1773
ТҰРАР РЫСҚҰЛОВТЫҢ МОҢҒОЛИЯДАҒЫ ҚЫЗМЕТІ
ТҰРАР РЫСҚҰЛОВТЫҢ МОҢҒОЛИЯДАҒЫ ҚЫЗМЕТІ
Әлемдегі тарихты жасауға атсалысқан тұлғалардың бірі адамзат тарихына өзіндік үлес қосса, ал бірі жаңа өзгерістар енгізіп, тарихтың жаңа бетін ашуға мүмкіндік туғызады, енді бірі өзінің жағымды іс-әрекеттерімен тарихта қалады. Осындай қазақ тарихындағытұлғалардың бірегейі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері – Тұрар Рысқұлов. Оның бүкіл өмірі мен қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі ұлтының жарқын болашағы жолына бағытталды. Отан тарихындағы өзіндік орны бар тарихи тұлға ретіндегі маңызы ерекше.
Т.Рысқұлов Моңғолиядағы қызметіне дейін мемлекет және партия саласында ұйымдастыру қызметінен үлкен тәжірибе жинақтап, көрнекті қайраткер дәрежесіне көтерілген тұлға. Оның жеке тұлға ретінде қалыптасуының бастапқы кезеңі туралы О.Қоңыратбаевтың еңбегінде: «Тұрар Рысқұлов Қазан төңкерісінен кейін саяси белсенділігімен, іс-әрекетімен таныла бастаған оны депутаттардың ұсынуымен 1918 жылы сәуірде Әулиеата уездік кеңесінің атқару комитетінің төрағасының орынбасары болып сайлады. 1920 жылы шілденің ортасында Әулиеата уездік кеңесінің атқару комитетінің төрағасы болды» деп айтылады.
Рысқұлов 1920 жылы қаңтарда 25-ке жаңа толған шағында сол кезде құрамында қазіргі күнгі Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Қазақстанның оңтүстік облыстары кірген Түркістан Орталық атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. 1920 жылы күзде Т.Рысқұлов Түркатком төрағасы қызметінен босатылып, Мәскеуге ауыстырылды, РСФСР Ұлт жөніндегі халық комиссарының, яғни И.Сталиннің екінші орынбасары болып тағайындалды. Бұл жұмыста да Т.Рысқұловты көп тұрақтатпай, ол 1920 жылдың соңында Әзірбайжандағы осы комиссариаттың өкілі болып ауыстырылды. Түркістандағы саяси жағдайдың күрделенуі, басмашылар қозғалысының кең етек жаюы, өлкедегі экономикалық дағдарыстың өрши түсуі РКП (б) Орталық Комитетін Т.Рысқұлов сияқты өлкені жақсы білетін және оны тығырықтан шығара алатын қайраткерді Түркістан АКСР-гі басшылық жұмысқа қайтадан әкелуге мәжбүр болды.
Т.Рысқұловтың қоғамдық-саяси қызметіне жоғары баға беріп, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, дарынды тұлға болғанын Сталин 1922 жылы 14 мамырда Г.К. Орджоникидзеге жолдаған хатында: «…Түркістандық коммунистерді еркелете берудің қажеті жоқ, олар ондай құрметке лайық емес, соңғы екі жыл олардың барлығы жиылып жалғыз Рысқұловқа татымайтындығын айқын көрсетті, мен оның (Түркістанға) қайта оралуына қарсы емеспін», – деп, Т.Рысқұловтың қайраткерлік тұлғасын ерекше бағалаған. 1922 жылдың күзінде Т.Рысқұлов Түркістан АКСР-і Халық комисарлар кеңесінің төрағасы болып тағайындалды. Кеңестік биліктің бірсыпыра салаларында жұмыс істеу Т.Рысқұловты мемлекет және партия саласында ұйымдастыру қызметінің бай тәжірибесін жинақтаған көрнекті қайраткер дәрежесіне көтеріп, тұлға ретінде қалыптастырды.
1924 жылы Рысқұловтың өмірі мен қызметінің жаңа кезеңі басталады, ол Коминтерннің өкілі ретінде Моңғолияға жұмысқа жіберілді.
Комитеттің 1924 жылы 16 қыркүйекте Т.Рысқұловқа берген куәлігінде халық партиясы мен жастар одағының арақатынастарын реттеу тапсырылады. Ол Моңғолияға келісімен, өз қызметінде осы мәселеге байланысты барлық құжаттармен танысады. Коминтернге 1924 жылы 2 қарашада Рысқұловтың жолдаған алғашқы хатында партия мен Жастар одағының арасындағы қайшылықтың себептерін ашып көрсетеді. Оның ойынша, бұл түсінбеушіліктің негізгі себептерінің бірі Коминтерннің жүргізген қате саясатына байланысты болған.
«Біз, – деп жазады Т.Рысқұлов, – үш жылдан астам уақыт Жастар одағына шектен тыс көңіл бөлдік, біз одан шын мәніндегі революциялық партия жасап халық партиясының орнын бастырмақшы болдық, – дей келе, бұл жоспарлар өзін ақтамады» деп түсінік береді. Екі саяси күштің арасындағы қайшылықтардың келесі бір себебін
Т.Рысқұлов Жастар одағы басшыларының солшыл іс-әрекеттерімен түсіндіреді. Сөйтіп, Т.Рысқұлов Моңғол Халық партиясына байланысты Коминтернді алаңдатқан бұл мәселеге жан- жақты талдау жасап нүкте қояды.
Т.Рысқұловтың Моңғолияда атқарған қызметінің ішінен елдің саяси өмірін демократияландыру мақсатын шешуге қосқан үлесі ерекше болды. Т.Рысқұлов Моңғолияда ең ірі және маңызды үш мәселеге көңіл бөлген. Олар: Моңғол Халық партиясын ұйымдық және идеологиялық тұрғыдан нығайтуға атсалысуы; Моңғолияның тұңғыш Ұлы Хұралын өткізу, онда қабылданған елдің тұңғыш Конституциясын жасауға қатысуы; 1925 жылы Қытайға барған моңғол үкіметінің делегациясының құрамында болуы.
Экономикасы төмен жағдайдағы құрылған ел басқару және партия құрылысында теориялық және практикалық білімдері таяз қайраткерлер басқарған Моңғолияның партия қайраткерлеріне көмек көрсетуге де Т.Рысқұлов біршама қызмет атқарды. Моңғол Халық партиясының тұңғыш бағдарламасы 1921 жылы наурызда қабыланған. Тарих ғылымдарының докторы, профессор М.Әбілтайұлының «Тұрар Рысқұлов – Моңғолияда» деген еңбегінде: «Рысқұлов:1921 жылы жасалған партияның алғашқы бағдарламасы қазірге дейін партия съезінде бекітілмеген, онда халықаралық жағдайға қорытынды жасалмаған, Моңғолияның өткен тарихына шолу жасалмаған, көтерілген мәселелердің таптық сипаты жоқ, партияның идеологиясы ашық айтылмаған, ондағы мәселелер панмонголизм, ұлтшылдық идеология тұрғысынан қойылған, партия мен мемлекеттің болашағы толық айқындалмаған, Қытай елімен арақатынас мәселесі толық қамтылмаған» деп атап көрсеткен» деген мәлімет келтірген. Партияны идеологиялық және ұйымдық тұрғыдан нығайтуда оның бағдарламасы мен жарғысының маңызы ерекше. Сондықтан күн тәртібінде партияның жаңа бағдарламасын жасау мәселесі тұрды. Т.Рысқұлов белсене қатысқан партиясының ІІ-ші бағдарлама жобасын 1925 жылы наурызда шақырылған пленум мақұлдап, кезекті сьездің қарауына ұсынады. Онда Моңғолияның саяси әлеуметтік-экономикалық және рухани өміріне демократиялық өзгерістер жасау міндеттері мен жолдары айқындалған. Партияның жаңа бағдарламасы 1925 жылы қыркүйек айында шақырылған партияның ІV съезінде бекітілді.
Т.Рысқұловтың Коментерн өкілі ретінде Моңғолияда атқарған қызметінің маңызды 2-ші қыры елдің тұңғыш Конституциясын жасау және қабылдау болды. Конституция мемлекеттіліктің маңызды белгісі, саяси және құқықтық құжаты. Әр елдің Конституциясы қоғамдық және мемлекеттік құрылыс негіздерін, мемлекеттік органдар жүйесін, олардың түзілу реттілігі мен қызметін, азаматтардың құқығы мен міндеттерін айқындайтын мемлекеттік заң.
Т.Рысқұлов: «Конституцияның жобасы мен жолдас Всесвятскиймен бірігіп жасадым. СССР мен Қиыр Шығыс Республикасы және басқадай елдердің конституцияларын пайдаландым. Жобаны үкіметтің төтенше комиссиясы талқылады. ...Комиссия ұсақ-түйек түзетулер енгізіп, жобаны мақұлдады», – деп Коминтерн басшылары Маниульский мен Войтинскийге жолдаған алғашқы баяндамасында көрсеткен.
Моңғолияның тұңғыш Конституциясында көрсетілген бірнеше баптарға тоқтала кетсек, олар: 1-ші бабында Моңғолияны тәуелсіз халық республикасы деп жариялап, ондағы үкімет билігін Ұлы Хұрал мен сайланған үкімет орны арқылы бұқара халық іске асыратындығы айтылған; 2-ші бабында елдің келешек даму жолы, яғни МХР-ның мақсаты реакцияшыл идеологияның қалдықтарын жойып, елдің саяси хал-ахуалын халық жағдайына сәйкестендіріп, жаңа республикалық мемлекеттің тірегін нығайтады деп көрсетілген. ... Конституцияның тағы бір бабында жер, орман, су, оның байлығы ерте кезден бастап халық меншігі болғандығы қазіргі республика принциптеріне сәйкесетіндіктен бүкіл халықтың меншігі болып есептеледі, оларды жекеменшікке беруге болмайды делінген. Конституцияда көтерілген тағы бір мәселе Дін басқармасы туралы еді. Моңғолияда 1911- 1924 жылдары теократиялық монархиялық мемлекет өмір сүрді (мелекет басында дін басы Боғдахан болды). Теократиялық монархияның ерекшелігі – дін басы ел басының міндетін атқарды. 1924 жылы Боғдахан қайтыс болғаннан кейін Діни басқарманы жою мүмкіндігі туды.
29-шы бапта экономикалық саланы басқаратын үкіметтік органның құрылып үлгермеуіне байланысты экономикалық кеңес құрып, оны Министрлер кеңесінің жанынан ашу болды. Экономикалық кеңестің құқығын көтеріп, бұл саладағы былықтарды жою мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін оны Министрлер кеңесінің жанында ашқан дұрыс деген
Т.Рысқұловтың пікірін көпшілік қолдады. Сол қолдау нәтижесінде шаруашылық және экономикалық шараларды үйлестіру мақсатымен Министрлер кеңесінің жанынан МХР-дың экономикалық кеңесі құрылады.
Ал 50-ші бабында, Ұлы Хұралды елдің астанасына шақыру мәселесін талқылағанда, астананың атын өзгерту керектігі айтылды. МХР-ның тұңғыш Ұлы Хұралы Конституцияның әр бабын талқылай келіп, 26 қарашада болған мәжілісінде оны толығымен қабылдаған.
Қабылданған Конституция бойынша Моңғолияда парламенттік жүйе орнап, ол жүйе моңғол елін демократиялық, құқықтық мемлекет ретінде дамуы барысында тиісті рөл атқарды. 1960 жылы әкімшіл – әміршілдіктің өріс алуына байланысты бұл жүйе жойылып, тек 1990 жылдары моңғол еліндегі демократиялық үрдіс нәтижесінде парламенттік жүйе қайтадан дүниеге келді.
Т.Рысқұлов 1924 жылы желтоқсанның 15-де Коминтернге жазған баяндамасында: «Конституция моңғол халқының табыстары мен жетістіктерін заңды түрде бекітіп қана қойған жоқ. Моңғол мемлекетінің бет-бейнесін, болашағын айқындап берді. Конституцияның жобасын жасаған менің рөлімді азайтпақшы болған әрекет өз мақсатына жете алмады. Конституцияда көтерілген мәселелердің маңызын дұрыс түсінген моңғол қайраткерлері мені түгел мойындады. Мемлекеттік кіші хұрал (парламент), дінді мемлекеттен бөлу, кедей бұқараларды серіктестікке тарту тәрізді мәселелер бойынша Ербанов, Жамсрано, Ринчино және біздің арамызда пікір таласы болғанымен, Конституцияда жоғарыда айтылған тұжырым негізінде қабылданды» деп жазған. Конституцияның 50-ші бабында Ұлы Хұралды елдің астанасына шақыру мәселесін талқылағанда, астананың атын өзгерту керектігі айтылды. МХР-ның тұңғыш Ұлы Хұралы Конституцияның әр бабын талқылай келіп, 26 қарашада болған мәжілісінде оны толығымен қабылдаған. Моңғолияның тұңғыш құрылтайында көтерілген мәселелердің келесі өзектісі моңғол елінің бас қаласының атын өзгерту болды. Құрылтайда бұл мәселе бойынша өз ойларын айтқандардың пікірлерін тыңдай келе,
Т.Рысқұлов: «Моңғол халқының барлық іс әрекеті астанаға байланысты болғандықтан, оның атын өзгерту дұрыс пікір. Астананың атын қазіргі заманға сәйкестендіру қажет. Осы тұрғыдан «Улаанбаатар» деп атасақ» деген пікір айтады. Бұл пікірді бір ауыздан қабылдайды.
Т.Рысқұлов Коминтерн өкілі ретінде атқарған қызметінің тағы бір қыры МХП мен моңғол мемлекетінің сырт саясатында Қытай мен Моңғолия мемлекетінің қарым-қатынасын жолға қоюдағы дипломат ретіндегі рөлі болып табылады. Моңғол үкіметі Қытай генералымен келіссөз жүргізу мәселесі бойынша келісімге келеді. Келіссөзге баратындар құрамында Т.Рысқұлов та болды. Коминтерннің мүшесі екендігін жасыру мақсатында
Т.Рысқұловтың тегі мен аты өзгертіліп, «Қазақбай» деген жалған ат, қазақ князы деген дәреже береді. Келіссөздің нәтижесінде Моңғолияның тәуелсіздігіне байланысты құжат қабылданғанымен, қытай әскерилерінің тұрғысынан Моңғолияға баса көктеп кіру қаупін тоқтатуда маңызды рөл атқарды. 1925 жылы Т.Рысқұловтың белсенділігінің арқасында Моңғолияның Қытаймен арадағы келіссөзге барғандар құрамында болып, екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастың жолға қойылуында да септігі болғандығын анғарамыз. Т.Рысқұловтың Қытайға баруы, қытай генералымен жүргізген келіссөзге белсене қатысуы оның дипломатия саласында да шебер қайраткер екендігінің айғағы. Коминтерн өкілі ретінде Т.Рысқұловтың қайраткерлігінің арқасында Азия құрлығында орналасқан моңғол елінің тұңғыш Конституциясы жасалып, заман талабына сай, елдің саяси-экономикалық дамуын социалистік бағытқа бұрып берді.
Т.Рысқұловтың қызметіне жоғары баға беріп, дарынды тұлға болғаны туралы академик М.Қ. Қозыбаев: «...оның тек советтік шығыс емес, әлемдік ұлт қозғалысының көсемдерінің бірі екендігі сөзсіз. Т.Рысқұловтың әлем тарихындағы тұғыры биік, жұлдызы жарық, ол Сун-Ят-Сен, Д.Неру, Мұстафа Кемал-паша (Ата түрік) қатарындағы қайраткер екені күмән тудырмайды», деп баға берген болатын.
Моңғолиядағы ақша айналымы жағдайын талдай келіп, ұлттық валютаның енгізілуін қолдайды. Моңғолия экономикасын зерттей келіп, тап сол уақыттары бұл ел үшін мал шаруашылығының үлкен маңызы бар екендігіне көз жеткізеді және де мал басын 100 млн басқа дейін ұлғайтуға және Ресеймен ойдағыдай сауда-саттық жасасып, Сібірді ет өнімдерімен қамтамасыз етуіне болады деген тұжырым жасайды. Одан ары сауданы, транспортты дамытуды атап көрсетеді. Транссібір магистралі идеясы да осыдан шығады. Ол 1925 жылы шілде айының басында Коминтерннің Моңғолиядағы өкілі қызметінен босайды. Т.Рысқұловтың Моңғол елінің даму бағыты мен қабылдаған тұңғыш Конституциясындағы баптар бойынша бір келісімге келе алмаған топтың басында солшыл әсер партиясының мүшесі Ринчино тұрды. Т.Рысқұлов пен Э.Ринчиноның арасындағы келіспеушілік қарама-қайшы екі саяси бағыт арасындағы принципті күрес болды. Олардың арасында жоғарыда көрсетілгендермен қатар партия мен үкімет органдарының жұмыс әдісіне байланысты қайшылықтар да туып отырған. Коминтерннің атқару комитеті Т.Рысқұловтың талабы бойынша пікірталасқа талдау жасау міндетін жүктеген А.Амгаев оның дұрыс бағыт ұстанып, аз уақыт ішінде партия мен үкіметтің саясатын анықтауға, оны жүзеге асыруға үлкен үлес қосқанын анықтап береді. Бірақ Амгаевтың бұл қорытындысы МХР партиясы Орталық комитетінің Т.Рысқұловқа байланысты қабылдаған шешімін өзгертуге әсер ете алмады.
Қорытындылай келе, Т.Рысқұловтың Моңғолиядағы қызметі небәрі 9 айға ғана созылды. Осы қысқа ғана уақыттың ішінде Т.Рысқұлов Моңғолия тарихына өзін жан-жақты саясаткер, дипломат екендігін көрсете білді, сол елдің тарихында өшпес қолтаңбасын қалдырды. Оның есімі уақыт өткен сайын жас ұрпақтың жадында жаңа қырларынан көріне бермек. Т.Рысқұлов көрнекті қоғам қайраткері, дипломат ретінде қазақ тарихында ғана емес, Моңғолия тарихында ерекше орын алады.
Гүлнар Қозғамбаева,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты