290
Тоқаев ДДСҰ басшысымен коронавируспен күрес мәселелерін талқылады
Тоқаев ДДСҰ басшысымен коронавируспен күрес мәселелерін талқылады
Мюнхен қаласындағы жұмыс сапары барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) бас директоры Тедрос Адхан Гебрейесуспен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирустың таралуының алдын алу бағытында Қазақстанда қабылданған шаралар туралы хабардар етті. Өз кезегінде Тедрос Адхан Гебрейесус Қазақстан Президентіне коронавирустың таралуына байланысты әлемдегі ахуал жайында кеңінен мәлімет берді.
Сонымен қатар, пікір алмасу барысында Қазақстан мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арасындағы ынтымақтастық шаралары талқыланды. Бұдан бөлек, Мюнхендегі жұмыс сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық Қызыл Крест комитетінің президенті (ХҚКК) Петер Маурермен де кездесті. Петер Маурермен жүздесуде Қазақстан мен Халықаралық Қызыл Крест комитеті арасындағы байланыстарды одан әрі нығайту мәселелері қаралды. Осы орайда халықаралық күн тәртібіндегі ортақ мәселелер туралы пікір алмасылды.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Қазақстан мен Халықаралық Қызыл Крест комитетінің арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін Петер Маурерге ІІ дәрежелі «Достық» орденін тапсырды.