1544
Қалбатау бауырындағы ел
Қалбатау бауырындағы ел
Шығыс Қазақстан облысының Ұлан деп аталатын ауданы бар. Аудан орталығы Өскемен қаласының дәл іргесінде. Шамамен 10 шақырым ғана жерде орналасқан. Аудан халқы Қалба тауларының сілеміне сұғына қоныс теуіп, күн кешіп жатыр. Алтай мен Арқаның арасындағы тау бөктеріндегі ел ата кәсіпке көбірек иек артады. Тұрмысы ауқатты, халықтың әлеуеті барақатты.
– Ауданда 39 асылтұқымды мал шаруашылығы тіркелген екен. Оның ішінде ет бағытында – 9, сүт бағытында – 4, қой өсіру бойынша – 6, жылқы өсіру бойынша 8 шаруашылық жұмыс істейді. Ірі қара мал басын асылтұқымдандырумен 56 шаруашылық айналысады. Ауданда 6 мал сою пункті және 13 мал сою алаңы, 1 құс сою зауыты жұмыс істейді. Соңғы 3 жылда аудан аумағында 5 сүт тауарлы фермасы салынып, қолданысқа беріліпті. Сүт бағытындағы сиыр басын арттыру жұмыстары жүргізілуде, 2019 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 26,4 мың басқа жетеді, деп отыр аудан басшысы Нұрымбет Сақтағанов.
Ұландықтар мемлекет тарапынан беріліп келе жатқан әртүрлі жеңілдетілген несиелерді де тұрақты пайдаға асырған. Мәселен, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ ұсынған, жылдық үстемеақысы 6 пайыз болатын несиені 59 адам алған. Анығында, аудан орталығы мен ауылдық елді мекендегі тұрғындар шағын және орта бизнестің де игілігін көріп отыр. Кәсіпкерлікпен айналысатын субъекті саны 2 253 данаға жетіп, олар жергілікті бюджетке 1,2 млрд теңге салық түсімін салыпты. Мұндай деректер жергілікті әкімшілік үшін де, қарапайым тұрғындар үшін де игілікті іс екені сөзсіз.
– Ұлан ауданының көптеген жеріне дәнді дақылдар мен көкөніс, майлы дақылдар және мал азығы өсіріледі. Қазіргі таңда аудан көлемінде 124,5 мың гектар егістік алқабы бар. Қысы ұзақ болатын өлкеде мал азығын молынан әзірлеу жақсы жолға қойылған.
– Еліміздің шығыс өңірі Алтай тауларының сілемінде орналасқандықтан, табиғи тұмса өңірлерге кенде емес. Ал табиғаты тамаша өңірде туризмді дамытуға мүмкіндік мол. Қазір у-шудан жалыққан қалалықтар табиғат аясында көбірек демалуға ынтызар. Туристерге қызмет көрсетуді ұландықтар да қолға алып отыр. Мәселен, 2018 жылы бұл өңірге 32 мыңнан астам турист қыдырып келіп кеткен. Оларға барлығы 192,5 миллион теңгенің көлеміндегі қызмет түрі көрсетілген. Ал бұл көрсеткіш 2019 жылы 25-30 пайызға артты,– дейді аудан әкімі Нұрымбет Аманұлы. Қазіргі таңда аудан көлемінде 18 туристік нысан жұмыс істеп тұрған көрінеді.
«Сібе көлдері топтамасының 4-көлі– Қоржынкөлде «Жібек жолы» мейрамхана-кешенінің құрылысы жалғасуда. Жобаның жалпы құны 2,0 млрд теңге, оның 200,0 млн теңгесі игерілді. Бүгінгі күні 50 орындық қонақүй, 90 орындық асхана, жаздық және қыстық үлгідегі күркелер, судағы демалыс күркелері, екі таудың ортасына арқанжол орнатылды. 120 орындық кафе құрылысы жүргізілуде», – дейді Ұлан ауданының әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
2019 жылы облыстық бюджеттен елді мекендерді абаттандыру үшін 190,0 млн теңге бөлінген. Ауданның 9 округінде 8 балалар ойын алаңдары, 4 work out спорттық алаңдары, 2 шағын футбол алаңы, 2 демалыс зоналары салынса, 1 саябақ абаттандырылып, 16 көпқабатты үйлердің аулалары, 2 үйдің ауласына кіретін жолдар мен жол жиектері жөнделген. Жұмсалған қаражаттың жалпы сомасы – 90,0 млн теңге. Сонымен қатар аудан орталығында 100,0 млн теңгеге жасанды төсемемен шағын футбол алаңы, хоккей қорабы, баскетбол және балалар ойын алаңдары, 2 work out алаңы, дала сахнасы, жаяу жүрушілер жолдары мен тротуарлар салынып, «Тәуелсіздік» саябағы мен аулалардағы жолдар жөнделді, көше жарықтандыру жүйесі заманауи шамдарға ауыстырылып, 4 күркелер орнатылған.
Шекара шетіндегі ауданның тынысы қуантарлық деңгейде. Мысалы, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша аудан орталығында екі 40 пәтерлі жалдамалы үй салынған. 80 пәтерлі несиелі тұрғын үйдің құрылысы бойынша байқау аяқталып, құрылыс жұмыстарына дайындық басталған. Аудандық «Қамқор Ұлан» қоры арқылы 6 отбасы, облыстық «Парыз» қоры есебінен 23 отбасы, облыстық «Халифа Алтай» мешітінің «Зекет» қоры арқылы 2 отбасы баспаналы болып, зор қуанышқа кенелген. Ауыл тұрмысы жақсарса, мемлекеттің де экономикалық әлеуеті артады. Әсіресе, шекаралық аймақтардағы алыс ауыл, елді мекендердің жағдайы жақсарып, тұрмысының оңалғаны көңілге медеу болады.
Б.Балықбай