864
ТУРА ЖОЛДАН ТАЙМАҒАН
ТУРА ЖОЛДАН ТАЙМАҒАН
Тарихсыз халық болмайды. Қазақ халқының шерлі шежіресі де тереңде жатыр. Сол мың қатпарлы қилы-қилы кезеңдер тарихынан бізге ауызша жеткені «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» болса, бертін келе бұған Тәуке ханның «жеті жарғысы» қосылды. Иә, бұлар қазақ халқы өз алдына шаңырақ көтеріп, ел болып бастары құралған шақтан ұлттың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарына сүйеніп жасалынған тұңғыш заңдық негіздері еді. Халқымыз осы заңдарымен Ресей патшалығына бодан болған уақытқа дейін ғұмыр кешті.
Дамыған көне Еуропа елдерінде заңды Демосфен, Цицерон секілді озық ойлылары шығарса, түркі халықтарында, оның ішінде қазақ ұлтының білікті, көрегенді парасат иелері жалпыға тән әрі сол жолмен жүруге міндеттейтін қоғамдық-тұрмыстық ережелік заңдарын келелі кеңестерінде жүйелеп берген. Билеріміздің кейбір заңдық шешімдері сол еуропалықтардан асып түспесе, бір мысқал да кем емес. Бұған сол замандарда алыс-жақын елдерден келген жиһангер-зерттеушілер А.Левшин, Н.Гродеков, И.Мушкетов, Н.Северцов, В.Бартольд секілді ғалымдардың берген бағалары дәлел. Білікті дана билер шоғырының бұл заңдарын ел арасындағы кейінгі кемеңгер билер қоғамдағы сан алуан айтыс-тартысты шешуде ұтымды қолданып отырды. Ұлттың билер институты осылай қалыптасты.
Билер институты жөнінде бүгінгі ғалымдарымыздың жазғандары жоқ емес бар. Бірақ әлі де түйіні тарқатылмай, айтылмай жатқан жақтары қаншама. Жаңа басылымдарды оқып, танысқан сайын бұған көзің анық жете түседі. Осы орайда ұлттың тарихи кезеңдері мен тұлғаларын зерттеп, қалың оқырманға кеңінен таныс болған Мұхтар Қазыбектің жуырда ғана жарық көрген бес тараудан тұратын жаңа туындысы «Қойбек би» зерттеу-эссе кітабын ерекше атауға тура келеді. Ол бұл туындының алғысөзінде «Қазақ халқынан шыққан айтулы би-шешендердің бізге жеткен билік мұралары еліміздің мәдени, әдеби, тарихи, этнографиялық, құқықтық құндылықтарын құрайтын баға жеткісіз қазына. Би-шешендер мұрасы сондықтан тек фольклорлық қазына, мұра ретінде ғана қаралуға тиіс емес. Би-шешендер қазақ халқының өсу, даму кезеңдерінің бедер-бейнесін айқын көрсететін тарихи тұлғалар», − дейді. Оның осы бір түйінді сөзі халқымыздың біртуар ұлы батыр Бауыржан Момышұлының билерге берген анықтамасымен де астасып жатыр. «Қазақтың өзге халықтарға ұқсамайтын үшінші қасиеті, ерекшелігі – билер, билердің билік жүргізуі. Бүгінгі тілмен айтқанда, билер институты, билер соты. Билер дала демократиясын дамытушы, әділдік нормаларын, жоралғыларын орнықтырушы, қоғамдық қарым-қатынастарды реттеуші, қалыптастырушы, озық дәстүрлерді орнықтырып, өрістетуші. Қазақтың өміршең салт-дәстүрлері заң іспеттес, міндетті түрде орындалып отырады. Билер тарихы – азаматтық тарихымыздың бір ажырамас тармағы, бөлігі деп білуіміз керек». Автор кітабы несімен тартымды? Қойбек бидің ақыл-парасатын, шешендігін, тапқырлығын, ел басқарудағы әділдігін, ұйымдастырушылық қасиетін кеңінен көрсете білуімен, би өмір сүрген кезеңдердегі елдегі саяси әрі тарихи оқиғалардың мәні мен маңызын қозғай отырып, тарихи тұлғалар жөнінде тереңнен зерделі ой түйгенімен құнды. Сонымен бірге жоғарыда фамилиялары аталған Ресейдің жиһангер-зерттеушілерін қазақ елі неге қызықтырды? Олар өмірде кім болды және мақсаттары қандай? Патша үкіметінің елді отарлау саясаты мақсатымен зерттеу жүргізген ғалымдарының ғылыми еңбектерінің тарихи мәні мен біз үшін қандай құндылықтары бар? Автор аталған еңбегінде зерттеушілердің әрқайсысына арнайы тоқталып, толық мәліметтер берген. Кітап кейінгі оқырмандар үшін осынысымен де құнды.
Иә, билер мұрасы – баға жетпес қазына. Сол мұраларға күні бүгінге дейін ұлттық ақыл-ойдың кені деп қараймыз. Ел ішіндегі талас-тартысты шешудегі билердің екі жақты да қанағаттандырған ұтқыр шешімдеріне еріксіз қайран қаласың. Дей тұрғанмен «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген мәтелге айналған сөз сол уақытта шыққан. Осыған қарап би атаулының бәрі де ел мүддесінен шыға бермегенін зерделі жан сезеді. Алайда туғанынан аса алмаған пендешілікке бой алдырғандары халық талғамынан, сенімінен шыға алмай, ысырылып шеттеп қалып жатты. Халық шындық пен әділдікті, ақ пен қараны қара қылды қақ жарған етіп үкім ететін билерге ғана жүгінді. Сондай биің бірі Қойбек би екені даусыз. Автор кітабында бұған еш күмән қалдырмайды.
Қойбек би өмірде кім болған? Ол қандай қасиеттерімен қалың бұқараның құрметіне бөленді? Кітап авторы оның арғы атасын Абылай ханның қолбасшысы болған Жауғаш батыр шыққан Қоралас руынан екенін айта келіп, атасы Ақсерке бидің ұлы Мыңбасы кіндігінен жаралғанын, әкесінің көргені көп, ойға түйгені мол, елге сыйлы жан болғанынан хабардар етеді. Мыңбасы ұлы Қойбектің зеректігін бала кезінен сезініп, оған ел ішінде дау-дамайға төрелік жасап жүрген ақ сақалды абыз жандардың сөзін тыңдатып, солардың өнегесінен тәлім алдырған. Содан болар Қойбек қазақтың сөз өнерін, шешендігін, тапқырлығын бойына сіңіріп, ерте бастан-ақ ел ісіне араласа бастайды. Әуелі кішігірім ауқымдағы дау-дамайға төрелік айтып, кейін халық қалауымен кең ауқымдағы талас-тартыстарды қолға алғаны көпшілікке мәлім. Оңтүстің өңіріндегі Жуалы, Түлкібас, Сайрам және қазіргі Төле би аудандарына әділ шешімдерімен тез танылған би атанған.
Қойбек би күрделі тұлға. Өйткені оның өмір жолы басқыншылар Қоқан хандығы мен Ресей патшасы үкіметінің зорлық-зомбылық кезеңдерінде таразыға түсті. Қоқан хандығы қазақтарды елу жылдай уақыт билеп, шамадан тыс жөнсіз салықтарымен елдің еңсесін басып, титықтатып жіберген. Әсіресе, қыз салығы қазақтардың арқасына аяздай батты. Олардың зорлықтарына бұдан ары шыдау мүмкін емес еді. Қойбек би мен Батырбек датқа Қоқан ханның езгісінен құтылу үшін ақылдаса келіп, Омбыдан шыққан әскери экспедицияның бастығы полковник Черняев Әулиеатаны күшпен алардың алдындағы кеңеске шақыртуын қабыл алып, кездесуге барады. Черняев қоқандықтармен қарсы соғысуға әскери және азық-түлік жағынан көмек беруін сұрайды. Батырбек датқа оның бұл ұсынысын қабыл алмайды да, өз жұртын алысқа шеткері алып кетеді. Қойбек би Черняевтің ұсынысын амалсыз қолдайды. Себебі Сұраншы, қазақтың басқа да батыр бастаған сарбаздары Черняевтің әскери экспедициясы құрамына қосылып, қоқандықтармен бірлесіп соғысуды жөн деп тапты. Қойбек би Черняевпен сол келіссөз кезінде экспедиция құрамында жүрген жас офицер Шоқан Уәлихановпен кездеседі. Ол сонда Шоқанның Ұлы жүз қазақтарының Ресейге қарулы күшпен емес, бейбіт келісіммен қосылуы үшін жүргенін естиді. Қойбек бидің сөзін Черняевке аударып берген. Автор: «Қойбек би Ш.Уәлихановтан Әулиеата жерінде біраз жағдайлардың жай-жапсарына қанығады. Шоқанды Құнанбай да, Абай да, Сүйінбай ақын да, Жамбыл да, қырғыздардың бай-манаптары да жақсы білген. Жетісу облысы генерал-губернаторы Г.Колпаковскийдің өзі Шоқанның қызметі мен талантын жоғары бағалағаны мәлім. Оның архивінде ұлы ғалымның жазған сегіз хаты сақталынып, бізге жеткені белгілі», − деді.
Автор кітабында осы кездесуге мән бере отырып, 1864 жылы Черняев Әулиеатада бейбіт келісімді күтпей халықты зеңбірекпен атқылағын жауыздығына қарсы болған Шоқан онымен қатты керісіп, Алтынемелдегі Ұлы жүз сұлтаны Тезек төренің ауылына кетіп қалады. Черняевтің алдауына түсіп, қоқандықтармен келіссөзге барған Байзақ датқаның да трагедиялық тағдыры да автордың назарынан тыс қалмаған. Өкініштісі сол, Қоқанның орнын Ресей басқыншылары басты. Автор кітабына тағы да мынандай құнды дерек келтірген. «Қазақ жерін оңтүстігінен Сырдария шебінің командашысы полковник Н.Веревкин әскері, ал шығысынан полковник М.Черняев экспедициясы басып алып келе жатты. Қарулы әскер оңтүстікті екі бүйірінен сыға түсті. Веревкин әскерінде 44 офицер, 1 593 солдат, 150 ерікті қазақ, 18 зеңбірек болған. Ал М.Черняев отрядында 68 офицер, 2 571 солдат, және сұлтан поручик Қази Болатұлы Уәлиханов бастаған 400 қазақ сарбаздары, 22 зеңбірек болған. 1864 жылы 22-23 шілдеде Черняев Шымкентке шабуыл жасады. ...Шымкент қорғанын аларда екі мыңдай қазақтың оққа ұшқаны да ел ішін күйзелтіп кетті», − деп жазады. Бұл бұрын-соңды жалпыға кеңінен айтылмаған, аз ғана тарихшылар болмаса көпшілік біле бермейтін құнды дерек. Қоқан ханы әскері жеңілгенімен, қазақ халқы езгіден құтыла алған жоқ. Көп ұзамай патша үкіметінің оңтүстік қазақтарында әлімсақтан қалыптасқан хандық, сұлтандық билікті таратып, артынша елге тұтқа болған билер институтының билігін де төмендетіп, өздеріне тәуелді етіп қойғаны жөнінде автор шығармасында нақты деректер келтірген.
Қойбек бидің өмірі мен тағдыры, халқымен бірге өткізген қилы-қилы кезеңдері, саяси оқиғалар және ұлттың айтулы тұлғаларымен сабақтасын әрі олармен байланысы болғанын осы кітаптан оқыған жан беймәлім мән-жайға қаныға түседі. «Хақ жолынан, ақиқаттан айнымай, билігінде байлыққа бас ұрмай тура жолдан таймай өткен тұлға болды. Қазақ қауымына ұлы билердің өнегесін, дәстүрлерін іс-тәжірибесімен насихаттап, қылмыссыз қоғам, қауым орнықтыру жолында ұшан-теңіз еңбек сіңірген билердің бірі осы Қойыбек би Мыңбасұлы», − дейді би-бабамыздың өмір жолын, қайраткерлік қызметін, көркем тілмен айшықтап баяндаған әдеби өлкетанушылық еңбегінде зерттеуші-жазушы Мұхтар Қазыбек.