1086
Мақсат – той тойлау емес, ой толғау
Мақсат – той тойлау емес, ой толғау
Елордада қазақ халқының ұлы ақыны, ойшыл-кемеңгері Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойының ашылу салтанаты өтті. «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында өткен шараға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.
«Қазақ халқы – Абайдың халқы» атты мерекелік концерттің бағдарламасына Абайдың барлық шығармашылық мұрасы енген. Ақын шығармаларын КСРО және Қазақстанның халық әртістері Асанәлі Әшімов, Әлібек Дінішев, Роза Рымбаева, белгілі мәдениет қайраткерлері Майра Мұхамедқызы, Айман Мұсақожаева, Берік Айтжанов, сондай-ақ халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары мен талантты жастар орындады.
Салтанатты шара барысында сөз сөйлеген Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Абай мұрасының қазақтың егемен ел болып қалыптасуындағы маңызына тоқталды.
«Ұлы Абай шығармашылығының өзегінде елдің қамы, қуанышы мен қайғысы, келешегі, арман-мұраты тұр. Жаңа қоғам мен жаңа адамды қалыптастыру идеясы да Абайдан басталады. Ол елдің үнемі алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болып, халқымызды жаңа өмірге бейім болуға шақырды. Хәкім Абайдың тіл үйренуді және жаңа кәсіп игеруді ерекше дәріптегенін жақсы білеміз», – деді А.Райымқұлова.
Министр Абайдың халықты еңбекке баулуға деген ынтасын ерекше атап өтіп, елдің дамуын тежейтін теріс әдеттерге қатысты сөзін тілге тиек етті.
«Әсіресе, мақтан мен масылдық психологиядан арылып, адамды еңбек етуге үндеді. Ұлы ойшылдың ғибратты сөздері тәуелсіз Қазақстанның жаңа серпінмен дамуы үшін қажет. Сондықтан бұл мерейтойдың танымдық және тағылымдық мән-маңызы өте зор», – деп атап өтті министр.
Ұлы ақынның мерейтойын жоғары деңгейде ұйымдастыру мәселесін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың мамыр айында көтерген болатын. 30 мамырда шығарған Жарлығында Президент ел Үкіметіне 2020 жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құруды және мерейтойлық шаралардың жалпыреспубликалық жоспарын бекітуді жүктеді. Мемлекеттік комиссияның алғашқы жұмыстары және мерейтой қарсаңында бүкіл ел көлемінде ұйымдастырылған ақын өлеңдерінен үзінді оқу эстафетасы жайлы газетіміздің 2019 жылғы 25 шілдедегі (№29 ) нөмірінде жарияланған «Бүкіл қазақ даласы «Абай» деп тербеліп тұр» атты мақалада жазған болатынбыз.
Абай мерейтойын берісі республика, арысы жаһандық деңгейде атап өтудегі басты мақсат – ұлы ақын жырлағандай «мақтану, бекер мал шашу» емес, ойшылдың адамзатқа ортақ мұрасының насихатын арттыру, Абай шығармалары арқылы қоғамды ізгі қасиеттерге ынталандыру. Кең ауқымды шараның мазмұнын байытып, тағылымдық мәнін арттыруға біз де өз үлесімізді қосу мақсатында өткен жылы қараша айында «Түркістан» интеллектуалдық ой-пікір клубына Абайды насихаттау, дәріптеу ісінде зор үлесі бар Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Сұлтан Оразалин мен ҰҒА академигі, философия ғылымының докторы, профессор Ғарифолла Есімді шақырып, кемеңгердің шын бағасын беру жөнінде пікір алмасқан едік. Сол басқосуда айтылған келелі ойлар газетіміздің 2019 жылғы 14 қарашадағы (№45) нөмірінде «Қазақ Абай жолымен жүрсе, адаспайды» деген тақырыппен жарық көрді. Материалда Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өту жөніндегі Мемлекеттік комиссияның назарына бірнеше ұсыныс жолданған болатын. Олардың бірқатары қолдау тауып, мерейтойлық шаралар жоспарына енді.
2020 жылдың соңына дейін Абай мерейтойына орай халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылмақ. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 9 қаңтарда жарияланған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында айтылған. Оның ішінде тамыз айында Семей қаласында UNESCO-мен бірлесіп өткізілетін «Абай мұрасы және әлемдік руханият» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ең басты шараға айналады. Сондай-ақ қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында «Абай және рухани жаңғыру мәселелері» деген тақырыпта халықаралық конференция өтеді. Бұл жиындарда Абайдың тұлғасы мен мұрасы жан-жақты зерделеніп, оның шығармашылығын ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанның игілігіне пайдалануға жол ашылады.
«Маңызды жобаның бірі – ұлы ақынның шығармаларын он тілге аударып, басып шығару. Атап айтқанда, Абай еңбектері ағылшын, араб, жапон, испан, итальян, қытай, неміс, орыс, түрік, француз тілдеріне тәржімаланады. Ақынның өмірі, мұрасы, қазақ мәдениетін дамытудағы рөлі туралы бірнеше деректі фильм және «Абай» телесериалы түсіріледі. Ақын тойынан өнер саласы да тыс қалмайды. Республикалық және халықаралық деңгейде театр және музыка фестивальдері өтеді. Биылғы бәйгелер Абай шығармашылығына арналады. Әдебиет және өнер саласындағы үздік шығармаларға берілетін мемлекеттік сыйлық енді Абай атындағы мемлекеттік сыйлық деп аталатын болады», – деп жазған еді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған үш деректі фильм түсіріледі. Абай атындағы опера және балет театры Ресей, Түркия мен Қытайға гастрольдік сапармен барып, ұлы ақынның мұрасын насихаттайды. Ал Құрманғазы атындағы мемлекеттік оркестр және Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры елді аралайды.
Абайдың туған жерінде де бірқатар маңызды шаралар өткізу жоспарланған. Ең маңызды міндет – «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейін жаңғырту. Абай туған өнегелі өлкені, ойшылдың ең бағалы мұралары жинақталған қастерлі орынды исі қазақ қазығын іздеп баратын рухани орталыққа айналдыра алсақ, халқының болашағы үшін қам жеген ұлы ақынға ұрпақтың айтқан алғысы сол емес пе?!