Трампқа жарияланған импичмент
2019 жыл АҚШ президенті Дональд Трамп үшін оңай болмаған сыңайлы. Жыл аяқталуға жақындағанда Трампқа импичмент жарияланды. Сөйтіп, Трамп АҚШ тарихындағы Конгресс өкілдерінің палатасы импичмент жариялаған үшінші президент атанды. Конгресте Трампқа тағылған айыптар бойынша дауыс беру шарасы өтті. Дауыс беру қорытындысына сай, билікті асыра пайдаланғаны үшін тағылған айып бойынша 230 конгресмен импичментті қолдады. Ал конгресс жұмысына кедергі болғаны үшін тағылған айып бойынша импичментті қолдаушылар саны – 229. Айта кетейік, импичмент жариялау үшін екі айыптаудың бірі бойынша 216 дауыс жиналса жеткілікті. Негізі, төменгі палата конгресмендері бұған дейін де басқа президенттерді биліктен шеттетпек болған. Алайда ол ешбір нәтиже берген жоқ. Айта кететін тағы бір жайт, өкілдер палатасымен импичмент жарияланған басшылардың ешбірі кейіннен өткен президенттік сайлауда жеңіске жете алмаған.
Зеленский – Украина президенті
2019 жылғы 21 сәуір. Украина жаңа президентін сайлады. Елдің жаңа көшбасшысы – әзілкеш және актер Владимир Зеленский. Петр Порошенко соңғы сәтке дейін екінші рет президент атануға барын салды. Бірақ оның тілегі орындалмады. Сайлау қорытындысы бойынша, Владимир Зеленскийге Украина халқының 70 пайызы дауыс бергені белгілі болды.
Ресей мен Украина: тұтқындарды алмастыру
Ресей президенті Владимир Путин мен Украина басшысы Владимир Зеленскийдің алғашқы әңгімесі тұтқындарды алмастыру мәселесі болды. Бұл мәселені екі ел басшысы 12 маусым күні телефон арқылы талқылады. Екі айдан кейін, яғни, 7 қыркүйек күні «35-те 35» формуласы бойынша алмасу процесі өтті. Мәскеу Киевке Керченск бұғазындағы шекараны бұзғаны үшін тұтқындалған әскери кеме теңізшілері мен режиссер Олег Сенцовты қайтарды. Ал Украинадан Ресейге журналист Кирилл Вышинский мен ДХР әуе шабуылына қарсы қорғану бригадасының бұрынғы командирі Владимир Цемах ұшып келді. Бұл екі ел арасындағы арақатынасты реттеуге жасалған алғашқы қадамдардың бірі болды десек артық айтқандық емес. Әлемдік БАҚ Мәскеу мен Киев арасындағы бұл «достықтың» кез келген күні аяқталуы мүмкін екенін жазуда. Расында да, егер Владимир Путин мен Владимир Зеленский арадағы сенімді жоғалтса, екі ел арасындағы ахуал қайтадан бәз баяғы қалпына түсуі ықтимал. Ал егер бұл бастама ары қарай сәтті жалғасатын болса, Украина «Штайнмайер» формуласын қабылдап, Донбасстағы өз әскерін әкетуі тиіс. Киев бұл маңызды қадамды жасаса, Зеленскийдің сайлауалды берген уәделерінің бірі орындалды деп бағалауға әбден болады. Естеріңізге сала кетейік, Владимир Зеленский президент тағына отырмас бұрын соғысты тоқтатуға уәде берген еді.Толқуларға толы жыл
Доңыз жылы әлем елдеріндегі түрлі наразылық шараларымен есте қалары анық. Әрине, мұндай қарсылық акциялары әлем үшін жаңалық емес. Дүниежүзінде қолдарына плакат ұстап, көшеге шығып наразылық білдіретін азаматтар жетерлік. Хош, биылғы ең ірі көтерілістер Венесуэла мен Гонконгте өтті. Венесуэла тұрғындары мемлекет президенті Николас Мадуроға қарсы көтерілісті бастады. Көшеге ұрандатып шыққан венесуэлалықтар Мадуроның орнынан кетуін талап етіп, өзін-өзі президентпін деп жариялап алған оппозиция лидері Хуан Гуайдоны қолдады. 23 қаңтарда Хуан Гуайдо өзін Венесуэланың уақытша президенті ретінде жариялап, ант берген еді. Ол сайлаудың еркін өтуі үшін қарулы күштердің көмегімен мемлекет басшысының міндеттерін атқаратынын мәлімдеді. Оның өкілеттілігін АҚШ президенті Дональд Трамп, сонымен қатар Аргентина, Канада, Перу, Колумбия және басқа да мемлекеттердің билігі мойындады. Ал Ресей мұны жасаудан бас тартты. Ең өкініштісі, көтеріліс салдарынан қаза тапқандар саны тым көп.
Грета Тунбергтің жұлдызды сәті
«Сіздер менің армандарым мен балалық шағымды ұрладыңыздар». Дәл осы сөзінен кейін 16 жастағы Грета Тунбергті күллі әлем таныды. Швециялық экобелсенді БҰҰ Бас ассамблеясының отырысында биік мінберден сөз сөйлеп, саммитке қатысушыларды өзінің балалығын ұрлағаны үшін айыптады. Грета өз сөзінде биліктегілер тек ақша мен экономикалық өсімді ойлап жүргенде әлемде адамдар өліп, экожүйенің бұзыла беретінін айтты. Ол өзге 15 оқушымен бірге БҰҰ-ның Бала құқықтары жөніндегі комитетіне шағым түсірді. Шағым Аргентина, Бразилия, Түркия, Германия және Франция елдеріне қарсы жазылған. Тунбергтің пікірінше, аталған мемлекеттер жаһандық жылынумен нәтижелі күрес жүргізбегендіктен, Бала құқығы бойынша конвенцияны бұзып отыр. Грета Тунберг жұма күндері сабаққа бармайды, есесіне бұл күнді Швеция парламентінің маңында ереуіл өткізеді екен. 16 жастағы оқушының ондағы мақсаты – қоршаған ортаны сақтап қалуға мүмкіндік туғызу.
АҚШ пен Қытай текетіресі: сауда соғысы тоқтамақ
Трамп тағы уәде берді. Жыл аяқталуға жақындағанда АҚШ президенті Дональд Трамп жақын арада Қытаймен арақатынасты жақсартатынын мәлімдеді. 2019 жылғы әлемдік экономиканың дамуын тежеген бірден-бір оқиға – АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы еді. Екі алып мемлекет басшылары сауда келісіміне қол қоюға келісті. Ақ үй басшысының мұндай мәлімдемесі әлем елдерін қуантқанымен, сарапшылар «сақтықта қорлық жоқ» екенін ескертуде. Егер екі ел арасында келісімге қол қойылса, 2020 жылы әлемдік экономика биылғыға қарағанда оң нәтижеге қол жеткізері анық. Бірақ мұндай келісімдер Вашингтон мен Бейжің арасында талай рет жасалып, соңғы сәтке келгенде іске алғысыз боп қалған. Нақтырақ айтсақ, өткен жылдың соңында екі тарап келісімге келіп, тыныштық орнай бастағандай болып еді. Тіпті, Қытай тарапы дау-дамайдың оң шешімін табатынына үмітті екенін де мәлімдеген. Алайда ахуал қайтадан бұрынғы қалпына түсті. Сондықтан Трамптың уәдесіне қаншалықты сенім артуға болатындығы жаһан жұртшылығын әлі де алаңдатып отыр.
Джулиан Ассанждың дәурені аяқталды ма?
Әлемдік ақпарат құралдарында ең көп талқыланған оқиғалардың бірі – WikiLeaks сайтының негізін қалаушы Джулиан Ассанждың тұтқындалуы. Сәуір айында Ұлыбритания астанасының орталығындағы Эквадор елшілігінен кісенмен шығарылған 47 жастағы жанжалшыл журналист полиция учаскесіне жөнелтілді. Жасыратыны жоқ, Ассанждың тұтқындалуы әлемдік ақпарат құралдары үшін күтпеген жағдай болды. Соңғы 7 жыл Эквадор елшілігінде тығылып келген Джулиан Ассанжбен елшіліктің арасы суи бастағаны байқалған. Наурызда елшілік Ассанжға ғаламтор қолдану мен қонақтар қабылдауына да тыйым салған болатын. Вестминстер магистраттық сотына келмегені үшін 2012 жылғы 29 маусымда берген ордер негізінде тұтқындалды. Талай жылдан бері қамауға ала алмай арманда болған Ұлыбритания билігі Эквадор президенті Ленин Мореноға алғыс білдірді. Айта кетейік, Джулиан Ассанж негізін қалаған Wikileaks сайты 2006 жылы құрылған. Содан бері сайт жасырын ақпарат берушілерден алған құпия құжаттарды жариялаумен болды. АҚШ-тың Ауғанстан мен Ирактағы әскери операциялары туралы, Гуантанамо түрмесіндегі былықтар сияқты әлемдік державалардың құпияларын жариялаумен аты шыққан Джулиан Ассанжды сот айыпты деп танып, Belmarsh Prison түрмесіне жөнелтілді. Қазір оның тағдыры шешілуде: егер Ассанжды АҚШ-қа беретін болса, ол өлім жазасына да кесілуі мүмкін.