2629
«Алтын адам» Үндістанда
«Алтын адам» Үндістанда

Ұлттық музей 18 наурызда Нью-Дели қаласындағы Үндістан Ұлттық музейінде «Ұлы дала: Уақыт. Кеңістік. Мәдениет» көрмесін ашады.
Қазақстанның азаттық символына айналған басты жәдігері – «Алтын адам». Ол Қазақстан тарихындағы ең танымал археологиялық сенсация. «Алтын адам» 1969 жылы Алматы маңайындағы Есік қорғанында археолог Кемал Ақышевтың жетекшілігімен жүргізілген археологиялық жұмыстар нәтижесінде табылды. Алтын адам киімі 4 мыңға жуық алтын әшекейлермен безендірілген.
Үндістан Ұлттық музейіне ұсынылған көрмеден киімі алтын жапсырмалы және жебе, қар барысы, арқар, жылқы және құс түріндегі алтын тілімшелер әшекейлеп тұрған конус пішінді ерекше бас киімді «Алтын адамның» реконструкциясын және ақсүйек сақ жауынгерімен бірге жерленген ерте темір ғасырының археологиялық олжаларының топтамасын тамашалауға болады.
Халықаралық көрме жобасының аясында «Алтын адам» әлемнің 12 музейінде ұсынылды. Көрме осыған дейін Беларусь, Ресей, Әзірбайжан, Қытай, Польша, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Солтүстік Македония, Түркия, Малайзия және Грецияда үлкен жетістікпен өтті.
Көрмеде Тақсай (Батыс Қазақстан облысы), Талды-2 (Қарағанды облысы) және Берел (Шығыс Қазақстан облысы) сынды сақ қорғандарынан табылған археологиялық таңдаулы олжалар да көрсетілетін болады.
Сонымен қатар көрмеге Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының археологиялық отряды 2012 жылдың сәуірінде қазба жұмыстары кезінде табылған «Тақсай ханшайымы» ұсынылады. Тақсай қорымында жерленген 35-40 жастағы әйелдің жанынан ыдыстар, сәнді бас киімнің әшекейлері және көптеген алтын бұйымдар табылды. Ғалымдар шайқастардың көріністерін бейнелейтін ағаш тарақты ерекше артефакт деп санайды.
Жалпы, көрмеге Қазақстан Ұлттық музейінің қорларынан барлығы 292 зат ұсынылады.