350
Ынтымақтастықтың жаңа белесі
Ынтымақтастықтың жаңа белесі
Апта басында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Біріккен Араб Әмірліктеріне барды. Мемлекет басшысы сапарының алғашқы күні Әбу-Дабидің тақ мұрагері шейх Мұхаммед Заид Әл Нахаянмен кездесті.
Мемлекет басшысы Шейх Мұхаммедке қонақжайлық танытқаны үшін ризашылық білдіріп, Қазақстан Президенті ретінде өзінің араб әлеміне жасаған алғашқы сапарын Біріккен Араб Әмірліктерінен бастап отырғанын атап өтті.
– Екі ел арасындағы қарым-қатынастар тарихының тамыры терең. Бізді шынайы достық, өзара сенім мен түсіністік байланыстырады. Сондықтан қарым-қатынасымыздың келешегі зор. Менің сапарымның негізгі мақсаты – екі мемлекеттің ынтымақтастығына тың серпін беру. Біз үлкен жетістіктерге қол жеткіздік, бірақ бір орында тоқтап қалуға болмайды. Алға жылжуымыз керек. Мен осы сапарға ерекше мән беремін және үлкен үмітпен қараймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесу барысында мұнай-химия, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, қаржы және инвестиция салаларындағы өзара іс-қимылдар мен ынтымақтастық мәселелері қарастырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі мемлекеттің де маңызды тарихи кезең алдында тұрғанын – келесі жылы Әмірліктердің құрылғанына 50 жыл, Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толатынын атап өтті.
Кездесу соңында тараптар қол қойылған құжаттармен алмасты. Қазақстан Энергетика министрлігі мен БАӘ Энергетика және өнеркәсіп министрлігі арасында мұнай-химия өнеркәсібі саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға, Қазақстан Сауда және интеграция министрлігі мен БАӘ экономика министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға, «Астана» халықаралық қаржы орталығының Қаржылық қызмет көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті мен БАӘ Орталық банкі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев іссапары барысында БАӘ бизнес өкілдері қатысқан дөңгелек үстелде сөз сөйледі. Президент ынтымақтастықтың барлық бағыты бойынша екі елдің айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізгенін атап өтті.
– 2019 жылдың қаңтары мен қарашасы аралығында өзара тауар айналымы 2018 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 10,3 пайызға артып, 500 миллион доллар болды. Біріккен Араб Әмірліктерінен Қазақстанға тартылған тікелей инвестиция көлемі 2,1 миллиард долларға, ал Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріне құйған инвестициясы бір миллиард долларға жетті. Қазақстанда Біріккен Араб Әмірліктерінің 350-ге жуық заңды тұлғалары, филиалдары мен өкілдіктері табысты жұмыс істейді. Бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөнінде құны 11 миллиард доллар болатын ауқымды жоспарымыз бар, – деді Президент.
Қазақстан Президенті Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапарының екінші күнгі бағдарламасының аясында Дубайдың Халықаралық қаржы орталығын (DIFC) аралап көрді. Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Дубайдың Халықаралық қаржы орталығы арасында тығыз ықпалдастық орнатудың, Дубайдың табысты тәжірибесін «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысына пайдаланудың маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Біріккен Араб Әмірліктерінің вице-президенті, премьер-министр, Дубай билеушісі шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактуммен кездесті. Тараптар цифрлық экономика, электрондық коммерция, заманауи инфрақұрылым, жасанды интеллект, қаржылық қызмет көрсету ісі, инвестиция, туризм индустриясы, құрылыс пен көлік салаларындағы ынтымақтастықтың перспективаларын қарастырды.
Сапар барысында Қасым-Жомарт Тоқаевқа Дубайдағы EXPO-2020 халықаралық көрмесінде салынатын Қазақстан павильоны таныстырылды. Жаһандық іс-шара 2020 жыл-дың 20 қазаны мен 2021 жылдың 10 сәуірі аралығында «Ақыл-ойды ұштастыру – болашақты қалыптастыру» деген тақырыппен өтеді.