Тышқан жылы қандай жыл?

Тышқан жылы қандай жыл?

Тышқан жылы қандай жыл?
ашық дереккөзі
1951
Шығыс халықтарының «жыл қайыруы» бойынша жыл басы тышқан жылынан басталады. Бір мүшел он екі жылдан тұрады. Әр он екі жылды жан-жануардың атымен атауының мифологиялық және астрономиялық мәні бар. Белгілі фарабитанушы ғалым Ақжан әл-Машани бұл жыл атауларындағы жан-жануарды аспан денелеріндегі жұлдыздардың атауымен байланысты екенін жазады. Мәселен, сиыр жылы көне түркі-моңғол тілінде «үхэр» деп аталады. Яғни, біздің үркер жұлдызы деп жүрген жұлдызымыз – сиыр (сәуір) жұлдызы. Сол жұлдыздың он екі жылда бір рет айналып келуімен байланыстырады. Осы әдістеме арқылы он екі жыл қайырудың астрономиялық мәнін ашып көрсетеді. Ал мифологияда барша Шығыс халықтарына ортақ бір ғана аңыз бойынша жан-жануарлардан айласын асырып, күнді бұрын көр­ген тышқан жыл басы болады да, түйе бойына сеніп жылдан құр қа­лады. Тышқан жы­лын береке, ырыс, татулық пен ты­ныштықтың жылы деп санаған. Адамдардың бұл сенімі көп жағдайда дәл келген. Расында да, тыш­қан жылында қиыншылық, жау­гершілік, аштық көп болған жоқ десе де болады. Тарихи деректерге сүйенсек, 1588 жылы тышқан жылы Қазақ хан­дығы киелі Қаратаудың етегі Созақ қаласында Тәуекел ханның ш­ақыртуымен үлкен Құрылтай өт­кізді. Бұл тарихи дерек әйгілі жазу­шы Мұхтар Мағауиннің «Ала­сапыран» романында жазылған. Атақты роман «Тарихтың то­ғыз жүз тоқсан алтыншы, тышқан жылы…» деп басталады. ХХ-ХІХ ғасыр аралығында тыш­қан жылы 1900, 1912, 1924, 1936, 1948, 1960, 1972, 1984, 1996, 2008 жылдарға тұспа-тұс келіпті.
  • 1900 жылы Қазақстандағы ең алғашқы жаңа әдістемелік мек­тебі Түркістан қаласында ашыл­ды.
  • 1912 жылы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы Қазақ әліпбиін (төте) жасап, қолданысқа ен­гізді. Сол тұстағы газет-журналдар төтеше шыға бастады.
  • 1924 жылы Орта Азияда ұлт­тық мемлекеттік шекараларды белгілеу нәтижесінде Түркістан республикасы құрамына кіре­тін қазақтар Қазақ Автономды рес­публикасына қосылып, ұлт бір­тұтастығы қамтамасыз етілді жә­не жер көлемі өсті. 1924 жылы Қа­зақ Автономиялы Әкімгершілік тер­риториясын межелеу барысын­да елдің астанасын Орынбордан көшіру туралы мәселе қойылды.
  • 1936 жылы Қазақ АССР біршама жоғары статусқа ие болып, одақтас республикаға айналды. Басқаша айтқанда, большевиктер басшылығының еркі бойынша Қазақстан Ресей құрамынан шықты. Конституцияға сәйкес, Ресеймен тең құқыққа ие болды (заң жүзінде болса да). Ең бастысы, 1936 жылғы Негізгі Заңның 17-бабында бекітілген «КСРО-дан еркін шығу» құқығына ие болды. Нәтижесінде, Қазақстан жеке мемлекетке айналудың алғышарттарын жасады. Тарихта 1936 жылы күн тұтылған. National Geographic қоғамы осы жылдың 19 маусымында Кеңес Одағының азиялық бөлігінен күн тұтылуын бақылау экспедициясының жетекшісі Ирвин К.Гарднер зерттеу жүргізген. Келесі 1937 жылы жаппай қуғын-сүргін басталды...
  • 1948 жылы БҰҰ Бас Ассамблея­сының Адам құқықтары туралы жалпыға бірдей декларациясы (Universal Declaration of Human Rights, UDHR) қабылданып, жария етілді. Дәуір құжаты әр адамға оның нәсіліне, жынысына, ті­ліне, діни, саяси немесе өзге наным-сеніміне, ұлттық немесе әлеу­меттік тегіне қарамастан тең құ­қық береді.
  • 1960 жылы Павлодардағы машина жасау зауытының негiзiнде құралған трактор зауыты, Ақмоладағы «Қазауылмаш», Семейде арматура зауыты саланың басты кәсiпорындары болды. Аталған мерзiм iшiнде Семейде кабель, Текелiде аккумулятор, Өскеменде электротехникалық конденсатор, Кентауда трансформатор, Алматыда төмен вольтты аппараттар зауыты, Жезқазған, Семей, Ақтөбе қалаларында тоқыма фабрикалары салынды.
  • 1972 жылы Қапшағайда электр стансасы салынды. Және дәл осы жылы Мюнхенде өткен Олимпиадада Әлжан Жармұхамедов чемпион атанды.
  • 1984 жылы кезекті мектеп реформасы басталды. Мектеп­тің материалдық базасын нығайту, 6 жастан бастап оқыту, жаңа пəндер енгізумен қатар мұға­лімдер мәртебесі көтерілді. 1984 жылы Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаевтың ұсынысымен Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ ССР Министрлер Советі­нің төрағасы болып сайланды.
  • 1996 жылы еліміз Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы, (ШЫҰ) «Шанхай бестігі» деген атаумен құрылған халықаралық ұйымға кірді. Осы жылы 30 қыркүйек Қазақстан Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шартына қосылды. 21 қазан Қазақстан Президенті Н.Назарбаев Ташкентте өткен түркі­тілдес мемлекет басшыларының кездесуіне қатысты.
1996 жылы Жоғары дипломатиялық мектеп құрылды.
  • 2008 жылы қаңтар айында Оралмандардың көшіп келу квотасы туралы Қазақстан Президентінің Жарлығы шықты. 2 желтоқсанда 2009-2011 жылдарға арналған «Нұрлы көш» бағдарламасы Үкіметі қаулысымен бекітілді
Бұл тарихи жылнамаларға бажайлап қарасақ, тышқан жы­лы тың өзгерістерге толы. Жаңа бастаулардың жылы болыпты. Әсіресе, жаңа өнеркәсіп, зауыт, фабрика секілді кәсіпкерлік жетістіктермен қатар білім сала­сында да оң өзгерістер көп бо­лыпты.

Бақытбек ҚАДЫР

       

Серіктес жаңалықтары