952
Шашпа-төк мінезімізді заңмен шектеуге бола ма?
Шашпа-төк мінезімізді заңмен шектеуге бола ма?
Өткен аптада «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссия отырысында Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев халықтың той, ас, жаназа рәсімдерін өткізу кезіндегі ысырапшылықты заңмен шектеу туралы мәселені қоғамның талқысына салуды ұсынды. «Қазақ қоғамында орын алып отырған келеңсіз көріністерді (тойлар мен астардың бәсекемен, ысырапшылдықпен, даңғазалықпен өтетіндігі, отбасы құндылықтарының құлдырап кетуі) барынша шектеуіміз қажет. Сондықтан бұл мәселеде қоғамның барлық күш-жігерін жұмылдырып, тиісті мемлекеттік органдар зиялы қауымды, қоғамның белсенді өкілдерін тарта отырып, осы ұлттық ғұрыптық рәсімдерді (тойлар мен астарды) ысырапсыз, даңғазасыз өткізудің ұсынымдарын дайындау керек», – деді Мемлекеттік хатшы өз сөзінде.
Қазақтың той туралы мақал-мәтелінің жаманы жоқ. «Қазақтың тойы бітпесін», «Той десе қу бас домалайды», «Бұдан жаман күнімде тойға барғам», «Тойда жолығайық» деп қауқылдасып жатқаны. Жыл жаңарған сайын тойдың да түр-түрі пайда бола бастады.
Бұрын қазақтың тойы сенбі-жексенбі күндеріне жоспарланатын. Ал қазір тойдың көптігі соншалық аптаның барлық күнінде той өтетінін көріп жүрміз. Бірнеше ай бұрын алдын-ала келіспесе, той жасайтын орын табудың өзі қиын. Одан бөлек, асаба, әнші-биші таңдау, тойхананы әрлеу, шақыру жұмыстары қыруар қаржыны, уақытты талап етеді. Бірақ халқымыз дәл осы той тойлауға келгенде алдына жан салмай тұр.
Той дегенде бар мәселе қаржыға келіп тірелетіні түсінікті. Ауқатты адамдарға той жасау қаражат жағынан қиындық тудыра қоймас. Бірақ қарапайым халықтың «елден қалмайық» деген намыспен несие алып той жасайтыны да бар. Өйткені бүгінде той жасау – бәсеке. Бірінен-бірі асып түскісі келеді. Бір тойда жасалған жөн-жоралғыны келесі той иесі қайталағысы келмейді. Асабадан бастап, әнші, бишілерге дейін, тіпті той иелерінің көйлектеріне дейін ешкімде болмаған ерекше болғанын қалайды. Тіпті бір киген көйлегін келесі тойға киюге намыстанатындар да бар. Қарызданып-қауғалансақ та, елдің алдына жарқырап шыққымыз келеді. Осылайша қазақ той жасауға келгенде ерекше бәсекеге қабілетті болып отыр.
«Жиған-тергенің тойға шашылсын» деген халқымыз қолындағы барын тойға жұмсап, қарызданып жатады. Өмірдің мәнін тойдан, даңғазалық пен даңғойлықтан іздеген жұртшылық қолындағы қаржысын білім алуға, жаңа ғылымды игеруге, өзін дамытуға жұмсаса игі еді. Бірақ өкінішке қарай қазақ ғылым дамытып, көкжиек кеңейтуде емес, той жасауда ғана бәсекеге қабілетті болып отыр.
Жақында Solva микроқаржылық компаниясы қазақстандықтардың несиелік қарыздары бойынша зерттеу жүргізген болатын. Оған 18 жастан 65 жасқа дейінгі 7 мыңнан астам респондент қатысқан. Зерттеу нәтижесі қазақстандықтардың 76 пайызы той жасау үшін, тіпті жерлеу рәсімін өткізу үшін несие алатынын көрсетіп отыр. Яғни несие алушылардың басым бөлігі – той жасайтындар болып отыр.
Қазақтың дастарханы қуанышқа жайылғаны, әрине, жақсы. Бірақ мұның соңы көп ретте ысырапшылыққа ұласып жүр. Ең басты құндылығымыз уақыттың қадірін білмей ысырап ету қалыпты жағдайға айналғалы қашан. Кешкі 18.00-де басталады деген тойға көпшілік қауым кешігіп келеді. Тіпті кейде қонақтардың той иесін күтіп қалатын кездеріне куә болып жүрміз. Той иесі қонақтардың тойға кешігіп келетінін біледі, өйткені өзі де өзге жұрттың тойына кешігіп барады. Уақытылы басталмаған той түн жарымына дейін созылады.
Соңғы жылдары той үстінде ерсі қылығымен есте қалып жатқандардың да қатары көбейді. Жақында тойда ән салуға келген қара нәсілді жігіттің соңынан қалмай суретке түсіп жүрген қазақтың келіншектері туралы видео көпшіліктің ашуын тудырған болатын. Қолына смартфон ұстаған қыз-келіншек әлгі жігіттің ән айтуына мұрша бермей, жапа-тармағай бас салған. Желі қолданушылары мұндай әрекетті жабайылыққа теңеп жатты.
Бұл жағдай көрші елдерде қалай реттелуде? Өзбек депутаттары тойды бәсеке ортасына айналдырып, қарызданып, шығындалып той-томалақ өткізудің соңы қарапайым халықтың қарызға батуымен аяқталатынын және отағасының ақша табу үшін отбасын тастап шетел асатынына алаңдаушылық білдірген болатын. Осылайша былтыр күзден бастап Өзбекстан парламенті ас пен үйлену тойын, мерекелік шаралар мен жерлеу рәсімдерін ретке келтіретін заң жобасын бекітті. Бұл заң жобасы бойынша ас пен тойға шақырылатын адам санына және оған несие алуға шектеу қойылған. Мысалы отбасылық той мен шараларды түнгі 23.00-ге дейін ғана өткізуге рұқсат. Одан бөлек, қонақтар санын да шектеп қойды. Салтанатты дастарханның қонақтары ендігі жерде 200-ден, ал үйлену тойының қонақтарының саны 250-ден аспауы тиіс.
Өзбекстанның заңы бойынша үйлену тойындағы салтанатты кортеждегі көліктердің саны үштен, тойға келетін әншілер немесе музыкалық топтардың саны 2-ден аспауы керек. Сонымен қатар үйлену тойының болатыны туралы той иелері жергілікті өзін-өзі басқару органдарына хабарлауы тиіс. Жаңа заң халық ішіндегі «Күйеу көру», «Құда шақыру», «Келін шақыру» секілді ырым-жырымдарға шектеу қойылған. Өлім жөнелту салттарына да осындай шектеулер қойылған, ендігі жерде марқұмның «жетісі», «қырқы», «жылдығы», «жыртысы» деген ырымдарға тыйым салынды. Жерлеу және аза тұту салттары ең ұзақ болғанда үш күнге дейін жалғасады, жерлеу салтына жиылған адамдардың санына шектеу қойылмайды.
Ал Тәжікстанда 2007 жылы «Дәстүрді және әдет-ғұрыпты реттеу» туралы Заң қабылданған. Аталған Заң бойынша үйлену тойынан туған күн және бата оқу рәсімдерін өткізудің шегі белгіленген. Сонымен қатар пайдасы жоқ ырым-жырымдарға толықтай тыйым салынған. Тойдың ұзақтығы 3 сағаттан және қонақтар саны 200-ден аспауы тиіс. Осылайша шенеуніктер жағдайы төмен отбасылардың несие алып той жасауына шектеу қойғандай.
Біздің еліміз бойынша мұндай шектеулер былтыр күзден бастап Жамбыл облысында іске асырыла бастаған. Той кешкі сағат 7-де басталып, 12-ге дейін аяқталуы керек. Тойды уақытынан асырып жіберсеңіз, айыппұл арқалауыңыз мүмкін. Жергілікті билік өкілдері мұны даңғазалық пен дарақылықты болдырмаудың амалы деп есептейді. Дәл осы жерде халықтың пікірі екіге жарылды. Қазақтың әр күні той болғандықтан көпшілігі кешкі 7-де жұмыстан шығып, тойға баруға үлгермейтінін алға тартса, ендігі топ тойдың уақытылы басталып, аяқталатын кезі жетті дейді. Ортақ тәртіпке бағынғысы келмегендердің өзіне тойхана иелері тойды 12-ге дейін аяқтауларын ескертеді екен. Мүмкін, осылай той-ды тәртіптке келтіретін уақыт жеткен болар?!
Смағұл ЕЛУБАЙ, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы:
Несие алып той жасап, соңынан үйінен айырылып қалған таныстарым болды
– Той – халықтың басын қосып, тіл мен өнерді дамытып, насихаттайтын орта. Той ұлттың болмысын танытады, жиналған жұрт тойда сөз сөйлеп, тілін ұштайды. Бірақ қазақтың бүгінгі тойы мақтаныш, бәсекеге айналды. Біздің аздап мал жинаған байларымыз мақтаныш үшін той жасап жүргені жасырын емес. Тойға деген ысырапшылдықты культке айналдырып жіберді. Көп қонақ шақырып, оларға сыйлық дайындау арқылы өзінің байлығын паш етіп, үлгі көрсетеді. Жаман әдет жұққыш келеді дегендей мұндай үлгі тез тарайды. Қарапайым халық байларға еліктеп, «жұрттан қалмай» той жасауға тыраштанады. Менің төңірегімде де банктен қарыз алып той жасап, соңынан үйінен айырылып қалған таныстарым болды. Осылайша қуаныштың соңы келеңсіздікке ұласты. Бұл жаңа үйленген жастардың сезіміне көлеңке түсіреді, той шығынын бірнеше жыл бойы несие арқылы төлеу отбасында ұрыс-керістің көбеюіне алып келеді. Ал бір күндік тойға шашылған ақшаны неге жастардың үй алуына жұмсамасқа? Оңтүстігімізде 1 000 адам шақырмаса тойдың сәні келмей қалатындай дәстүр қалыптасты. Бұл көрші өзбек елінен бізге жұқты. Бірақ бүгінде өзбектер бұған заңмен тиым салды. Бізде неғұрлым адамды көп шақырып, даңғазаны көбейтсек, соғұрлым той иесінің беделі өседі деген жалған түсінік бар. Меніңше 150 адамнан артық қонақ шақырып той жасау – ысырапшылық. Осы ретте ауылдағы ақсақалдарымыз, мешіттегі имамдарымыз, жергілікті басқару органдары мен бұқаралық ақпарат құралдарында ысырапшылдыққа жол бермеу туралы көптеп айтылуы керек. Егер халық аста-төк той жасап, ысырап пен ынсапты ұмытатын болса заң жүзінде тыйым салған дұрыс деп ойлаймын. Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ, филология ғылымдарының докторы, профессор, қоғам қайраткері:Тоқішерлік болған жерде надандық қатар жүреді
– Біздің ата-бабаларымыз ашаршылықты көрген халық. Сондықтан да біз тоқішерлікке ұрынбауымыз керек. Тоқішерлік болған жерде надандық қатар жүреді. Даңғазалық, атаққұмарлық жақсылық әкелмейді. Терең, мәнді, ойлы дәстүрлерімізді дәріптейтін кез келді. Салт-дәстүріміз мен тарихымызды жүйелі оқытатын педагогикамыз ұлттық бағытта болуы керек. Абайға дейінгі кезеңде біздің дәстүр жақсы сақталды, Абайдан кейін қазақтың мінез-құлқын өзгерту тәсілдері жасалды. Мұның әсері бүгінгі салт-санамызға, тіпті жасаған тойымызға да әсер етіп отыр. Той жасау жағынан мәдениетіміз төмендеу екенін мойындауымыз керек. Тойда батагөй қарияларымыздың аталы сөздерінен жастар үлгі алса, салт-дәстүріміз жан-жақты көрініс тауып, ысырапшылыққа жол берілмесе ғанибет емес пе?!Аманхан ӘЛІМ, ақын, әдебиеттанушы:
Тойды заңмен шектеу – буынсыз жерге пышақ ұру
– Тойға заңмен шектеу салуға болмайды, той жасау – адамның жеке шаруасы. Моральдық ахуал деген ұғым бар, оған заң жүрмейді. Тойды заңмен шектеу – буынсыз жерге пышақ ұру. Бұл өркениетті елде мәдениетке сыймайтын нәрсе. Мысалы күнә, кінә деген ұғымдар бар. Күнә бейкатегорияға, ал кінә заңдық-құқықтық категорияға жатады. Ал ысырапқа келсек, әр адам ысырапқа жол бергені үшін Алланың алдында күнәлі. Ал заңның алдында кінәлі бола алмайды. Өйткені оның тойды қалай жасаймын десе де өзі білетін моральдық құқы бар. Тойды заңмен шектеу жеке адамның құқығына қол сұғу деген сөз. Діни ұғымымызда ысырапқа жол берілмеу туралы айтылады. Пітір-садақаны да шама-шарқыңа қарап бер деген. Бірақ сөз жоқ ысырапқа жол бермеуіміз керек. Орыс халқы бір отбасындағы 4 адамға бір бөлке нан алса, қазақ 4 бөлке нан алады. Ертең дүкенге барып тағы нан алатынымызды біле тұра біз осылай артығымен алып ысырапқа жол береміз. Сосын қатқан нанды қоқысқа тастап обал жасаймыз. Дәл осы әрекетімізді той жасар кезде де қайталап жүрміз. Біз осы әрекетімізді заңмен емес, санамен тыйғанымыз дұрыс. Сана-сезімді біліммен, тәрбиемен жөндей аламыз. Мәдениетті, өркениетті қоғамда ысырапқа, бейберекетсіздікке жол берілмейтінін насихат арқылы жүргізгеніміз жөн.