«Мен педофил емеспін» – жала жабылған азамат ақталды (видео)

Aқтөбелік тұрғын Нұрлан Шандин өзін қателесіп «педофил» деп айыптағандардың үстінен облыстық прокуратураға шағымданды.

«Еуразия бірінші арнасының» хабарлауынша, таяуда қалалық полицейлер 12 желтоқсанда тоғыз жастағы қызды зорлады деген күдіктіні ұстады, ол 21 жастағы жігіт болып шықты.

Полициядағылар желтоқсанның 12-17 аралығында полиция департаментінің қызметкерлері аса ауыр қылмысты ашуға жұмылғанын айтты. Шара барысында қылмыс болған жерді, күдіктіге ұқсас тұлғалар – киімі мен жүрісі тексерілді. Тексеру мақсатында адамдар полиция бөліміне жеткізілген.  Ақтөбе қаласының тұрғыны Нұрлан Шандин полиция бөліміне жеткізілді, одан куәгер ретінде жауап алынды. Оны полиция бөліміне жеткізу себебі – киімінің ұқсастығы. «Оның алибиі тексерілді. Аса ауыр қылмысқа қатысы болмауына байланысты ол жіберілді. Полиция департаментінің басшысы Атығай Арыстанов ер адаммен жеке кездесіп, жағдайды түсіндіріп, келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұрады.

Атығай Арыстанов сондай-ақ оның суреттерін әлеуметтік желілерде таратқан полиция қызметкерлері қызметтік тергеу барысында орнатылып, жауапкершілікке тартылатынына сендірді», – делінген хабарламада. «Мен полиция қызметкерлерінің ауыр қылмысты ашумен айналысқанын түсінемін, алайда менің суреттерім әлеуметтік желілерде таралып жатқанына көңіл-күйім түсіп кетті. Полиция департаментінің басшысы кінәлілерді тауып, жазалайтынына уәде берді», – деді Ақтөбе тұрғыны.

Алайда өткен аптада әлеуметтік желі қолданушылары Нұрланның суретін жариялап, «қыз баланы зорлады» деп айыптаған. Шын мәнінде, төрт баланың әкесі – Нұрланның бұл іске еш қатысы жоқ. Енді бұл азамат құзырлы органдардан өзін кінәсіз деп тануын талап етіп, түсіндіру жұмыстарын күтіп отыр.

«Мені бөлімге апарып, бір сағат бойы «кінәні өз мойныңа ал» деп мәжбүрледі. Мен педофил емеспін. Содан соң екі адам пәтерімді тексерді. Көлігімнің багажындағы заттарды алып кетті. Таңғы төртке дейін сұрау алды. Тергеуден шыққан соң интернеттен «Зорлықшыларға өлім» деген атаумен жарияланған пікірлерді оқыдым, өз өмірім үшін алаңдай бастадым», – дейді Нұрлан.

Прокурордың орынбасары Бауыржан Мендебаев бұл азаматқа қатысты іс бойынша: «Ол полиция бөлімшесіне жеткізілген, шынымен де куәгер ретінде сұрау алынды. Бірақ күдікті ретінде емес. Сондай-ақ оның қорғаушы алуына мүмкіндік берілді. Ол куәгер ретінде сұрады, оның бұл істе еш қатысы жоғы анықталды», – деді.

Фото мен видео «Еуразия бірінші арнасынан» алынды

Back to top button