20301
Нұр-Сұлтанға бет алған жүзге жуық көлік боранда қалды (видео)
Нұр-Сұлтанға бет алған жүзге жуық көлік боранда қалды (видео)

Щучинск-Нұр-Сұлтан тас жолында жол-көлік оқиғасына байланысты кептеліс пайда болды, – деп хабарлады ІІМ баспасөз қызметі. Полиция қызметкерлері автокөліктер легін алып жүрген. Бір көлік омбы қарға кіріп кетіп, оның артында келе жатқан 8 көлік бір-біріне соғылған.
«26 қаңтарда Нұр-сұлтан бағытындағы тас жолда кептеліс пайда болды, дабыл бойынша барлық жеке құрам көтеріліп, жүргізушілер мен жолаушыларды эвакуациялау бойынша шаралар қабылдады», – делінген хабарламада.
100-ден 60-қа жуық автокөлік Қоғам ауылына қарай жолға шығып, жолда қалған. Мектеп ғимаратында эвакуациялық пункт ашылып, оған жеткізілген жүргізушілер мен жолаушыларға ыстық тамақ берілген.
26 қаңтар күні Нұр-сұлтан-Петропавл автожолында патрульдік полиция батальоны мен қар жинайтын техниканың бірнеше экипажы 250 автомашинадан және 300-ге жуық көлік құралдарынан тұратын колонналарды алып жүруді қамтамасыз етті. Соның арқасында жолаушылар Көкшетауға аман-есен жеткен.
«Сағат 17: 00 шамасында Макинск маңындағы автожол учаскесінде, полиция қызметкерлері еріп келе жатқан колонна құрамындағы автомашиналардың бірінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай омбы қарға кіріп кетіп, осы көліктің ізімен келе жатқан тағы 8 автокөлік бір-біріне соқтығысты», – деп хабарлады ІІМ-де.
Жол-көлік оқиғасының салдарынан автокөліктер зақымданды. Сонымен қатар, жолаушылардың бірі дене жарақатымен Бұланды аудандық ауруханасына жеткізілді.
Қазіргі уақытта Нұр-сұлтан-Петропавл тас жолындағы жағдай шиеленісуде. Тас жолда қар тазалайтын техника жұмыс істеп жатыр, полиция қызметкерлері автомашиналар колонналарын алып жүруді жалғастыруда, сондай-ақ омбы қарға кіріп кеткен автокөліктерді шығаруға көмектеседі.
ІІМ азаматтарды жабық трассалар туралы хабарламаларға мән беруге және жолға шығып өз өміріне қауіп төндірмеуге шақырады.
https://www.youtube.com/watch?v=T9KkmIKZf8s&feature=emb_logo