Ең төменгі жалақы алатындар тізімінде тұрмыз

Ең төменгі жалақы алатындар тізімінде тұрмыз
Picodi.com порталының мәліметінше, Қазақстан әлемдегі ең төменгі жалақы өсімі бойынша соңғы орында тұр. Бұл ұйым заң шығарушы орган белгілеген әлемдегі ең төменгі жалақы мөлшері бар 54 мемлекетті зерттеген.
Яғни ең төменгі жалақы бойынша жұмыс істейтін адамның қолына алатын ақша мөлшерін қарастырған. Соның ішінде Қазақстан ең соңғы 54-орынға тұрақтады. Біріншіден, елімізде биыл ең төменгі жалақы өзгеріссіз қалды. Бірақ қызметкердің қолына алатын ақшасы 1,1% төмендеді. Себебі осы жылдан бастап сақтандыру жарнасы қайтарылды.
Осыған орай, бұл портал азық-түлік бағасын ең төменгі жалақымен салыстыратын рейтинг жасады. Сонда бізде ең төменгі азық-түлік себетінің құны төменгі жалақының 58,7 пайызын құрады. Бұл дегеніміз – 22,2 мың теңге. Бір қызығы, дәл осындай себет былтырғы жылдың осы кезеңінде ең төменгі жалақының 54,7 пайызы болған. Осыған қарап-ақ азық-түліктің өсімі жалақының алдына түскенін көрсетеді. Сондықтан бұл жағынан Қазақстан 48-орында тұр.
Биыл «2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға сәйкес қазіргі ең төменгі жалақы мөлшерін 42,5 мың теңгені сақтауға шешім қабылдаған. Алайда 2018 жылғы ол көрсеткіш 28,3 мың теңге болған.
Әрине, сарапшылардың пікірінше, ең төменгі жалақыны есептеу әр елде әртүрлі болады. Оған қоса, әр елдің өз заңдылықтары бар. Мысалы, Филиппин мен Гонконгта ең төменгі жалақыға салық салынбайды. Ал басқа елдерде салық төлемей тұрып және төлегеннен кейінгі жалақының айырмашылығы – жер мен көктей. Мәселен, Румыниянікі 40 пайызға жетеді.