерекесін тойлау әрқашан тарихты еске алумен байланысты. Наурыз мейрамының маңызы зор. Бұл ата-бабалардың тәжірибесіне айналып соғуға, оларды түсінуге, тарихты таразылауға, қолымызда бар бүгінгі құндылықтарымызға өзгеше көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. Осының бәрі әлдеқайда терең және жан-жақты зерттелуі керек деп ойлаймын. Қазір адамдар бір-біріне ненің жақсы, ненің жаман екенін айтып үйреткенді жақсы көреді. Бірақ әр халық өзінің көзқарасына, тарихына, түп-тамырына, руханиятына сүйеніп, үңілуі керек.
Көктем мен жаңарудың мерекесі Наурыз – Қазақстан халқы үшін ең сүйікті әрі ауқымды мейрам. Бірнеше мыңдаған жыл тарихы бар мейрам бүкіл халықтың, елімізді мекендеген ұлттар мен ұлыстардың ортақ мейрамына айналып, жыл сайын жаңа мазмұн, сән-салтанатымен аталып өтеді. Менің отбасым да жыл сайын бұл мерекені асыға күтеді. Отбасымызбен наурызкөжені жақсы көреміз. Мүмкіндігінше мерекедегі демалыс күндерін отбасыммен өткізуге тырысамын. Ұлттың ұлы мейрамын тойлау адамның қарым-қатынасынан, ішкі алғысынан, құрмет көрсетуінен басталады. Наурыз – рухани қорғанысымыз, иммунитетіміз. Наурыз мейрамының астарында үлкен тарих, рухани энергия сақталған. Бұл тек демалыс күні емес, бұл еске алудың, өткенді қайта ой таразысына салудың, ата-бабалардың жүріп өткен жолы мен құндылықтарын түсінудің бір жолы.