Торғай даласынан табылған геоглифтер - жапан даланың құпиясы

Торғай даласынан табылған геоглифтер - жапан даланың құпиясы

Торғай даласынан табылған геоглифтер - жапан даланың құпиясы
ашық дереккөзі
1030
Америкалық NASA ғарыш агенттігі Торғай даласын суретке түсіріп, осы аймақтағы ерекше геоглифтердің бейнесін жариялаған болатын. Содан бері Торғай геоглифтері әлем жұртшылығының қызығушылығын туғызып келеді. Қазақ жеріндегі ең құпия мекендердің бірі – Торғай даласынан табылған тарихи геоглифтер шетелдік басылымдардың да басты тақырыбына айналып үлгерді.

Торғай даласындағы құпия

Торғай облысының аумағындағы геоглифтер 2007 жылы ғарыштық түсірілімдер арқылы белгілі бола бастады. Жалпы, геоглифтер жер үстіне салынған геометриялық немесе фигуралық өрнектер. Олардың ұзындығы 4 метрден астам. Геоглифтер өрнек периметрі бойымен жердің беткі қабатын алып тастау, өрнек сызығы өткен жеріне қиыршық тасты түсіру, ағаштарды белгілі бір бейне жасай отырып егу арқылы салынады. Археологтардың Торғай өңіріне жасаған экспедициялары нәтижесінде онға жуық геометриялық фигуралар ашылды. Олардың қатарында Үштоғай төртбұрышы, Торғай свастикасы, Екідін кресі, Ащытас крестері, төртбұрыш, сақина мен екі сызық бар. Аталмыш объектілер қорған үйінділерінен салынған. Қазіргі кезде Торғай ендігінде орналасқан 50-ден астам объект ашылды. Үштоғай төрттағаны Қостанай облысы, Амангелді ауданы, Үштоғай кентінің шығысында 15 шақырым жерде ораналасқан. 101 үйіндіден тұратын бұл геоглифтің қиғаш сызықты белгісі бар, Құпия бейне төрттаған айшығы тәрізді. Үштоғай төрттағанының ені 10-12 метрді құраса, биіктігі 1 метрге тең. Ал төрттаған қабырғаларының ұзындығы 287 метр, қиғаш сызықтың ұзындығы 406 метр. Торғай свастикасы Қостанай облысы, Амангелді ауданының Үрпек кентінде орналасқан. Геоглиф үш сәулелі свастика жасалған үйінді секілді. Әрбір сәуле ирек пішінмен аяқталса, соңы сағат тіліне қарсы иілген. Үйіндінің биіктігі 0,3 метрге дейін, ал сәуленің ұзындығы шамамен 33 метр, тұғырдың ені 13-15 метр, ал аяқ жағының ені 10-12 метр. Ирек пішіндегі ойпаттың ұзындығы 4 метр болса, тереңдігі 0,3 метрге дейін жетеді. Шиелі төрттағаны Қостанай облысы, Арқалық ауданы, Қайыңды кентінің батысында орналасқан. Бұл төрттағанның сыртқы жағы дуалмен және шұңқырмен жасалған. Төрттаған ішіндегі алаңның жоғарғы жағы тегіс, көзбен қарағанда ешқандай іздер немесе құрылымдар байқалмайды. Ал солтүстік-батыс жағында жинақталған керамикалар бар. Аталмыш жерде жұмыс жасаған мамандар тарихи құжаттарды қолданған екен. Атап айтар болсақ, 1771 жылы капитан Николай Рычковтың Қазақ даласына саяхатқа шығу кезіндегі жазба күнделігі пайдаланылыпты. Николай Рычков осы саяхат кезінде «бөтен валы мен шұңқыр бекітілген қалашық» табады. «Ол қалашық төртбұрышты сарай тәрізді салынған. Барлық жағында тепе-тең вал кеңістігі бар. Шығыс жағында құлап жатқан валы бар жер қақпасы және шұңқырлар көрінеді, яғни, ол жердің ертеде салынғанын куәландырады» деп жазылған Николай Рычковтың күнделік жазбасында. А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті мамандарының жазуынша, Рычков пен археологиялық зертхана қызметкерлері бір объектіні айтып отырған көрінеді. Ғалымдардың болжамына сүйенсек, бұл объектілердің құрылысы ортағасырлық дәуірге дейін салынған. Сонымен қатар, ғарыштық түсірілімдер арқылы Ащытасты крест белгілі болды. Үлкен Ащытасты крест 38 үйіндіден тұрады. Оның ұзындығы 436 метрге тең. Ал Оңтүстік-Торғай кресті 20 үйіндіден тұрады, оның ұзындығы 195 метр. Торған сақинасы 25 үйіндіден тұратын қоршауды білдіреді. Диаметрі – 170 метр.

Дейдің дамылсыз еңбегі

Бүгінде құпияға толы геоглифтер Қостанай облысындағы өзгеше ескерткіштердің бірі ретінде бағаланып отыр. Бұл ескерткіштердің ашылуы жаңа технологияның қарыштап дамуы арқасында жүзеге асырылды. 2007 жылы қостанайлық Дмитрий Дей пирамидалар туралы фильм көргеннен кейін Google Earth бағдарламасы арқылы өз қаласынан осындай пирамидаларды іздеуге бел буады. Google Earth бағдарламасымен ғарыш суреттерін қарастырып, жер үстінде геометриялық фигуралар мен өрнектер түріндегі ерекше, бірақ нақты түрде айырмалы бейнелерді байқаған. Сөйтіп, зерттеу соңында геоглифтерді табады. Осыдан кейін Дмитрий Дей «Turgay Discovery» ғылыми-зерттеу жобасын іске қосты. Дмитрий Дей тапқан Торғай геоглифтерінің бірегейлігін мұндай объектілердің жер жүзінің ешбір нүктесінде кездеспейтіндігі дәлелдейді. Бүгінге дейін Минусинск шұңқырында, Хакасияда геоглифтер табылған болатын. Ал Оңтүстік Америкадағы мұндай обектілер тастан салынған. Геоглифтер осы уақытқа дейін археолог ғалымдар үшін жұмбақ болып келген еді. Қазіргі уақытта тынымсыз зерттеу жұмыстарының нәтижесінде геоглифтердің бірқатар құпиясы ашылды. Торғай геоглифтерін зерттеуге шетел ғалымдары да белсене араласты. Мәселен, 2013 жылы Торғай объектілерін зерттеуге Ұлыбританияның ғалымы Мотузайте Гиедре келді. Гиедре осы сапары кезінде жақсы сақталып қалған геоглифтер үйінділерінің сынамаларын алды. Дмитрий Дей Торғай даласындағы геоглифтерді анықтағаннан кейін, онымен Питтсбург университетінің мамандары да тікелей байланыс орнатуға тырысты. АҚШ-тың Питтсбург университетінің ғалымдарымен бірлесе жасаған жұмыстардың «Turgay Discovery» ғылыми-зерттеу жобасын жаңа деңгейге көтергенін айта кеткен абзал. Бұл университет мамандары Торғай даласындағы геоглифтер туралы деректерге халық-аралық қоғамдастықтардың назарын аудартуға бар күштерін салды. АҚШ-тан келген мамандар тобының көшбасшысы Рональд Лапорте New York Times газетінің тілшісі Ральф Блументальмен байланыс орнатты. Торғай геоглифтері туралы мақала жазу үшін Блументаль ұзақ дайындалды. Сөйтіп, 2015 жылдың қазан айында АҚШ-тың үздік басылымында Торғайдағы геоглифтер туралы мақала жарияланды. Қостанайлық Дейдің кездейсоқ анықтаған геоглифтер жөніндегі зерттеу материалдары Питтсбург университеті мен Мысырдағы Александрий кітапханасының сайтында жарияланды. Торғайдағы геоглифтерді Дмитрий Дей 2007 жылы анықтағанымен, бұл туралы бүкіл әлемге 2015 жылы ғана белгілі бола бастады. Ал бұған ықпал еткен америкалық NASA ғарыш агенттігі. Дмитрий Дейдің мақаласынан кейін америкалық ғарыш агенттігі Торғай даласындағы геоглифтерге қызығушылық танып, ғарыш агенттігі Торғай геоглифтерінің суреттерін дүние жүзіне паш етті. Америкалық ғарыш агенттігі жариялаған дәл осы суреттер 2015 жылдың сенсациялық жаңалығы болды. «Казахстанская правда» басылымының жазуынша, NASA ғарыш агенттігінің ғалымы Комптон Дж. Такер мұндай бейнелерді бұрын-соңды көрмегендігін және бұл объектілердің көпшілікті таң-тамаша қалдыратындығын айтыпты. Айта кетейік, ғарыш агенттігі қазіргі уақытта ғарыштан Торғай аумағын суретке түсіруді Халықаралық ғарыш станциясындағы ғарышкерлердің тапсырмалары қатарына қосып қойды. Ғалымдардың пікіріне сүйенсек, Торғай геоглифтерінің ашылуы тек Қазақстан археологиясындағы ғана жаңалық емес, бұл құпия айшықтар әлемдік мәнге ие болып отыр. Сондай-ақ, ғалымдар бұл объектілерді туристер үшін сақтап қалудың маңыздылығына да баса назар аудару қажеттігін айтуда. Торғай жерінен табылған құпия геоглифтер Қостанай облысындағы туризмнің дамуына айтарлықтай үлес қосып, ел туризмін жаңа бір деңгейге көтеруі әбден ықтимал. Әлемнің назарын аударған Торғай даласындағы геоглифтерді «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясы да суретке түсірді. Питтсбург университетінің өкілі Рональд Лапортенің сұрауы бойынша қысқа мерзімде Қостанай облысындағы геоглифтері бар учаскені фотоға түсірген компания президентінің міндетін атқраушы Марат Нұрғожин: «Біздің компания Үрпек ауылы (Қостанай облысы, Амангелді ауданы) маңындағы геоглифтің суретін жасады.  Қазір Лапорте бастаған халықаралық зерттеушілер тобымен географиялық ақпараттық жүйе құру және геоглифтерді картаға түсіру үшін хат алмасу арқылы келісіп жатырмыз.Топта Қазақстан мен АҚШ (Питтсбург университеті мен NASA ғарыш агенттігі) мамандары бар.  Жұмыстың ғылыми және тәжірибелік мүддесі бар және ол Қазақстандағы туризмді дамытуға, сонымен бірге мәдени-тарихи мұра ретінде геоглифтердің сақталуына көмектесе алады», – деген пікір білдірген еді. J3a5r29IWOKV31vA-lg

2015 жылдың жаңалығы

Ал Торғайдағы геоглифтердің пайда болу уақыты туралы ғалымдар әр түрлі тұжырымдарын ұсынуда. Ағылшындық ғалымдардың айтуынша, Торғайдағы геоглифтердің ең жасы біздің заманымызға дейінгі І ғасыр мен біздің заманымыздың І ғасыры аралығында салынды деген пікірді. Олардың тұжырымдарына сүйенсек, ең жас торғайлық геоглифтердің пайда болғанына 2,5 мың жыл болған. Археологтар болса, Торғай даласындағы геоглифтер біздің заманымыздан бұрын 2-10 мың жыл бұрын пайда болғандығын айтуда. Енді бір ғалымдар жер үстінен көрінбейтін, тек ғарыштан ғана көзге түсетін Торғайдың ең көне геоглифтерінің жасы 7 мың және одан да үлкен екендігін алға тартады. Ал «Казахстанская правда» газетінің 2016 жылдың алғашқы санында А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің археологиялық зертханасының меңгерушісі Андрей Логвиннің мынадай пікірі жарияланды: «Біз Ұлыбританиядан келген ғалым Мотузайте Гиедремен бірлесе атқарған жұмыс нәтижесінде геоглифтер біздің заманымызға дейінгі VIII ғасырда салынған деген тұжырымға келдік. Бұл ескерткіштер сакралды, мәнге ие болған және діни еске алу жораларын өткізуге арнайы салынған болуы мүмкін. Сонымен қатар, ру, тайпа немесе тайпалық бірлестіктің белгілі бір территориясына жататын нышандары ретінде қызмет етулері мүмкін. Осы ескерткіштер ғұн-сарматтық мәдениетінің иеленушілерінен қалған болуы да ықтимал. Бұл құпия суреттерге қатысты нақты шешімді айтуға әлі ерте. ҚР Білім және ғылым министрлігі біздің жұмыстарымызды қазірдің өзінде жоғары бағалағанымен, зерттеу шараларын 2016 жылы да, кейін де жалғастыратынымыз анық». Теңдессіз құбылысқа айналып үлгерген Торғай геоглифтерін зерттеу жұмыстары ежелгі Торғай даласының материалдық және рухани өмірі туралы тың деректер табуға мүмкіндік беретіні анық. Қазіргі уақытта қазақ жерінен табылған геоглифтер әлем назарын елімізге аудартып отырғаны жасырын емес. Мәселен, өткен жылдың соңында әлемдік Business Insider ақпараттық порталы Торғай геоглифтерін 2015 жылдың 9 есте қаларлық археологиялық ашылуларының қатарына енгізді. Ал «Экспресс К» басылымы 2015 жылы Қазақстанда ашылған жаңалықтар тізімінен қостанайлық Дмитрий Дейге екінші орын берді. Америкалық блогерлер Дмитрий Дейдің тапқан құпия бейнелерін археология саласындағы ең таң қалдырарлық жаңалық ретінде қарастырып отыр. Торғайдан табылған дала суреттері Осирис бейіті мен Оңтүстік Американың Теотиуакан қалашығындағы жер асты тоннелімен бір тізімге енді. Сондай-ақ, «Fast Company» журналының рейтингі бойынша NASA ғарыш агенттігі түсірген Торғай геоглифтерінің түсірілімі 2015 жылдың үздік 22 фотосуреттерінің қатарына енді. Ал «Stillness in the Storm» ақпараттық ресурсы Торғайдан табылған геоглифтерді 2015 жылдың ерекше тарихи және археологиялық жаңалықтарының үздік ондығына енгізіп үлгерді.

Әсел ӘНУАРБЕК

 

Серіктес жаңалықтары