1129
Сирия қасіреті әлі жалғасуда. Оған кімдер кінәлі?
Сирия қасіреті әлі жалғасуда. Оған кімдер кінәлі?
Сирия... Аңыз-ертегілердің желісіне арқау болған ежелгі Шам елі... Адамзатқа бірнеше өркениет сыйлаған, тарихы біздің заманымыздың төртінші ғасырынан бастау алатын өлке. Араб әдебиеті мен Ислам ғылымы дәуірлеп, ақыл-ойдың орталығы саналған құт мекен. Ал бүгінде бұрынғы тылсым сыр, тұмса даналықтан, есте жоқ ерте заманның ескерткіштері мен кешегі қызылды-жасылды реңктен түк қалмаған. Қираған қалалар, өртенген үйлер. Асай-мүсейін арқалап, ата-баба қонысын тастап, үдере көшкен халық. Жұртында қалып, өз жерінде тұтқын болған адамдар. Ашыққан балалар. Жоқтау айтуға шамасы келмейтін жесірлер. Мұны айтқанда бүгінгі Шам елінің көрінісін көз алдыңызға елестете алдым десеңіз, қателесесіз. Осы айтылғандарды он есе күшейтіп, жүз есе ұлғайтып бір қарап көріңіз. Бәлкім сонда Сирия туралы сан түрлі қарама-қайшы ақпарлардың әсерінен айығып, адами көзқараспен сарапқа салудың сәті түсер.
«ЖЕТПІСІ» ЖАН-ЖАҚҚА ТАРТЫП...
Астанада өткен бір жиынға келген Сирия оппозициясының өкілі «Біздің елде жетпіс мемлекеттің мүддесі тоқайласты» дегенін бұған дейін жазғанбыз. Бір-ақ ауыз сөзбен Сириядағы бес жылдан бері тоқтаусыз жүріп жатқан саяси көкпардың түп себебін түсіндіріп беріп еді. Көкпар емей немене, алпауыт елдер мен қоңсы отырған бақталастары Сирияның қай тұсын қалай бомбының астына алуды жоспарлап, қай қаласы кімнің иелігінде қалатынын өзара талқылап, додаға салынған серкедей дал-дұлын шығарса. Жаулары мен достары жан-жақтан тартқылап аяусыз тартысқа түскен Сирияның тағдыры өз жерінен тыс, сыртта шешіліп жатса. Бұл жерде «жаулары» деген сөзді де, «достары» деген сөзді де тырнақшаға алудың әбестігі жоқ еді. Себебі көкпарға түскен қайран Сирияның сыртта түсін түстейтін анық жауы жоқ, бар жауы – іште. Бірақ қысылғанда қолын созар шын досы да жоқ сыртта – Сирияның тағдырын шешуге атсалысуға ұмтылғандардың әрқайсысының өз ішкі есебі бар. Ашығын айтқанда, Шам елінің бүгінгі күйі – қас дұшпанға тілемейтін жағдай. Ірісі бар, ұсағы бар, алысы бар, жақыны бар – жетпіс шақты мемлекеттің мүддесін бір жерде түйістіріп, олардың бәрінің оң жамбасынан келетін шешім табу қиынның қиыны, бәлкім, ешқашан мүмкін емес. «Жетпісті» былай қойып, Сирияның өзі үшін тиімді жол табыла ма? Дүдамал. Бұл сұрақтарға жауап беру үшін мәселенің түп-төркініне көз жүгірткен жөн шығар. Сонымен, Сирияда кімдердің мүддесі қайшыласты? Ара-жігін ажыратып көрелік. Сирияның қазіргі президенті Башар Асад – алауиттер әулетінен. Алауиттер – сунизмге жатпайтын, шииттік ғулат (әсіре өктем) тобына жататын діни ағым. Сирия 1946 жылы Франциядан тәуелсіздігін алып, дербес мемлекет болғалы бергі 70 жылда осы топтың өкілдері билік тізгінін уысынан шығарған емес. Халқының 90 пайызы ислам дінінде. Діннің ықпалы зор саналатын елде азшылық жамағаттың өкілдері қалайша көпшілікті бағындыра алғанына қатысты бірнеше жорамал бар. Соның бірі – Батыстық елдердің, ең әуелі бұрынғы отарлаушы ел Францияның қолдауының арқасы. Башар Асадтың өмірбаянына қарасаңыз, оның Ұлыбританияда білім алғаны, яғни Батыстық құндылықтармен ауызданған тұлға екеніне көз жеткіземіз. Бір сөзбен айтқанда, алауиттер Батыспен тығыз қарым-қатынаста болғанда ғана ықпалды болды. Ал Асад әулеті КСРО-мен, одан кейін Ресеймен әріптестік орнатып, сыртқы саясаттағы ұстанымын өзгертуге бет алғанда, бұрынғы одақтастарының қолдауынан айрылды. Сириядағы оппозицияшыл күштердің қолтығына су бүркіп, Асадқа қарсы соғысып жатқан әскерді қару-жарақпен, техникамен, қолдап отырғанын Батыс қазір жасырмайды да. Осылайша, Асад АҚШ бастаған Батыстық елдерді өзіне қарсы қойды. 2011 жылғы «Араб көктемінің» салқыны Асадты орнынан ұшыруы тиіс еді. Оның Хусейн мен Каддафидің немесе Мурсидің тағдырын қайталауы әбден ықтимал болатын. Бірақ бес жылғы азаматтық соғыстың ылаңына, халықаралық коалициялық күштердің әскери соққысына, халықаралық оқшаулау саясатына қарамастан, Асад тағынан сырғыған жоқ. Мемлекеті талан-таражға түсуге таяу, 4,3 миллион адам босып, аз дегенде 250 мың адам ажал құшты – Асад орнынан қозғалған жоқ. Батыстық елдерді былай қойғанда, Сирияға көршілес елдердің өз көксегені бар. Олардың ешқайсысы Сириядағы саяси көкпардан тыс қалғанды жөн көрмейді. Ирак – ығысқан ирактық сүнниттердің күшеюінен қорықса, Түркия – өз ішіндегі алауиттердің сыртқы қолдаушысы болған Асад билігінің тұғырдан тайғанын қалайды. Сауд Арабиясы – Сириямен аймақтық көшбасшылыққа бақталас әрі онымен экономикалық мүддесі қайшылас. Оған қоса, салафиттік идеологияның қанат жаюына кедергі келтіріп отырған Сириядағы білім ошақтарының шаңырағы ортасына түсуіне мүдделі. Қысқасын айтқанда, Сауд Арабиясы, Катар мен Түркия Сириядағы сүнниттік оппозицияшыл топтарды қолдайды. Осылайша, түрлі мемлекеттердің мүдделері Шам елінде өзгеше калейдоскоп құрап отыр. Қай жеңгені – Сириядағы өз мүддесін қорғап, дегеніне жетеді. Мұндай қым-қуыт жағдайда Сирияның тағдыры қыл үстінде екендігі күмәнсіз.«ИНТЕРНАЦИОНАЛДЫ ЖИҺАДТЫҢ» ОШАҒЫ
Бүгінде қансыраған Сирия туралы сөз болғанда, ДАИШ ұйымы туралы әңгіме қозғамау мүмкін емес. ДАИШ-тың көзін жоюды биік мінберлерден қайта-қайта мәлімдеген АҚШ, Еуропа мен Ресей басшылары бұл үшін әуелі Сириядағы соғысты тоқтату керек деген пікір айта бастады. АҚШ бастаған халықаралық коалицияға Ұлыбритания, Франция, Канада, Австралия, Сауд Арабиясы қосылып, террористік ұйымның көзін жою үшін Сирияны әуеден атқылауда. Ал Ресей былтыр Башар Асад үкіметінің «сұрауымен» өз бетінше соғыс қимылдарына кірісті. Жақында Сауд Арабиясы мен Түркия Сирияға жаяу әскер кіргізуге дайындалып жатыр деген ақпарат тарады. Сауд Арабиясы ДАИШ-пен күресті сылтауратып, Сирияға әскер кіргізуге әзір екенін ашық мәлімдеді. ДАИШ ұйымының аты шыққанына көп бола қойған жоқ. Ол әуелгіде Ирак аумағында пайда болды. 2006 жылы Әл-Каидадан «Таухиди Жихадия» деген атпен бөлініп шыққан ұйым 2011 жылы Әл-Бағдадидің жетекшілігімен аты «ДАИШ» болып өзгертілген. Одан соң тез қанат жайып, көршілес Сирияға ауды. Бұл ұйымның қысқа мерзімде қалайша ғаламдық масштабта тамырлаған күрделі желіге айналғаны түсініксіз. Қазір Еуропа, Америка, Африка, Азия елдерінен, яғни бес құрлықтан Сирияға ДАИШ әскерінің қатарында соғысуға аттанғандар мыңдап саналады. Сирияда халықаралық «интернационалды» әскер жасақталып үлгерді. Басқа дамыған мемлекеттермен салыстырғанда ішкі жағдайы тұрақты әр тыныш саналатын Ұлыбританияның өзінен осы уақытқа дейін Сириядағы соғысқа 800 адам аттанған. Тіпті, «Талибанға» бірде-бір үндіс кірмеді деп мақтанатын Үндістаннан ондаған жас Отанын тастап, ДАИШ қатарында соғысуға кеткен. Қазақстанға көрші отырған Ресейдің барлау қызметі Сирияға 2400 кавказдықтың барғанын хабарлады. Бұл алапат соғыстың өрті Орталық Азия елдерін де жанама түрде шарпып отыр. Өзбекстан мен Қырғызстан елдері Сирияға кетіп, қаза болған азаматтарының санағын ала бастады. Жатжұрттық насихатқа еріп, Қазақстаннан кеткендер саны бес жүзден асады. Осылай санамалай берсеңіз, бүгінде ДАИШ-қа «әскер» бермеген мемлекеттер саусақпен санарлықтай. Бес құрлықтан, алыс-жақын орналасқан жүздеген мемлекеттерден «қаруластар» шақыратындай ДАИШ-тың не ықпалы бар? Ең бастысы, халықаралық интернационалды әскер тоғысқан майдан алаңына айналған Сирияның тағдыры не болмақ? Ал оқ пен оттың астында қалған қарапайым сириялықтардың не жазығы бар?АСАД – ҒАЛАМДЫҚ ГЕОСАЯСАТТАҒЫ ЕҢ МАҢЫЗДЫ ТҰЛҒА
ДАИШ-тың Сирия жеріне мықтап орналасып, халықаралық «жиһад» шақыруының алғышарттары бар, әрине. Бұған анық бір себеп – бес жылдан бері азаматтық соғыстан сансыраған, ал қазір халықаралық коалициялық күштердің соққысының астында қалған Сирияда біртұтас ықпалды билік жоқ. Мемлекеттің ресми президенті 2000 жылдан бері – Башар Асад, сөз жүзінде елде заң шығарушы және атқарушы билік бар, ал іс жүзінде... Сирияның орталығы мен батысы ДАИШ пен тағы бір исламдық «ан-Нусра» ұйымының ықпалында, ал елдің солтүстігі мен шығысы оппозицияшыл күштердің иелігінде. Сонда Башар Асад пен ресми биліктің құзыреті тек Дамаск пен оның төңірегін ғана қамтиды. Бір ауыз сөзбен айтқанда, Асад билігінің бүгінгі бар қауқары – мемлекеттің астанасын ұстап отырғаны ғана. Ендеше, АҚШ бастаған батыстық демократиялық мемлекеттердің Башар Асадтың тағдырына соншалықты алаң болуының сыры неде? Біздің пайымымызша, бүгінгі таңда Башар Асад – әлемдік саясаттағы ең маңызды тұлға деп атауға лайық. Тіпті, оған «Жыл адамы» атағын берсе де артық емес. Сөзімізді деректермен дәйектеп көрелік. Әуелгісі, жоғарыда айтқанымыздай Асад – Сириядағы азшылық топтың – алауиттер әулетінің өкілі, азаматтық соғыс басталғанға дейін саны басым сүнниттер тұратын мемлекетті басқарып келді. Егер сыртқы арандатушы күштердің, әсіресе, көршілес Сауд Арабиясы сияқты бақталас елдердің астыртын ықпалы болмаса, мейлі, ол Башар болсын, басқа болсын, алауиттер билік басында одан әрі салтанат құруды жалғастыра берер ме еді. Екіншіден, кез келген мемлекетте ресми билікке қарсы оппозицияшыл күштер болады. Башар Асадтың жүргізіп отырған саясатына, ұстанған бағытына, тіпті діни сеніміне, т.б. толып жатқан себептерге байланысты оны президенттіктен кетіруді тілейтін топтың болуы заңды. Ендеше, өзі азшылықтың өкілі болса әрі авторитарлы жүйе құруға бейім болса, Башар Асадтың саяси бітіспес қарсыластары болуы әбден заңды. Бірақ Башар Асадты билік басынан кетіру сол елдегі ішкі оппозицияшыл күштерден гөрі Батыстық мемлекеттерге керегірек болған сияқты. АҚШ, Германия, Франция т.б. мемлекет басшылары «Башар Асадты президенттік өкілеттігінен айыру керек» деген мәлімдемені ашықтан-ашық айтып жүр. Осыған орай «Неге?» деген сұрақ туады. Себебі «Башар Асад – авторитарлы мемлекет басшысы, Сирия халқының демократия жолымен дамуына кедергі келтіріп, адам құқығы мен сөз бостандығын шектейді» деген жауап айтылады. Ал Башар Асад биліктен бүгін-ертең кете қалған күннің өзінде, Сириядағы азаматтық соғыс тоқтай ма, елдің өз ішіндегі түрлі топтар мен жамағаттарға бөлінген күштер біріге ме, ДАИШ сияқты террористік ұйымдар жан-жақтан жинаған әскерлерін тарата ма? Қысқасын айтқанда, Сирияда «қой үстіне бозторғай жұмыртқаламаса да», өз тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығын сақтап, дербес мемлекет ретінде төл саясат жүргізіп, ұлттық экономикасын түзеуді қолға ала ма? Әлде Хусейн Саддамсыз қалған Ирак пен Муаммар Каддафисіз қалған Ливияның кебін кие ме? Кезінде осы екі саясаткерді «диктатор басшы» деп айыптап, оларды тақтан тайдыруға күш салған Батыс қазір олардың кезінде Ирак пен Ливияның әлдеқайда өркениетті болғанын айта бастады. Әлбетте, Хусейн мен Каддафиді бекер құлаттық дегенді ресми Вашингтон да, Лондон да, Париж бен Берлин де ешқашан мойындамас. Бірақ бұл елдердегі саясаттанушы, сарапшы, публицист мамандар «диктатор басшыларды» құрту мақсатымен Ирак пен Ливияға әскер кіргізіп, соғыс қимылдарын жүргізудің қателік болғанын жасырмайды. Бұл елдердегі соғыс қимылдары аймақтық экономикалық байланыстарды үзді, нарықтық жүйені қиратты, мемлекеттік жүйені қалыпты өмір сүру дағдысынан айырды, тұрғын халқын босытып, кәрі құрлыққа қарай айдады. Еуропаның есігін қағып, пана сұраған миллиондаған босқындардың ішінен Сирия, Ирак пен Ливиядан шыққандарды іріктеп, оларды кідіріссіз кіргізіп жатқаны да содан. Таяу Шығыс аймағы мен Солтүстік Африкада бейбіт өмірдің көзден бал-бұл ұшуына өзінің тікелей қатысы бар екенін Еуропа іштей мойындайды. Әлеуметтік дағдарыстар мен қаржылық қиындықтарға қарамастан, босқындарды қабылдауға мәжбүр болғаны да содан.«МАТ» ПА, «ПАТ» ПА?
Сонымен, Башар Асад бүгінде халықаралық саясаттағы ең маңызды фигура дедік. Шахмат тақтасындағы «Корольден» еш кем емес. «Корольдің» өз жүрісі аз, оны қорғаған күштер сарқылса, жеке басы түкке жарамайды. Шахмат тақтасында «Корольден» әлдеқайда күші басым, ықпалы зор фигуралар бар екені мәлім. «Корольдің» тағдыры осы фигуралардың қолында. Бірақ өз басы қаншалықты әлсіз болғанымен, «Корольдің» көзі жойылса, шахмат партиясы да аяқталады. Егер Сирия геосаясаттағы шахмат тақтасы болса, сөзсіз, Башар Асад – «Король». Қарсыластары оңай жау емес – АҚШ бастаған Батыстық елдер, Сауд Арабиясы бастаған мұсылман мемлекеттер. Бұған ішкі жауларын – оппозицияшыл күштер мен ДАИШ-ты қосыңыз. Ал «Король» жағында – Ресей мен Иран тұр. Сондай-ақ Ливан мен Ауғанстандағы исламдық құрылымдар қолдау көрсетеді. Жылдарға созылған партия аяқталуға жақын, шынында. Қазіргі ойын барысына көз жүгірткенде, қарсыластары «Король» – Асадты әбден тықсырып, оған «мат» берудің түрлі комбинацияларын ойластырып қойған. Бірақ Ресейдің көмегімен бұл партия «мат» емес, «патпен» аяқталуы мүмкін. Сонда Асад тағы төрт-бес жыл Сирияның билік басында қалады. Бірақ соңғы кезде Ресей жағы қарсыластың қитұрқы комбинцияларынан өзіне тиімді шешім іздей бастағандай. Ресей президенті В.Путин АҚШ президенті Б.Обамамен және басқа Батыстық мемлекет басшыларымен Асадтың тағдырына байланысты астыртын келіссөздер жүргізіп жатыр деседі. Егер Ресей бір-ақ сәтте «Корольді» тастап ойыннан шықса, Асадтың күні қараң. Бірақ мұндай жағдайда, шахмат партиясы қарсыластың пайдасына аяқталады, ал Кремльдің мұндай нәтижеге риза болуы екіталай.СИРИЯҒА КІМ КӨМЕКТЕСЕДІ?
Ақпан айы Сирия дағдарысын шешуге арналған бірнеше маңызды халықаралық жиындарға толы. Айдың басында Женевада Сирия дағдарысын реттеу үшін біраз елдердің өкілдері бас қосқан. Бірақ сириялық оппозициялық күштер келіссөз жүргізуден бас тартты. Олар Ресейдің Сирия аумағын әуеден атқылауын тоқтатуды талап етті. Осы шарт орындалса ғана олар мәмілеге келмек. ІІІ Женева келіссөздері деп аталған шара осылайша басталмай жатып, аяқсыз қалды. Ал Сирияның тағдырына қатысты келесі басқосу ақпан айының соңына ысырылды. Іле-шала Лондонда «Сирияны қолдауға» арналған конферения ашылды. Алпыстан аса мемлекеттің лауазымды өкілдері Сириядан қашқан босқындарға қалай көмек беру жайын кеңесті. Дамыған мемлекеттер Сириядағы азаматтық соғыстан зардап шеккендерге көмек қолын созу керек деп бірін-бірі үгіттеп әлек. «Сириядағы гуманитарлық дағдарысты шешуге жаңа талпыныс жасайтын кез келді», – деді Ұлыбритания премьер-министрі Д.Кэмерон. 12-14 ақпанда Мюнхенде өткен Қауіпсіздік жөніндегі жыл сайынғы конференция да Сирия тақырыбына арналды. 400-ден аса делегат қатысқан жиында АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың арасында өткен келіссөз (жарыссөз деуге де болады) көпшіліктің жіті назарына ілінді. Алты сағатқа созылған келіссөздерден және одан кейінгі бір сағаттық баспасөз мәслихатынан соң Керридің қатты шаршап, қалжығараны байқалса, Лавров түк болмағандай өзін жинақы ұстаған. Баспасөз мәслихатының түнгі сағат бір шамасында аяқталғанын ескерсек, Лавров мырзаның бойындағы қажыр-қайратына таңданудың әбестігі жоқ. Бірақ Ресей Сирия мәселесінде бастамашылдықты өз қолына алса да, бұл елдегі соғыс қимылдарын тоқтатуға ықпал ете алмай отыр. Былтыр желтоқсан айында Ресей президенті В.Путиннің журналистерге берген баспасөз мәслихаты оқырман есінде болар. Сонда Кремль басшысы Сириядағы соғыс қимылдары туралы: «Бұдан артық жаттығуды елестетудің өзі қиын. Сондықтан біз бюджетімізге ешқандай салмақ түсірместен, бұдан әрі неғұрлым ұзақ уақыт бойы жаттығу жасай береміз» дегенін жазғанбыз («Түркістан», 24 желтоқсан, 2015 жыл). «Мысыққа – ойын, тышқанға – өлім» деген осы. Дегенмен, осы конференциядан соң батыстық ақпарат құралдары Сириядағы дағдарысты реттеу жөніндегі халықаралық топ бұл елдегі соғыс қимылдарын бір аптаның ішінде тоқтатуға келісті деген хабар таратты. Бірақ бұл анық келісім емес, тек іс-қимыл жоспары ғана. Оның үстіне, Алеппо мен басқа да соғыс өртіне оранған қалалар мен елді мекендерде еріксіз қамалған бейбіт тұрғындарға гуманитарлық көмек жеткізу қиындап тұр. Соғыстың тұтқынына айналған бейбіт тұрғындар арасын аштық жайлай бастағаны жайлы жантүршігерлік хабарлар жете бастады. Егер АҚШ пен Ресей соғыс қимылдарын тоқтату мен гуманитарлық көмекті жеткізу жолдары жайлы келісімге келе алса, онда Сириядағы дағдарыстың биыл аяқталатынына үміт бар деседі сарапшылар. Бірақ іс басындағы дипломаттар оптимизмнен гөрі пессимизмге көбірек бейім. Джон Керри: «Біз осы жолы қол жеткізген жетістігіміз нақты нәтижелі болады деп үміттенемін» деп қалды. Ал Сергей Лавровтың не ойлағанын түсінен де, сөзінен де түсіну қиын. Ол тек мінберден түсіп бара жатқан Керриге: «Әлі ерте!» деп дауыстады. Соғысқа дейін Сириядағы халық саны кей деректерде 18 миллион, кей деректерде 23 миллион болған делінеді. 2011 жылдан бері Сирияда 250 000 адам қаза болған. 11 миллион адам үйсіз-күйсіз далада қалған. БҰҰ дерегіне қарағанда, босқындардың жартысы – жасы кәмілетке толмаған балалар. Сириядағы адам құқығын бақылау ұйымының (Лондонда) мәліметіне жүгінсек, былтырғы жылдың қазан айына дейін осы соғыстың кесірінен 12 517 бала, 8062 әйел қаза тапқан. БҰҰ Босқындар жөніндегі комиссияның тағы бір дерегіне сәйкес, бес жылдық соғыс кезінде 4,3 миллион сириялық өз жерін тастап, босып кеткен. Сонда бүгінде мемлекет халқының төрттен бірі туған елінен безіп, бас сауғалап кетті деген сөз. Олардың біразы Түркия, Ливан, Йорданияны паналады. Түркияда 2 миллионнан аса (кей деректерде 3 миллионға жуық), ал Йорданияда 1,4 миллион сириялық жүр деседі. Бұл елдер бұдан әрі босқындарды қабылдай алмайтынын айтып, халықаралық қауымдастықтан көмек сұрауда. Еуропада Германияның бір өзі былтыр 184 мыңдай сириялықты ресми тіркеуден өткізіп, босқын мәртебесін берген (Сириялық босқындардың қай мемлекеттерді паналағаны жөнінде кестені қараңыз). Соңғы кездегі Алеппо маңындағы төпелеген оқтан қашқан сириялықтар Түркиямен шекарада ұйлығып қалды. Себебі Түркия Еуропалық Одақтың босқындарды кәрі құрлыққа өткізетін «аралық аймақ» деген айыптан құтылу үшін шекарасын жапты. Есесіне, Анкара өз жеріндегі 2 миллионнан аса сириялық босқынды орналастырып, жаңа өмірге бейімдеу үшін Еуроодақтан 3 миллиард еуро алатын болды. Ал Брюссель бұл босқындардың өз отанына оралмаса да, Түркияда тұрақтап қалғанына мүдделі. Әйтеуір, кәрі құрлық қақпасының алдында қара көбейтпесе болғаны. Oxfam қайырымдылық ұйымы Сириядағы соғысқа белсене араласып отырған Ресей, Сауд Арабиясы, Франция сияқты мемлекеттерді сириялық босқындарға қол ұшын беруде сараңдық танытып отыр деп айыптады. Бұл ұйымның дерегінше, Сириядағы соғыстың кесірінен 4 миллион адам сыртқа кетсе, ел ішінде қалған 7 миллион адам қиын-қыстау күндерді бастан кешіп отыр.СОҒЫСТЫҢ ҚҰРБАНДАРЫ – БАЛАЛАР
Шындықты айтқанда, Женева келіссөздері, Лондон басқосулары, мемлекет басшыларының екеуара-үшеуара кеңестерінің Сириядағы дәл бүгінгі жағдайға қатысы шамалы. Анығын айтқанда, мұның бәрі – сөз, геосаясаттағы қарсыластың қабағын бағу, назарын басқаға аудару, себеп пен салдардың орнын ауыстырып, басқаларды шатастыруға бағытталған саяси сөз таластары қана. Ал шын саясат, яғни, нағыз саясат Сирияның аумағында жүріп жатыр. Соңғы үлгідегі қару-жарақпен сипатталып, бейбіт тұрғындардың қанымен жазылып, қираған елді мекендердің шекарасымен хатталып, ертеңге деген үмітін жоғалтқан халықтың ащы зарымен айтылып жатыр. Өзіңіз байқап көріңіз, Сириядағы соғыстың бар ауыртпашылығы кімнің мойнына түсті? Башар Асадтың ба? Онымен соғысып жатқан оппозицияшыл күштердің бе? Асадты қолдаушы әскердің бе? Жоқ! Сириядағы соғыстың бар тауқыметі – балалардың мойнында. Қолда бар деректерге қарағанда бес жылғы соғыстың құрбандарының кем дегенде 50 пайызы балалар екен. Ата-анасынан айрылған, үйсіз қалған, мектеп партасынан ажыраған, алаңсыз ойын дегеннің не екенін ұмытқан, адамға өмір сүруге қажетті жағдайдан, ас-судан қағылған көгенкөздер. Осы орайда, Еуропаға қарай ағылған қалың нөпірдің ішінде жас жігіттердің, күш-қайраты бойында тұрған ер-азаматтардың көп екені айтылып қалады. Соғысқа оранған өлкеден қашып, мыңдаған шақырымды жаяулап өту үшін де күш керек. Бас сауғалап жаппай босқан халықтың жұртында жас бала, кәрі-құртаң, ақсақ-тоқсақ қалмай, кім қалушы еді? Рас, шекара асқан босқындардың ішінде бала-шағасын жетелеп жүргендер де баршылық. Соғыстан қашып Жерорта теңізінде ажал құшқандардың ішінде жас балалар мен сәбилер көп екенін жасыра алмаймыз. Иә, қай соғыстың да алғашқы әрі анық құрбаны – балалар. Асад кетер. Оппозицияшыл күштер сабасына түсер. Ал соғыс қимылдары тоқтап, шетелдік әскер өз еліне кетіп, бұл мекенде бейбіт тіршілік орнағанша бір буын есейіп үлгерер. Сонда мемлекеттің ертеңгі тұтқасы – бүгінде қирандының ортасында жүрген, оқ пен оттың төпелеуіне еті үйренген, кітап-қалам емес, қару ұстап үйренген жас ұрпақ па? Онда кешегі көне өркениеттің мұрагері, исламдық ғылымның ордасы, ежелгі мәдениеттің ошағы – Шам елінің ертеңі не болмақ? ...Соғыспен етене тіршілік етіп үйренген халықты көргіңіз келсе, Ауғанстанға қараңыз.Гүлбиғаш ОМАР
Ұлыбритания