Әлібек Ыдырысұлы: Қандастарға кеңес беретін орталық ашылуы керек

Әлібек Ыдырысұлы: Қандастарға кеңес беретін орталық ашылуы керек

Әлібек Ыдырысұлы:  Қандастарға  кеңес беретін орталық ашылуы керек
ашық дереккөзі
Еліміз бойынша әр салада­ғы бі­­­лікті, білімді жас­тарды ын­та­лан­ды­рып, бо­лашақ көш­бас­шы­лар буынын қа­лыптастыру мақсатында Пре­­зиденттік жас­­тар  кадр­лық ре­зервіне 300 азамат енген болатын. Оның ішінде шетелден та­рихи Отанына қо­ныс ау­дар­ған қандастарымыз да бар. Бірне­ше ке­зеңнен тұра­тын сынақтан сүрінбей өтіп, жастар кадрлық ре­зер­віне кірген Әлібек Ыдырысұлы жақында әл-Фараби атын­­дағы Қазақ ұлттық университетіндегі Биомедици­на ғы­лыми-зерттеу орталығының директоры қыз­ме­тіне кірісті. – 2000 жылдардың басында ата­жұртқа қоныс аудардыңыз. Елге оралу үдерісі қалай жүр­ді? – Осыдан тура 15 жыл бұрын дәл осы мезгілде Қытай Халық Рес­пуб­ликасының Күнес ауданы Бестөбе ауылы Қарашоқы қыс­тау­лы­ғында жалғыз өзім жылқы отарла­тып жаттым. Бар ермегім кі­тап пен радио болатын. Сондағы асыға күтетінім – Азаттық радиосынан кешкілік уақытта берілетін жаңалықтар. «Қазақ елінде қандай жаңалық болып жатыр екен?» деп радионы барынша құлаққа тосатынмын, өйткені сигнал өте нашар еді. Бұл 2003 жылы менің орта мек­тепті бітіріп, өзім оқуға түскен Шың­жаң Ауылшаруашылық уни­вер­ситеті Орман институтына барудан бас тартып, Қазақстанға кетем деп жүрген кезім еді. 1997 жы­лы 13 желтоқсанда алғашқы құ­қықтық құжат Қазақстанның «Халықтың көші-қоны туралы» қа­былдаған заңы оралмандардың құ­қықтық мәртебесін жан-жақты анық­тады. Ал Елбасы Н.Назарбаев­тың көші-қон саясаты­ның арқа­сын­да 2000 жылдары қазақ көші жан­дана бастады. Біздің ауылдан ел­ге көшкен туыстар мен оқуға кет­кен таныстар көбейді. Менің де ата­жұртқа аңсарым ауды. Сонымен бір­неше рет шақырту алдырып, ағам  Шалғын Ыдырысұлының ті­ке­лей қолдауымен 2005 жылы ата­жұртқа ат басын бұрдым. Сол жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың дайындық курсына оқу­ға түсіп, кейін биология маман­ды­ғын үздік аяқтадым. Студент кезде қар­жы жағынан қатты қиналдық, түрлі жұмыс істедік, бірде аш, бірде тоқ жүрдік. Алайда рухани тоқ­тық­ты жоғалтпауды мақсат тұттық. Бос уақытта кітапханада оқумен жә­не тұлғалармен кездесу кеште­рін­де өткізуге күш салатынбыз. Ғы­лым жолына бет бұруды көздеп, гео­ботаника мамандығы бойынша ма­гистратурада оқып, ғылыми жұ­мы­сымды докторантурада жал­ғас­тыр­дым. Содан бері ғылыми және оқы­тушылық қызметтемін. 2010 жылдан бастап әке-шешем мен туыстарымды көшіре бастадым, көш әлі жалғасуда. Амал нешік, барлық ауылдасты көшіріп бо­лып, соңынан өзім барам деп, осы елдегі туыстың жағдайын жасап беріп, жолға салып жүрген ағам бел­гісіз жағдайда қайтыс болды. Осы қайғы қабырғамызға батып отыр. Алланың ісі дегеннен басқа ша­ра жоқ... – Әдетте жастар ғылым жо­лы­нан гөрі табысы көптеу өзге салаларды таңдап жатушы еді... – Алғаш бакалаврға оқуға қа­был­данғанда да, магистратура ке­зін­де де талай рет оқуды тастап, ақ­шаны көбірек табатын басқа са­лаға кеткім келді. Бірақ бала кез­дегі арманым генетикалық жаңа­лық ашу болатын. Сол арманымнан адасқым келмеді әрі ағам Шалғын ғылым жолында қалуымды талап етті. Себебі саяси жағдайларға (тап­тық күрес, мәдениет төңкерісі) бай­ланысты біздің ауылдан жоғары бі­лім алып, ғылыми жұмыспен ай­налысқан адам жоқтың қасы еді. Ағам ауыл әкімі болғандықтан, кейін­гі буынды осылай ынталан­дыр­ғысы келген болу керек. Сонымен бірге, менің биология факультетіндегі ұстаздарым, әріптестерім және бірге оқыған курстастарым маған сенім білдіріп, қолдау жасады, шетке қақпады, ішке тартты. Білгендерін үйретіп, қателіктерімді кешіріп, кемшіліктерімді түзетіп, қуаныш пен қайғымда қасымнан та­была білді. Мен үшін үлкен же­тістік Абай атамыз айтқандай, дү­ние­ге бір кірпіш болып қалану, елі­міздің дамуына аянбай еңбек ету. Президенттік жастар кадрлық резерві конкурсына қатысуымның тағы бір себебі ауылда туған немесе шетелден мен секілді елге оралып жатқан қарапайым қазақ ба­ла­ларына өз жетістіктерім арқылы күш-жігер беру болатын. Президенттік жастар кадрлық резерві елге қызмет етіп, Қазақстанды да­мытуға үлес қосуға себепкер болып отыр. – Ғылыми жұмысыңызды ауыл шаруашылығы бойынша қорғадыңыз. Нәтижесі қандай болмақ? – Өзім ауыл шаруашылығы са­ласы бойынша «Қазақстанның бо­лашақ фермерлері» деп аталатын жо­бамды қорғап, елімізде ауыл шаруа­шылығын дамыту бойынша өз идеямды ұсындым. Осы жоба ая­сында еліміздің ауылшаруа­шы­лық саласын терең зерттедім және оны  SWOT талдау арқылы көр­сет­тім. Бұл жобаның негізі идеясы са­рапшы мамандар айтып жүрген­дей, еліміз тек ауыл шаруашылығы саласымен ғана әлемдегі қуатты ел­дердің біріне айнала алады. Бұ­ған географиялық жағдайымыз, табиғи биоресурстық мүмкіндігіміз, тәжірбиелі тарихи дәстүріміз және халықтың бұл салаға бейімділігі негіз бола алады. Тек біз жер-су қа­­­тынастарын реттеп, халыққа ауылшаруашылық жағынан ағарту жұмыстарын жүргізіп, ғылым мен техниканы осы салаға барынша бейімдеп, пайдаланса жетіп жатыр. – Президенттік жастар кадр­лық резервінен өткен соң, сізге бірнеше таңдау мүмкіндігі бе­ріл­ді. Биомедицина орта­лы­ғы­ның директоры қызметін қан­дай себеппен таңдадыңыз? – Иә, маған резервтен кейін көп­теген ұсыныс түсті, әлі де түсіп жатыр. Басым көпшілігі аудан әкімінің орынбасары, министрліктегі департамент директоры, қа­лалардағы басқарма басшысы сынды қызметтер. Бұл жұмыс­тар­дың маған ұсынылу себептері осы конкурстың әлеуметтік-эконо­ми­калық саланы дамытуға бейімделіп жа­салғандығынан болса керек. Өзім жұмыс істеген биофизика және биомедицина кафедрасы жа­нынан былтырдан бастап биомедицина мамандығына бакалавр, магистратура және PhD докторантура бойынша студенттер қабыл­дай бастадық. Енді сол студентте­рімізге заманауи ғылыми-техни­ка­лық база керек. Қазіргі кезде био­ме­дицина әлемдегі алдыңғы қатар­дағы болашақтың мамандығы. Елімізде бұл сала әлі артта қалып отыр және осы салаға қатысты ба­ғыт­тар жеке дамып жатыр. Биомедицна өз ішіне профилактикалық іс, өмір салты, дұрыс тамақтану, им­мунология, гендік анализ, хрономедицина, медициналық биофизика, фитотерапия, биомассаж т.б. көптеген саланы қамтиды. Елбасы Н.Назарбаевтың 2018 жылғы Жолдауында елімізде биомедицина саласын дамыту туралы атап өткен болатын. Енді міне, Кадрлық резерв арқылы бізге мүмкіндік беріліп отыр. Бұл орталық биология және биотехнология факультеті, «Дәрілік өсімдіктерді» ғылыми-зерттеу ор­талығы, Smart Health диагнос­тика­лық орталығы секілді мекемелермен бірлесе жұмыс істейтін болады. Болашақта биомедицина институтын ашу ойымызда бар. Өйткені соңғы онжылдықта Нобель сый­лығы иегерлері осы саладан шығып жа­тыр. Аталған саланы дамыту ха­лықтың денсаулығын жақсартуға және ғылым мен білімді дамытуға негіз бола алады. – Қандастарымызға құжат жи­науға көмектесумен айналы­са­­ты­ныңыздан хабардармыз. Осы ретте газет оқырманына қандай кө­мек ұсынатыныңыз тура­лы ақпа­рат берсеңіз. – Осы күнге дейін көптеген қан­дас іні-қарындастар іздеп келіп, оқуға түсу бойынша ақыл-кеңес сұрап, тиісті көмек  алып жүр. Ме­нің WeChat желісінде аккаунтым бар, бірнеше жылдан бері онда Қа­зақстанға оқуға түсуге бай­ла­нысты конкурстардың рет-тәртібі, қажетті құжаттар бойынша тиіс­ті ақпараттар жазып келемін. Мы­са­лы, былтырдан бастап аза­мат­тығы жоқ шетелдік қандастар жалпы конкурсқа қатыспай, тек министр­ліктің Enic-Kazakhstan, Болон процесі және академиялық ұтқыр­лық орталығы жариялаған кон­курс бойынша грантқа оқуға тү­сетін болды. Менен ақпараттық кө­мек сұраған талапкерлердің 5-уі қа­зір еліміздің жоғары оқу орында­рында тегін білім алуда. Бүгінде бізде қандастарды са-уаттандырып, уақытылы хабарландыру беріп отыратын орталық не ақпарат көзі жоқ, болса да кейін басқа бағытта жұмыс істеп кетеді. Осындай орталық ашу қажет. Биыл қаңтар айынан бастап шетелден келген қонақтар туралы үй иесі 3 күн ішінде жергілікті көші-қон по­лициясына хабарлау керектігі туралы ереже шықты. Жұрттың көбі хабарсыз болғандықтан заң бұзға­ны үшін деп жауапкершілікке тар­тылып жатыр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласында қандастар мәсе­лесі бойынша «Отандастар қорына» ұсыныстарымды айтқанмын. Биыл көші-қон жанашырларымен бірігіп осындай қандастарға арналған бірнеше тілдегі ақпараттық сайт құрсақ деген жоспарымыз бар. Сол арқылы волонтерлік қызмет көр­сетпекпіз. Әсіресе, көшті солтүс­тік­ке бағыттау және солтүстік өңір­лер­д­і дамыту бойынша. Өзімнің ойға алған жобам бар, оны алда тиіс­ті мекемелерге ұсынатын боламын.