3 Желтоқсан, 15:31 211 0 Әлеумет Асыл ТҰМАР

Ауыл баласының қала оқушысынан қай жері кем?!

PISA халықаралық бағдарламасының 2015 жылғы зерттеуіне сәйкес, еліміздің ауылды елдімекендеріндегі оқыту деңгейі қаладағы білім беру сапасынан 12 балға төмен, былайша айтқанда, ауыл балалары бір жылға (кей аймақтарда одан көп) артта. Бұл теңсіздіктің себебі неде?

Еуразия ұлттық университетінің доценті Жасұлан Нұрбаев ауыл мектептеріндегі білім беру сапасына қатысты зерттеуінің нәтижесімен бөлісті. Сарапшы алдымен ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасына тексеру жүргізген. Зерттеу мәліметтеріне сүйенсек, елдімекендегі мектептердің 20 пайызы бейімделген ғимараттарда (бұрыңғы клубтар, балабақшалар және тағы басқа) отыр. Ауылдағы мектептердің 47 пайызының әжетханасы далада. Апатты жағдайдағы мектептердің 90 пайызынан көбі ауылды жерлерде орналасқан.

Бұдан өзге, зерттеу барысында ауыл мектептерінің ақпараттық-коммуникациялық базамен қамтамасыз етілуіне маңыз берілген. Қазақстан аумағындағы мектептердің 63 пайызына ғана кеңжолақты интернет қолжетімді. Ауылдағы жағдай тіптен қиын, шағын кешенді мектептердің тек 13 пайызында қеңжолақты интернет бар. Компьютермен жабдықтау ісі де мәз емес. Ауылда бір компьютерге бес баладан, қалалық жерлерде он баладан келеді. Оның үстіне бұл құрылғылардың 80 пайыздан астамы ескірген, алмастыруды қажет етеді.

Зерттеуші, сонымен қатар, ауыл мұғалімдерінің біліктілігін арттыру мәселесі де дендеп тұрғанын алға тартады. Ауылдағы ұстаздардың 24 пайызында мүлдем категория жоқ, жоғары категориясы бар мұғалімдердің үлесі қаламен салыстырғанда екі есе төмен.

Осылайша сарапшы ауыл мен қала мектептеріндегі білім беру сапасының арасы жер мен көктей екенін нақты деректермен дәлелдеп отыр және «Ішкі эмиграцияның күшеюіне бірден-бір себеп – ауылды жердегі білім беру сапасының төмен болуы. Біз білім жүйесін жетілдіруде дамыған мемлекеттердің тәжірибесінен құндылық іздеп жатамыз, бірақ ең басты құндылық – теңдік екенін, мүмкіндіктер теңдігі екенін ұмыт қалдырғандаймыз» дейді Жасұлан Нұрбаев.

Суретте – ауыл балалары, авторы – Әйгерім Бегімбет.

Соңғы жаңалықтар