652
Туризмге тұсау болар бір себеп
Туризмге тұсау болар бір себеп
Елімізде 2019-2025 жылдарға арналған туризмді кешенді дамыту бағдарламасы әзірленуде. Мақсат – Қазақстандағы туристер ағынын 3 млн-нан 13 млн адамға дейін арттыру. Межеге жетсек, шетелден келетін саяхатшыларға «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп еліміздің тарихи-мәдени ескерткіштерін таныстырып, жеріміздің сұлулығы мен байлығын көрсететін гидтер мен экскурсоводтар қызметіне сұраныс өсетіні анық. Өкінішке қарай, Қазақстанда өз ісін жетік меңгерген кәсіби жол нұсқаушылар саусақпен санарлық.
Бір қарағанда, автобустың алдыңғы орнында отырып алып, «Оңға қарасаңыздар…, солға қарасаңыздар…» деп жол бастаудың еш қиындығы жоқ секілді көрінеді. Алайда тереңірек үңілсеңіз, экскурсия жүргізуші маманның жұмысы педагог, ғалым, тарихшы, аудармашы, спорттық нұсқаушы секілді бірнеше мамандықтың жүгін арқалайтынын ұғуға болады. Өйткені жол нұсқаушылардың қызметі аталған салалардың бәрімен ұштасып жатыр. Гидтер үшін, әсіресе шет тілдерді білудің маңызы зор. Өйткені өзге мемлекеттен келетін туристермен тікелей тілдесіп, сауалдарына жауап бере алатын деңгейде болғаны жөн.
Ел туризмінің дамуына тұсау болып отырған кедергінің бірі – жол нұсқаушы мамандар тапшылығы. Бүгінде Қазақстанда реестрге тіркелген гидтердің саны 150-ге де жетпейді. Бұл туристердің еліміз жайлы тұшымды ақпарат алуына кедергі. Сондықтан Kazakh Tourism ұлттық компаниясы жол нұсқаушыларды халықаралық стандартқа сай оқытуды қолға алмақ. Өкінішке қарай, Қазақстандағы жоғары оқу орындарында гидті даярлау ісі қолға алынбаған. Отандық туризмнің кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін ұлттық туристік компания келер жылдың соңына дейін 200 гидті дайындап шығармақ.
– Елімізде гидтерді дайындайтын курстар бар. Бірақ олар арнайы қабылданған стандартқа сүйенбейді. Түрлі деңгейдегі оқытушылар дәріс береді. Курстар 2 апта, кейде 6 айға дейін жалғасады. Бұл сапаның ақсауына әкеп жатыр. Әрі жол нұсқаушылардың белгілі бір нысан жайлы деректері әрқилы. Бұл дұрыс емес. Сондықтан біз тренинг жүргізуді қолға алдық. Бір аптада гидтердің халықаралық қауымдастығы оларға сабақ береді. Бұл курстарда білікті тренерлер де оқытылады, – дейді Kazakh Tourism ұлттық компаниясының туризм индустриясын дамыту департаментінің директоры Гауһар Жеңісбек.
Бурабайды таныстырған «білгіш»
Еліміздің талайлы тарихын, бүгінгі тыныс-тіршілігін жақсы білетін, жеріміздің жағрафиясын жетік меңгерген, білетінін бірнеше тілде еркін жеткізе алатын кәсіби гидтер аз болғандықтан, кәсіби еместердің айы оңынан туып тұр. Арнайы білімі болмаса да елорданың сәулетті ғимаратын, Бурабайдың тамаша табиғатын таныстырып, табыс тауып жүргендер көп. Шеттен келген туристердің Қазақстан жайлы, қазақ туралы қандай пікір түйетіні сол елді таныстыратын гидтердің білім-білігіне тәуелді десек, көлденең көк аттылардың бұл кәсіптен нан табуға құмартуы жақсылықтың нышаны емес. Бұл мәселені әлеуметтік желідегі парақшасында белгілі ақын Ақберен Елгезек те көтерген еді. «Бурабайға Франция, Польша, Ресей, Австралия, Қырғызстан, Армениядан келген ақындар Қазақ еліне дән риза. Бәрі тамаша, бәрі жақсы. Тек бір көңілге кірбің түсіретін жағдай болды. Біз тоқтаған қонақүйдің әкімшілігі фестивальға қатысушыларды автобусқа мінгізіп Бурабайды аралатты. Тамаша табиғатқа біз де, қонақтар да көзіміз тоймай қарай бастадық. Бір уақытта жүргізушінің қасында көзі Көкшенің аспанындай көкпеңбек экскурсовод қарағым әңгімені жарсын! Экскурсия мәтінінің ұзын-ырғасы былай. Аңыз айтып отыр баяғы: Құдай жер жүзін жаратқанда қазаққа жер жетпей қапты. Әлгі қазақ жер таратылып жатқанда, албасты басып ұйықтап қалса керек, оянса бір қадым жер жоқ (ауада ұйықтаған-ау). Содан не керек, әлгі қазекең, қайдан тапқаны белгісіз Алдар көсеге ойбайлап барыпты. Алдар көсе Құдаймен бұрыннан таныс болса керек, біздің бейбақ бабамызға осы Көкшетау жерін сұрап әперіп, жарылқап тастапты. Жә, оған намыстан жарылардай боп отырсақ та, күле салдық. Сөйтсек, бұл әлі бер жағы екен. Бір кезде «злой и жестокий правитель Қасым xан бүйткен-сөйткен» деген әңгімені оңды-солды боратсын. Сосын, бұл жерде үш жүздің басын қосып, қазақ xалқын Ресейге қосып аман алып қалған Абылай xан деген кісі өмір сүрген деп төбемізден жай түсірді. «Боровое» деген сөз орыстың «Бор» деген сөзінен туындапты-мыс. Ал осы Көкшетау, Ақмола дегеніңіз Ресейдің оңтүстік бекеттері екен («южные рубежи Российской империи» деп кәдімгідей ұрып отыр). Шетелден келген қонақтар осының бәрін естіп, басын шұлғып отыр. Автобустан түскен соң, әлгі экскурсовод қыздан: «Мына мәтінді сізге кім дайындап берді?» деп сұрадым. Бұл мәтін бұрыннан бар, оны ежелден осы жерді білетін кәсіби экскурсоводтар жасақтаған деп тұр. Мыналарыңыз қате ақпарат десем, оны сіз емес, біз білеміз деп жұлынды да қалды» деп қынжыла жазды. Елорданы, Алматы мен Түркістанды, Таразды да осындай «білгіштер» таныстырып жүрмегеніне кім кепіл? «Атамекен» ҰКП мамандарының пікірінше, бұл нарыққа жүрдім-бардым көзқарастың негізгі себебі – Қазақстанда гидтер мен экскурсовод мамандығына бекітілген біліктілік талаптарының, сондай-ақ бұл қызметті көрсету кезіндегі заңдық талаптарды сақтау бойынша бақылау механизмдерінің жоқтығы. Сонымен қатар ұлттық палата гидтің, гид-аудармашылардың, туризм экскурсоводтары мен нұсқаушыларының құқықтық мәртебесінің жоқтығы да үлкен мәселе болып тұр деп есептейді. Мәселен, Қазақстан Республикасы «Туристік іс-қызмет туралы» заңында бұл мамандардың міндетті іс-қызмет аясын, құқықтары мен міндеттерін еш түсіндірместен іс жүзінде бірдей ұғымдар беріледі: «Экскурсовод – туристерді уақытша болған елде (жерде) туристік ресурстармен таныстыру бойынша экскурсиялық-ақпараттық, ұйымдастырушылық қызмет көрсететін, тиісті біліктілігі бар, кәсіби дайындалған жеке тұлға. Гид (гид-аудармашы) – туристерді уақытша болған елде (жерде) туристік ресурстармен таныстыру бойынша экскурсиялық-ақпараттық, ұйымдастырушылық қызмет көрсететін, тиісті біліктілігі бар, кәсіби дайындалған жеке тұлға».Халықаралық тәжірибеден тәлім іздесек...
Қазақстаннан бір айырмашылығы, Еуропа елдерінде гидтер өздеріне бекітілген бір аумақта ғана экскурсия жүргізе алады. Оларға мемлекеттің басқа өңірінде жол нұсқаушы қызметін атқаруға рұқсат алу қиын-ақ. Мысалы, Францияда, Италияда, Батыс Еуропаның бірқатар елдерінде «ұлттық гид» деген түсінік бар, ол – бойында бар білім деңгейімен және құзыретімен елдің кез келген өңірінде жұмыс істей алатын, ұлттық гид-аудармашы дипломына, сондай-ақ өнер, мәдениет, археология және сәулет саласында дипломға ие, туризм министрлігінде емтиханды табысты тапсырған адам. Ал Израильде экскурсовод лицензиясын алу үшін толыққанды бағдарламамен қаныққан, екіжылдық оқу курсынан өту талап етіледі. Бұған Израильдің археологиясы, дін тарихы, жан-жануар мен өсімдіктер әлемі кіреді, сонан соң еңбек өтілінен өтеді, мемлекеттік емтихан тапсырады, оқтын-оқтын алынған лицензияны растау бойынша біліктілік курсынан өтуге тура келеді. Жапонияда 2007 жылдың 1 қазанынан бастап лицензияланбаған гидтердің жұмысына тыйым салынған. Ал Гонконгта 2010 жылдан бері тіпті экскурсоводтарға арналған «айыптық балл» жүйесі енгізілген. Егер экскурсовод 2 жыл ішінде 30 айыптық балл жинаса, оның лицензиясының іс-әрекеті автоматты түрде тоқтатылады. Кедендік одақ елдерінде де экскурсиялық қызметке өте байыпты қарайды. Мысалы, көрші Ресейде мамандарды толыққанды оқытуды және қайта даярлауды ұйымдастыратын гид-аудармашы, экскурсовод пен турменеджерлер ассоциациясы жұмыс істейді. Ал Өзбекстанда бір қаладағы гид-аудармашы мектебінен өткен маман басқа қалада экскурсия жүргізу құқын алу үшін әрбір қаланың барлық ескерткіштері мен тарихы туралы күрделі емтихан тапсыруға міндетті. Өзбекстанда гид-экскурсоводтардың жұмысы Өзбекстан Республикасы Министрлер кабинетінің «Туристік іс-қызметті лицензиялау туралы ережені бекіту туралы» қаулысымен, «Туристік қызметті сертификациялау тәртібі» сияқты нормативті-құқықтық актілерімен реттеледі. Сауатты гидтер мен экскурсоводтар дайындаудың ел туризмін түлетуде маңызы зор. Сондықтан сапаны қалыптастыратын және оны бақылауға алатын уақыт жетті. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы гидтер мен экскурсоводтар іс-қызметін міндетті түрде лицензиялау және сертификаттау, оқыту және емтихандар тапсыру, сонымен бірге әр үш жыл сайын біліктілікті растау секілді механизмдер енгізуді ұсынған болатын. Палата мамандарының пікірінше, гидтерге қойылатын негізгі талап арасында мыналар болуы керек: TOEFL, IELTS, DAAD, Kaztest сияқты халықаралық тестілер арқылы тіл білуді растау, қатысушы ретінде экскурсияның кемінде екі маршрутын өту және міндетті іс-тәжірибелік дайындық. Бұл шарттар Лондон, Вена, Париж гидтеріне де қойылады. Демек, талапты қатаңдатудан ұтпасақ, ұтылмасымыз анық.