Бесбаев vs Балиева: Әнші мен депутат мәмілеге келді

Күні кеше депутат Зағипа Балиеваның заңсыз істеріне шүйліккен белгілі әнші, Қазақстан орындаушылары одағының төрағасы Мейрамбек Бесбаев Іnstagram желісінде жаңа жазба жариялап, тараптардың өзара мәмілеге келгенін мәлімдеді. 

«Кешелі бері Қазақстан орындаушылары одағы маңындағы өрбіген жағдайға байланысты келесіні хабарлаймын. Бүгін ұйымның бұрынғы басшылығымен кездесу өткіздім. Ортада қалыптасқан барлық мәселелер бойынша келіссөздер жүріп, ортақ шешімге келдік. Біріншіден, менің заңды түрде басшы ретінде әділет органдарында тіркелуіме бұрынғы басшылық ешқандай кедергі келтірмейтін болды. Екіншіден, одақтың басқа ұйымдар мен құрылымдардың алдындағы міндеттемелерін бұрынғы басшылық және біз екі жақтап шешетін болдық», – деп жазды әнші. 

Мейрамбек Бесбаев ұйымның болашақтағы барлық жұмысы таза, ашық жүргізілетініне сендірді.  Сондай-ақ, кей шаруаларға қатысты бұрынғы басшылық нақты ақпарат беріп отыруға келіскенін жеткізді. 

«Бір елдің балалары болғандықтан, сөзге тоқтаған текті халықтың ұрпағы болғандықтан, біз ортақ мәмілеге келдік. Сол себептен, қазақтың көрнекті мемлекет қайраткері, құрметті апайымызға қатысты кеше жариялаған постымды алып тастаймын. Кеше орын алған мәселені ары қарау ушықтырмай, тез арада шешілуіне ықпал еткен Зағипа Яхияқызына алғыс айтамын! Мені қолдап, жылы сөзін аямай жатқан барлық ағайынға Алла разы болсын», – деді одақ төрағасы. 

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button