6 Желтоқсан, 09:48 445 0 Жаңалықтар Асыл ТҰМАР

Еліміздегі оқушылардың 36 пайызы ғана сауатты

3 желтоқсан күні PISA ха­лықаралық бағдарлама­сы­ның нәтижесі шықты. Бұл зерттеу 15 жастағы оқу­шы­лар­дың оқу, математика және жаратылыстану сала­сын­дағы қарым-қабілетін тексерген. Нақтырақ айт­сақ, мектеп бітіргелі жатқан тәлім­гердің алған білімін өмір­де қолдана алу мүмкін­дігін зерделейді. Алдыңғы жылдармен салыстырсақ, нәтиже төмен. Дамыған ел­дердің көрсеткішіне қарасақ, одан да төмен. Себеп неде?

PISA (Programme for International Student Assessment) – әлемде мойындалған бағдарлама. 2018 жылы 80-ге жуық елдің оқушыларына сынақ жүргізді. Аталған тест әр үш жыл сайын өтеді. Басты мақсат – үлкен өмірге дайындалып жүрген шә­кірттердің мектеп қабыр­ғасында алған білімін шынайы жағдайда қолдана алу дағдысын бағалау. Жоғарыда айтылғандай, сынақ қорытындысы бойынша әр ел оқушыларының оқи алу, мате­матика және жаратылыстану бағытындағы дағдыларының ор­таша ұпайы анықталады. Ұпай саны бойынша рейтинг жасалады. Сол рейтингке қарап, қай елдің орта білім жүйесі алда не артта екенін түсіну қиын емес.

Биылғы нәтиже. 2018 жылғы сынаққа 78 ел қатысқан, көш басында Қытай тұр (оқу – 555, ма­тематика – 591, жаратылыстану – 590 ұпай). Кейінгі орындарда Қытай маңындағы Сингапур, Макао, Гонконг, Эстония бар. Яғни, бұл елдерде мектепте бері­летін орта білім әлем бойынша үздік деген сөз. Ал ондықтың соңғы орындарында Канада, Финляндия, Ирландия, Корея және Польша жайғасқан. Назар аударуға тұралық жайт: ол – Қытайдың нәтижелері. Мәселен, 2015 жылғы сынақ бойынша бұл ел математикада – 6-шы, жараты­лыстануда – 10-шы, ал оқу сауат­тылығында 27-ші еді. Арада өткен 3 жылда Қытай қалайша әлемде топ бастағаны белгісіз. Иә, соңғы сынақта Қытай атынан Шанхай, Бейжің және Цзянсу, Чжэцзян провинцияларында тұратын оқушылар қатысты. Бірақ соның өзінде қысқа уақытта жоғары нәтиже көрсету оңай шаруа емес және зерттеуге тұрарлық тә­жірибе.

Ал Қазақстанның нәтижесі кө­­ңіл көншітпейді. Мәселен, оқу са­­уат­­тылығы бойынша орташа ұпай – 387, математика – 423 және жа­ра­ты­­лыстану саласындағы ұпай – 397. Бұған дейін PISA сынағы негізінен Эко­но­микалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) кірген эко­номикасы қуатты елдердің ара­­сында өткізілді. Ол елдердің нәти­жесі Қазақстан көрсеткішінен ана­ғұрлым жоғары. Мәселен, оқу са­уаттылығы – 487, математика – 489 және жара­ты­лыстану – 489 ұпай. Яғни, біздің оқу­шылардың ұпайы дамыған мем­ле­кеттердегі замандастарынан орта есеппен 80-90 ұпай артта қалып тұр. Бұл – алаңдатаралық жағдай. Себебі 15 жастағы шәкірттеріміз 6-7 жылда бір-бір мамандық иесі атанатын азаматтар. Алайда егер оқушы қазірден бастап қоғамда сауаты төмен, есеп-қисабы нашар, ғылым­нан алыс болса, онда олардан кәсіби маман шығуы аса қиын мәсе­леге айналады.

Ал енді әр пән бойынша көрсет­кіштерге тереңірек үңілсек. PISA сынағын өткізген ұйымның мә­лі­метіне сенсек, Қазақстандағы тә­лім­герлердің 36 пайызы ғана оқу сауаттылығы саласында 2-ші дең­гей­ге қол жеткізді (ЭЫДҰ орта­ша көр­сеткіші – 77%). Бұл оқушылар ұзақ­­тығы орташа мәтіннің негізгі идея­­сын түсініп, қажет ақпарат та­ба алады.

Ал математикада оқушылары­мыз­дың 51 пайызы 2-ші деңгейге жетті (ЭЫДҰ орташа көрсеткіші – 76%). Бұл – қарапайым жағдайды тікелей нұсқаусыз математикалық түрде қалай көрсетуге болатынын түсіндіре алатын дәреже. Мысалы, балама екі маршрут бойынша жал­пы қашықтықты салыстыру немесе бағаны басқа валютаға айырбастау. Бұл деңгейге қытай оқушыларының 98 пайызы жеткен, яғни біздің көр­сеткіштен екі есе жоғары.

Жаратылыстану саласында да нәтижеміз нашар. Мәселен, та­ныс ғылыми құбылыстарды дұрыс тү­­сіндіре алатын, алған білімін қа­ра­пайым жағдайларда қолдана ала­тын 2-ші деңгейге 40 пайыз қа­зақ­стандық оқушы жеткен. Ал ЭЫДҰ елдерінің бұл бағыттағы орта­ша көрсеткіші – 76 пайыз. Яғ­ни, олардан екі еседей артта ке­ле­­міз.

Алайда «тоғыз қатынның толғағы бір күнде келеді» дегендей, көңіл­ге қаяу түсіретін көрсеткіш тек мұны­­мен шектелмеді. Егер 2018 жыл­­­ғы нәтижені алдыңғы жыл­дар­­­дағы өз оқушыларымыздың көр­сеткішімен салыстырсақ, кері ке­тіп барамыз. Мәселен, 2015 жы­лы еліміз 72 елдің арасында ма­те­­­матикадан 460 ұпаймен 42-орын­да, жаратылыстануда 456 ұпай­­мен 42-орында және оқу сауат­­тылығында 427 ұпаймен 53-орын­да тұрақтағанбыз. Биыл 69-орын­ға құлдилап құлағанымызды еске салайын.

PISA-2018++01.jpg

Министрдің жауабы. Білім және ғылым министрі Асхат Айма­ғамбетов бұл сынақта Қазақстан оқушыларының төмен көрсеткішін былайша түсіндіруге тырысты. Оның пікірінше төрт фактор ықпал еткен. Бірінші, тест Қазақстан үшін алғаш рет компьютерлік форматта өтті. Алдыңғы жылдары сынақ қағаз бетінде болған. Екінші, PISA-дағы нәтижелерді жақсарта алатын білім беру жүйесіндегі өзгерістер әлі де оң әсерін тигізбеген. Был­тыр тестке қатысқандар – ескі жүйе­­мен оқығандар. Бұйыртса, не­гіз­гі нәтиже 2024 жылы көрінеді, сол кезде тесттің түбін түсіреді екен­біз. Үшіншіден, өзге елдерде тек 10-сынып оқушылары қатыс­са, бізде 9-сынып оқитындар да тест тапсырыпты. Төртіншіден, Назарбаев Зияткерлік мектебінің өкіл­­­дері жоғары ұпай жиған.

Ал енді министр берген жауап­тарды талдап көрсек. Бірінші жауап – тест биыл алғаш рет компьютерлік форматта өтті. PISA 15 жастағы азаматтың компьютерді қолдануын емес, есептей алу, оқығанын тү­сіну, ғылыми ұғымдарды өмірде пай­­далануын бағалайды. Сұрақтар кө­біне қарапайым, логикалық. Яғни, ондай тапсырманы қағазда орындайсың ба әлде компьютерде ме, әдетте айырмашылығы жоқ. Себебі адам қабілеті екі форматта да бірдей көрінеді. Бүгінде талай оқушы ҰБТ сынағына компьютерде дайындалады, ал маусым айында қа­ғазда тапсырады. Одан нәтижесі тө­мендемейді. Осы себепті ми­нистр­дің бұл жауабы көңілге қо­ным­­сыз.

Екінші жауап – PISA-дағы нәти­желерді жақсарта алатын білім беру жүйесіндегі жаңалықтар әлі де әсерін тигізбеген. Яғни, ми­нистр ескі жүйе тиімсіз болды, жаңа­сы рейтингтегі жағдайымызды жақ­сартады деп үміттеніп отыр. Бәлкім солай да болатын шығар. Оны өзі жазғандай, 2024 жылы көреміз. Алайда мемлекеттік орта білім жүйе­сінің негізгі мақсаты әрі функ­ция­сы PISA-дағы ел нәтижесін жақ­сартуға бағытталмауы керек шы­ғар. Бала білімді рейтинг үшін алмайды. Жүйенің мақсаты – сауатты, білімді оқушыны қалыптастыру, тәрбиелеу. Яғни, айып тестте емес, білім жүйе­сінің сапасында болып тұр.

Үшінші жауап – өзге елдерде тек 10-сынып оқушылары қатысса, бізде 9-сынып оқитындар да тест тап­сырды. PISA сыныпқа қара­май­ды, ол тек 15 жасқа толған шәкірттің дағдысына баға береді. Егер министрдің сөзіне сенсек, 9-сынып оқушылары көп бол­­ғасын, көрсеткішіміз кеміді. Яғни, осы арқылы ол 15 жастағы 9-сы­нып оқушылары сауатсыздау, білімсіздеу, егер 10-сыныпқа көшсе, есеп-қи­са­бы да, оқу-жазуы да түзелмек де­гісі келгендей. Алайда мәселе сы­ныпта емес, білім жүйе­сі­нің сапа­­сыздығында екенін мойын­да­май­тыны таңғалдырады.

Төртінші жауап – Назарбаев Зияткерлік мектебінің (НЗМ) өкілдері жоғары ұпай жиған. Рас. Олардың нәтижесі 510 ұпайдың айналасы. Өте жоғары. Бірақ ол мектептер элиталық санатқа жа­тады. Елдегі 3 миллионнан аса оқушыға НЗМ жүйесіндегі жағ­дай жасалмай тұр. Сондықтан эли­­тарлық жүйедегі мектеп пен қа­­тар­дағы мектепті салыстыруға кел­мейді. Себебі бұған дейін Мә­­жіліс депутаты Ирина Смир­но­ва НЗМ мектебіндегі бар балаға 200 мың теңге бөлінсе, қатар­да­ғы мектеп оқушысына бюд­жетте қа­рас­тырылған қара­жат 17 мың теңге деген еді. Яғни, 12 есе айыр­ма­шы­лық бар. Қар­жы­лан­ды­рудағы мұн­дай алшақтық білім сапасына тікелей ықпал ететіні белгілі.

Не істейміз? Әрине, мақсат ми­нистрді сынау, мінеу емес. Бүгінге дейін ауысқан министрдің қай-қайсысының да сын садағына ұшы­рамағаны жоқ шығар. Алайда одан пайда болды ма? Мәселе басқада. Ең алдымен, біздің ор­та білім жүйеміздің сапасы халықа­ралық талапқа сай еместігін және тым жиі жасалған реформа пай­да­сынан гөрі зиянын тигізгенін мо­йындау. Нақтырақ айтсақ, қа­ла­­ларда 1-сыныпта 40 баланың оты­руы, 3 ауысымдағы және апат­тық жағдайдағы мектептердің жо­йылмауы, мектептегі жемқор­лық­­тың кемімеуі, ұстаздардың тө­мен жалақысы мен олардың жетіспеуі, қағазбастылық, мұғалімді түрлі қо­ғам­дық шараларға ретсіз қа­ты­с­тыра беруі, педагогикалық ма­мандыққа төмен балл жиған сту­­денттердің түсуі және тағысын тағы­лар. Егер бұл проблемаларды мо­йын­дамасақ, оларды жою да қиын­ға соғады.

Сөз соңында. Жалпы, PISA-2018 сынағы отандық білім жүйесінің сапасы төмен екенін, ертең түлек болып үлкен өмірге қанат қағатын ұл мен қыздың өмірге дайындығы нашар екенін айқындап берді. Егер қазіргі білім сапасы артпаса, ертең са­уат­сыз, қылмысы мен ажырасу көр­сеткіші жоғары, жемқорлығы да азаймаған қоғам құруымыз әбден мүм­кін. Себебі адамның бойындағы бі­лім мен ғылымға құштарлығы да, гуманистік құндылығы да, не­гіз­­гі қа­рым-қабілеті де мектеп қа­­­быр­ға­сын­да біліммен сіңетіні белгілі.

aikyn.kz

Соңғы жаңалықтар