Кейбір жастар «менсінбейтін» мамандық

Кейбір жастар «менсінбейтін» мамандық

Кейбір жастар «менсінбейтін» мамандық
ашық дереккөзі
  Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылдың 30 қарашасында жариялаған Жолдауында 2017 жылдан бастап «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасының қолға алынатындығын айтқан болатын. Яғни, мемлекет әрбір қазақстандық азаматтың алғашқы техникалық білімді тегін алуын қамтамасыз етеді. Өйткені кәсіптік-техникалық білім беру – уақыт талабы. «Жұмысшы мамандығын меңгеріңдер»   Ел өркендеуіне үлес қосу – әрбір азаматтың борышы десек, ерінбей еңбек ету де әрқайсымыз үшін маңызды. Бірақ қырда қой баққан қазақтың бүгінгі кей ұрпағы жалқаулыққа жиі бой алдырып жүр. Бүгінгі жаһандану дәуірі мұндайды көтермейтінін естен шығармаған абзал. Оның үстіне, көрші елдер күн санап өркендеудің жаңа сатысына көтеріліп жатқанда, бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына енуді мақсат еткен Қазақстан үшін жан-жағына жалтақтауға да уақыт жоқ. Жаңа техниканың тілін соңынан емес, бірінші меңгеріп, өзгелерге тамсанып емес, таңдай қақтырып жұмыс істеуге міндеттіміз. Бұл – жаһандану дәуіріндегі мемлекеттер үшін бас­ты талаптардың бірі. Елімізде индустрияландыру бағытына сәйкес, кәсіптік-техникалық мамандарды даярлауға соңғы жылдары ерекше ден қойылды. Бұл жүйені жаңғырту ісі осыдан бірнеше жыл бұрын Президент тапсырмасы бойынша қолға алынған болатын. Елбасы тапсырмасына орай, Қазақстанда кадрларды қайта даярлайтын 4 өңіраралық орталық құру қолға алынды. Атырауда мұнай-газ саласы, Екібастұзда отын-энергетика, Шымкентте өңдеуші өнеркәсіп саласы үшін маман дайындайтын орталықтар бой көтере бастады. Сондай-ақ, Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе шаһарларында кәсіптік-техникалық білім берудің халықаралық стандарттарын меңгерген әлемдік деңгейдегі 4 колледж салу да жоспарға енгізілген. Жалпы, кәсіптік-техникалық білім – кәсіптік-техникалық оқу орындарында және өндірісте оқыту жолымен шаруашылық салалары үшін білікті жұмысшы кадрлар даярлау жүйесі, белгілі бір жұмысшы­лық кәсіп, мамандық бойынша жұмысты біліктілікпен орындауға мүмкіндік беретін жүйеленген білімнің, ісмерлік білік пен машық-дағдылардың жиынтығы. Мемлекет басшысы өзінің халыққа арнаған Жолдауында келер жылдан бастап елдегі барлық кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін ақысыз қылу туралы пәрмен берді. Елбасы айтқандай, жобаға сәйкес мемлекет әрбір адамға жеке мамандық беруді қолға алатын болады. «Мектепті бітірген жас азамат бірінші мамандығын тегін алатын болады. Біз осыдан бастайтын боламыз. Үкімет осыған кірісуі керек. Қазақстанның жас азаматтары білімді, еңбекқор, бастамашыл болуы тиіс. Жұмыс пен сұраныс бар өңірге батыл барыңдар. Шеберліктің шыңына жете білсеңдер, мамандықтың бәрі жақсы. Қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады. Тұрмысы жақсы, абыройы асқақ болады. Біз жүзеге асырып жатқан түбегейлі реформалар мен атқарып жатқан қыруар істердің бәрі сендер үшін, болашақ үшін жасалуда», – деген болатын Нұрсұлтан Назарбаев. Жолдауда хабарланғандай, 2017 жылдан бастап талапкерлер техникалық мамандықтар бойынша мемлекеттік және жекеменшік арнайы орта оқу орындарында тегін білім ала алады. Мұндағы мақсат – теория мен тәжірибені ұштастырып, кәсіби білікті маман дайындау. Сонымен қатар, тегін кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі мектеп бітіргеннен кейін оқуға түсе алмай қалғандардың бір мамандықты игеріп шығуына мүмкіндік бермек. Мамандардың пікірінше, тегін кәсіптік-техникалық білім беруді енгізу жоғары оқу орындарына тәжірибелі, өзінің болашақ мамандығынан хабары бар талапкерлерді қабылдауға көмектеседі. Тағы бір айта кетерлігі, техникалық және кәсіптік білім беру қоғамда орта таптың үлесін арттыруға жол ашады. Кез келген елдегі экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықтың кепілі орта тап екендігі белгілі. Техникалық және кәсіптік білімді дамыту өнеркәсіппен қатар, аграрлық, медицина, құрылыс, қызмет көрсету секторларының өрге басуына ықпал етеді. Қазақстанда кәсіптік және техникалық маман иелеріне деген сұраныс еліміз егемендікке қол жеткізгеннен кейін қайта көбейді. Осы кезеңде елдегі кішігірім өндіріс орындары қайта ашылып, бәсекеге қабілетті орта буын мамандарының еңбегі елене бастады. Алайда кейінгі жылдары кәсіптік және техникалық мамандықтарға бет бұратын жастар қатары санаулы ғана. Бүгінгі жастардың басым бөлігі алманың піскенін, ауызға түскенін ғана ойлайды. Ал сол алманы өсірудің артында қаншама еңбек тұрғанын шамаламайды. Тіпті, кейбірі мұндай шаруаларды «қара жұмысқа» балап, тек таза кеңседе отыруды көздейді. Бірақ елімізге қазір сол жастар «менсіне бермейтін» мамандық иелері аса қажет болып тұр. Мемлекет басшысының еліміздің жастарын жұмысшы мамандығын игеруге шақыруының басты себебі де сонда. «Мен жастарымызды жұмысшы мамандығын белсенді меңгеруге шақырамын. Кезінде мен де жұмысшы киімін киюден бастадым, домна пеші от-жалынының жанында тұрдым. Үлгі алыңдар! Жылдар өтеді, бірақ, осы өмірлік тәжірибелерің, сендер қандай өмір жолын таңдап алсаңдар да міндетті түрде кәделеріңе жарайды. Біздің айналамыздағы нәрсенің бәрі жұмысшылардың қолымен жасалған. Осыны ешқашан естен шығармаңдар. Мысалы, тамақ жейтін қолдарыңдағы қасық пен шанышқыны жұмысшылар жасаған. Ол үшін металды балқытты. Сендер тұратын үйді, көлікпен жүретін жолды салған жұмысшылар. Дастархандағы жейтін нанды пісіруге ауылдағы жұмысшылар дайындайды. Сендерді тамақтандыратын асханадағы аспаз да жұмысшы мамандығына жатады. Айналамыздағының бәрі жұмысшылардың алтын қолымен жасалған. Сондықтан мен еңбек адамына арнайы орден тағайындадым. Өйткені біз еңбек адамының даңқын арттыруымыз керек», – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында.   Колледж көп, мамандар жоқ   2017 жылдан бастап елімізде қолға алынатын тегін кәсіптік-техникалық білім берудің жауапкершілігі тағы да колледждерге жүктеліп отыр. Тағы дейтініміз де бекер емес. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында да өндіріс талаптарына сай мамандар даярлау тапсырмасы орта кәсіптік оқу орындарының еншісіне тиген болатын. Ал елімізде қазір жұмыс істеп жатқан колледждер үдеден шыға ала ма? Орта білім ордалары Елбасының тапсырмасын орындап, білікті мамандар даярлауға қабілетті ме? Әлбетте, тегін кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін еске алғанда, ең алдымен, осы сауалдармен бетпе-бет келеміз. Жалпы, әлемде колледждердің үш түрі бар екен: жоғары білім беретін, жоғары және орта арнаулы оқу орнының аралығындағы және орта білім беретін колледж. Ал Қазақстандағы орта кәсіптік-техникалық колледждер 1991 жылдан бастап «Колледж-университет» кешені, яғни колледжден кейін сәйкес мамандық бойынша университеттің үшінші курсына қабылдау жүйесі бойынша жұмыс жасай бастады. ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің 2014-2015 оқу жылына арналған зерттеуі бойынша, Қазақстанда 768 колледж жұмыс істейді. Алматы қаласында 78 колледж болса, елордада 31 колледж жастарға білім беруде. Колледждер ең көп шоғырланған өңір – Оңтүстік Қазақстан облысы. Оңтүстік Қазақстанда өткен оқу жылында 91 колледж тіркелген. Мәселен, Оңтүстікте 2012-2013 оқу жылының басында 65 колледж есепке алынса, бір жылдан соң оқу орындарының саны бірден 92-ге жетіпті. Бұл өңірдегі колледж студенттерінің саны 2012-2013 жылдары 62520 адамды құрады. Ал сол жылы республика бойынша колледж студенттерінің саны 520 371-ге жеткен. Республиканың Солтүстік Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстары колледждер саны бойынша ең соңғы орында. Яғни, Солтүстік Қазақстанда 25, Маңғыстауда 24, Атырау облысында 26 колледж жұмыс істейді. Ал Қазақстаннан халқы 2 есе көп (35 млн.-нан астам) Канадада бар-жоғы 175 мемлекеттік және жекеменшік колледждер қызмет етеді. Жалпы, Канадада колледждер мен техникалық институттар өте танымал. Мұндай оқу орындары еңбек нарығына қажетті мамандарды дайындайды. Канадалық колледж түлектері университет бітірушілерден ешбір кем емес. Себебі олардың бакалаврлық бағдарламасы жоғары оқу орындарындағы бағдарламаға сай. Колледждердегі оқу бағдарламасы экономиканың түрлі секторларымен байланыса отырып жасалып, нарықтың барлық сұранысын қанағаттандыруды көздейді. Барлық оқу бағдарламаларының нақты тәжірибелік және кәсіптік бағыты бар. Оқу орындарының басым бөлігі өндіріс орындарымен тікелей қарым-қатынас орнатады, сол арқылы колледж түлектері студент кезінен жұмыс тәжірибесін жинақтайды. Ресми деректерге жүгінсек, дүние жүзінде жоғары оқу орнының әрбір түлегіне колледждің екі түлегінен келеді екен. Ал 2-3 жыл бұрынғы статистика бойынша, Қазақстанда мектеп бітірушілердің тек 7-8 пайызы ғана колледждерге, 20-21 пайызы бастапқы кәсіптік-техникалық оқу орындарына, қалған 70 пайызы жоғары оқу орындарына түсетін көрінеді. «Еліміздегі колледждердің жартысы – мемлекеттік, жартысы – жекеменшік. Демек, біздің студенттердің жартысы мемлекеттік тапсырыс есебінен білім алуда. Бірақ жыл сайын 10 мыңға жуық қыз-жігіттер не жоғары оқу орындарына, не колледждерге түсе алмай қалатын. Өйткені олардың колледждегі оқу ақысын төлеуге мүмкіндігі болмайды. Сөйтіп еңбек нарығына ешқандай мамандықсыз араласуға мәжбүр болады», – дейді Аслан Сәрінжіпов. Елбасы мұндай тапсырманы дер кезінде бергендігін айтқан министр 2017 жылдан бастап Қазақстанда тегін кәсіптік-техникалық білім беруді енгізу колледждерге мемлекеттік тапсырысты кеңейту және олардың материалдық-техникалық базасын нығайту есебінен жүргізілетіндігін хабарлады. Білім және ғылым министрлігі хабарлағандай, тегін кәсіптік-техникалық білім беру еліміздегі колледждер арқылы жүзеге аспақ. Осы орайда, қоғамның санасына сіңіп, жадына жатталып қалған бір түсінікті айтпай кетуге болмас. «Колледжде алған білім түкке де жарамсыз». Мұндай пікірдің әрбір қазақстандықтың ойында бары рас. Жұртшылықтың олай ойламасқа шарасы да жоқ. Қазір колледждің дипломымен жұмысқа қабылдайтын мекемелер некен-саяқ. Тіпті, жоқ десек те қателесе қоймаспыз. Осыдан кейін колледждерге жоғары оқу орнына түсе алмаған немесе университетте оқуға мүмкіндігі жоқ жандар болмаса, мұнда білім алуға құлшыныс білдіретін, шын талпынатындардың қатары сирек. Оның үстіне, көпшілік колледждердегі білім деңгейіне де күмәнмен қарайды. Айта кетейік, 2013 жылғы Тамыз кеңесінде сол кездегі Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов кәсіптік-техникалық оқу орындарының білім беру деңгейі мектептен де төмен екендігін жария қылған болатын. Ал халық қалаулылары өткен жылы еліміздегі ақылы негізде оқытатын медициналық колледждерді тәмамдаған жастардың білім сапасы, біліктілігі төмен екендігін тілге тиек етті. Тіпті, мұндай орта білім беру орындарын жабу туралы ұсыныстар да қылаң берді. Қазір Қазақстандағы 64 медициналық колледждің 60 пайызы жекеменшіктің қолында. Ал Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі жекеменшік колледждердің лицензиялау кезінде қайта қарастырылатындығын айтады. Білім беру бағдарламалары талапқа сай колледждер медицина мамандарын дайындауды жалғастырса, стандарттарға сай келмейтіндерінің жұмысы тоқтатылатын болады. Жекеменшік оқу орындарының медицина мамандарын дайындаудағы кемшілігі аз емес. Ал сапалы білім алмаған шәкірттен білікті маман шықпайтыны айтпаса да түсінікті. Мүмкін, елімізге жыл сайын мыңдаған маманның шетелден шақырылуы осы білім дәрежесінің төмендігінен, Қазақстанда дайындалған мамандардың біліксіздігінен болар?!   Сұраныс пен ұсыныс   Елімізде жұмысшы мамандығын меңгеріп жатқандардың жалпы саны – 97 мың. Олардың 93 мыңы тегін білім алады. Қазіргі уақытта Премьер-министрдің орынбасары Дариға Назарбаеваның басқаруымен арнайы жұмыс тобы құрылған. Бұл топтың құрамында колледж оқытушылары, мемлекеттік органдар, жұмыс берушілер, жергілікті билік өкілдері бар. Олар үстіміздегі жылдың сәуір айына дейін тегін кәсіптік-техникалық білім беру жөніндегі жоспарды жасақтап бітіруі тиіс. Әзірге «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасының жүзеге асуына біршама уақыт бар. Оған дейін орта арнаулы оқу орындарындағы мәселелердің шешімін табу керек. Мамандардың айтуынша, елімізде қандай мамандарға сұраныс жоғары, әр салаға қанша маман қажеттігін ешкім де білмейді. Сұранысы жоғары мамандық иелерінің аз болуы, керісінше, маманы көп салада жұмыс орнының жоқтығының жиі байқалатыны сондықтан. Мұның соңы еліміздегі жұмыссыздар қатарының артуына әкеліп соқтырады. Мәселен, қазіргі таңда Қазақстанға геолог мамандары, тау-кен инженері, автоматтандыру және басқару саласының мамандары, қауіпсіздік техникасы инженерлері, электрслесарлар, мұнайшы-операторлар жетіспейді. Ал мұндай орта буын маман дайындауда кәсіптік-техникалық бағдар беретін колледждерге артылар міндет үлкен. Мамандардың сөзіне сенсек, келешекте кәсіптік білімнің тегін берілуі өндіріске маманданушы жастардың қатарын ұлғайтары анық. Әсіресе құрылысшылар мен дәнекерлеушілер, электриктер мен темір жонушылар аса қажет. Демек білікті маман болса, жұмыс жеткілікті. Алайда бізде мұндай мамандықтарды игеруге талпынатындар аз. Есесіне, екінің бірінің қолында заңгер мен экономистің дипломы. Елімізде индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының қабылданғанына да біраз уақыт болды. Бұл бағдарламаны сәтті жүзеге асыру үшін 33 мың білікті техникалық кәсіби мамандар қажет. «Индустрияландыру бағдарламасы арқылы бірнеше жаңа өнеркәсіптер ашылады. Солар үшін біз кадрларды дайындауымыз керек. Бізде жыл сайын 2 мыңнан астам ғылыми жоба әзірленеді. Зерттеу жобаларының нәтижелерін біз өндіріске тартуымыз керек. Сондай-ақ, Жолдау барысында Мемлекет басшысы әлемдік дағдарысқа қарамастан, Үкіметке, әкімдерге «Нұрлы жол», «100 нақты қадам», «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы» сияқты ауқымды бағдарламаларды жүзеге асыруды тапсырды. Бұларды іске асыру үшін бізге білікті мамандар керек. Ал бірінші кәсіптік-техникалық мамандық жастарға тегін берілетін болса, бұл мәселе оң шешіледі. Біріншіден, мұндай шара әлеуметтік және экономикалық мәселелерді тезірек шешуге ықпал етеді. Яғни, отандық жаңа өндіріс орындарын бәсекеге қабілетті мамандармен қамтамасыз етеміз», – дейді Аслан Сәрінжіпов. Мектеп түлектерінің бірінші мамандықтарын тегін алуы қарапайым жастар үшін де, олардың ата-аналары үшін де үлкен қуаныш. Өйткені техникалық және кәсіптік білім беретін мекемелерде қарапайым халықтың ұл-қыздары оқиды. Мұндай кәсіпті оқитын да, сол кәсібімен нәпақасын табатын да орта және төменгі таптың балалары. Ал ендігі тегін кәсіптік-техникалық білім беру қарапайым жұртшылық үшін мемлекеттің жасаған үлкен қолдауы болмақ. ҚР Ұлттық Экономика министрлігінің Статистика комитеті ұсынған 2014-2015 оқу жылының басында елімізде тіркелген колледждер саны  
Аймақтар Колледж саны
1 Оңтүстік Қазақстан облысы 91
2 Алматы қаласы 78
3 Шығыс Қазақстан облысы 73
4 Қарағанды облысы 70
5 Алматы облысы 65
6 Павлодар облысы 50
7 Жамбыл облысы 49
8 Қостанай облысы 42
9 Ақтөбе облысы 39
10 Батыс Қазақстан облысы 37
11 Ақмола облысы 36
12 Қызылорда облысы 32
13 Астана қаласы 31
14 Атырау облысы 26
15 Солтүстік Қазақстан облысы 25
16 Маңғыстау облысы 24
17 Қазақстан Республикасы 768