Нұрбесіктегі қандастар 12 жыл тұрған үйлерін заңдастыра алмай жүр (видео)

Нұрбесіктегі қандастар 12 жыл тұрған үйлерін заңдастыра алмай жүр (видео)

Нұрбесіктегі қандастар 12 жыл тұрған үйлерін заңдастыра алмай жүр (видео)
ашық дереккөзі
700
Нұр-Сұлтан қаласы, Көктал 1 шағынауданы шетінде бейресми атауы Нұрбесік деп аталатын ауыл бар. Бейресми деп отырған себебіміз бұл елді мекеннің бой көтере бастағанына 12 жылдан асса да, әлі күнге дейін ресми құжаты жоқ. Сол сияқты инфрақұрылым да (жол, су, тоқ) тартылмаған. Мұнда атамекенге көшіп келген қандастар тұрады. Тұрғындар қатарында елге танымал ғалымдар, журналистер, мұғалімдер және тағы да басқа зиялы азаматтар бар. Жуықта Нұрбесік тұрғындары редакциямызға хабарласып, АTAJURT жобасы аясында баспаналарының құжаттарын заңдастырып беруге қолдау көрсетуімізді сұраған. Біздің журналист пен оператор барған кезде тұрғындар ауыл шетіне жиналып, құжаттарын қалай заңдастырып алудың жолдарын тағы да талқылап жатыр екен. Ауыл сыртынан қарағанда жып-жинақы. Біркелкі салынған екі қабатты үйлер көз тартады. Ауылдың құрылыс жобасын оралмандардың «Асар» қоғамдық бірлестігі арнайы мамандармен бірге даярлап, бекіттірген. Үйлер бір-біріне жақын орналасқан. Еліміздің басқа ауылдарында 10 сотық жерге бір үй салынатын болса, мұнда 4 үй немесе 2 үй қоныстанған. Қазір мұнда 270-тей жеке үй бар. Барлығы тұрғындардың өз қаражатымен ұзақ жыл бойы салынған екен. Үйлерін салып болған ағайындар қолдарында ешбір құжаты болмағандықтан, бұл істі бір жағына шығарып берер деген үмітпен Нұр-Сұлтан қалалық Сарыарқа аудандық сотына жүгініпті. Өкінішке қарай, сот тұрғындардың арыз-талаптарын негізсіз деп тапқан. Тұрғындар АTAJURT-ты қандастарға арналған пәрменді жоба деп қабылдап, бізге бастарындағы мәселелерін айтып берді. Нұрбесік тұрғындарының басты талабы – өз күштерімен салып алған үйлерін әкімшіліктің талаптарына сай, өз аттарына құжаттандыру мәселесі. Бұл жағдайға байланысты сәл шегініс жасасақ. 2009 жылдан бастап Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен қандастарға арналған «Нұрлы көш» бағдарламасы қолға алынды. Бағдарламаны іске асыруға 2009-2011 жылдарға 197 795,6 миллион теңге қарастырылды. Бағдарлама 2010 жылдан бастап жүзеге асырыла бастады.  Мемлекеттік «Нұрлы көш» бағдарламасына сәйкес қандастарды баспаналы ету мақсатында Астана қаласы әкімдігі тарапынан  «Асар» республикалық қоғамдық бірлестігіне шарт негізінде үй салуға арналған жер телімі беріледі. Өкінішке қарай, 2011 жылы «Нұрлы көш» жобасы тоқтап қалғандықтан, елорда шетіндегі Нұрбесікке бір де бір тиын бөлінбейді. Ақыры бастаған істі аяқсыз тастауға болмайтын болғандықтан «Асар» республикалық қоғамдық бірлестігі үйге құжат тапсырған азаматтарға баспаналарын өздері салып алуға рұқсат етеді. Айтуларынша, бұлай жасауға сол кездегі Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің қолы қойылған хат себеп болады. Хатта тұрғындар үйлерін салып болған соң заңдастырып беретінін анық жазған. Бағдарламаға қатысушы азаматтардың елордада тұрақты тіркеуі, баспанасы жоқ екендігін растайтын анықтамасы дегендей барлық құжаттары заңды жасақталады. Сонымен жобалау  шығындарын бекітілген талаптарға сай тұрғындар өз күштерімен жүзеге асырып, 2007 жылдан осы уақытқа дейін белгіленген тәртіп бойынша жалға алу құнын Нұрбесік тұрғындары төлеп келген. Ол барлығы 40 миллиондай теңге болған. Енді салынып біткен үйлер жердің және үйдің құжаттарын рәсімдей алмай отыр. Сарыарқа аудандық соты тұрғындардың арыз-талаптарын негізсіз деп тапқан. Бірақ тұрғандар бұл шешімге наразы. Себебі үй салуға арналған жерді аларда әкімшіліктің талаптарына және жасаған келісімшартқа сай бәрі заңды жүзеге асқан.   Қайрат БОДАУХАН, «Асар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

2007 жылдан бері мемлекетке 40 миллион теңге төледік

– 2005 жылы Түр­кістан қаласында өткен Құрылтайда Елбасы Алматы қаласының іргесіндегі қандастар тұратын Байбесік секілді ауылдарды басқа қалаларда да дамыту туралы тапсырма бер­ген. Сол кездегі Астана қаласының әкімі Өмірзақ Шө­кеев бізді шақырып, «Астана қаласына да сондай бір ауылды құрып, дамытуымыз қажет» деген нұсқауы бойынша осы жоба басталған. Содан 2007 жылы жобаны өз күшімізбен, халық­тың қаржысымен жасатып, қалалық әкімшілікке бекіттірдік. Сол кездегі Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрі болған Бердібек Сапарбаев мені қа­был­дауына шақырып: «Нұрлы көш» деген бағдарлама жасалып жатыр. Осы бағдарламаның жұмыс тобына қатысыңыз» деді. «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша Нұрбесік ауылының жобасын жасадық. Ол Парламентте және Үкіметте талқыланды. «Нұрлы көш» бағдарламасының ішіне бір сөйлем болып кірді. Өкі­нішке қарай, 2011 жылы «Нұрлы көш» бағдар­ла­масы жабылып қалды. Бағдарлама жабылып қалған соң бірден сол кездегі Астана қаласының әкімі болған Иманғали Тасмағамбетовке хат жаздық. «Үйлерді салуға Үкімет ақша бөлген жоқ, бағдарлама жабылып қалды, енді не істейміз?» деп сұрадық. Хатқа арнайы жауап та келді. Хаттың қысқаша мазмұнында, «олай болса, біз сол жерді қандастарға бердік. Бірақ үйді өзде­ріңіз салып алыңыздар. «Асар» қоғамдық бірлес­тігі шартқа отырсын» деді. Екінші, үй салынып біткен соң бірлестік салынған үйлерді қабылдап алсын. Қабылдап алғаннан кейін жер учаскесі тұрғындарға заңдастырылатын болады. Сол шарт негізінде жалға алынған жердің ақшасын әкімшілікке төлеп отыр-дық. Үкіметтен бір тиын шыққан жоқ. Керісінше 2007 жылдан бері мемлекетке 40 миллион теңге төледік. 2017 жылдан бастап «Тұрғындар үйін салып болды. Енді қабылдап алыңдар» деп өтініш жаздық. Әкім­шілік: «Сендер қабылдап алсаңдар, сосын біз тексеріп алайық» деді. Үйдің нөмірі, көшенің атауы берілді. Сегментация жасалды. Салынған үйлер жобалауға сәйкес. Барлығы заңды. Үй салып алғаннан кейін әр тұрғынның қолында жердің актісі болу керек. Егер мемлекет жерді жалға берем десе, тұрғындар жеке өзі әкімшілікке төлеп тұру керек. Үйдің, жердің құжатынсыз ештеңе істей алмайды. Сата алмайды. Үйді кепілдікке қойып несие ала алмайды. Сондықтан да тұрғындардың жерін заңдастырып беріңдер деп аудандық сотқа жүгіндік. Сот бұл арыз-талапты негізсіз етіп отыр. Олар айтады: «Асар» қоғамдық бірлестігі әр жер учас­кесінің жалға алу құқығын сатып алу керек дейді. «Асар» сатып ала алмайды. Бұл қоғамдық ұйым. Ком­мерциялық ұйым емес. Сатып алу қажет болса 12 жыл бойы неге жарна төлейміз?   Амантай ӘЛХАН, Нұрбесік ауылының ақсақалдар алқасының төрағасы:

Біз әлі де бір толық жауап ала алмай келеміз

– Бұл мәселе бойынша әртүрлі деңгейдегі мекемелерге хат жаздық. Бізге  нақты жауап келген жоқ. Жоғары жақ ауданның әкімшілігіндегі хаттар бөліміне сілтейді. Ол жердегі хаттарға жауап беретін бір маман түсініксіз жа-уап жазып жібереді. Хатқа заңның бәленбай бабы бойынша жауап беру міндетті деген сияқты. Бірақ бұл іс бойынша нақты жауап алған емеспіз.   Лунара ТІЛЕУЖАНОВА, заңгер:

Соттың шешімімен келіспейміз

– Мен Ақмола облыстық адвокаттар алқасында құқық қорғаушы болып істеймін. 2007 жылдан бастап, «Асар» қоғамдық бірлестігіне заңгер ретінде  кеңес беремін. Жоба алғаш құрылғаннан бастап барлық істі әкімшіліктің заңды талаптарына сай істеп келдік. – Аудандық сотта өзіңіз де болдыңыз. Жоғарыда барлығы заңды түрде жүзеге асты дейсіз. Онда неге сіздердің арыз-талаптарыңызды сот негізсіз деп тапты? – Соттың бұл шешімімен келіспейміз. Алда апелляциялық сотқа шағымданамыз. – Аудандық соттың шығарған шешімі күшінде қала беретін болса, онда Нұрбесік тұрғындары жалға алу құқығын қайта сатып алуы мүмкін бе? – Егер соттың барлық инстанциясынан өтіп шығатын болсақ, Жоғарғы сот бұл арыз-талапты алғашқы соттың күшінде қалдыратын болса, әрине, онда тұрғындар қайтадан жердің жалға алу құқын сатып алады.  

Жағыпар БАЛТАБЕК, ауыл ақсақалы:

Бастықтар жылда  «жылдың аяғына дейін бәрі шешіледі» деп уәдені үйіп-төгіп кетеді

– Өзіміз әзер салған үйімізді өз атымызға түсіре алмай отырмыз. Қазақстанның азаматы ретінде ұлтарақтай жер өз меншігіміз болу керек еді. Жердің құқығын қайта сатып алсын дейді, бәлен жылда үйді әзер тұрғызған тұрғындарда енді жалға алуға төлейтін қаражат табыла ма? Оның үстіне тоқ, су, жолдың мәселесі де әлі шешілген жоқ. Бастықтар жылда келіп: «бәрін шешеміз, жылдың аяғына дейін бәрі шешіледі» деп уәдені үйіп-төгіп кетеді.   Талғат МОЛДАБАЙҰЛЫ, Нұрбесік тұрғыны, ЕҰУ оқытушысы, PhD докторы:

Елордамызда осындай мәселе болғанда, басқа өңірде не болмай жатыр?

– «Асар» қоғамдық бірлестігі арқылы жер алып, үй салдық. Мұндағы тұрғындардың көбі атажұртқа келіп, астанамыздың дамуына үлес қоссақ деген ғалымдар мен жас мамандар. Бәрі үйді өз күшімен салды. Салығын, жарнасын, бәрін төледік. Үйдің меншік құқығы болмаған соң, үйге ешқандай инфрақұрылым тартылмайды. Барлығы заңды құжаттың негізінде жүзеге асады. Бар тапқан-таянғанымен салып алған үйдің құжаты болмау деген күрделі мәселе. Астананың іргесінде отырмыз. Не жол, не су жоқ. Ел ордасында осындай мәселе болғанда, басқа өңірде не болмай жатыр?

Серіктес жаңалықтары