323
Алмас Арзықұлов: Ысырапқа жол бермей, ырысты арттырамыз десек...
Алмас Арзықұлов: Ысырапқа жол бермей, ырысты арттырамыз десек...
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысып, еліміздің экономикалық һәм әлеуметтік тұрғыдан дамуын саралаған болатын. Аталған жиында Президент нақты тапсырмаларды да жүктеді. Осы отырыста көтерілген мәселелер турасында Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының жетекші ғылыми қызметкері Алмас Арзықұловпен аз-кем тілдескен едік.
– Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент айтқан қандай мәселелерді ерекше атап өтер едіңіз?
– Үкіметтің кеңейтілген отырысында бірінші кезекте Қазақстанның экономикалық жағдайына баса назар аударылды деп айтуға болады. Негізінен, 2020 жылғы даму мүмкіндігімізге байланысты көп мәселе айтылды. Оның ішіндегі ең маңыздысы – макроэкономикалық ахуалдың тұрақтылығы. Ал ол тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік беретін «Индустриалды-инновациялық даму», «Бизнестің жол картасы», «Өңірлерді дамыту», «Денсаулық сақтау» сынды бағдарламаларды жүзеге асыру барысы сөз болды.
Сондай-ақ сүт өнімдерін дайындау бойынша бұрын қабылданған бағдарламадағы регламенттің көнеріп кетуіне байланысты Еуразиялық экономикалық одақ ішінде сәйкессіздіктер пайда болғаны айтылды. Соған қатысты маңызды мәселелердің бірі Президенттің «алдағы уақытта қол қойған құжаттар барысында біздің ұлттық мүддемізді есепке алу маңызды болуы керек» деп айтқаны. Демек, қандай да бір өзіміздің мүддемізге қайшы келетін құжаттарға ойланып қол қоюымыз қажет.
Сонымен қатар экономиканы тегін және күрделі реформалау мәселесі де сөз болды. Демек, экономиканы жаңа заманға сай іргелі өзгерістерге ұшыратуымыз керек. Экономика саласында цифрландыруды күшейту, сандық жүйеге көшу қажеттігін де атап өтті. Айта кетейік, «Бәйтерек» ұлттық холдингінің даму жоспары бойынша елдегі шикізаттық емес өндірісті күшейтуге баса мән береміз деген еді. Бірақ олардың бұл жоспары бүгінге дейін орындалмай келеді. Президент осы мәселені баса айтып, біз бірте-бірте тек шикізат сатып қана емес, одан дайын өнім шығаруға мән берудің маңыздылығына тоқталды.
Бұдан басқа, қаржы саясаты және сол саладағы жағдайды түзету, қаржылық сауаттылықты көтеру жайы сөз болды. Осы ретте ысырапшылдыққа жол бермеу мәселесі көтерілді. Бұл – өте маңызды мәселе. Президент өз сөзінде биылға жоспарланған Абайдың 175 жылдығын қатардағы тойлар секілді асып-тасыған думанмен ерекшелеуден аулақ болуға шақырды. Яғни, асып-тасудың орнына Абай мерейтойының пайдалы жақтарын ескеруге баса назар аударуды сұрады. Әсіресе, ғылыми жағына баса мән беру тапсырылды. Абайдың шығармаларын шет тілдеріне аударуды да міндеттеді. Сонымен қатар әрбір бөлінген қаражаттың ел мүддесіне жұмсалуы қажеттігін айтты. Мемлекет басшысы қазақстандықтарға қымбат көліктерді, жиһаздарды сатып алмауды ұсынды. Яғни, шығындарды оңтайландыру қажеттігі ескертілді.
– Еңбек нарығындағы қажеттілікті ескеру туралы сөз болды. Сұранысқа сай мамандар дайындау жайында ойыңызбен бөліссеңіз...
– Қазір заман өзгеріп, технология дамыған сайын қоғамға қажетті мамандықтардың түрі де өзгеріске ұшырауда. Бүгінгі күні электронды саудаға деген сұраныс жоғары. Мәселен, Президент жиында Alibaba сияқты электронды сауда ұйымының қаншама қытайлықты жұмыспен қамтып отырғанын атап өтті. Мемлекет басшысы айтқандай, біздің елде де осындай жұмыс орындарын ашу керек. Қазақстанда да жаңа заманға байланысты жаңа мамандықтар пайда болуы тиіс. Осыған байланысты сұранысқа сай мамандарды әзірлеуге баса мән беру тапсырылды. Бұл ретте жоғары оқу орындарының қоғамға қажетті мамандарды дайындауы үшін еңбек нарығындағы ахуалды саралауы керек.
– «Ғылымды қаржыландыру ісі тиімді болуы керек әрі оның экономикалық қайтарымы болуы тиіс», – деді Президент. Бұл туралы сіздің пікіріңіз қандай?
– Білім мен ғылым саласы, бұл саланы қаржыландыру мәселесі қай кезде де өзекті тақырып. Сондықтан Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы да бұл мәселені айналып өткен жоқ. Президент өз сөзінде қазіргі уақытта білім беру саласына көп көңіл бөлініп, «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғанын, ұстаздардың жалақысы көтерілгенін, ғылымға бөлінген қаржының 1,5 есе көбейгенін атап өтті. Дегенмен мұның бәрінің қайтарымы болуы керектігін де қадап айтты. Яғни, ғылым саласында ғалымдар ашқан жаңалықтың коммерциялық жағы да ескерілуі тиіс. Бұл дегеніңіз ашылған жаңалықтың қоғамға қандай пайдасы бар екенін саралауға келіп тіреледі.
Қазіргі уақытта жоғары оқу орындарында аттестация жүріп жатыр. Тікелей ғылымға салынған қаражаттың қайтарымы болуы үшін жоғары оқу орнын бітірген түлек жұмысқа орналасып, мемлекетке пайда әкелуі тиіс.
– Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден әкелінген автомобильдерді тіркеу мәселесі туралы не айтасыз?
– Қоғамда біршама дау туғызған тақырып – Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден әкелінген автокөліктер мәселесі. Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында аталған даулы мәселеге нүкте қойды деп айтуға болады. Мұның әлеуметтік жағдайға қаншалықты әсер ететінін түсініп, автокөліктерді бірден айыппұл тұрағына қою емес, көлік иелеріне 1 жыл уақыт беруге шешім қабылдады. Яғни, уақытша тіркеуге отырып, келесі жылға дейін осы мәселені шешуге мүмкіндік берілді. Ал Бас прокуратураға «Мәселені шешу үшін Үкімет бір ай ішінде бір реттік тәртіппен 2020 жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша Қазақстан азаматтарының ЕЭО-дан жеке пайдалану үшін әкелінген автокөліктерді уақытша тіркеуді қамтамасыз етуі керек» деген тапсырма берілді. Бұл шешім Президенттің қоғамдағы түйткіл мәселелерді әрдайым назарында ұстайтынын көрсетті. Өйткені көліктерді қазақстандық тіркеуден өткізу немесе шетелге қайтаруға бір жыл мерзім берілуі автокөлік иелері үшін үлкен мүмкіндік.
Ал ЕЭО мүше елдерінен көлік сатып алған жүргізушілер бір жыл ішінде қажетті қаржыны тауып, тіркеуге тұрғыза алмаса, автомобильді шетелге қайтадан қайтаруға және бөлшектеп сату арқылы шығындаған қаржысын қайтарып алуға құқылы.
Бұл мәселе қайдан туындады? Қазақстанның жол ережесіне байланысты кез келген шетелдік көлік елімізге келген жағдайда 10 күннің ішінде тіркеуден өтуі қажет. Олай болмаған жағдайда бұл заңбұзушылық болып есептеледі. Мұның бірінші кезекте экономикалық зияны бар, қалада жүрген көліктерге ешқандай салық салынбайды, айыппұл төленбейді. Бұл біздің инфрақұрылымға күш түскеннен, олардан еш пайда келмейді деген сөз. Сондықтан шетелден келген көліктер мәселесін шешу күн тәртібіндегі маңызды мәселеге айналған.