313
Экономикаға түбегейлі реформа қажет
Экономикаға түбегейлі реформа қажет

Өткен аптаның соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Министрлер кабинеті мен облыс әкімдерінің басын қосып, Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді. Екі жарым сағатқа созылған жиында өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері сараланып, осы жылдың басым бағыттары айқындалды. Президент 2019 жылдың нәтижелері бойынша Үкімет жұмысының жетістіктерін жіпке тізіп, кемшіліктерін көрсетті. Мақтау естігені бар, ескерту алғаны және бейтарап қалғаны бар – министрлер мен әкімдердің қай-қайсысы да жауапкершілік жүгі артқанын түсінгендей.
Жаңа экономикалық бағыт қажет
Жиында әуелі өткен жылды қорытындылаған Мемлекет басшысы еліміз былтыр жақсы нәтижелерге қол жеткізгенін, экономикалық өсім 4,5 пайызды құрағанын алға тартты. Елімізде бірқатар маңызды бағдарлама қабылданғанын, сайлау алдындағы бағдарламаны және Жолдауды жүзеге асыру үшін Парламент пен Үкімет үйлесімді жұмыс атқарғанын атап өтті. 2019 жылы әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған бірқатар заңнама-лық акті қолданысқа енді. «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Экономиканы дамыту және бизнеске қолдау көрсету мақсатымен түрлі тек-серістер жүргізуге мораторий енгізілді. Шағын және микро бизнес салықтан босатылды. Десе де, Президент экономикалық дамудың сапасына қатысты әлі де шешілмеген мәселелер жеткілікті екенін айтып, Үкіметтің мүлт кеткен тұстарын көрсетті. – 2019 жылдың 11 айында ішкі жалпы өнімдегі несие портфелінің көлемі 23 пайыздан 22 пайызға төмендеп кетті. Бұл экономиканы несиелендіруді тежейді. Өткен жылы біз Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде инфляция деңгейі бойынша «чемпион» болдық. Ең- бек өнімділігінің айтарлықтай артпауы – үлкен мәселе. Бұл – проблема. Шикізат экспортының үлесі жай өсуде, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел алдына қойған мақсаты мен мін-деттері өзгермейтінін, бұған дейін қолға алынған бағдарламаларды жүзеге асыру жалғаса беретінін айтқан Мемлекет басшысы Үкімет экономиканы түбегейлі реформалайтын жан-жақты бағдарлама дайындауы керек деген ұстанымын да аңғартты. – Бізге негізгі проблемаларды нақты пайымдайтын және оның шешу жолдарын қарастыратын жаңа экономикалық бағыт қажет. Реформа жасау үшін ерік пен жігер керек екені белгілі. Мен Үкіметті осыған шақырамын. Әзірге мемлекеттік аппарат көптеген нормативтік актіге алаңдап, ведомствоаралық келісім керек деген сылтаумен маңызды шешімдерді баяу қабылдап жатыр. Халықаралық бәсекелестік артып, халық әділетті талап қойып отырған қазіргідей кезеңде бұлай жұмыс істеуге болмайды. Реформаларды тізеге басып отырып жасау керек, – деп мәлімдеді Президент.Қымбат көліктер сатып алуға тыйым салынды
Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасы бойынша имидждік шараларға бөлінетін қаржы қысқартылды. Осының арқасында 30 миллиард теңге оңтайландырылды. Мұндай тиімсіз шығындарды анықтау шаралары квазимемлекеттік секторда да жүргізілмек. – Үкіметке осы жылдың 1 мамырына дейін жұмыс нәтижелерін баяндауды тапсырамын. Маңыздылығына сәйкес кейінге қалдыруға болатын шығындарды анықтауы қажет. Соның бастамасы ретінде қымбат көліктер мен жиһаздарды сатып алуға, түрлі форумдар, семинарлар мен конференциялар өткізуге ұзақмерзімді мораторий жариялауды ұсынамын. Елімізде өтетін шаралар практикалық және идеологиялық тұрғыдан нақты пайдалы болуы тиіс. Ысырапшылдыққа жол бермеу керек. Шығыстар орынды болуы қажет. Бөлінген қаражат елдің мүддесіне қызмет еткені жөн, – деді Мемлекет басшысы. Мемлекет басшысы ішкі нарықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Үкіметке 2025 жылға дейінгі Сауда саясатының бағдарламасын әзірлеуді, Сертификаттаудың ұлттық жүйесін дамытуды, Ұлттық стандарттарға се-німді арттыруды, сондай-ақ «Техникалық реттеу туралы» заң қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ жобаларды еселеп қымбаттату үрдісі жалғасып жатқанын, құрылыс құнының сметасын жасауда түйткілдер бар екенін ескертті. – Мемлекеттік органдардағы сатып алулардың 49 пайызына дейін және квазимемлекеттік сектордағы сатып алулардың 70-тен 90 пайызына дейін бір көзден жүзеге асырылады. Сатып алу барысында ерекше жағдай деп белгілеп, оны ең төменгі шекке дейін жеткізіп, бәсекенің болмауына негізделген тәсілдерді қысқарту керек. Мысалы, 8 өңірде жеткілікті түрде жеке тасымалдаушылары бар муниципалды автопарктер құрылған. Үкімет қалалық жолаушылар тасымалы саласында тәртіп орнатуға міндетті. Бұл – маңызды әлеуметтік мәселе. Орындауға екі ай уақыт беремін, – деп қадап айтты Президент.Жалақы теңсіздігі жойылады
Мемлекет басшысының айтуынша, 2019 жылы әлеуметтік қолдау мақсатындағы шығын 3,5 триллион теңгені құраған. Бұл жалпы бюджеттің 30 пайызы. Әлеуметтік қорғау шаралары шамамен 4 миллион адамды қамтыды. «Бақытты отбасы» және «7-20-25» бағдарламалары бойынша 20 мыңға жуық қазақстандық отбасы займ алды. Президенттің пікірінше, алдағы уақытта тұрғын үй салу мәселесі Үкімет жұмысының басым бағыты болуы тиіс. – Үкімет азаматтарды кәсіпкерлікке баулу үшін «Бастау» жобасын жүзеге асыруды жалғастыруы тиіс. Үш жылдың ішінде 90 мыңға жуық адам бизнес-жобасын ұсынды. Бірақ соның үштен біріне ғана қаржы бөлінген. Осы бағдарламаны уақтылы әрі толық қаржыландыруды қамтамасыз ету қажет. Еңбек заңнамасын сақтау, Қазақстан және шетел жұмысшыларының жалақысына және еңбек жағдайына қатысты теңсіздікке жол бермеу мәселесін де бақылауда ұстау керек. Биыл бірінші қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы енгізілді. Олқылықтар жойылды, негізгі мақсат балаларға жүйелі қолдау көрсету болып отыр. Бірақ әлі күнге дейін нақты ұстаным жоқ. Жағдайдың ыңғайына қарай жүріп келе жатырмыз. Үкімет әлеуметтік саладағы заңнаманың жоқ-жітігін түгендеуі, яғни инвентаризация жүргізуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент зейнетақы аударымындағы қаржының бір бөлігін тұрғын үй алуға және басқа да қажеттіліктерге пайдалану жайына тоқталып, бұл маңызды мәселені шешудің алғашқы қадамы жасалғанын айтты. – Мұндағы мақсат – барлық жиналған қаражатты қазір бөліп беріп, адамдарды қартайғанда лайықты зейнетақысыз қалдырмау. Еңбеккерлердің жұмыс берушілерден зейнетақы жарналарын төлеуін талап етуі үшін ынталандыру тетіктерін ойластырып, еңбекақы төлеуде ашықтық қалыптастыру қажет. Үкімет пен Ұлттық банк бұл реформаны жүзеге асыруды бастайды. Осындай мүмкіндік берілетін азаматтардың қатарын біртіндеп көбейте беру керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Білім мен денсаулық – басты назарда
Білім беру және денсаулық сақтау саласын дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. 2019 жылы білім беру саласында маңызды құжаттар қабылданды. Атап айтқанда, «Педагог мәртебесі туралы» заң және Білім мен ғылымды дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы қолданысқа енді. Мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға көбейді. Білім және ғылым министрлігі білім беру бағдарламаларын жаңартуға, сондай-ақ жоғары оқу орындарының академиялық дербестігін арттыруға ден қойды. Алайда бұл салада шешімін күткен мәселелер аз емес. Президент солардың негізгілерін атап, министрлікке нақты тапсырмалар берді. – Қазіргі таңда елімізде білікті ұстаздардың тапшылығы айқын сезіліп отыр. Мамандардың жасы ұлғайған сайын олардың орнын басатын лайықты мұғалімдер жетіспей жатыр. 338 мың мұғалімнің 27 пайызы – зейнет жасына жақындаған және жеткен азаматтар. Мұғалімдерді даярлайтын жоғары оқу орындарына көбінесе үлгерімі нашар түлектер барады. Олардан кәсіби деңгейі төмен маман шығатыны осыдан. Мемлекет тарапынан тиісті өкілеттік берілді, қажетті ресурстар бар. Сондықтан қалыптасқан жағдайды түбегейлі өзгертуіміз керек. Бізге жаңа талаптарға сай мұғалімдер даярлайтын жоғары оқу орындары қажет. Диплом сатып, жоғары білімнің беделін түсіретін жекеменшік оқу орындарынан біржола құтылу керек. Бұл мәселені осы жылы шешуіміз қажет, – деді Мемлекет басшысы. Министрлікке жүктелген тағы бір маңызды міндет – балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Соңғы жылдары балаларға зорлық-зомбылық көрсету жағдайлары көбейгені белгілі. Президент министрлікке Үкіметтік емес ұйымдармен және сарапшылармен бірлесіп, мұндай теріс үрдістің алдын алу үшін шаралар қабылдауды тапсырды. Балабақшалар мен мектептерді биыл 100 пайыз бейнебақылау камераларымен жабдықтауды міндеттеді.Шетелдік автокөлік әкелу ел заңнамасын бұзбауы тиіс
Мемлекет басшысы Үкіметті әлеуметтік және экономикалық қатерлерге жол бермеу үшін өз бастамаларын мұқият әзірлеуге шақырды. Оның айтуынша, мемлекеттік органдардың шешімдері азаматтар тарапынан жиі сыналады, кей жағдайларда, тіпті халықтың ашу-ызасын тудырады. Бүгінде Қазақстанға Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден әкелінген автомобильдерге қатысты проблема қоғам назарын аударды. – Елімізге әкелінген мұндай автомобильдердің көпшілігі тіркеуге қойылмайды. Ондай көліктер саны – ондаған мың. Бас прокуратураға қалыптасқан жағдайға байланысты құқықтық баға беруді тапсырамын. Аталған мәселені шешу үшін Үкімет Қазақстанға Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден 2020 жылдың 1 ақпанына дейін әке-лінген автомобильдерді бір айдың ішінде бір реттік тәртіппен уақытша тір-кеуді қамтамасыз етуі қажет. Бұл автокөліктерді тіркеу 2021 жылдың 1 наурызына дейін жалғасады. Бұл ретте азаматтар тіркеу алымдары мен мемлекеттік баж салығын төлеуі тиіс. Уақытша тіркеу автомобильдердің меншік құқығынан шығарылмай, басқа тұлғаның пайдалануына немесе басқаруына берілмей жүзеге асырылуы тиіс. Автокөлік иелері 2021 жылдың 1 наурызына дейін кедендік баж салығын және автомобильді тұрақты тіркеуге қою немесе елімізден шығару, сондай-ақ заңнама жүзінде тыйым салынбаған басқа да іс-қимылдарды жүзеге асыру кезінде салынатын утилизация алымын төлеуі тиіс, – деді Қазақстан Президенті. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке бұдан былай ел заңнамасын бұза отырып шетелден автокөліктердің әкелінуіне, пайдаланылуына шектеу қоюды тапсырды.Міндетін атқара алмағандар орын босатады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық баяндаманы тыңдап болған соң ешкімге сөгіс немесе ескерту жарияламағанын, Үкімет мүшелері мен әкімдерге жіберген кемшіліктерін көктемге дейін түзетуге мүмкіндік беретінін айтты. – Халық тұтынатын ең қажетті тауарлардың бағасын өсіріп жібергені үшін қатаң шаралар қолдануға болар еді. Жалпы алғанда, сөгіс беру жақсы нәтижеге жетудің аса тиімді жолы емес. Бұл – менің нақты ұстанымым. Бүгінгі жиын барысында берілген тапсырмаларды зор жауап-кершілікпен орындау қажет. Көктемде бұл мәселеге қайта ораламыз. Сол кезде түрлі себептерге байланысты өздеріне жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде атқара алмағандарды қызметінен босату жөнінде нақты шешім қабылдаймыз, – деді Мемлекет басшысы. Қайрат ИСАҒАЛИЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген дипломаты, Сорбонна-Қазақстан институтының профессоры:Жекеменшік университтерді жабу мәселесін қолдаймын
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Үкіметтің кеңейтілген отырысында көтерген мәселелерін, министрлер мен әкімдерге берген тапсырмаларын тұшынып тыңдадым. Өзім педагогикалық қызметте жүргендіктен, әсіресе, білім және ғылым саласына қатысты айтқан сын-ескертпелерін түртіп алдым. Кез келген мемлекеттің дамуы, ең әуелі, сол ел тұрғындарының білім-білігіне тәуелді. Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар ғана елді ұшпаққа шығара алады. Ондай азаматтарды тәрбиелейтін кім? Әрине, ұстаздар. Президенттің педагогикалық оқу орындарына айрықша көңіл бөліп отырғаны сондықтан. Ұрпағымыздың ертеңін, еліміздің келешегін ойласақ, мұғалімдерді даярлау ісіне жүрдім-бардым қарауға болмайды. Дипломын сатып алған түлекті «ұстаз» деп қалай атаймыз? Баламыздың болашағын оған қалай сеніп тапсырамыз? Мемлекет басшысының жоғары білімнің беделін түсіретін жекеменшік университеттерді жабу туралы тапсырмасын қолдаймын. Санды емес, сапаны көтеретін уақыт жетті. Бауыржан ШӨЖЕЕВ, информатика пәнінің мұғалімі:Балалардың қауіпсіздігінен маңызды ештеңе жоқ
– Мұғалім өзінің алдында отырған оқушылардың сапалы білім алуына ғана емес, қауіпсіздігіне де жауапты. Елімізде балаларға зорлық-зомбылық көрсету оқиғалары, адам ұрлау деректері көбейгендіктен, ата-ана атаулының уайымы күшейген. Бұрынғыдай баланы сабаққа жіберіп қойып, өз тірлігіңмен бейғам айналысып жүру қиын. Әсіресе, қала тұрғындары балаларын мектепке жетектеп апарып, алып қайтуға мәжбүр. Өйткені ата-ана үшін перзентінің амандығынан қымбат ештеңе жоқ. Осы орайда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мектептер мен балабақшаларды 100 пайыз бейнебақылау камераларымен жабдықтау туралы тапсырмасына мұғалім ретінде де, ата-ана ретінде де қуандық. Бақылау бар жерде тәртіп болады, ал тәртіп болған жерде еңбек өнеді, сапа артады.