1331
Азаматтық алудың машақаты
Азаматтық алудың машақаты
Азаматтық – жер бетінде тіршілік еткен әрбір адамның белгілі бір елде өмір сүруіне хақылы екенін және сол елдің заңды азаматы екенін айқындайтын басты құжат. Әйткенмен дүниежүзіндегі әрбір жанды-жансыз заттың, тіптен үй жануарының да тиісті құжаты бар. Заңды құжаты бар әрбір заттың өз хақысы да белгіленген. Сондықтан да кез келген елдің азаматтық құжатын алу – абыройлы міндет. Олай дейтініміз азаматтық құжаты жоқ адамның қоғамдық статусы және әлеуметтік мүмкіндігі төмен. Себебі азаматтық – адамның құқықтары мен міндеттерінің жиынтық ұғымын білдіретін құжат. Тіптен адам қолындағы азаматтығынан айырылып қалуы да мүмкін (әрине, заңда көрсетілген талаптарды бұзған жағдайда). Сондықтан да азаматтық құжаттың қаншалықты киелі һәм маңызды екені түсінікті.
Қазақстан азаматтығын алу туралы заң бойынша кімдер азаматтық ала алады, кімдер ала алмайды деген мәселе емес, біз бұл мақалада шетелден көшіп келген этникалық қазақтардың азаматтық алу мәселесін сөз етпекпіз. Себебі 1991 жылдан бері атажұртқа оралған ағайынның ең басты «бас ауруы» – азаматтық алуы. Бұл процестің машақаты мен кедергілері көп. Әр жылдар әртүрлі жеңілдіктер жасалды. Заң жобалары да ұзақ зерттеліп, түзетулер мен толықтырулар енгізілді. Қоғамда жиі талқылауға түсті. Бірақ қандастардың азаматтық алу мәселесі әлі жеңілдеген жоқ.
Бұған дейін жазылған баспасөз беттеріндегі деректер мен құзырлы орындардың берген мәліметтеріне сүйенсек, азаматтық ала алмай жүрген қандастарымыз әлі де көп. Өткен 2-3 жылғы мәліметтерге көз жүгіртсек, 2017 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Көші-қон комитетінің өкілі Бағлан Қасеновтің айтуынша, 2 мыңдай оралман куәлігінің мерзімі өтіп кеткен.
2018 жылы қарашада Парламент депутаттары қандастардың азаматтық алу мәселесін жеңілдетілген тәртіппен шешу туралы Үкіметке хат жазып, депутаттық сауал жолдаған. Депутаттық сауалда «Азаматтық ала алмай жүрген қандастардың саны 7 мыңға жуық екені» айтылған.
Екі цифрдың да аз көрсеткіш емес екені белгілі. Жеті мың тағдыр, жеті мың мәселе. Алайда 2019 жылы наурыз айында оралман мәртебесінің уақытын ұзарту туралы Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың жариялаған бір жылдық мораторийі – жоғарыда айтылған азаматтығы жоқ қандастардың көбінің азаматтыққа ие болуына оң ықпалын тигізді.
Бұған газеттің қандастарға арналған ATAJURT жобасы аясында өңірлерді аралап, азаматтардың тыныс-тіршілігімен танысу барысында нақты көз жеткізген едік. Елбасының оралман мәртебесін ұзарту туралы бастамасының аясында бір ғана Қарағанды облысында мыңға жуық қандас азаматтық алған.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өткен жылдың 26 тамызда жариялаған мәліметі бойынша, акция шеңберінде елімізде 5 789 этникалық қазақ «оралман мәртебесі» куәлігінің мерзімі ұзартылған. Оның 4 909-ы азаматтық алуға құжаттарын тапсырған.
Егер бұл акция жарияланбаса қаншама қандастардың азаматтық алу мәселесі және азаматтардың әлеуметтік жағдайы қиындай түсері сөзсіз еді. Сондықтан да мұндай жеңілдіктің аса қажет екенін дәлелдеу үшін бұдан басқа қандай мысал келтіруге еді.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев президенттік міндетті қабылдағаннан кейінгі мәлімдемесінде Көші-қон саясатында Елбасының ұстанған бағытын жалғастыратынын жеткізген болатын.
«Қандастарды қағазбастылықтан, бюрократиядан мейлінше арылту үшін Елбасы жариялаған акция әлі де жалғасын табуы қажет», – дейді көші-қон саласының білікті маманы Талғат Мүрсәли.
Азаматтық алуда кездесетін кедергілер
2013 жылы 10 желтоқсан күні бекітілген «Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне еңбек миграциясы мәселелері бойынша түзетулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына сәйкес қандастарға азаматтық Қазақстанға көшіп келген соң 4 жылдан кейін беріледі деп көрсетілген. Бұл заң қандастар мен олардың құқығын қорғаушылардың наразылығын тудырып, қоғамда қызу талқылауға ұласты. 2018 жылы заңға қайтадан өзгерістер енгізіліп, шетелден келген этникалық қазақтар 1 жылдың ішінде азаматтық алатын болған. Бірақ сол уақытқа дейін жарамдылық мерзімі шектеусіз түрде беріліп келген «оралман» мәртебесі 1 жылға ғана жарамды болып бекітілді. Азаматтық алуға басты кедергілердің бірі – «оралман мәртебесінің» мерзімді уақытының қысқалығында емес, азаматтық алуға тиісті құжаттарды жинаудың машақатында. Тарихи Отанына оралған әр қазаққа 5 күн ішінде «оралман куәлігі» беріледі. Тұрақты тіркеуге отырып, ықтиярхат алады. Ары қарай жергілікті Ішкі істер мекемелеріне тиісті құжаттарын толық өткізсе, жеңілдетілген тәртіппен 3 ай ішінде, ары кетсе бір жылда азаматтығын алады. Бірақ бұл жұмсақтап айтқанда сөз жүзінде. Ал іс жүзінде қандастар көптеген өткелден өтетіні белгілі. Енді тиісті құжаттардың тізіміне жеке-жеке тоқталып өтсек.Оралман куәлігінің жыры
Шетелден көшіп келген қандас үшін оралман куәлігін алу қиындық тудырмайды. Ары кетсе бір аптада дайын (5 жұмыс күн) болады. 1 жылға ғана берілетін оралман куәлігінің жарамды мерзімі өтіп кеткен қандастар көп. Ал оралман куәлігінің уақыты өтіп кеткен соң азаматтыққа тапсыру мүмкіндігінен айырылады. Тек заңда көрсетілген шарт бойынша азаматтыққа тапсыруға болады. Мысалы, азамат сол елдің азаматтығынан шыққаны туралы анықтама әкелуі қажет. Ал бір жылға ғана жарамды оралман куәлігі қайта ұзартылмайды. Тек бұрынғы өзі тұрған елінен азаматтықтан шыққаны туралы анықтама әкеліп қана Қазақстан азаматтығын алуға құжат өткізе алады. Ал бұған қарама-қайшы келетін және бір мәселе бар. Мысалы, Қытай елі ондай анықтаманы бере салмайды. Олардың да өз талабы бар. Егер Қытайдың азаматтығынан шыққыңыз келсе, басқа елдің азаматы болғаныңызды анықтайтын анықтаманы Қытай тарапына тапсыруы керек. Сонда ғана олар «азаматтықтан шықты» деген анықтама береді. Оның өзін екі жылдан кейін ғана ала алады. Осындай екі елдің бір-біріне қарама-қайшы заңдардың зардабы қандастарға тиіп келеді. Қолданыстағы жаңа заң жобасына сәйкес, «Қазақстанда оралман мәртебесін алған этникалық қазақтарға жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алу үшін қолайлы жағдай жасалды. Бұл мәртебе бір жылға жарамды. Мәртебені ұзарту оралман мәртебесі тоқтатылған күннен бастап үш айдан аспайтын мерзімге өтініш берген кезде жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алу үшін ғана көзделеді», – дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ахмади Сарбасов.Азаматтық алу үшін талап етілетін құжаттар
Азаматтық алу үшін жиналатын құжаттардың тізімін және оның жүзеге асу барысын егжей-тегжейлі жіктеу ұзақ процесті қажет етеді. Себебі жинайтын құжаттардың тізімі көп. Сонымен қатар заң біреу болғанымен әр өңірдің істі жүзеге асыру тәсілдері әртүрлі. Көші-қон саласында қандастардың құжаттандыру мәселесімен айналысып жүрген «Атажұрт» босқындар мен қандастарды қолдау қоғамдық қорының төрағасы, заңгер Талғат Мүрсәлидің айтуына қарағанда, мұндай әртүрлілікті қөші-қон заңының әлі де жетілдірілмеуінен дейді. Сонымен азаматтық алу үшін талап етілетін құжаттар: сотталмағаны туралы анықтама, ұлты қазақ екенін растайтын анықтама, сол елдің азаматтығынан шығу туралы анықтама (шығу парағы) және елшіліктің келісімі. (Өзбекстан қазақтарының «шығу парағын» алуы біраз шырғалаңға салады. Бұл өзі бір үлкен тақырып). Осы төрт басты анықтаманың әр қайсысының құны – $10. Ал жылдам алу керек болса – $20. (Астанадан алыс өңірден келетін қандастар кей анықтамаларды $20-ға алуға мәжбүр болатын кездері де жиі ұшырасады). Елшіліктің барлық қызметі ақылы (доллар арқылы) жүзеге асады. Әр анықтама 5 жұмыс күнінде дайын болады. Енді бұл алынған құжаттарды Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет департаментінен легализациядан өткізеді. Бұл қызметтің құны әрқайсы 10 мың теңге, 3 анықтама 30 мың теңгені құрайды. Бұл басты анықтамалардан бөлек тағы да 20-ға жуық құжаттың тізімі бар. Бұрынғы заң бойынша азаматтыққа тапсыратын қандастар форма 086 медициналық анықтама өткізетін. Қазір ол талап алынып тасталды. Алайда Денсаулық сақтау министрінің 2011 жылғы 30 қыркүйектегі №664 бұйрығымен бекітілген шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан аумағына келуіне тыйым салатын аурулардың тізбесі: нашақорлық; психикалық бұзылу (ауру); туберкулез; лепра (гансен ауруы); жыныс жолдарымен берілетін инфекциялар (ЖЖБИ) – мерез, мерез лимфогранулемасы (донованоз), шанкроид; жіті инфекциялық аурулар (жіті респираторлық вирустық инфекциясы (тыныс органдарының жіті вирустық инфекциясынан) және гриптен басқа) қатарлы 6 түрлі анықтамадан өтпеген адамға азаматтық берілмейтіні туралы арнайы бұйрық шыққан. Қандастар азаматтық алу үшін бұл бұйрықта көрсетілген 6 түрлі анықтаманы жинайды. Бұл анықтамалардың барлығы ақылы. Жиыны 27 мың теңгені құрайды. Сонымен бірге 6 түрлі анықтама 1 емханадан берілмейді. Әрқайсысы қаланың әртүрлі жеріне орналасқан болуы мүмкін және ұзын-сонар кезек күтуді елестетіп көріңіз. Сонымен осынша құжаттың бәрін сергелдеңге түсіп жүріп жинаған қандастар тағы бір кедергіге тап болады. Ол – тұрақты тіркеу мәселесі. Көші-қон заңында уақытша тіркеуге тұру, бейімделу, ықпалдастыру деген тармақтары бар. Бірақ бұл заңда толыққанды жүзеге асып жатқан жоқ. Кейбір өңірлерде мұндай бір жылға берілетін әлеуметтік жатақханалар бар. Алайда бұл еліміздің барлық өңірінде қарастырылмаған. Осы кезде алақанын ысқылап делдалдар шығады. Тұрақты тіркеуге тұрғызу үшін ең кемі 90 мың теңге талап етеді. Бұл бір адамға ғана. Көпбалалы отбасылар үшін үлкен шығын. Ал бұл қаржылардан мемлекетке бір тиын түспейді. Тек делдалдардың қалтасы қампаяды. Шетел паспорты азаматтық алғанға дейін 6 рет аудартады екен. Әр аударма 3 500 теңге. Әрқайсысы нотариуспен заңдастырылады. Қысқасы, азаматтыққа тапсыру үшін әр қандас орташа есеппен 90 мың теңге жұмсайды екен. (Тұрақты тіркеуді қоспағанда). Тұрақты тіркеуге тұрып, төрт анықтаманы әкелген соң, екі ай ішінде ықтиярхат шығады. Одан кейін тағы да 3-4 құжаттың тізімі беріледі. Ол құжаттарды жинап, фотоға түсіп, азаматтыққа тапсырады. Өткізілген құжаттар дұрыс болса азаматтық алты ай ішінде шығады. өйткені 6 ай бойы тиісті мекемелердің тексеруінен өтеді.Сотталмағаны туралы анықтама
Сотталмағаны туралы анықтама болмаса ықтиярхат берілмейді. Ықтиярхат – әлемдік тәжірибеде бар құжат. Этникалық қазақтар Қазақстан азаматтығын алу үшін әуелі «оралман мәртебесін» иеленіп, сосын ықтиярхат алады. Ықтиярхат алу үшін сотталмағаны туралы анықтама тапсыруға міндеттелген. Көші-қон заңы 49 баптың 9 тармақшасындағы сотталмағаны туралы анықтама Қытайдан келетін қазақтардан сұралмайды. Себебі Қытай елі қылмысты болған, сотталған адамды шетелге шығармайды, паспорт бермейді. ол Қытай заңымен шегелеген. Бұл саясат көптеген қандастар мен мамандардың наразылығын тудырып, көші-қон процесіне кедергі екені айтылған соң, Көші-қон қызметі мұндай анықтама алу шартын (әсіресе Қытайдан келетіндерге) тиісті министрліктен емес, қоныс аударушының тұрып жатқан мекеніндегі полиция бөлімшесінен де алса болады деп оңайлатқан.Ұлты – қазақ
Азаматтық алу үшін қойылатын талаптардың бірі – ұлтының қазақ болуы. Азаматтыққа өтініш тапсырған кез келген азаматтың ұлтының қазақ болуы шарт. Себебі Азаматтық туралы заңның 3-бабында былай делінген: «Қазақстан Республикасы жаппай қуғын-сүргін, күштеп ұжымдастыру кезеңдерінде, адамгершілікке жат өзге де саяси шаралар салдарынан Республика (Қазақстан) территориясынан кетуге мәжбүр болған адамдар мен олардың ұрпақтарының өз территориясына қайтып оралуы үшін, сондай-ақ басқа мемлекеттер территориясында тұратын қазақтар үшін жағдай жасайды». Сондықтан ол заңды анықтама арқылы дәлелденеді. Көшіп келген елінің құзырлы орындарына жүгінеді. Бұл анықтама, әсіресе еуропадан көшіп келетін қандастарға үлкен кедергі. Бұл туралы газетіміздің №6 санында (13.02.20) «Түркиядан келген қандастар қазақ екенін неге дәлелдей алмай жүр?» деген тақырыпта мақала жарияланды. Түркия елінен көшіп келетін қандастар ұлты қазақ екенін дәлелдейтін анықтаманы бұрын Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығынан алып келген. Енді елдегі Көші-қон заңы бойынша бұл анықтама қабылданбай отыр. Яғни, кедергі Түркия тарапынан емес, еліміздің шығарған Көші-қон заңындағы талап кедергі болуында. Екінші, Иран Ислам Республикасынан көшіп келетін қандастардың ұлты қазақ екенін анықтайын құжатты алуы қиын. Себебі Иран елінде азаматтардың құжатында ұлты жазылмайды. Сондықтан Иран еліннен көшіп келген қандастар ұлтының қазақ екенін дәлелдей алмай көп әуре-сарсаңға түседі. Қазақстан Көші-қон қызметі ұлты қазақ екенін дәлелдейтін құжатты елшілік арқылы алуды талап етеді. Ал Иран елінің Консулы ондай құжат бермейді. Иран қазақтары ол анықтаманы алу үшін жергілікті мешітке жүгінеді. Мешіт имамы «мына азаматтың ұлты қазақ» деген бір жапырақ қағаз жазып береді (парсы тілінде). Ал Қазақстан зайырлы мемлекет, Иран аты айтып тұрғандай діни мемлекет. Осындай қарама-қайшылықтар Иран қазақтарының құжаттануына зор кедергі келтіріп отыр. Осы ретте Қытай, Ресей, Моңғолия қазақтары үшін бұл анықтаманы алуға көп кедергі жоқ.Азаматтықты тез алудың бір жолы
2014 жылы Қазақстан Үкіметі сол жылдың 20 наурызында «Оралмандар қоныстандырылатын өңірлерді анықтау» туралы қабылдаған № 248 қаулысында Нұр-Сұлтан мен Алматыдан басқа 14 облысты ата-ған. 2019 жылы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің бұйрығымен қандастарды қоныстандыруға 5 облыс белгіленді, олар: Ақмола, Павлодар, Қостанай және Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстары. Жоғарыда көптеген қандастардың азаматтық және жәрдемақы ала алмай сарсаңға түсуінің тағы бір сыры – «Оралмандар қоныстандырылатын өңірлерді анықтау» туралы қаулы жайлы ақпараттың жеткіліксіздігі. Шетелден көшіп келген қандастар ең бірінші осы аталған өңірлерге барса, азаматтықты тез арада алуға мүмкіндік мол.Шетелдік этникалық репатрианттардың азаматтық алу моделі
Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғыстардың алапат зардабымен бірге басқа да тарихи оқиғаларға байланысты әлемнің әр тарабында жүрген диаспоралар тарихи Отанына көшуіне мүмкіндік бар. Бұл көші-қон саясаты Германия, Израиль, Ресей және Қазақстан қатарлы елдерде жүргізілуде. Қазақстан көші-қон саясаты әлемдік тәжірибелерді де қалыс қалдырған жоқ. Германия – этникалық репатриант саясатының моделінде 100 мың адамға дейін азаматтарды қабылдауға арналған квота бар. Бұл ретте Германияға кіру үшін этникалық немістерге тілді және неміс мәдениеті мен дәстүрін білуіне жоғары талаптар қойылады. Этникалық немістер ГФР-ге келген кезде арнаулы жеті қабылдау лагерлерінің біріне тіркеледі және белгілі бір жердің аумағында (әкімшілік) тұруға жолдама алады. Репатриант мәртебесін (біздің «оралман мәртебесіне» ұқсас) алғаннан кейін «қандас» немістер автоматты түрде Германия азаматтығын алады. Әлеуметтік қолдауға келетін болсақ, неміс тілін оқыту курсы төленеді және зейнетақыны есептеу кезінде шыққан еліндегі еңбек өтілі есепке алынады. Ресей Федерациясы – көші-қон саясатында шетелде тұратын отандастардың ерікті түрде қоныс аударуына жеңілдік көзделген. Шетелден көшіп барған этникалық орыстар белгілі аумаққа тіркелген соң және азаматтық алғанға дейін мектепке дейінгі тәрбиелеу, жалпы және кәсіптік білім беру, әлеуметтік қызмет көрсету, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту мемлекеттік және муниципалдық мекемелері қызметтерін қамтитын өтемақы пакетін беру арқылы жәрдемдеседі. Израиль – этникалық немесе діни топқа тиесілі екенін дәлелдеген еврейлерге бастапқы орналасуға, күнделікті шығыстарға, пәтер жалдауға және иврит тілін үйренуге қаржылай көмек көрсетеді. Бұл ретте көшіп келушілер шекарадан өтісімен бірден азаматтық алады. P.S. Қазақстан – дүниежүзіндегі әр қазақтың тарихи Отаны. Заңда көрсетілгендей әр этникалық қазаққа азаматтық беріледі. Жеңілдетілген жолдары да жыл сайын жетіліп келеді. Алайда басы артық құжаттар мен кедергілер қазақ көшіне әлі де салқынын тигізіп отырғаны жасырын емес.