Мұхтар МАҒАУИН: Жазушының ең басты насихаты– шығармасы

Мұхтар МАҒАУИН: Жазушының ең басты насихаты– шығармасы

Мұхтар МАҒАУИН: Жазушының ең басты насихаты– шығармасы
ашық дереккөзі
1310
Қазақтың көрнекті жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Мұхтар Мағауин елге біраз уақытқа келген екен. Праганың тұрғынына айналған қаламгердің туған жерге соңғы бес жылда алғаш келуі. «Мағауин Алматыдағы Орталық мұражайға келеді екен», – деген хабарды естіп, журналистерге сұхбат бере бермейтін, шығармашылықтан қолы босамайтын қажырылы жазушымен кездесуге біз де бардық. Мұхтар Мағауин жас оқырмандармен көп жүздеспеген жазушы. Содан болар, қаламгер сөйлей бастағаннан-ақ тыңдарман сілтідей тынды. Жазушы әуелгі сөзін мұражайға келген мақсатынан бастап, алғашқы үш томы жарық көрген «Шыңғыс хан» романы жайында кеңінен толғап әңгіме айтты.– Мен мұнда жастар келеді деп ойлағам жоқ. Музейді көріп шы­ғайық деп, оның үстіне ескіден қалған бір дүниелер (мұрағат) бар еді, соларды табыстап кетейін деп бас сұқтым. Әулетімізде қолданыста болған қамшыларды әкелдім. Қамшы 60-жылдардан бастап қолданыстан шыға бастады, қазақ атқа мінуді ұмытты ғой. Енді қазір қайта міне бастады. Үлкен әкем сарыала қам­шы өретін еді, қамшысының тобылғы сабына жез шырмауық орап жасайтын. Сондай бір-екі қамшы бар. Менің үлкен әкем Мағауияның күзен ішігі болған еді. Бірақ музейге киімдерді қабылдап алатынын білмеген екенмін. Ескі тонның жұқанасы, кішкене өзгеріске түскен. Атамыз Мағауияның ағасы Берікбол деген ақсақал шебер болыпты. 34 жасында қайтыс болған екен. Сол кісінің аң аулағанда қолданатын, түйенің табанынан жасалған оқ-дәрі құтысы – оқшантай бар еді. Ол музейде жоқ болу керек, біздің әулетіміздің қазынасы деп есептеледі, соны табыстағым келді. Кейде ойламаған нәрсе музейге экспонат болады. Мен желтоқсан оқиғасынан бір апта өткеннен кейін алаңға бардым (өзім қатыспадым, ондай батырлығым жоқ), сонда жауған қалың қардың шетінен таяқтың шеті көрінді, суырып алдым. Біздің балаларды ұрған темір таяқтар ғой. Содан бір бұрышқа, қалтарысқа тастадым да, қайта айналып келіп, тағы да бір таяқ тауып алдым. Бұл екеуі де еш жерде жоқ шығар деп сол таяқтарды әкелдім.
Мені журналистер кез­десу­ге шақырғанда, «қажет емес» дедім. Шоумен емеспін, кейбір ағайын­дарымыз сияқты атақ шыға­­р­ып, айғайлататын атаққұмар емеспін. Жазушының ең басты насихаты – көркем шығармасы. Қазақтағы атақтың бәрін алсам да, атаққұмар емеспін. Мен кеткелі сегіз жылға жақындады. Қазақта сөз бар: «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» деген. Мен баяғы орыстың диссидентін отырғызып, желкелеп шығарып салғандай жағдайды бастан кешкем жоқ, мен өзім кеттім. Тыныш жұмыс жасау керек. Әдебиетте әртүрлі дау-дамай болады, М.Әуезов те, Мағжан да сынға ұшыраған. Алайда маған қарсы үлкен науқан жүрді. Мысалы сондай өтіріктің бірі «Жұлдыз» журналының 2006 жылғы 9 нөмірінде «Мұхаммед пайғамбардың әйелі Айша анамызға тіл тигізген повесть басылды» деп жазылды. Жұрттың бәрі іздеді, жоқ ондай нәрсе, журнал жаңа ғана шыққан. Шыққанына ай болмаған. Сол сияқты нәрселер. Оның бәрінің жазуыма ешқандай әсері болған жоқ. Бірақ маған тыныштық керек, халқыңа керек болмасаң, болашақ ұрпаққа керексің, содан кейін, сыртқа кетуге тура келді. Арада бір, екі рет келіп кеттім, содан соң 5 жылдан кейін келіп отырғаным. Менің үкіметке де, басқаларға да ешқандай өкпем жоқ, өкпелейтін олардың жағдайы да жоқ. Мысалы біздің үкіметіміз, Қазақстан үкіметі Ә.Нұрпейісовке журнал ашып берді, ол ақсақал екен дейік. М.Шахановқа журнал ашып берді, ол керемет екен дейік, Д.Исабекке журнал ашып берді, ол да классик екен дейік… Ал менің қолымдағы жур­налды тартып алды, әдеби журнал, финанс мекемесі емес, кеден бастығы емес, әдеби журнал, ішінде ешқандай саясат жоқ… Прагаға, баламның үйіне барып түс­кеннен кейін 7 күннен соң жазуға отырдым, алдымен шағын әңгіме жаздым. Онан кейін «Жармақ» деген көлемі үлкен болмаса да, салмағы ауыр роман жаздым. 18 күнде жаздым, 19 күнде көшіріп болдым. «Жармақ» романы Прагада басылып, осы жаққа жетті. Онан кейін «Шыңғыс ханға» отырдым. Шыңғыс ханды жазудың себе­бі көп болды. Айтылмаған сөз қалған жоқ, бәрін айтқанбыз. Менің «Алтын дәптер» деген үлкен дәптерім бол­ды, соның ішінде менің болашақта жазатын шығармаларымның сұлбасы, сюжеті бір ауыз, екі ауыз сөзбен айтылған. Мысалы 1963 жылғы «Аласапыранның» сұлбасы бар. 15, 20, 25 жылдан кейін жазылған шығармалар бар. Бірақ «Алтын дәптерде» «Шыңғыс ханның» сұлбасы жоқ. Өйткені совет зама­нында Шыңғыс ханның атын атамау керек, атайтын болсаң, тек қана жамандау керек оны. Тек қана Жалел ад-Дин Сұлтан туралы деректі повесть жазам деп едім, Шыңғыс хан соның ішінде болу тиіс еді, ол да жазылған жоқ кезінде. Шыңғыс хан бүкіл әлемге таныл­ған ұлы тұлға, ұлы қолбасшы, ұлы мемлекет, империя құрған адам. Оны Цезарьмен де, Наполеонмен де, ешқай­сысымен салыстыруға болмайды, бәрі­нен жоғары. Бір таңғаларлық жағ­дай, 1990 жылдардың соңында, 2000 жылдардың басында «Шыңғыс ханға» кірісуіме болар еді, цензура жойыл­ған уақытта анталап тұрған, басқа да толып жатқан қазіргі заманға сай шаруа­лар болды. «Шыңғыс ханға» кірісер алдында мен қайран қалдым, Шыңғыс хан қазақтың ұғымында әулие, ұлы хан еді. Қазақ хандығы құрылғаннан бас­тап, Шыңғыс хан әулие болды. Мұрат ақынның Қазтуған айтты дегенінде: Бойында Қиыл, Жем-Сағыз, Қайран саланың жатқан аңғары-ай! Ақ шалмалы пірлердің Мешітке жаққан шамдары-ай! Кәпірден теңдік алуға Қайтып та келер деймісің, Мұсылманның баласы, Шыңғыстан туған хандар-ай!, − дейді. Мұрат ақын Қазтуған айтты деп жырлап отыр. Мұрат − отаршылдыққа қарсы өлеңдер, зар толғаулар шығарған азаттық жыршысы. Ал ғасырдың басындағы Алаш орда көсемдерінің бірі Ғұмар Қараш: Шыңғыс, Бату хандық құрып тұрған ел, Қара Қыпшақ Қобыланды туған ел. Ерегескен дұшпан, жауын қуған ел, Емес пе едің, жұртым саған не болды? – дейді, дәл осы сөзді қазір айтуға болады. Мағжан ақын: «Адам­затта Шыңғыстай ер тумайды», – дейді. Шәкәрім де осылай айтқан. Абай атамыз: «Қазақ рулары Шыңғыс ханға өз еркімен қосылды», – деп айтқан. Сұлтанмахмұд айтқан. Қазақтар орыс, совет идеологиясы келіп жеткенге дейін Шыңғыс ханды құрмет тұтқан, қадір тұтқан. Біздің ұлттық санадан айрылғанымыз соншалық, орыстың идеологиясымен, ғылыми емес, мектеп оқулығы дәрежесіндегі шовинистік идеологиясымен әбден милары уланған. «Ойбай, Шыңғысхан – жауыз!» деп әлі айғайлап жатыр. Қазақы жағдай түсінікті, жетпіс жыл ішінде бар ұлттық санасынан айрылды, салт-дәстүрінен айрылды. Қымыз ішуді, құрт қайнатуды ұмытты. Қазір моңғолдан келген ағайындар құрт қайнатуды үйретіп жатыр, қымыз Орталық Қазақстанда ғана сақталды. Мысалы, мен туып-өскен ауылда, Шұбартауда 20-30 жылдан кейін енді ғана бие байлап отыр. Бірақ дәлелмен айтып жатқан кезде адамның басына қону керек қой. Енді бұндағы қазаққа кінә қоймай-ақ қояйын. Арғы бетте, Қытайда 1 жарым миллион қазақ отыр. Еліміз бар, жұртымыз бар деп көңіліме үлкен медеу тұтатын едім. Олардың «Күлтегін», «Сен − қазақ» деген сайттарын қарап отырамын. Қытайдағы қазақ советтің идеологиясынан тыс болды, оның үстіне Қытайдың идеологиясында Шыңғыс хан − Ұлы Жуңго мемлекетін негіздеуші адам. Шыңғыс хан бастап, немересі Құбылай біржолата бекітті. Сонда сол жақтағы қазақ неге Шыңғыс ханды балағаттайды? Қайран қалатын нәрсе. Бұл қайдан келді? Халықтың азып-тозып, ұлттық санадан біржола айрылғанының көрінісі. Бірақ басқа халық жоқ, осы халықтың санасын ашу керек. Осы халықтың ішінде неше түрлі адамдар бар, санасы озық азаматтар, жастар да көп. Арғы бетте де бар, бірақ азшылық, олардың аузын аштырмайды екен. Мен қатты қайран қалып, пұшайман болдым. Қытайдағы қазақтардың Шыңғыс ханды жамандағанына налыдым. Оған Шыңғыс хан жаман боп қалмайды, бүкіл дүниежүзі мойындап отыр, неше мың мақала, зерттеу жазылған, жүздеген кітап жазылған. Ағылшын, француз, неміс, американ, жапон жазды, бәрі Шыңғыс ханды өзіне тартады. Қазір орыстар Шыңғыс ханды славян болды деп өзіне тартып жатыр. Ал шын мұрагері, ұрпағы біздер одан қашып құтыла алмай жүрміз. Моңғол ағайындарға бұл ретте риза болу керек. Олар советтік заманда да, қатаң идеология кезінде де ешқашан Шыңғыс ханнан айрылған жоқ. Шыңғыс ханның 800 жылдығын тойлады. Сол тойды ұйымдастырған, ескерткіш қойған Моңғолия компар­тиясының екінші хатшысы қудаланып, азаптап өлтірілді, бірақ бәрібір айр­ыл­ған жоқ. Қазір де жазып жатыр, бірақ олар Шыңғыс хан тек қана моңғол деп қарайды, сосын көп нәрсеге ғылыми өрелері жете бермейді. Қытай, Еуропа деректері бар, барлығын жинақтап қарағанда, Шыңғыс ханның басқа бейнесі шығады. Менікі асылық емес, Шыңғыс ханның ең толық, ең нақты, ең әділ бағасын айғақтайтын, Шыңғыс ханның бүкіл өмірбаянын толық қамтитын, Шыңғыс хан ғана емес ХІІІ ғасырдағы бүкіл түркі қауымының, Орта Азияның тарихын айқындайтын кітап жаздым деп ойлаймын. Үшінші кітап бітті, алғашқы сүйінші данасы шықты. Бірер ай көлемінде таралып, сатуға түсу керек. Алда төртінші кітап қалды. Алла қуат берсе, Шыңғыс ханның әруағы желеп-жебей беретін шығар деп ойлаймын. Оны бір жарым жылдың ішінде бітіріп қаламыз. Шыңғыс хан жөнінде айтатын нәрсе көп, нақты нәрселер бар. Адам қайран қалатын жағдайлар да бар. Мәселен, Отырар Қарахандар әулетінің билігін­дегі шағын мемлекет, қала болатын. Ал сұлтандардың сұлтаны Осман Самарқанда отырған. Османның інісі Қадыр Ферғананы, немере інісі Тадж ад-дин Білге хан Отырарды билеген. 1210 жылы парсы патшасы хорезмшах Аладдин Мұхаммед Самарқандты басып алып, Османды ұстап, Тадж ад-дин Білге ханды тұтқынға алады. Отырардың халқы қырылады, тона­лады. Қаладағы көпестердің бәрі Шыңғыс ханға қарай қашады. Мұсылман дін басылары да наразы болып кетіп қалады. Соңынан Тадж ад-дин Білге ханды өлтіреді. Сөйтеді де, Отырар­ды билеуге шешесінің бауыры Қайыр ханды отырғызады. Яғни, біз Шыңғыс хан Отырады азат етті дегенді айтамыз. Бұл – ұзақ әңгіме. Совет тарих ғылымының азып-тоз­ғаны соншалықты үнемі қарақшы­ларды жақтайды. Ал бұрын өткен тарихшылардың барлығы Отырардағы керуеннің қырғынға ұшырауын үлкен жауыздық деп бағалаған. Мен екінші кітапта мұны жазып, нақтылап айттым. Соғыс жариялаған Шыңғыс хан емес, соғыс жариялаған Хорезмшах Алладин Мұхаммед. Шыңғыс хан қабыл алған, тілегенің соғыс болса, көрейік деген. Ырғыздағы соғыс бар, оның да мәні­сін кеңінен айттық. Шыңғыс ханның нақты мұрагері, ең негізгі мұрагері – қазақ халқы. Шыңғыс хан ту көтергенде қолдаған 25 ру қазақтың құрамында бар. Ең үлкендері: керей, найман, жалайыр, қоңырат, таз, байжігіт, қора­лас, күрлеуіт т.б. Тікелей біздің бабаларымыз. Дәстүр-салты да – түрік. Шыңғыс ханның жұрты моңғол деп аталмаған. «Моғұл», «мағол», «моал». Араб, парсы тарихшылары түгелдей солай жазған. Еуропаның тарихшылары «мағол» деп жазған. «Моңғол» деген қытай жазбаларында айтып, сол арқылы Еуропаға таралды. Кейінгі заманда «моңғол» деген сөз содан барып шықты. Ал қазіргі моңғұлдар өздерінің моңғұл екенін 1923 жылы ғана білді. – Мұхтар аға, «қазақ әдебиетінің болашағы жайлы не ойлайсыз? Артыңыздан келе жатқан жастардан кімдерді байқап жүрсіз? – Мен бұрын журналда отырдым, кім шығып келе жатыр, кейінгі жастар қандай өлең жазды, бәрін білетінмін. Ал соңғы сегіз жылда қадағалағам жоқ, кім бар, кім жоғын білмеймін. Сондық­тан айта алмаймын. Бірақ қазіргі кезде цензура жоқ, толық еркіндік, ешкімнің аузын ешкім байлап отырған жоқ. 2005-2006 жылдарда поэ­зия мүшәйраларын, проза бәйгелерін өткіздім. Сонда бір байқағаным, сол кездегі жастар (Қазір олар да біраз жасқа кеп қалды) біздің алдымыздағы ағаларымыздың жағдайы жақсы болған, біздің кезімізде жағдай тарылды деп ойлайды екен. Мен сонда айтқанмын: «Барлық уақытта қиын болды, біз де пәтерде тұрық, біз де тиын санадық, ең бастысы, баспаға жол табу өте қиын болатын, әрбір сөзіңді тексеріп қарап отыратын. Цензура болатын. Қазір жазушы үшін ең бастысы шығармашылық, ой еркіндігі бар. Еркіндік бар жерде әдебиет қаулап өсуге тиіс. Ал прозаның жағдайы біраз қиынырақ, оған отыру, жағдай, уақыт керек. Поэзияның дамуында ешқандай шек жоқ». Қазір мынандай да пікір бар: «Тәуелсіздік заманында қазақ әдебие­ті тұралап қалды, кейін кетті»,–деген. Әдебиеттің деңгейі кітаптың санымен есептелмейді. Кітап қазір де бұрынғыдай көп шығатын болу керек. Есептеп қаралық, 1920 жылдар­дан не бар? М.Әуезовтің әңгі­ме­лері бар, «Қараш-қараш», «Қилы заман» бар. 1930 жылдардан не бар? И.Байзақовтың поэмалары бар. И.Байзақов − қазақтың сол замандағы ең үлкен ақыны. 1940 жылдарда не бар? Ол жылдарда «Абай жолының» екі кітабы, С.Мұқановтың «Өмір мектебі» бар. Санаулы, бір кітап, екі кітап, бір шығарма, екі шығарма ғана. Ал 1990 жылдардан бастап цензура жойылды, көп шығармалар жазылды, бұрын қозғалмаған тақырыптар қамтылды. Бекежан Тілегенов деген өте үлкен жазушы шық­ты. Классикалық екі роман жазды, біреуі «Қара жер» деген шығарма, полигон туралы, біреуі «1986 жыл». Ол – желтоқсан емес, партноменклатура туралы. Мен кезінде айтқам: «қазақ үлкен халық болса, полигон қазаққа үлкен қасірет болса, қазақ әдебиеті дамыған әдебиет болса, жазылуы керек еді осындай шығарма». Ал «1986 жылы» болса, партноменклатура, біздің партияның басшылығы, оның ақыры қандай апатқа әкелгені туралы. Басқа да көптеген, бұрын қамтылмаған шығармалар жазылды. Өткен партия қайраткерлері туралы. Біраз уақыт өткеннен кейін не жазылды, не қойылды, айқындалуға тиіс деп ойлаймын. «Шыңғыс хан» болсын, басқа бол­сын, бұрын тарихи тақырыпқа шығар­ма жазуға, шын мәнісінде, тыйым салынған еді. Кең жол болған жоқ, І.Есенберлиннің әрбір романы қандай қиындықпен шыққанына мен өзім куә болдым. Ол туралы жаздым да, айтқанмын. Сондықтан да, қазақ әдебиетінің болашағын кесіп айтуға болмайды, қазіргі жастар жаңа, бұрынғыдан биік деңгейге көтереді деп ойлаймын. Ендігі бір жағдай – батыс әдебиетін жақсылап танып, білу. Арғы тұсында М.Әуезов қана батыс әдебиетін өз кезінде жақсы таныды, білді, соның арқасында үлкен нәтижеге жетті. Ал біздің қатардағы жазушылар түгел болмағанмен, батыс әдебиетін жақсы танып, жақсы білді. Қазір әлем әдебиеті алақанда тұр ғой, үйренуге, әртүрлі көркемдік тәсілдерді алуға көп мүмкіндік бар. Кітап шығару мәселесі қиыны­рақ, алайда шығаруға болады, ең бастысы, цензура жоқ. Мен сондық­тан кейінгі балаларыма үлкен табыс тілеймін, үлкен нәтижеге жетеді деп ойлаймын. Өткенде жазылмаған, бүгінгі күнде де жазылуы керек шығармалар болуы керек. Жастарға айтатын бір нәрсе, жас кезде адам тек үлкенді ғана, ірі классиктерді ғана мойындайды, орта­ша жазушыларды елемейтін жағдайлар бар. Қазақ әдебиетінің, қазақтың әдеби тілі, ең бай тілі − 40, 60, 70-жылдарда жазған жазушы­лары­мыз­дың шығар­ма­ларында. Қазір кішкене ескір­ді. Мысалы, Әлжаппар Әбішев­тің, Дихан Әбіловтың, Ғабдол Слановтың тілін оқу, үйрену керек. С.Мұқановтың бай тілі бар. Олардың нашар деген шығармаларының өзін оқу керек, бағалау керек. Ол – сабақ. Заман өзгереді, ақиқат, шындық өзгермейді. Қазақ тілінің мол қоры, байлығы 40-70 жылдарда еңбек еткен жазушылардың шығармаларында. Өлмейтін, таңбаға түскен, мәңгілік тіл. – Батыс әдебиетінің кейінгі шыққан қаламгерлерінен кімдерді оқуға кеңес бересіз? – ХХ ғасырдың соңына таман үлкен жазушылар шыққан жоқ. Бүкіл әлем әдебиеті кері кетті деп айтуға болады. Латын Америка­сының әдебиеті 1960-70 жылдарда көтерілді, жапон әдебиеті тоқырады, өзінің ұлттық сипатынан айрыла бастады. Қазіргі қазақтың кейінгі әдебиетін оқу керек. Ұлттық танымнан аулаққа кетіп, үлкен нәрсе шығару мүмкін емес. Ең бастысы, қазақтың тілін жақсы білу керек. М.Әуезов «Абайтану» лекциясында: «Менің тілімде Абай тілінің мәдениеті бар», − деп айтты. Ол еш жерде жазылмаған. М.Әуезов айтты деп жазып, таңбаға түсірген менмін. Кейбіреулер М.Әуезов сөйтіп айтыпты деп айтып жүр. Оны айтқан М.Әуезов, естіген мен, шығарған менмін. Ал мен: «Менің тілімде Абай тілінің мәдениеті және М.Әуезов тілінің мәдениеті бар. Сонымен қатар бүкіл қазақтың өткен орта ғасырдағы әдебиетінің, орта ғасырдағы шағатай әдебиетінің, кейінгі қазақ әдебиетінің барлық тілдік қорын пайдаландым», – деп айта аламын.
Дайындаған Жәнібек ҒАЛЫМ

Серіктес жаңалықтары