545
Әбігер әлем
Әбігер әлем
Жаңа жылды жайсыз хабардан бастаған жаһанды мазасыздық жайлады. Алпауыттар арасындағы кикілжің, кім мықтыны анықтай алмай әлекке түскендердің атыс-шабысы әлемді үрей құрсауына қамады. Ғаламшардың бір бұрышын табиғи апат қыспаққа алса, енді бір бұрышы адамның салғырттығы мен қаскөйлігінің салдарынан туған зауалдан зәрезап.
Тегеранның тынышын кетірген сегіз күн
8 қаңтарда 176 адамның өмірін қиған Тегерандағы ұшақ апаты төңірегіндегі сергелдең сейілген жоқ. Көпке дейін сейілмейтін түрі бар. Саясат «серкелерінің» текетіресінен туған оқиға қаншама жазықсыз өмірді жалмап, жаһанды тұрақсыздық пен мазасыздық құрсауына қамады. 11 қаңтарда Иран Қарулы күштерінің бас штабы «Тегеран әуежайы маңында украиналық ұшақты ирандық әскерилер қателесіп атып түсірді» деп мәлімдеді. Олар ұшақ Ислам революциясы сақшылар корпусының «құпия әскери орталығына» қарай бағыт алғандықтан, әскерилердің оны «жау нысаны» деп ойлап қалғанын айтты. Иран президенті Хасан Роухани Twitter желісінде оқиғаны «ұлы трагедия және кешірілмейтін қателік» деп атады. «Өкінішке қарай, әскерилер жүргізген ішкі зерттеуге сәйкес, қателесіп жіберілген зымырандар ұшақ апатына себеп болған, 176 кінәсіз адам ажал құшты» деп жазды мемлекет басшысы. Ал Иранның Сыртқы істер министрі Джавад Зариф бұл оқиғаға АҚШ кінәлі екенін мәлімдеді. «Қайғылы күн. Қарулы күштер жүргізген ішкі тергеудің алдын ала қорытындысы: АҚШ авантюризмінен туындаған дағдарыс кезінде адамнан кеткен қателік» деп жазды ол Twitter-де. Бұған дейін Иран үкіметі Батыс жетекшілері мен сарапшыларының «ұшақты ирандық зымыран атып түсірген болуы мүмкін» деген болжамын жоққа шығарып келген еді. Бастапқыда ұшақ «техникалық ақауға байланысты» құлады деп айтылды, алайда New York Times газеті Boeing ұшағына зымыранның дөп тию сәті көрсетілген видеоны жариялағаннан кейін Иран жауапкершіліктен жалтара алмасын түсінді. Көп ұзамай Иран президенті Хасан Роухани украиналық Boeing 737-800 ұшағын атып құлатқаны үшін мемлекет атынан кешірім сұрап, Украина халқына және ұшақ апатынан қаза тапқандардың отбасына көңіл айтты. Иранның Ислам революциясы сақшылары корпусының қолбасшысы Хосейн Салами да зымыранмен атып түсірілген ұшақ үшін кешірім сұрады. ISNA агенттігінің ақпаратына сүйенсек, Иран Парламентінде сөз сөйлеген Салами Украина лайнерін атып түсіріп қателікке жол бергенін мойындаған. «Өмірімде ешқашан бұлай қатты ұялған емеспін. Бәлкім біз қателік жіберген шығармыз, соның салдарынан көптеген отандасымыз қаза тапты. Алайда біз әдейі істеген жоқпыз, сол үшін де кешірім сұраймыз. Бортта өзім болып, солармен бірге өртеніп кеткенім жақсы еді. Алдымен Құдай, сосын Иран халқы мен қаза болғандардың отбасылары кешірсін бізді», – деп келтірді CNN Иран генералының сөзін. Иран басшысы кешірім сұрағаннан кейін Украина халқына үндеу жасаған ел президенті Владимир Зеленскийдің сөзінен ұстамдылық пен байсалдылық аңғарылды. – Хасан Роухани қаза тапқан жолаушылардың денесі елге мейлінше тезірек қайтарылуы үшін тиісті тапсырма беретінін айтты. Украинаның Сыртқы істер министрлігі шұғыл түрде Иранға мәселені реттеуге қатысты нақты қадамдар бойынша нота жібереді. Оның ішінде өтемақы төлеу жағы да бар. Иран тарапы бұл мәселеде Украинамен толық келісіп отыр, – деді Украина президенті. Ресми Тегеран әуе апатына қатысы бар адамдардың барлығы жазаланатынына уәде бергенін айтқан Зеленский бұл оқиғада украиналықтардың ең басты қаруы сабыр екенін ұқтырғандай болды.Тілсіз жау тұтқынындағы Австралия
Аптап ыстық пен құрғақшылықтан кезенесі кепкен Австралия өткен жылдың қыркүйегінен бері өрттен көз ашар емес. Соңғы аптада өрт қарқыны күшейіп, көптеген қала тұрғындарын эвакуациялауға тура келген. Мыңдаған өрт сөндіруші мен еріктінің араша түскеніне қарамастан, 24 кісі ажал құшып, тағы 17-сі із-түзсіз жоғалып кеткен. Тілсіз жау 6,3 млн гектар жерді шарпыды. Бұл Дания мен Нидерланд аумағынан да үлкен. Өрттен ең көп жапа шеккен – елдің Жаңа Оңтүстік Уэльс штаты. 130-дан аса орман өртінің салдарынан мұнда 2019 жылдың қыркүйегінен бері 1 687 үй қираған. Штаттағы 28 қорықтың 12-сі күлге айналып үлгерді. Аса бағалы әлемдік мұра болып есептелетін Көк-шұбар таулардың (Blue Mountains) 20 пайызы отқа оранып, ондағы биоценоз жүйесі адам айтқысыз апатқа ұшырады. Сонымен қоса желтоқсанның ортасына қарай Жаңа Оңтүстік Уэльсте Мэрилендтің ауданымен пара-пар 27 мың шаршы шақырым аймақ күлге көмілген болатын. Виктория штатында да 800 мыңға жуық гектар аумақ өртеніп, ондаған үй қирады. Public Radio International орталығының бағалауы бойынша қызыл жалынға оранған құрлықта 1,25 миллиардтан астам жануар – сүтқоректілер мен құстар, соның ішінде мыңдаған коалалар, кенгурулар, валлабилер, кукабурралар, какадулар мен итаюлар жанып кеткен. Ал Сидней университетінің профессоры Крис Дикман 480 млн жануардың көзі жойылды деген деректі алға тартады. Қалай болғанда да, алапат өрт Австралияның ең бағалы қазынасын ортайтты. Апат тек Австралия емес, Жер шарының экожүйесіне әсер ететіні сөзсіз. Бұл тұрғыда әлемдік сарапшылар Австралия үкіметін сынға алуда. Алайда қызыл жалынды ауыздықтап, ел тұрғындарының және ғаламшардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ел билігі аянып жатқан жоқ. Өткен аптада Австралияның үкімет басшысы өртті тоқтатуға мемлекет тарапынан 23 млн Австралия долларының бөлінгенін мәлімдеді. Бұл шамамен 16,2 млн АҚШ долларына тең. Ал апатта жапа шеккен азаматтарға кәсіптері мен үйлерін қайта тұрғызу үшін әрқайсысына 4 200 АҚШ доллары көлемінде өтемақы төленбек. Сондай-ақ Скотт Моррисон резервтегі 3 мыңға жуық әскери қызметкердің өрт сөндіру жұмыстарына жұмылдырылатынын айтты. Елдегі апатпен күресуге жұмылған еріктілер тобының да қарасы қалың. Мемлекеттің Қорғаныс министрі Линда Рейнольдс Sydney Morning Herald басылымына берген сұхбатында: «Осынша адамның бір күнде ортақ жұмысқа жұмылдырылуы ел тарихында алғаш рет болып тұр. Үкімет қолынан келген барлық көмекті көрсетіп жатыр. 5 тікұшақ пен патшалық әскери-теңіз флотының 2 кемесі өрт болып жатқан аумақта», – деді. Жалпы, орман өрті Австралия үшін қалыпты жағдайға айналған. Мәселен, 2009 жылғы ақпанда Виктория штатында алапат өрттен 180 адам қаза тапты. Бұл оқиға ел тарихына «қаралы сенбі» деген атпен енді. Экологтар биыл адам шығыны айтарлықтай аз болса да, өрттің күшті екенін айтады. От жалыны қатты болғаны сонша, тез тарап, гектарларды әп-сәтте шарпып өтеді екен. Мемлекетте 2009 жылдан бері құрғақшылық. Метеорология бюросының ақпаратына сүйенсек, 2019 жылдың желтоқсаны ең құрғақ маусым ретінде тіркелген. Ауа температурасы 40 градус цельсийден түспеген. 17 желтоқсан сынап бағаны 40,9°-қа көтерілсе, ал ертесіне 41,9°-ты көрсетті. Осы күнге дейін ең жоғары температура 2013 жылы 40,3° тіркелген еді. Кейбіреулер елдегі апатқа аптап ыстықтан бөлек, экология белсенділерін айыптайды. Айтуларынша, олар кеуіп кеткен жасыл желекті отауға қарсы болған. Ал орманды күтіп ұстауға келгенде өздері селқостық танытқан. Кәрі ағаштарды дер кезінде кеспеген. Австралиялық саясаткерлер осындай уәж айтып отыр. Бұған дейін Австралияда өрт қолдан қойылып келді. Мамандардың бақылауымен кеуіп қалған шөптер өртелетін. Биыл билік бұл іске бөлінетін қаражатты қысқартқан. Өйткені белсенділер қолдан жасалған өрт орманды мекен қылатын құстар әлеміне зиянын тигізеді деген желеумен доғаруды талап етті. Елдегі өртке байланысты жүргізілген тергеу жұмыстары нәтижесінде орман өртін қасақана ұйымдастырды деген айыппен 200-ге жуық адам күдікке алынды. Австралия полициясы 183 адамды, оның ішінде 40 шақты кәмелетке толмаған жасты сотқа берген. 183 адамның 53-іне өрт қолдануға тыйым салу туралы ескертулерді ескермеген деген айып тағылса, 47 адам темекі мен сіріңкені өрт қауіпсіздігін ескермей қолданғаны үшін айыпталуда. Сондай-ақ Жаңа Оңтүстік Уэльсте орман өртін қасақана ұйымдастырды деген айыппен 24 адамның ісі қаралуда.Қытай vs АҚШ: Сауда соғысы аяқтала ма?
Апта басында Қытайдың вице-премьері Лю Хэ бастаған делегация Вашингтонға келді. Үш күнге жоспарланған сапардың басты мақсаты – АҚШ-пен мәміле жасасу еді. Кеше, 15 қаңтарда бүкіл әлем көз тіккен кездесуде екі алпауыт держава бірқатар сауда келісіміне қол қойды. Өткен жылдың желтоқсан айында АҚШ Қытайдан импортталатын жалпы құны 156 миллиард долларды құрайтын тауарларға баж салығын кейінге қалдырды. Ал кешегі келісім бойынша АҚШ баж салығын екі есе төмендетпек. Өз кезегінде Пекин АҚШ-тан ауыл шаруашылығы техникасы мен өзге де өнімдер импортын ұлғайтуға келісті. Осымен Вашингтон мен Бейжің арасындағы сауда соғысын бәсеңдетудің «бірінші фазасы» аяқталды деуге негіз бар. Алайда халықаралық сарапшылар осы оқиғадан кейін әлемдік экономика даму даңғылына түседі деп қуанған мемлекеттерді асықпауға шақырды. Өйткені мұндай келісімдер Вашингтон мен Бейжің арасында талай рет жасалып, соңғы сәтке келгенде іске алғысыз боп қалғанын ұмыта қойған жоқпыз. Нақтырақ айтсақ, өткен жылдың соңында екі тарап келісімге келіп, тыныштық орнай бастағандай болып еді. Тіпті, Қытай тарапы дау-дамайдың оң шешімін табатынына үмітті екенін де мәлімдеген. Алайда «баяғы жартас, сол жартас». Сондықтан мамандар жаһан жұртшылығын Трамптың уәдесіне көп үміт артуға әлі ерте екенін ескертті. [caption id="attachment_93928" align="alignnone" width="1600"] 50063791 - usa vs iran[/caption] Алпауыттар арасындағы келісімді асыра бағалауға асықпаудың тағы бір себебі – Қытай Дүниежүзілік сауда ұйымының сауда серіктестерін кемсітпеушілік принципін бұзбай, импорт бойынша өз міндеттемелерін қалай орындайтыны әзірге белгісіз. Шын мәнінде, бұл келісім Қытайға қарсы АҚШ үкіметінің кейбір сауда наразылықтарына ғана қатысты, ал оның қалған талаптары жағдайды әлдеқайда қиындатады. Тұтастай алғанда, Вашингтон Қытайдың валюталық манипуляцияларды тоқтатуын, зияткерлік меншікті ұрлауды доғаруын, технологияларды одан ары мәжбүрлеп тасымалдауға шек қоюын және мемлекеттік инвестициялар арқылы америкалық компанияларды сатып алуды тоқтатуын қалайды. Келіссөздер бір тараптың ғана мүддесін көздемейтіні анық. Демек, Қытай билігі де АҚШ-тан осы бағыттар бойынша жасаған қадамдарының қайтарымын күтеді. Көзқарастардың кереғарлығы, мүдделердің бірінші болуға ұмтылысы аяқталуға жақындаған сауда соғысын қайта қоздырма-сына кепілдік жоқ. Әліптің артын бағайық.