Биопринтер – адам ағзасын басып шығаратын кімдер?

Биопринтер – адам ағзасын басып шығаратын кімдер?
Жаңа технологияның игілігін адам өмірі мен денсаулығын сақтауға пайдалану соңғы жылдары қарқын алып келеді, – деп жазды aikyn.kz.
Әңгіме – медицинадағы 3D технология төңірегінде болып тұр. Әдетте, 3D принт пен биопринтинг ұқсас болып келеді. Тек жалғыз айырмашылық бар. Стандартты 3D принтерде темір, керамика, пластмасса, резеңке және тағы басқа материал пайдаланылса, биопринтингтің «сиясы» басқа заттар. Биопринтерлер биоматериалдарды, тірі жасушаларды қолданады.
Алғаш рет 1999 жылы қолданылған биопринтерлер арқылы осы күнге дейін талай дүние жасалды. Қазір медицинада биопринтинг арқылы адамның терісін, сүйегін, құлағы мен мұрнын, имплантанттарды, қан тамырлары мен жасушаларды жасап жатқан орталықтар бар. Одан бөлек, дәрі-дәрмек, медициналық құрал-жабдық жасау да қиын емес.
Мәселен, австралиялық ғалымдар операциядан соң адам денесінде ешбір тыртық қалдырмайтын, кесілген жерді «жамап» беретін, көлемі қаламдай ғана биопринтер ойлап тапты. Одан бөлек, биопринтермен жүрек, бүйрек, бауыр тәрізді ағзаларды жасап жатқандар да бар. Дегенмен биопринтер арқылы жасалған күрделі ағзалар адамға ешқашан салынған жоқ.
Биопринтерден шыққан кейбір ағзаларды бойына қондырған азаматтар да аз емес. Мәселен, америкалық Люк Масела есімді азамат 2001 жылы қуығын ауыстырды. Ғалымдар Люктің қуығынан 100 жасуша алып, биопринтер арқылы екі айда жасуша санын 1 млрд-қа жеткізген. Әрі процесс барысында аталған жасушалар жаңа қуық «жасап» шыққан. Сөйтіп, трансплантология кезінде жаңа ағзаны Люктің денесі жатсынбады. Қазір аталған азамат тәп-тәуір тұрмыс кешіп жатыр.
Адамның өзінен жасуша алып, оны 3D биопринтер арқылы өсіріп, белгілі бір ағза жасау трансплантологтарға үміт сыйлайды. Өйткені адамның өз жасушасынан жасалған «затты» ағза жатсынбайды. Мұндайда сырқат адам өзіне-өзі донор болады. Дерті бар адамның ағзасынан алынған жасуша арқылы биопринтерден бүйрек пен бауыр, жүрек тәрізді қажет ағзаны жасап береді. Ал мұны адамның өз ағзасы кері теппейді. Ал дәстүрлі трансплантологияда донор беретін ағзаның сырқат адамның «бойына бітуі» қиын іс.
Донор табылғанның өзінде ағзаның сәйкесуі, тіпті оны дерті бар адам денесінің қабылдауы тәрізді сансыз мәселе бар. Биопринтер арқылы ағза жасауда мұндай проблема жоқ. Бірақ бүйрек, жүрек, бауыр тәрізді ағзалардың құрылымы тым күрделі болғандықтан, әзірге биопринтер арқылы жасалған «затты» адам бойына салу дерегі тіркелген жоқ. Тәжірибе кезінде көбіне тышқан мен егеуқұйрық ағзаларынан жасуша алынып келді. Дегенмен израильдік ғалымдар былтыр адам жасушасы арқылы биопринтермен шағын жүрек «өсіріп» алған. Бірақ оны сынап көруге тәуекел ете алмай отыр.