7 Желтоқсан, 09:55 496 0 Жаңалықтар Асыл ТҰМАР

Зейнетақы жинағы баспанаға беріле ме?

Мемлекет басшысы қыркүйектегі Жолдауында Үкіметке жұмыс істейтін азаматтарға өздерінің зейнетақы жина­ғының бір бөлігін мақсатты пай­далану мәселесін пысықтауды тапсырғалы бері зейнетақы жүйесін же­тілдіру жөніндегі жұмыс тобы жиі бас қосатын болды. Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев жетекшілік ететін жұмыс тобы кеше бесінші отырысын өткізді, онда қандай талқылау болғаны беймәлім. Белгілісі, жұмыс тобы қазақстандықтар тағатсыз күтіп отырған ұсынысты жыл соңында жариялайды. 

Отырыста «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрманов Қазақстандағы зейнетақы жүйесінің тиімділігін бағалауды және халықаралық тәжірибе талдамын ұсынған. Сондай-ақ зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыруға қатысты ұсыныстар – зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға немесе білім алуға пайдалану, Бірыңғай әлеуметтік қор құру, бірыңғай әлеуметтік төлем енгізу қаралған.

Жалпы, зейнетақы жинағындағы қаржы­ны баспанаға пайдалануға байланысты қандай шешім қабылданатыны жұртты елеңдетіп отыр. Себебі 25 қараша күні Мәжіліске барған Үкімет жетекшісі Асқар Мамин де бұл сұраққа мардымды жауап бермеді. Бар айтқаны, бүгінгі күні 5,3 млн жинақтаушының 500 мың теңгеге дейін,
1,6 млн адамның 500 мыңнан 1 млн теңгеге дейін зейнетақы жинағы бар.

«Осылайша, азаматтардың зейнетақы жинағының орташа көлемі 1 040 800 теңгені, оның ішінде ерлерде 1 164 700 теңгені, әйелдерде 900 400 теңгені құрады. Үкімет Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қа­зақстан халқына Жолдауын жү­зеге асыру үшін жұмыс істейтін азаматтардың зейнетақы жина­ғының бір бөлігін баспана сатып алуға немесе білім алу үшін пай­далану мәселесін зерделеп жатыр» деген Үкімет жетекшісі жұмыс то­бының Қазақстанда жинақтау­шы қор қалыптастыруда синга­пурлық тәжірибені қолдану мүм­кіндігін зерделеп отырғанын жет­кізген. Себебі біздің ел үшін бұдан тиімді тәсіл жоқ көрінеді. Қазақстан азаматтарының 70 па­йыздан астамының зейнетақы жи­нақ шотында жиналған 1 мил­лион теңгеге жетер-жетпес қаржы ипотека рәсімдеуде алғашқы тө­лем жасау үшін жеткіліксіз. Егер Сингапур зейнетақы жүйе­сінің тәжірибесін алар болсақ, онда Орталық жинақтау қорын құруға тура келеді. Ел экономис­тері де осы тәсілді ұсынып жүр. Бұл біз­дің БЖЗҚ-ның баламасына ұқсас. Яғни, Сингапурда жұмыс­шы да, жұмыс беруші де қорға ай сайын аударым жасайды, содан кейін бұл ақша салымшының тұ­рақты, ар­найы және медици­на­лық шот­та­рына аударылады. Тұ­рақ­­ты шот­та­ғы ақша баспана са­тып алуға, өзі немесе отбасы мү­ше­ле­рінің оқу ақысын төлеуге қол­да­нылады. Мү­гедек болып қал­ған жағдайда немесе салым­шыға ауыр немесе емделмейтін дерт диагно­зы қойыл­ған жағдай­да, мерзімінен бұрын ақшаны «шешіп» алу мүм­кін болады. Ал арнайы шотта жи­нақталған қара­жат «қол жетім­сіз», яғни зейнета­қы резерві бо­ла­ды. Медици­на­лық шоттағы ақ­ша­ны салымшы денсаулығына жұм­сай алады. Бұл – біздің бір топ экономист ұсы­нып отырған жүйе. Ал жұмыс то­бының қандай ұсы­ныс жасай­тынын ай соңында білеміз.

aikyn.kz

Соңғы жаңалықтар