593
Әлемдегі қазақтілді БАҚ-тың болашағы талқыланды
Әлемдегі қазақтілді БАҚ-тың болашағы талқыланды
Елордада «Отандастар» қорының мұрындық болуымен «Отандастар. Болашаққа бағдар» атты халықаралық дөңгелек үстел өтіп, сырттағы қандастар бір ортаға жиналған болатын. Жиынның ашылу салтанатына Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті Нұртай Әбіқаев қатысты.
Халықаралық дөңгелек үстел аясында тақырыптық панельдік сессиялар ұйымдастырылды. Соның бірі – шетелдік БАҚ өкілдері бас қосқан панельдік сессия. Мұнда журналистер арасындағы өзара ынтымақтастық мәселесі сөз болды. 6 елден келген 12 қазақтілді БАҚ өкілдерінің басын қосқан жүздесуде маңызды мәселелер талқыға түсті. Кездесу барысында моңғолиялық «Қазақньюс» порталы, «Шұғыла» журналы, «Жаңа дәуір газеті», Бай-өлке аймақтық радиосы, Ирандағы «Парстудей» ақпараттық агенттігінің қазақ бөлімі, Түркияда 14 саны жарық көрген «Қазақ елі» журналы, Ресейде шығып жатқан «Омбы қазақтары», «Ақ арна» газеттері, сол секілді Өзбекстанда шығатын «Нұрлы жол» республикалық газеті, «Кенимех таңы» аудандық газеті, Науаи телерадиокомпаниясы атынан келген өкілдер өз ақпарат құралдарының бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырды. Одан бөлек қазақтілді БАҚ өкілдері өздері тұрып жатқан мемлекеттердегі қандастарымызды қазақ тіліндегі ақпаратпен қамту мәселесін де назардан тыс қалдырмады. Сондай-ақ «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің бас директоры Асқар Омаров болашақта шетелдегі қазақтілді БАҚ қауымдастығын құру идеясын қолға алу қажеттігін атап айтты.
Кездесуде БАҚ өкілдері өз тараптарынан түрлі ұсыныс-тілектерін де білдірді. Мәселен, Өзбекстандағы «Нұрлы жол» газетінің редакторы Ғұламзәкір Юсупов Egemen Qazaqstan газетімен ортақ меморандумға қол жеткізу арқылы ақпарат алмасуды ұсынды. Ал отандық ақпарат құралдары арасынан Egemen Qazaqstan республикалық газеті акционерлік қоғамы Басқарма төрағасының орынбасары – бас редактор Айбын Шағалақ сыртта жүрген әріптес журналистер «Егемен академиясы» арқылы тағылымдамадан өте алатынын жеткізді. Ал «Отандастар қоры» КЕАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов қазақтілді шетелдік БАҚ өкілдерінің ұсынысы негізінде қауымдастық аясында жұмыс істеудің жоспары жасалатынын атап өтті.
Асқар ОМАРОВ, «ҚазАқпарат» ХАА бас директоры (Қазақстан):
– 15 жыл бұрын «Қазақпарат» елімізде бірінші болып латын әліпбиімен жаңалық тарата бастады. Ал 10 жыл бұрын төте жазу нұсқасын енгізді. Осының бәрі қиырдағы қазақтармен байланыс орнатып, қандастарға ақпарат беру үшін жасалған болатын. Бүгінгі қауымдастық құру ұсынысы сол қадамдардың заңды жалғасы іспетті. Панельдік сессияға 6 елден 12 БАҚ (қазақтілді) 17 өкіл қатысып отыр. Өз еліміз бен өңірлерімізден де өкілдер отыр. Шетелдегі қазақтілді БАҚ-тардың бірігу бастамасы былтыр шыққан. «Отандастар» қоры мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі осы бастаманы қолдады. Осы ретте шетелдегі қазақтілді БАҚ-тардың қауымдастығын құру деген идеяны ортаға салғымыз келеді. Бұл – өте қажетті және заманға сай жоба. Әлем елдеріне қарасақ, орыс, әзірбайжан, армян тілді БАҚ-тардың қауымдастықтары баршылық. Түркі тілдес халықтарда да бар. Сондықтан бізге де қазақтілді БАҚ-тардың қауымдастығын құрып, байланыс орнатуға болады. Бір-бірімізге осылайша қолдау білдіре аламыз.
Сұраған РАХМЕТҰЛЫ, «Шұғыла» журналының редакторы (Моңғолия):
– Моңғолияда «Отау тв» телерадиохабар тарату жүйесі арқылы «Қазақстан» телеарнасын жайлаудағы ел көріп отыр. «Балапан» арнасы келгелі балалары дүниеге келгенде Балапан деп ат қоятындар көбейді. Қымбат Досжанды көріп, Қымбат есімді қыздар өмірге келуде. Мұның бәрі – ақпараттың қолжетімділігінің нәтижесі.
Қазір жаңа ғасыр, жаңа технология заманы. Ақпараттың жылдамдығына байланысты әртүрлі мәселелерді ортаға салғанымыз дұрыс болады деп ойлаймын. Ең маңызды мәселе – тіл мәселесі. Тіл танымдық деңгейге жету керек. Тіл кеңсенің немесе ұялы телефон арқылы хабарлама жазудың ғана тілі болып бара жатыр. Мұны ең басты мәселе ретінде көтеруіміз қажет.
Содан кейін Моңғолия қазақтары арнаны тамашалағанымен, онда қазақ газеттері бармайды. Бұл – өзекті мәселе. Шетелдегі тарихи газет-журналдарға мүмкіндік берсе, көмектессе дейміз.
Ертолқын ГАЙРЕТУЛЛАХ, «Қазақ елі» журналының редакциялық кеңес төрағасы және жауапты шығарушы редакторы (Түркия):
– Қазақ және түрік тілдерінде шығатын «Қазақ елі» журналының жарық көргеніне 4 жыл толды. Түркиядағы қандастарымыз бен Қазақстаннан келген бауырларымызға жан-жақты қолдау көрсетуді көздейді. Журналды Қазақстан мен Түркия арасындағы байланыстарды тереңдету мақсатында жарыққа шығардық. Одан бөлек басылым қазаққа қызмет ету, халқымыздың салт-дәстүрін, ұлттық құндылықтарын сақтап қалуға өз септігін тигізеді деп сенеміз. Журналда «Қазақ-түрік білім және зерттеу» қауымдастығы тарапынан ұйымдастырылған іс-шаралар туралы ақпараттар беріліп отырады. Қазақ халқының салт-дәстүрін насихаттауды, қолымыздан келгенше қазақ халқына қызмет еткен тұлғаларды мадақтау, бағалауды басты мақсат етіп отырмыз. Қазақтың ұлы тұлғалары туралы мақалалар журналымыздың әр санында жарық көреді.
Журнал Еуропада тұратын қандастарымызға арналған. Шетелдегі қазақтардың кейбірі қазақша түсінбейді немесе оқи алмайды. Сондықтан да екі тілде шығатын «Қазақ елі» журналы қажеттіліктің орнын толтырып отыр деп ойлаймыз. Алдағы уақытта «Қазақ елі» журналын халықаралық деңгейге көтерсек деген ойымыз бар. Ағылшын тілінде және латын қарпінде жарық көрсе, қазақтар көп тұратын елдерде еркін таратар едік.
Жаппарбай ШАТКАМ, Иран радиосы қазақ редакциясының жүргізушісі және аудармашысы (Иран):
– Бүгінде Иранда 6-7 мыңдай қазақ бар. Өкінішке қарай, Қазақстанмен мәдени байланыстар өте сирек. Тіпті, қазіргі уақытта Иранда қазақ мектебі де жоқ, ешқандай білім алуға мүмкіндік те қарастырылмаған. Қазақстан тәуелсіз мемлекет болғалы қазақ тіліндегі газет-журнал да, кітап та келмейтін болды. Мұның бәрі қазақ балаларының ана тілінен хабарсыз болуына ықпал етуде. Ал жастардың, әсіресе кішкентай балалардың қазақ тілін ұмытып бара жатқаны өте қауіпті жағдай. Бұрынғы жылдары Қазақстанмен қарым-қатынас жақсы болып, келіп-кетіп жүргеніміздің арқасында тілді сақтап қалуға жақсы мүмкіндік туды. Ал қазір бұл да мүмкін болмай тұр.
Иранда диаспораларға шектеу көп. Қоғамдық ұйым құруға, өз тілінде білім алуға мүмкіндік берілмейді. Елдің Конституциясында «әр ұлт өз тілінде білім алуға, оқуға құқығы бар» деп жазылған, бірақ мұның бәрі қағаз жүзінде ғана.
Иранда Қазақ радиосы жұмыс істейді. Бірақ оның қазақ радиосы деген аты болғанымен, тарататын ақпаратының бәрі Иранның өз саясаты, өз мәдениеті. Қазақы дүниелерді тарата алмайды. Сондықтан мен өз тарапымнан балаларға қызықты, тартымды, алфавитті үйретіп, қазақ тілін меңгеруге септігін тигізетін тілашар бағдарламалар таратылса деген ұсынысымды білдіргім келеді.