БІЗДІҢ ШӘКЕҢ

БІЗДІҢ ШӘКЕҢ

БІЗДІҢ ШӘКЕҢ
ашық дереккөзі
584
Газеттің Бас редакторы Қалтай Мұхамеджан редакция ұжымын тосыннан кабинетіне шақырып, біз күтпеген шешімін айтты. – Мен ары ойлап, бері ойлап бір тоқтамға келдім. Мына нарықтың таршылық заманында газет шығару оңай емес екен. Сендер Үкіметтің қаржы тапшылығынан бес айдан бері айлықтарыңды алған жоқсыңдар. Министрлікте ашпаған есігім, кірмеген тесігім қалмады. Қолында билігі бар жастарға мен сияқты шау тартқандардың қайта-қайта барып, жалынып жалпайғаны жараса бермейді екен. Енді міне, амалдың жоқтығынан газетті жапқалы отырмын. Бәріне көніп, бәріне төздіңдер. Қайтейін, қиюы келмесе істе берекет болмайды екен. –  Ол сөзін көңілсіз үнмен осылай түйіндеді.   Кабинеттің іші құлаққа ұрған танадай тып-тыныш. Қалағаңның бә­рінен түңілгендей мына сөзі мен ауыр үнсіздік еңсемізді басып тұр. Қаржының түсімі болмай төрт бет «Түркістанның» соңғы бі­раз сандары жарыққа шықпай қал­ған. Бар сенгеніміз Қалтай осы­лай деп кесімді сөзін айтып отырса, бізге не дауа? Жағдайға мойын- сұнып, амал-шарасыздан келіс­кен­дей болып пұшайман күй ке­шіп отырдық. Сол мүлгіген ты­ныш­тықты редактордың орын­басары Шәмшидин Пат­теев­тің жігерлі дауысы бұзды. – Қалаға, бірнеше жылдан бері жұртқа танылып қалған «Түр­кістан­ды» жаппаңыз. Жыл бойына жа­зылған азды-көпті оқырман­дары­мыз бар. Мына өтпелі кезең кімге оңай болып тұр дейсіз. Шы­дам, төзіміміздің жеткенінше қиын­дықпен алысып көрейік. Өт­пелі кезең де өтер, кетер. – Шәмші, шырағым, осы қа­зақ­тың тілі мен газеті үшін күні бү­гінге дейін күресіп келдім. Газет, га­зет деп жүріп, ойда жүрген қан­шама дүнием жазылмай қалды. Қарт­тық та жеңе бастады. Егер бар істі өзің қолға аламын десең, сөз бас­қа. Жассың ғой, бәлкім істің кө­зін табарсың. – Сенім артсаңыз қолға алып кө­рейін, аға. Қалағаң ұзын стол шетінде жа­ғалай отырған бізге шола қарап: – Естідіңдер ме, бүгіннен бас­тап сендерге Бас редактор Шәм­ши­дин болады. Бұған қалай қа­рай­­сыңдар? – деді. Біз келістік. Ол кезде республиканың Бас­пасөз және мәдениет министрі Ал­тынбек Сәрсенбаев еді. Ми­нистр­ліктер түгел Астанаға қоныс ау­дарған. Басқарушы компания Шәмшидин Паттеевті Бас редактор етіп бекітті. Екі-үш айдан соң жағдай жақсылыққа қарай өзгере берді. Мұнай өнімділігі артып, республиканың экономикалық әлеуеті көтерілді. Шәмшидиннің Астанаға іссапары жиілеп, көп кешікпей айлық еңбекақымызды да ала бастадық. Авторларға да қаламақы төлейтін жағдайға жеттік. Шәмшидин бұрын редакциядан кетіп қалғандардың орнына баспасөздерде тың ойларымен көрініп жүрген, компьютерден интернет жүйесін жақсы меңгер­ген Нәзия Жоямергенқызы, Есен­гүл Кәпқызы, Гүлбиғаш Омарова, Динара Мыңжасарқызы, Кәмшат Тасболатова және Мұхтар Сеңгір­баев секілді жастарды бірінен соң бірін тілшілік қызметке тартты. Сол жастармен бірге газетке жаңа серпін келді. Жыл соңындағы кезекті бір лез­демеде Шәмшидин Паттеев: – Баспасөзге жазылу мәліме­ті­не қарасақ, келесі жылғы оқыр­ман­дар саны жиырма мыңға же­тіп қалыпты. Алдағы жылы газетті сегіз бет етіп шығарамыз. Соған байланысты жаңа айдарлар ойлай жүріңдер, – деді. Тілшілердің арасында күмәнді сөз жүрді. «Бас редактордың бұл шыны ма, әлде әзілі ме? Сегіз бетті қалай шығармақшы? Оқырмандар саны көбейгенімен, газет шығыны да шаш етектен емес пе? Оған қаражатты қайдан табады?». «Көз қорқақ, қол батыр». Шәм­ши­дин оның да жолы мен жөнін тап­ты. Лездемелерде қоғамдағы жағ­дайларға байланысты тың идея­лар беріп, тілшілерге талапты кү­шейтті. Олар қоғам мен нарық­тық қатынасты жақсы білетін саясаткерлер мен экономистерді, көне дәуірді зерттеп жүрген белгілі тарихшыларды газетке тартып, құнды мақалаларын жариялады. Жазғандарын редакцияға әкеп жатқан әр саланың мамандары қаншама. Соларды талғап, таң­дап жариялаумен болдық. Газет беттерінен тың ойларымен таныла бастаған саясаткерлер Досым Сәтбаев, Ораз Жандосов, Бо­лат Әбілов, Расул Жұмалы, та­рих­шы-ғалымдар Талас Омарбеков, Мәмбет Қойгелдиев, Қазақ­стан Парламентінде батыл ойларымен көзге түсіп жүрген Шерхан Мұртаза, Серікболсын Әбділдин, Әбіш Кекілбаев, белгілі ақын-жа­зушылар Бексұлтан Нұржекеұлы, Смағұл Елубаев, Темірхан Ме­дет­бе­ков, Мұхтар Мағауин секілді та­ғы басқа да ұлт тарландарының сұх­баттары мен жазғандары га­зет­тің мазмұнын мүлдем өзгертіп жі­берді. Айлығымыз да көбейіп, қа­ламақымыз да қомақты болды. Мақалаларды өндіріп, өткір жазатын Есенгүл Кәпқызы мен Гүлзина Бектасова секілді қаламы ұшқыр журналистер жинаған қаражат­тарына және бәйгелік конкурстарда жеңіп алған қомақты ақшалай сыйлықтарына жеңіл көліктер сатып алды. Ал Жаңабек Шағатай көтеріп отырған мәселенің мәнін ашса, суретші Еркін Нұразхан басылымды безендіріп қана қоймай, жүре-бара қарымды журналистер қатарына қосылды. Газетте жарияланған сын ма­қалаларға құзырлы мемлекеттік мекемелер ресми түрде жауап беретін. Бұл «Түркістанның» беделін көтерді. Шет елдерге іссапарға шыққан Үкімет құрамымен бірге бар­ған баспасөз өкілдерінің ара­сын­да біздің тілшілер де жүрді. Кейіндеу тілші Нәзия Жоямер­ген­қызы Америкада журналистердің айға созылған іс-тәжірибе алмасу жиынына қатысып, сол елдің тыныс-тіршілігі жайында газетке ма­териалдар жазып тұрды. Шәм­шидин ара-тұра қаржылы мекемелерден қаражат тауып, басқа тілшілерді де алыс-жақын елдерге жіберді. Ал сол қаржыландырған ме­кемелер айтулы газеттердің бе­делді басшыларына болмаса, кез келген басылымдарға ақшасын бей-берекет шаша бермейтіні бесенеден белгілі. Шәмшидин араға тағы да санау­лы жылды салып сегіз бет ап­талық «Түркістанның» көлемін он екі бетке жеткізді. Қазір айтуға оңай. Ал газет көлемін ұлғайтып, тіл­шілер штатын көбейту үшін Шәм­шидинге Астанадағы құрыл­тайшы компанияның келісімін алу өте қиынға түскенін біз жақсы біле­міз. Бұл жерде де оның іскерлігі мен мәмілегерлігі үлкен рөл ойнады. Қоғамда орын алған түйінді мәселелерге қарай газеттен жаңа айдарлар көрініс тапты. Бас редактор газет беттерінің көбеюіне байланысты газет ішінен қосымшалар ашу жөнінде қызметкерлерге ой тастады. Ұжым боп кеңесе келе, айына қоғамдық өмірдің барлық салаларын қамти­тын «Ырыс», «Тайқазан», «Жаһан», «Қоныс» атты төрт беттік ұлттық қосымшалар оқырман­дарға жол тартты. Бертін келе «Түркістан­ның» төрінде», «Алдаспан ашық пікір­сайыс алаңы» айдарларымен әр саланың мамандары келелі кеңес­ке шақырылып, ой-пікірлері жа­рияланып отырды. «Таным» ай­да­рымен берілген тарихи тұлға­лар тағдыры да көпшіліктің кө­кейі­нен шыққанын айта кеткен лә­зім. Ерекше тоқталатын бір жай, та­рихшы ғалымдар Мәмбет Қой­гелдиев пен Тұрсын Жұртпайдың Алаш арыстары жайында жазған ғылыми мақалалары баршаның көкейінен шықты. Ауыл шаруа­шы­лығы мен өндіріс орындарын­да­ғы өзекті мәселелер де назардан тыс қалған жоқ. Сол салалардың ма­мандарымен тілшілердің жүр­гіз­ген сұхбаттары да көп жайдың бетін ашты. Жазушы-партизан Қасым Қайсеновтей Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің естеліктері де арагідік болса да жа­рияланып тұрды. Төл мерекеміз қарсаңында тілшілердің өткір де өтімді мақалалары Қазақстан Журналистер одағы мен Баспасөз министрлігінің марапаттауларынан кенде қалған жоқ. Журналис­тер де елге танылып, беделдері кө­терілді. Дәлел керек пе? Айтайын. Журналист Нәзия Жоя­мер­генқызының інісі Өркен де те­леар­наның тілшісі ретінде Маң­ғыс­тау мұнайшыларының нара­зылық митингілерінен репортаж жүр­гізіп жүріп, ішкі істер бөлі­мі­нің қызметкерлерінің қолына түсіп қалған. Ол амалын тауып қал­та телефоны арқылы Нәзияға ха­барласып, жағдайын түсіндіреді. Нәзия сол бойда Астанадағы құ­зыр­лы органдармен байланысқа шығып, інісін босатуын өтінеді. Арада үш-төрт сағат өткен соң Ақтау қалалық ішкі істер бөлімі­нің қызметкері інісі мен операторды ұшаққа шығарып салғанын хабарлады. Егер тілші елге танымал айтулы журналист болмаса, өтінішін кім тыңдар еді? Өз басым қаншама жылдар қы­з­меттес болып жүріп, Шәм­ші­нің тілшілерге ренжіп дауыс көте­ре сөйлегенін естімеппін. Қандай жағдайда да сабырлы қалыбынан айныған емес. Қайта өз көңілінен шыққан материалдардың авторларын мақтан тұтып, көтермелеп отырды. Өзі де Қазақстан мен Ре­сейден шыққан орыстілді басылымдарды үзбей оқып, олардың ұлтқа қатысты қиғаш пікірлеріне тойтарыс беру үшін тілшілерге ұтым­ды бағыт-бағдар беретін. Кей­­де кейбір күмән тудыратын ма­­те­риалдарды газет беттеліп жат­­­қан­да алдырып, келесі нөмірге дейін дәлелдеме-фактілерін ав­торға қайта пысықтатады. Онысы орынды болып та шығатын. От ауызды, орақ тілді журналист-жазушы Мырзан Кенжебай да біздің газетке арагідік атсалысып тұрды. Кезекті лездемеде Шәмшидин орынбасары Дидахмет Әшімханға: «Дидаға, кешегі сандағы Мырзан­ның мақаласында артық-ауыс сөз­дер кетіп қалыпты. Бұдан кейін оның мақалаларын өзіңіз ре­дак­циялап жіберіңіз», – деді. Мыр­занның қай материалы да ащы сынға жазылатын. Оның газетке ұсынған тағы бір материалын Дидахмет редакциялап, өзін кабинетіне шақырып: «Мырзан, сен ащы айтыпсың, мен аздап мұр­тын бастым. Жалпы, екеуміз­ден жаман журналист шықпайды екен. Енді мақалаңды өзің үстінен тағы бір рет қарап бер», – деп қо­лына ұстатты. Мырзан оқып шы­ғып, түзетулеріне келісімін берді. Бір жолы ардагер жазушы-журналист Зәкір Асабаев: «Шәмшидин бастығың ақылды жігіт. Кісілерді қалай қабылдауды, кіммен қалай сөйлесуді біледі. Газетті көгертетін жігіттер осындай ілтипатты болса керек. Бүгін газетте мақалам жа­рық көрмесе де, сөзіне көңілім то­лып шықтым», – деді. Жалпы, оның қабылдауында болған жан­дардың бәрінің айтатыны осы. Кезекті лездемеде ол кеше Қа­зақ ұлттық университетінің ректоры Бақытжан Жұмағұлов қала­ның баспасөз өкілдері мен игі жақ­сыларын жинап, оқу орнының өт­кені мен бүгінгі тіршілігі жайын­да айтқанын, өзінің бас­шы­лығымен атқарылған жұмыс­тарға көбірек тоқталғанын, сол университет құрылысының негізін қалаған академик Өмірбек Жол­дасбековтің толайым ісін аузы­на да алмағанын, оның бұл жөн­сіздігі залда отырғандарға кері әсер еткенін жеткізді. Мен академиктің ісі мен тағдыры жайында бұрын­нан зерттеп жүр едім. «Шәке, ол айтпаса, газеттен біз айтайық», – деп едім, ол: «Көлеміне шек қой­май­мын. Жазыңыз», – деп бірден келісімін берді. Жолдасбековтің ректор кезінде Тарас деген құры­лыс директоры болған. Сол кісіні жақсы танушы едім. Екеуміз Жолдасбеков жайында, университеттің құрылысы туралы біраз әңгіменің басын құрадық. Газеттің келесі санына менің «Бұл Жолдасбеков салдырған университет» деген бір беттік мақалам жарық көрді. Ертеңіне университет басшылары­ның бірі редакцияға келіп, «Университетті насихаттағандарыңыз үшін» деп Мақтау грамотасын бе­ріп кетті. 1986 жылғы Желтоқсан кө­тері­лісі баспасөзде аз жазылған жоқ. Екі күнге созылған көтеріліс қанша жазылса да терең қатпарлы сырлары уақыт өткен сайын ашылып жатыр. Мен де өз үлесімді қостым. Шәкең: «Көлаға, осы мә­се­лені індетіп жазсаңыз қайтеді?», – деп маған ой салды. Сол көте­рі­лісте тек студенттер мен жұмыс­шы жастар ғана емес, қазақтың бет­ке ұстар зиялы қауымы да жа­па шекті. Неге жастармен бірге со­лардың тағдырын қосып жаз­бас­қа? Үлкен істі Шымкент об­ко­мы­ның бірінші хатшысы Асанбай Асқаровтан бастағанды жөн көр­дім. Мұрағат материалдарын ақ­тар­май анау айтты, мынау айтты деп жаза салу салмағын жеңілдетіп жіберетіні анық. Солай мұрағат­та­ғы тергеу материалдарымен та­нысуға тура келді. Мақала жазылып біткен соң тақырып қою да көп ойландырды. Мәскеулік тергеуші генерал Калиниченконың: «Узбекское делоны» жүзеге асыр­сақ та, «Казахское делоны» жасауда мақсатымызға жете алмадық. Оның осы сөзі көкейіме қона кет­ті. Солай қуғын-сүргінге ұшы­ра­ған 37 адамның тағдыр-талайы «Авторлық бағдарлама» айдарымен «Казахское дело» тақыры­бы­мен жылдарға созылып жазылды. 2006 жылы сол сериялық топтамаларымды Шәмшидин үшінші рет Президент сыйлығына ұсын­ды. Сәті түсіп, еңбегім бағаланды. Есіме тағы түсіп отыр. Сол тақы­рып­­пен Сағат Әшімбаев жөніндегі ма­териалым дайын болған кезде Бас редакторға: «Шәке, он екі бет га­зеттің екі бетін менің «Казахс­кое делома» берсеңіз», – деп өтін­ге­нім сол еді Нәзия әзілге бұрып: «Көлаға, қазір жекешелендіру науқаны қызып тұр ғой. Газеттің сол екі бетін сіз жекешелендіріп ал­саңызшы», – деді жымиып. Үл­кен үстелді жағалай отырған әріп­тестерім ду күлді. Иә, бұл та­қырыпта жазғандарымның кейбірі газеттің екі бетінен де асып ке­тетін. Материалдың маңыз­ды­лығына көңіл бөлген Шәкең беттен таршылық жасамағанына қа­лай риза болмайсың? Осындайда өткен жайлар ойға ора­ла береді. Мамыр айының бас ке­зі еді. Хатшы қыз келіп, редак­тор­дың шақырып жатқанын айтты. Кабинетіне барсам Шәкең жал­ғыз өзі отыр екен. – Көлаға, жаңа ғана осындағы Иран мәдени орталығынан профессор Замани деген кісі хабарлас­ты. Тегераннан бүгін ұшақпен кел­се керек. Қалтай ағаның өмір­ден озғанын естіпті. Шаңырағына барып рухына дұға бағыштап келетінін айтып, жол көрсететін қызметкеріңіздің бірін жіберсеңіз деп өтініш жасады. Осындағы жас­тардың бірін жібере салайын де­сем, олар Қалтайды сіздей жақ­сы білмейді ғой. Ал өзім қала әкім­шілігінде болатын жиналысқа қа­тысуым керек. Сол кісіні сіздің алып барғаныңызды жөн көріп отыр­мын, – деді. Замани алпыстың үстіндегі бурыл шашты кісі екен. Орта­лық­тан Қалтай ағаның әйелі Фарида апайға телефон шалып, мән-жайды баяндадым. Апай: «Қара­ғым, қонақты күтіп алуға дайын­дал­ғанымша екі сағат айналдыра тұршы», – деді. Профессорды әңгі­меге тартып, Қалтайды қашан­нан бері танитынын сұрадым. Ол: – Осыдан бір сағат бұрын ғана біз мінген ұшақ әуежайға қонған еді. Зиялы адамдардың бірінен Қалтай туралы сұрадым. Оның өмірден өткеніне үш-төрт күндей бол­ғанын естігенімде, төбемнен біреу мұздай су құйып жібергендей болды. Суық хабар көзіме ерік­сіз жас толтырып, буыным бо­сап бос орындыққа отыра кеттім. Ол қазақтың ғана Қалтайы емес исі мұсылманға ортақ тұлға еді. Мен бұдан бұрын Алматыға екі рет ат басын тіреген едім. Аз да бол­са бой көтерген мешіттерді көріп, іштей қуандым. Әкімшілік­тегі­лердің бірінен жөн сұрасып, сөйлесетін кісі бар ма деп едім, олар маған «Түркістан» газетінің ре­дакторы Қалтайды сілтеді. Біз кабинетінде асықпай отырып аудармашы арқылы пікір алыстық. Мені ол жан-жақты білімділігімен тәнті етті. Әсіресе, діндер жөнінде­гі пікірі, талдап сөйлегені маған қат­ты ұнады. Әдемі әзіл-қал­жың­нан да құр алақан еместігін бай­қадым. Кісіні өзіне тартып тұра­тын қасиеті де бар екен. Тегеранға барған соң университеттің ірі дін ғұламаларына Қалтай туралы айт­қанымда олар оны алдағы жылы бо­латын араб елдері діндарлары­ның конференциясына шақыра­тын болып шешім қабылдады. Алматыға екінші рет келгенімде де бірден сол кісіге қарай тарттым. Арнайы шақыру қағазын тапсырып едім, баруға келісімін берді. Сол жолы да біз ұзақ сөйлестік. Қал­тай Тегерандағы сол конфе­рен­цияға келіп, мінберден сөз сөйледі. Ғұламалар алдында сөз сөйлеу де оңай емес. Қалтайдың сөзі талғамдарынан шықты. Тіпті кешегі атейстік қоғамнан шыққан жанның әлемдік діндер жөніндегі ой-толғамдарына қайран қалды. Сөзінің кейбір тұстарында орынды әзіл-қалжыңдарымен залдағы­ларды күлкіге көмді. Қалтайдың сол сөздері таспаға жазылған. Уни­верситеттің қорында сақтаулы тұр. Сіздердің Үкімет тарапынан сұрау болса, көшірмесін береді. – Про­фессор аз ғана үнсіз отырды да, үзілген сөзін қайта жалғады. – Мен өмірден қазақтың Қалтайы ғана өтті дей алмаймын. Дін Ислам­ның көктегі бір жарық жұл­дызы сөнді деп білемін, – деп те­рең күрсінді. Біз екі сағаттан соң еңселі үй­дің төртінші қабатындағы Қа­ла­ғаңның шаңырағында болдық. Басына ақ жаулық байлаған Фарида апай қарсы алды. Кең дастарқан басына жайғасқан соң Замани Қал­тайдың рухына бағыштап дұға оқы­ды. Содан соң апайға көңіл айт­ты. Дастарқандағы мол ас мә­зірінен дәм татып, Қалтай ағаның жұмыс бөлмесіндегі тұтас үш қабырғаны алып жатқан кітаптар жиынтығын көріп: «Бұрын өзім де оның білім-біліктілігіне қарап, дүние-мүлік емес, рухани байлық жинаған кісі болар деп топшылайтынмын», – деді. Қоштасар сәтте маған: «Өзін көрмесем де ре­дакторыңыздың көрегендігін бағана сөзінен байқадым. Уақыт бәрімізге қымбат. Сізді маған жіберіп, менің Фаридамен кез­десуі­ме қолайлы жағдай туғызға­ны­на алғысым шексіз», – деп ри­за­шылығын білдірді. Алматының зиялы қауым өкіл­дерінің біразы «Қазір «Түр­кістан» республикадағы айтулы бес газеттің қатарында. Жұрттың оқылатын басылымына айналды. Бұл – үлкен жетістік. Оның үстіне газеттің жарық көргеніне биыл жиырма жыл толды. Респуб­ли­ка­лық деңгейде атап өтулеріңе бола­ды ғой» деп ұсыныс жасады. Ондай ой бізде де болған. Бірақ рес­публика көлемінде емес, қала көлемінде өткізу еді. Зиялылардың ұсынысы түрткі болып, ай бұрын тойға дайындықты бастап та жібердік. Қабырғамызбен кеңесе келе, салтанатты жиналысты Ғабит Мүсірепов атындағы жастар теат­рында өткізуді жөн көрдік. Шә­кеңнің тапсырмасымен сол жылдар бедерінде болған газет ұжы­мындағы қызықты оқиғалар­ды «Түркістанның» эпопеясынан...» деген тақырыппен көлемі бір беттік мақала жаздым. Той 2014 жылы мамыр айының басын­да өтті. Залдағы орындықтар келушілерге жетпей қос қапталында түрегеп тұрғандар қаншама. Біз мұншалық оқырмандар мен зиялы қауым жиналады деп ойлаған жоқ едік. Сахнада әдебиеттің алы­бы Әбдіжәміл Нұрпейісов сөз бас­тап, газеттің оқырмандар тал­ға­­мынан шыққанын тілге тиек етті. «Егемен Қазақстан» газетінің президенті Сауытбек Әбдірах­ма­нов құттықтап, бірқатар облыс­тың әкімшіліктерінен келген өкілдер мен республикалық, об­лыстық газеттердің қызметкер­лері жылы лебіздерін білдірді. Газет жариялаған конкурстың он­шақты жеңімпаздарына ақша­лай сыйлықтар тапсырылып, соңы­нан жұрт Қазақстан өнер ше­бер­лерінің концертін тамашалады. Сол жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев жылдағы дәстүрімен республикаға танымал бес газет редакторын қабылдады. Сөз кезегінде Шәмшидин Паттеев: «Нұреке, қазір әдебиетке берілетін Мемле­кеттік сыйлық лайықтылар­ға емес, кезегі келген қарттарға бұйыратын болып кетті. Осы жа­ғы­на көңіл бөлсеңіз», – деді. Президент сол бойда тиісті қызмет­кер­леріне осы мәселемен айналысуды тапсырды. Қазір ойлаймын. Шәмшидин га­зетке Бас редактор болмағанда ана бір жылы газеттің қаржы тап­шылығынан жабылып қалуы да мүмкін еді-ау. Жастық жігерімен бар қиындыққа төтеп беріп қана қоймай, газетті елге танымал таң­даулы басылымдар қатарына дейін көтерді. Бұл оның ұлттық ті­ліміз үшін, ұлттық құндылық­та­ры­мыз үшін, ұлттық мүддеміз үшін, ұлттық тарихымыз үшін ұжым­ды жұмылдыруда қажымай-тал­май жүргізген күрес жолы бол­ды. Бүгінде алпыстың асқары­на шыққан ҚР Президенті сыйлы­ғы­ның иегері Шәмшидин Паттеев­тің халықаралық «Түркістан» газетіне сіңірген осынау еңбегін қа­лай айтпай тұра аласың?!  

Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ,

ҚР Президенті сыйлығының иегері

Серіктес жаңалықтары