12-16 ақпанда «Қазақфильмнің» жүлделі кинотуындылары көрсетіледі

12-16 ақпанда «Қазақфильмнің» жүлделі кинотуындылары көрсетіледі

12-16 ақпанда «Қазақфильмнің» жүлделі кинотуындылары көрсетіледі
ашық дереккөзі

2020 жылдың 12-16 ақпанында «Арман» кинотеатры мен Қазақстанның кино сыншылары қауымдастығы халықаралық кино фестивальдердің жүлделі фильмдерінің көрсетілімін өткізеді. Көрсетілетін фильмдер тізімінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген төрт картина бар. Бұл туралы kazakhfilmstudios.kz жазды. 

Ақпанның 13 күні көрермендер режиссер Жанабек Жетіруовтың Әбіш Кекілбаев повесінің желісімен түсірген «Шыңырау» фильмін көреді. Картина құдық қазушы Еңсептің оқиғасын баяндай отырып, менмендік, бақталастық, махаббат, достық, қастандық сынды адамға тән құбылыстарды көтереді.

Бұл туынды Бангладеште өткен 17-ші халықаралық фестивалінің азиялық фильмдер байқауына қатысып, «Үздік операторлық жұмыс» (операторы Ривкат Ибрагимов) жүлдесін жеңіп алды. Одан бөлек, «Шыңырау» фильмі Қытайдың Сямэнь қаласында өткен 28-ші «Алтын әтеш және Жүз гүл» ( «Золотой петух и Сто цветов») атты Бүкілқытайлық фестивальге, АҚШ-та өткен Asian International Film Festival Arizona кинофестивальге, Үндістанның Керала Халықаралық кинофестиваліне және Джайпур қаласында өткен 2-ші Kaaryat кинофестиваліне қатысқан.

14-і ақпанда көрермендерге режиссерлері Әзиз Зайыров пен Мұхамед Мамырбековтың «Қыз бен теңіз» әлеуметтік драмасы ұсынылады. Картинада БЦП-мен ауыратын Әсел есімді бойжеткеннің қиын тағдыры, оның армандары, махаббат және отбасы туралы баяндалады.

Бұл кинотуынды биыл Лондонда өткен Romford film festival фестивалінде «Үздік әйел адамның рөлі» (Динара Шарипова) жүлдесімен, Башқортостанда өткен IV «Қүміс Акбозат» фестивалінде «Әлеуметтік және мотивациялық кино» номинациясы бойынша қоғам қайраткері Каринэ Хабированың арнайы жүлдесімен және Башқортостан Республикасы отбасы және еңбек министрлігі атынан «Армандардың орындалуы» арнайы сыйлығымен (актер Тахир Умаров) және Барселонада өткен Asian Film Festival Barcelona кинофестивалінде «Үздік фильм» жүлдесімен марапатталған болатын.

15 ақпанда алматылықтар 41-ші Мәскеу халықаралық кинофестивалінде қазақстандық кино тарихында тұңғыш рет бас жүлдені жеңіп алған Фархат Шариповтың «Тұлғалық өсу тренингі» фильмін көре алады. Сондай-ақ, картина XV «Еуразия» халықаралық кинофестивалінің Гран-при иегері.

Фильмінің әлемдік тұсаукесері былтыр 23-ші Халықаралық Бусан кинофестивалінің конкурстық бағдарламасында өткен. Сонымен қатар, сол жылы картина 14-ші Халықаралық Шәкен Айманов кинофестивалінде Қазылар алқасының және NETPAC жүлделеріне ие болды.

«Тұлғалық өсу тренингі» фильмі қырық жасқа келген, орта жас күйзелісін кешіп жүрген, өмірден ештеңе күтпейтін банк қызметкері - Қанат туралы баяндайды. Бір күні бас кейіпкер коуч-тренердің өмірде табысқа жету және көшбасшы болу жайлы тұлғалық өсу тренингіне қатысады. Көшбасшылықтың қыр-сырын түсініп, біраздан бері көрмеген танысы Даниярды кездестіргенде, оның өмірге деген көзқарасы өзгереді.

16 ақпанда Эмир Байғазин трилогиясының соңғы бөлімі - «Өзен» картинасы көрсетіледі. Оқиға желісі өркениеттен алыс жерде тұратын, қаладан келген қонақтан кейін өмірлері күрт өзгере бастаған бес ағайынды туралы баяндайды.

Естеріңізге сала кетсек, «Өзен» фильмінің әлемдік тұсаукесері Венеция кинофестивалі шеңберінде өткен болатын. Бұл фестивальдің «Көкжиектер» бағдарламасында Эмир Байғазин үздік режиссер (Best Director) атанды. Сондай-ақ кино тақырыбында жазатын әлемнің белді бұқаралық ақпарат құралдары аталған кинотуынды жайында жақсы пікірде жарыса жазды. Ал фильмнің Солтүстік Америкадағы тұсаукесері биыл қыркүйек айында Халықаралық Торонто кинофестивалі аясында өтті. Кинотуынды фестивальдің «Тұғырнама» («Платформа») конкурстық бағдарламасында көрсетіліп, қазылар алқасының құрметті аталымына және Screen Daily тәуелсіз киносыншылардың рейтингісі тізімінде алдынғы қатардан көрінді. Жыл сайын өтетін 12-ші Asia Pacific Screen Awards салтанатында «Өзен» фильмі «Режиссурадағы табысы үшін» сыйлығына үміткер болды. Фильмнің азиялық тұсаукесері Токио кинофестивалінің конкурстық бағдарламасы аясынды өтті. Ал Лос-Анджелестегі Asian World Film Festival кинофестивалінде «Өзен» фильмі қазылар алқасының жүлдесіне – «Нағыз кино тілімен бейнеленген көңіліңді бірден баурап алатын фильм» жүлдесіне ие болды. Одан бөлек, Эмир Байғазин Голливудтың шетел баспасөзі қауымдастығының грантына («Алтын Глобус») ие болды.

Мәскеу қаласында «Мәскеулік тұсаукесер» атты достастық елдері арасындағы халықаралық кинофестивальдің негізгі байқауына қатысқан Эмир Байғазиннің «Өзен» фильмі байқаудың Бас жүлдесіне қол жеткізді. Одан бөлек, осы фестивальде жұмыс істеген киноклубтардың халықаралық қазылар алқасы отандық фильмге «Үздік толықметражды фильм» («Мағынасының тереңдігі, ауыспалылығы және поэтикасы үшін») жүлдесімен марапаттады.