998
Жат жұрттағы «жақсы» жалақы жайлы өмір сүруге жете ме?
Жат жұрттағы «жақсы» жалақы жайлы өмір сүруге жете ме?
Интернетте жұмыс күшін қажет ететін елдердің жарнамасы жер жарып тұр. «Германияда жоғары білімді мамандарға жалақыны жақсы төлейді екен», «Кореяда дипломсыз-ақ зауыттарда жұмыс істеп, айына 700-800 мың теңге табуға болады екен», «Америкада күреп ақша табуға болады екен» дегенді жиі естіп жүрміз. Бірақ шетелде жалақы қаншалықты жоғары төленсе де, өмір сүрудің де соншалықты қымбат тұратынын ескере бермейміз.
Елімізден Корей еліне қара жұмысқа аттанып жатқан отандастарымыз көп. Заң бойынша Қазақстан азаматтары Оңтүстік Кореяда бір ай көлемінде визасыз жүре алады. Көпшілігі осы мүмкіндікті пайдаланып жұмыс істеуге қалып, заңсыз мигранттар санын көбейтіп отыр. Былтырғы жылдың есебі бойынша бұл елде 19 мың қазақстандық ресми тіркеліп жұмыс істеп, оқу оқып, саяхаттаған. Ал заңсыз барған отандастарымыздың саны 12 мыңға жуықтапты. Жоғары жалақы үшін отандастарымыз тіпті заң бұзушылыққа барудан қымсынбайды екен. Өзге елден нан тауып, елімізге ақшалы боп оралып, тұрмысын түзеп алған отандастарымыз да баршылық. Бірақ ақшаның оңай жолмен келмесі анық.
Сананы тұрмыс билесе...
Адам баласына өмір бір рет беріледі десек, кей жандар қолдағы барына разы болып, «өзге елде сұлтан болғанша, өз елінде ұлтан болуды» ойлайды. Ал енді бірі тәуекелге бел буып, тіпті өзі көрмеген, білмеген елге қоныс аударып жатады. Өйткені саналы адамның барлығы жақсы өмір сүру, жайлы тұрмыс кешуді армандайды. Бір қызығы, қолында дипломы бар мамандарымыздың өзі шетелде қара жұмыс істеп ақша табуға ынталы. Неге? Өзінде жоқ жағдайды өзге елден іздеген отандастарымыздың саны аз емес. Жыл сайын 40 мыңға жуық қазақстандық шетел асады екен. Әлеуметтанушылар қазақстандықтардың шетелге кетуінің бірнеше себебін атап көрсетеді. Ең әуелі, отандастарымыз көбінесе тұрғын үй алу үшін, өзінің әлеуметтік жағдайын жақсартып, балаларының молшылықта өмір сүруі үшін шетелге кетеді екен. Екіншіден, шет тілін меңгеріп ары қарай оқып білім алу мақсатында кетеді. Үшіншіден, негізінен, елімізде өзін көрсетіп, таныта алмағандықтан шетелге кеткісі келеді екен. Ал кейбірі шетелге жұмыс істеп, еліміздегі отбасын асырау үшін барады. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі біздің отандастарымыз көп ретте шетелде дипломатиялық пункттерге консулдық есепке тұрмайтындығын және шетелде қандай жұмыспен айналысып жатқанын хабарламайтынын алға тартады. Әдетте қазақстандықтарда мұндай жағдай жұмыс берушімен немесе құқық қорғау органдарымен қиындықтарға байланысты болады екен. Әлеуметтік желілер мен веб-ресурстарда Шығыс және Орталық Еуропа, Балтық жағалауы елдеріне жұмысқа шақыру туралы жарнамаға толы. Әдетте жеміс-жидек, көкөніс пен гүл жинаушы, фабрикалар мен зауыттардағы тауарларды сорттаушылардан бастап, үйренуге көп уақыт пен ресурсты қажет ететін дәнекерлеуші, тас қалаушы, темір ұстасы, металл жонушы сынды біліктілігі бар мамандар да сұранысқа ие болып отыр.Біз білмейтін кедергі
Бүгінде нарықта қазақстандықтарды шетелге жұмысқа орналастыру бойынша көптеген компаниялар өз қызметін ұсынып отыр. Сол компаниялардың бәрі бірдей сізді қалаған еліңізге шығарып, жұмыс тауып бермейді. «Шетелден жақсы жұмыс тауып беремін» деп сіз берген қомақты қаржыны қалтасына басып, ұстатпай кететін алаяқтар көп. Тіпті, сіздің берген ақшаңызға шетелден жайлы жұмыс тауып берсе де, сіз ол жақта заңсыз жұмыс істейсіз. Яғни еңбек қызметін жүзеге асыруға арналған визаңыз болмағандықтан сіз ыдыс жуушы, үй жинаушы сынды қара жұмыс істеуге мәжбүр боласыз. Шетелден жұмыс тауып беретін компанияларға күніне 20-30 отандасымыз көмек сұрап бас сұғады екен. Бірақ сол келген адамның тең жартысынан астамы алда өздерін не күтіп тұрғанынан бейхабар көрінеді. Еңбек қызметін жүзеге асыруға арналған визаны алу үшін және көшу үшін не қажет екенін, оларды алда қандай кедергілер күтіп тұруы мүмкін екенін айтып түсіндіре бастағанда барып райынан қайтатындар бар екен. Мамандар адамдардың бұлай шетелге қарай ағылып, жайлы жұмыс іздеуінің бір себебі – сол елдер туралы интернеттен көретін «жұмақ өмір» жайлы көріністер дейді. Сонымен шетелде жұмыс істеймін деген отандастарымызды алда қандай біз білмейтін кедергілер күтуі мүмкін? Қазақ «бірінші байлық – денсаулық» деп бекер айтпаса керек. Адам темір емес, тірі ағза болған соң ауырмай тұрмайды. Оның үстіне шетелдің климаты сізге бірден жаға қоюы екіталай. Біздің елдегідей ауырсаңыз дәрігерге көріне салып, жазып берген дәрісін оңай ала салмайсыз. Ауырсаңыз, кәсіби біліктілігі жоғары маманның көмегіне жүгіну үшін ең әуелі медициналық сақтандыру қажет. Сіз медициналық сақтандырусыз барсаңыз да медициналық қызметті пайдалана аласыз, оған құқыңыз бар. Бірақ қызмет ақысын өз қалтаңыздан төлейсіз. Еуропа мен Америка елдерінде сақтандырусыз бір дәрігерге қаралудың өзіне қомақты қаражат жұмсауға тура келеді. Екіншіден, сіз тұрғылықты жеріңізге жалақыңыздың едәуір бөлігін жұмсайсыз. Мысалы Оңтүстік Кореяға барған жұмысшыларға жұмыс беруші жатақханадан орын ұсынады екен. Бірақ жатақхананың жайы белгілі, ол жерде тұрмаймын десеңіз, қалтаңыздан ақша шығарып пәтер жалдауыңызға тура келеді. Ал бір бөлмелі пәтер құны 120-150 мыңның шамасында. Бірнеше адам болып бір пәтерді жалдауға да болады, бірақ үй иесі сізден кепілге 500 доллар қоюды талап етеді. Егер үй ішіндегі жиһаз бен техникаға қандай да бір залал келсе, әлгі кепілге қойған ақшаңыздан төлейсіз. Бір қызығы, елден жырақта жұмыс істеуге бел байлаған отандастарымыздың арасында заңсыз түрде болмашы жалақыға жұмыс істеуге кететіндер де бар екен. Заңсыз мигрант болып, жасырынып-жасқанып аз ақшаға жұмыс істегеннен өз еліңде тең құқықты өмір сүргенге ештеңе жетпейді. P.S. Шетелдіктер өзгермелі қоғамға барынша бейімделген. Мысалы, Америкада адамдар жасы егде тартса да, үнемі ізденіс үстінде болады. Бәсекеге қабілетті болу үшін халықаралық сертификаттар алуға тырысады. Жер ортасына келгенде екінші мамандық алып жататындар көп. Осылайша бір-бірімен байланысты бірнеше мамандықты игеру арқылы сұранысқа ие маманға айналады. Нарыққа қажеті жоқ беделді мамандықты таңдағаннан, сұранысқа ие маман болған әлдеқайда тиімді болмақ.