Заманауи сурет өнері – ұлт идеологиясын жоятын бағыт

Әділғали Баяндин – бейнелеу өнері бойынша Қазақстанда және шетелдерде өткен көрмелердің, фестиваль мен симпозиумдардың қатысушысы әрі жеңімпазы. «Көтібар», «Қобыланды батыр», «Тайлақ батыр» кітаптарына жасалған иллюстрациялардың, сондай-ақ «Көтібар батыр» және «Бек әулие» мазарлары жобасының авторы. Суретшімен сұхбаттасу үшін арнайы шеберханасына барған едік.

– Тәулігіне қанша уақытыңыз­ды шеберханада өткізесіз?

– Күніне 16-ақ сағат (күлді). Өзің­ді шеберханаға байлап қою – ең ауыр жұмыс. Шеберханада отыр­ғанда адамның көңілі желігіп, анда барып қайтайыншы, мында баруым керек еді деп ойлайсың. Со­ның бәрін жеңіп, зейініңді, энергияң­ды жиып жұмысқа аудару өте қиын. Шақыратын жұрт көп, бірақ сурет үшін көп жерге барудан бас тартамын.

– Тарихи тақырыптарға арналған туындыларыңыз көп екенін білеміз. Тарихи тұлғалар­дың бейнесін кенепке түсіру алдында ақпаратты қалай жи­нап, қандай шығармашылық ізденіс жасайсыз?

– Тарихи тұлғалардың картинасын жазу кезінде жобамен сақтал­ған көне суреттерге қараймын, та­рихи деректерге сүйенемін. Ке­зін­де елімізге келген саяхатшылар, тарихшылар мен офицерлердің салған образдарына қараймын. Мен 2-3 айдан бері бір ханның картинасын жазып жатырмын. Үлгі ретінде үш шапан жіберді, былай қарап отырсаңыз шапандарды бір-бірінен ажырату өте қиын. Көшпелі халық болғаннан кейін киім үлгілері бір-біріне ұқсап, тіпті араласып кеткен. Тарихи картина жазудың осындай өзіндік ерекшеліктері бар. Мысалы «Қобыланды батыр» кітабының иллюстрациясын жасағанда суретші, ғалым Қ.Ахметжанов ағамыздың қару-жарақ тарихы туралы зерттеулерін басты назарда ұстадым. Қазақтың бес қаруы туралы зерттегенде жастар тұрмақ, өзімнің де көп нәрседен хабарым жоқ екенін білдім. Көнені ұмыту оңай, жаңарту қиын. Мысалы бұрын былғарыны әр ауылда, тіпті әр үйде илей беретін еді. Қазір оның технологиясын ұмытып бара жатырмыз. Тері илеумен айналысатындар өте аз, өйткені былғары илеп отбасыңды асырай алмайсың. Болашақта теріні қалай илеуді кітаптан қарап көретін күнге жетеміз, бірақ кітаптағы технологиямен жасасаңыз, дәл ата-бабамыз илегендей болып шық­пасы анық. Сондықтан өз қолы­мыздан келетін, жасай алатын дү­ниелерді жоғалтып алмауымыз керек.

Хан мен батырлардың образдарын жасау үшін аймақтарға барып жүрген жерлерін көріп, ұрпағымен танысып ақпарат жинап жүремін. Бұл үшін маған ешкім қаламақы төлемейді. Бірақ мен мұны өзім үшін, болашақ ұрпақ үшін зор махаббатпен, ерекше ықыласпен жасаймын.

– Картинаны жазып біткен соң, «әлі де жетілдіре түсу керек еді» деген ой жиі келе ме?

– Жазып қойған жұмысыңа төрт-бес жылдан кейін басқа көзқараспен қарайсың. Тіпті, бір ай немесе бір жылдан соң да ондай ой келіп жатады. Сурет әлемі деген шексіздік қой, аяқталмайды. Бірақ уақытында тоқтай білген жақсы. Мысалы бір натюрмортты 6 рет жаздым. Бір қарасаңыз, бір-ақ рет жазылған дүние сияқты. Бірақ алты түспен, алты түрлі оймен жазылды. Әлі де бір шешімге келіп тоқтай алмай отырмын.

Суретші болу үшін тарих, әдебиет, архитектура, анатомия, перспектива заңдылықтарын зерттеуің керек, білімің болуы қажет. Бәрі жиналып келгенде сурет шығады. Бір компоненті аз болып қалып жатса, одан сурет шықпай қалуы мүмкін.

– Сурет салуға деген құштарлығыңыз болмай қалған кезде не істейсіз?

– Сурет салғанда менің жан дүнием демалады. Ал өнердің алдында өтірік айта алмайсың. Бір ай жұмыс істемей депрессияға түсіп кететін кездер болады. Ондай сәттерде шеберханаға жай келіп-кетіп жүремін. Ең қиыны – қайтадан күш тауып жұмысқа оралу. Шабыт дегеннің өзі бізге бағынбайтын дүние, оны бақылауда ұстай алмайсың. Кейде кофе құйып алып тұрғаның есіңде, бір қарасаң алты сағат бойы бір орныңда тапжылмай жұмыс істеп тұрасың. Бірақ бір сәт сияқты. Міне, сол сурет әлеміне кіру қиын, ал кірсең ол сені ары қарай қалықтатып алып кетеді. Осылай таң атқанша жалғаса беруі мүмкін. Шабыт болмаған кезде кенептің алдында өнер есігін аша алмай, жалынып күнде келіп тұрасың. Ұлы махаббат сені сурет әлеміне тартса, онда сол күні керемет дүние жасайсың. Ал тартпаса сүлдеріңді сүйретіп, үйіңе қайтасың.

Сурет әлеміне атүсті келуге болмайды, оған білім мен талғам керек. Оны күшпен жаулап ала алмайсың, ол саған бағынбайды. Өнер киелі дейді, сол киелі дүние ғана сені ары қарай бояу арқылы тартатын болса, сурет арқылы ойыңды бересің, бояу арқылы көңіл күйіңді бересің. Сурет те музыкадағы нота сияқты. Сол бір нотасын орнына қоя алмасаң, картина ойнамайды. Кейде жазған картинаңа төрт сағат бойы қарап отырып, бір жеріне бір түсті салып жіберсең, картинаңыз ойнап шыға келеді.

IMG 0016

– Картинаңызды сатып алушылар көп пе?

– «Сенің картинаңды 10 жыл бұрын көрдім, сол жұмысыңнан осын­дай нәрсе көрдім, ана түс буыр­қанып тұр» деп хабарласып, «сол картинаңды сатшы» дейтіндер кездеседі. Сонда картина оның жан дүниесіне он жылдан кейін әсер еткен болып тұр ғой. «Менің есіме түспей тұр» десем, «өз жұмысыңды қалай есіңе түсіре алмайсың» деп ренжіп жатады. Тіпті, сен маған қимай тұрсың деп жатады. Мен одан кейін де жүздеген жұмыстар істедім ғой. Бәрі бірдей есіңде қала бермейді. «Не сұрасаң да, берем» деп қолқалайтындар да бар.

– Сатып алушы үшін картинаны қайталап салып берген кезіңіз болды ма?

– Қайталап салсаң, картинаның әуеніне түсе алмай қаласың. Менің жұмысымды көп адам қайталайды, сол жұмыстарын сатып жатады. Бірақ дәл мен тапқан әуен жоқ ішінде. Менің тапқан әуенімнен жоғарылатып жіберсе қуанатын едім. Қайталаушылар сол әуенімді таба алмайды. Бүгінде ұлт идеологиясын жою үшін заманауи сурет өнерін ойлап тапты. Заманауи сурет өнерімен айналысатындар жұмыстарын өткізіп жатыр, жақсы тұрады. Бірақ картиналарында ұлттық идеология жоқ.

– Сіздің шығармашылығыңыз туралы суретші Жеңіс Кәкенұлы «Картиналары да өзі се­кілді емен-жарқын. Жеңіл ю­морлы» деп баға берген екен. Өзіңізге сын көзбен қарайсыз ба?

– Әр суретшінің өзінің қолтаңбасы болады. Суретші үшін қолтаңбаңды табу, оны қалыптастыру оңай емес. Осы уақытқа дейін ауыл, туған жер, тарихи тұлғалар тақырыбын жазыппын. Қарап отырсам, мен домбыра туралы бір-екі ғана жұмыс жазған екенмін. Бірақ бірнеше жұмысым қобыз туралы екен, өйткені қобыздың үні сурет өнеріне көп келеді. Қобыз жанымызға жақын болғандықтан да Кеңес Одағы оған тыйым салған болатын. Неге біз тарихқа қайта ораламыз? Себебі сол кездегі адамдардың ерлігіне, жігерлілігіне, арулардың сұлулығына осы күнге дейін тамсанып келеміз. Ол кездегі ата-бабаларымыздың нақты көзқарасы, Отанға, жерге, елге деген шексіз сүйіспеншілігі бар еді. Қазір сол жойылып кеткеннен кейін біз өзіміздің негізімізді іздеп жатырмыз, өйткені адасып жүрміз, адастырып жатыр.

Қазір бізде тарихқа талас жүріп жатыр, өзімізге рухани азық іздеп жатырмыз. Себебі бұл әлемде өз тарихыңнан өзге аяғыңды тіреп қалатындай ештеңе болмай тұр. Жапонияның Хиросима, Нагасаки қалаларына атом бомбасы түсіп қирағанда жапон ғұламалары «Біз тек салт-дәстүрімізге сүйеніп қана осы әлемде жапондарды алға алып шыға аламыз» деген екен. Жапондар әлі күнге дейін өзінің салт-дәстүрін, тілін ұмытқан жоқ. Ал біздің тіліміз шұбар, мүкіс. Тауыққа шашқан тарыдай ел бөлініп, жинала, тұтаса алмай жатырмыз. Бас-басымызға би болып кеттік. Өзімізде бар ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, етек-жеңімізді жинайтын кез келді.

– Қазақ суретшілері ұлттық идеологияны қалыптастыруға қаншалықты үлес қоса алды деп ойлайсыз?

– Суретшілер қазақтың идеологиясын баяғыда-ақ салып қойған. Ұлттық бояуы қанық жұмыстарды француздар, немістер сатып алып кетіп жатыр. Кейде әлі көрмеге керек десең де жылдап күтуге дайын. Өйткені олар да көп дүниені жоғалтты. Сол жоғалтқан дүниені біздің картинадан көріп тұр.

Мен барлық картиналарымды патриоттық сезімді ояту үшін жазып жатырмын деп айта алмаймын. Бірақ өткен мен қазіргі кезеңді байланыстырып жазып жатырмын. Менен кейінгі жастар бұл тақырыпта жаза ма, жазбай ма, өздері біледі. Мен білгенімді жазып кетуім керек. Бірақ менің де білетінім аз.

Kobylandy batyr 1

– Сіздің соңғы жұмыстарыңыздың бірі – Абай картинасы. Оны салу барысында не туралы ойландыңыз?

– Мен Абайдың образынан бөлек оның поэзиясын, қазақтың кең даласын беруге тырыстым. Мүмкін портреттік ұқсастық екінші немесе үшінші кезеңге кетіп қалған шығар, бірақ мен бәрі үйлесімді болса екен дедім.

Біз қазір бәріміз қу болып алдық бұл өмірде. Бүкіл жүкті Абайға артып жібереміз, ешкім өзіне жүк артқысы келмейді. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргіміз келеді. Біз Абайды Кеңес өкіметінің идеологиясымен уағыздап жатырмыз. «Қазақ жалқау», «Қазақ жатыпішер» деген ұғым әлі қосақталып жүр. Қарапайым жұмысшыға жалқаусың, жатыпішерсің, арамтамақсың деген идеологиямен қарау бізді төмендете береді. Бұлай өзі­мізді төмендете берсек, қадір-қасиетімізді ұқпаймыз, жоғалтамыз. Абайдың заманында қазақ мал бақты, ебі барлар зергерлікпен, ұсталықпен айналысты. Сол заманның жастары оқуға талпынбаған болар, ал бүгінгі қазақты жалқау дей алмайсыз. Себебі бәрі талпынып жұмыс істеп жатыр.

– Болашақта шетелге көшуіңіз мүмкін бе?

– Әр қазақ орыс, француз немесе ағылшын бола алмайды. Қазақ тек қазақ бола алады. Ешкімге еліктеудің қажеті жоқ. Сені ұстап тұратын діңгегің ол – сенің жерің, Отаның. Жағдай жасаймын деп шетелде қалып қоюға болады. Бірақ діңгегіңнен айырылғаннан кейін сен ешкім емессің деп ойлаймын. Шетелге жұмыс істеуге уақытша баруым мүмкін, бірақ көшпеймін. Мен өз елімде еңбек етіп, картиналарымды ғасырдан-ғасырға аманат етіп қалдырып кетсем деп ойлаймын.

 

       Сұхбаттасқан

Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ

Back to top button