821
Той жылына айналған қой жылы
Той жылына айналған қой жылы
Қой жылы қазақ өнері үшін табысты жыл болды. Көптеген өнерпаздарымыз шет мемлекеттердің сахнасында өнер көрсетіп, қазақ деген елді, қазақ деген халықты көпке таныстырып қайтты. Тіпті, өздерін мойындатқандарының қатары да көп. Қазақтың әні мен күйін, биі мен қойылымдарын, кинотуындыларының үздік екенін көрсеткен өнер иелері қандай құрметке де лайық. Ендеше, 2015 жылы қазақ өнері қандай жетістіктерге қол жеткізгендігін саралап көрелік.
2015 жылы ел абыройын асқақтатқан оқиғалар жетерлік. Солардың бірі – күллі қазақты қуантқан жас әнші Димаш Құдайбергеновтің жеңісі. Витебск қаласында өткен «Славян базары – 2015» халықаралық эстрадалық ән орындаушыларының байқауында үздік өнер көрсеткен Димаш бас жүлдені қанжығасына байлады. Бұл жеңісті қазақ халқы өте ұзақ күткенін де айта кеткен жөн. Ерекше дауыс иесі қазылар алқасын тәнті етіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Айта кетейік, бұл 24 жыл ішінде «Славян базары» байқауынан жеңіспен оралған алғашқы өнерпазымыз. Димаш Құдайбергеновтің өнерін тамашалаған көпшілік оның таланты мен табиғи дауысын бірден мойындады. Үш күн бойы халықаралық додаға қатысқан қазақ баласы сайыстың бірінші күнінде-ақ қарсыластарынан оқ бойы озып шыққан болатын. Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Димаш Құдайбергенов бұған дейін де халықаралық ән додаларында бақ сынап, жеңісті қолдан бермеген еді. 2012 жылы «Шығыс базары» байқауында жеңіске жетсе, 2013 жылы «Мейкин Азия» халықаралық фетивалінде жеңімпаз атанған. Тәңір берген табиғи дарынымен ерекшеленетін Димаш тыңдаған адамды таң қалдырмай қоймайды. Сондықтан, Димаш аталмыш халықаралық байқауға ешбір іріктеусіз-ақ өткен. Былтыр халықаралық «Шабыт» фестиваліне қонақ ретінде қатысқан Димаштың өнеріне тамсанған «Славян базары» байқауының ұйымдастырушыларының бірі оны бірден байқауға қатыстыру керек деп шешсе керек. Осыдан кейін Димаш Құдайбергенов Беларусь елінде қазақтың абыройын қорғап, биіктен көрінді.
Осыдан кейін 20 жастағы Димаш Құдайбергенов Стамбұл қаласында өткен «АBU TV Song Festival 2015» фестиваліне қатысып, түркі елінің танымал жұлдыздарымен бір сахнада өнер көрсетті. Әлемнің 50 елінде көрсетілген фестивальде Димаш халық әні «Дайдидауды» нақышына келтіре орындап, өзінің шеберлігін тағы бір дәлелдеді.
Ал халықаралық «Славян базары» фестивалі аясында өткен «Витебск – 2015» балалар байқауына қатысқан Луиза Нұрқуатова да қазақ елінің атағын асқақтатты. 17 елден келген 20 өнерпаздың арасынан топ жарған 10 жастағы Луиза «Витебск» халықаралық ән додасының бас жүлдесін иеленді. Луизаны үздіктердің көш басына шығарған – балдырған қыздың әдемі дауысы, сүйкімді қылығы, әртістік шеберлігі. Сайыста сахнаның сәнін келтіре өнер көрсеткен бүлдіршін байқаудың алғашқы үні-ақ көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сөйтіп, «Витебск – 2015» балалар байқауының жеңімпазы атанған Луиза Нұрқуатова аталмыш өнер додасында Гран-при алған алғашқы қазақ ретінде аты тарихқа жазылды.
Қазақ әншілерінің халыққа сыйлаған келесі жеңісі Сочи қаласында өткен «Жаңа толқын – 2015» байқауының екінші дәрежелі жүлдесі. Аталмыш жүлдені елімізге Әдемі есімді әнші қыз сыйлады. Бұл байқауда еліміз жеңіс тұғырынан көріне алмай жүрген еді. Биылғы жылы «Жаңа толқын» байқауында ел намысын Әдемімен қатар «Voice.kz» тобы да қорғаған болатын. Жоғары деңгейде өнер көрсеткен қазақстандық топ бұл сайыста жеңіс тұғырынан көрінбесе де, аз ғана уақыт ішінде көрермендердің көзайымына айналып үлгерді. Ал үздік өнер көрсетіп, байқауға қазылық еткен танымал әрі кәсіби өнер иелерінің көңілінен шыға білген Әдемі үздік үштіктің қатарына енді. Үш күнге созылған сайыста Әдемі өзін жан-жақты көрсете білді. Әдемі сайыстың алғашқы күнінде «Show must go on» әнін орындаса, екінші күні әнші Ирина Дубцовамен бірге өнер көрсетіп, ең жоғары ұпайды иеленді. Ал сайыстың шешуші сынында Батырхан Шүкеновтің құрметіне жазылған «Соңғы көктем» әнімен өзін жоғары деңгейде танытты. Ерекше лирикалық мақамы бар, ән әлеміне өзіндік мақамымен келген Әдемінің шын есімі – Динара Қайырова. Алматыда туып өскен өнерпаздың қоржынында бірнеше жүлделер де бар.
Үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған «Turkvizyon» сайысы да биыл қазақ елі үшін сәтті аяқталған байқаулардың бірі. Түркияда өткен алғашқы «Turkvizyon – 2013» ән додасында бақ сынаған «Ринго» тобы елімізге жеңіс сыйламаса да, тамаша өнер көрсеткені көптің есінде болар. Ал 2014 жылғы Татарстанның Қазан қаласында өткен ән байқауында Қазақстанның намысын қорғаған Жанар Дұғалованың өнері баршаның таңдайын қақтырды. Биылғы жылы бұл байқауға еліміздің атынан «Орда» тобы қатысты. 21 елдің үздіктері қатысқан ән байқауында «Орда» тобы екінші орынды иеленді. Өткен жылдың жеңімпазы ретінде сахна төрінде өнер көрсеткен Жанар Дұғалова «Ризамын» әнін орындап, тағы да көрермендердің ризашылығын алды.
Ал 2015 жылы алғаш рет ұйымдастырылған «Bala Turkvizyon» халықаралық ән сайысында ел намысын қорғаған Тұрсынхан Еркін де бізді жерге қаратпады. Елімізде өткен ұлттық іріктеуде қарсыластарын шаң қаптырған Тұрсынхан Түркияның Стамбұл қаласындағы «Bala Turkvizyon» байқауының гранд-финалына жолдама алған болатын. Қазақи үлгідегі киім үлгісімен, өзіндік дауысымен, ерекше қойылымымен әділ қазылар алқасының көңілін тапқан қазақ баласына жүлделі екінші орын бұйырды. Сондай-ақ, Тұрсынхан Еркін осы байқаудан «Түркі елдерінің алтын дауысы» атағын да иеленіп қайтты.
Артта қалып бара жатқан қой жылы қазақ театр өнері үшін де жеңісті әрі жемісті жыл болды десек қателесе қоймаспыз. Мәселен, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры Қырғызстанда өткен V халықаралық «ART-ORDO» театр фестиваліне қатысып, «Үздік спектакль» аталымы бойынша бас жүлдені жеңіп алды. Халықаралық театрлар фестиваліне 3 шетелдік және 9 қырғыз театры қатысты. Бұл фестивальде М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры Жабал Ерғалиевтің «Қас-қағым» спектаклін ұсынған болатын. Режиссер мен актерлердің үйлесімді жұмысынан туындаған қойылым фестивальдегі кәсіби мамандардың жоғары бағасына ие болды.
Ал Астана қаласындағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры Мәскеуде өткен «Золотой Витязь» ХІІІ халықаралық театр форумына қатысып, Гран-приді жеңіп алды. Аталмыш театр форумында ресесйлік театрлармен қатар Сербия, Болгария, Қазақстан және өзге де шет мемлекеттердің театрлары да бақ сынады. Форум комиссиясы мүшелері бір жыл көлемінде жүзге жуық қойылымдарды тамашалап, жиырма бес спектакльді таңдап алған екен. Сол үздік 25 қойылымның қатарына енген Қалибек Қуанышбаев атындағы театрдың «Тыраулап ұшқан тырналар» лирикалық драмасы болды. Форумның шешуші сәтінде «Қаллеки» театрын қазылар алқасы үздік деп таныды. Сөйтіп, «Золотой витязь – 2015» кубогы қазақ театрына бұйырды. Аталмыш додада Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов, актер Әбілмансұр Серіков және актриса Ақмарал Танабаева «Золотой витязьдің» дипломанттары атанды.
Қазақстан киноиндустриясында да қой жылында қарқынды жұмыстар жасалды. Биылғы жылы еліміздегі отандық сапалы телехикаялардың көбеюімен есте қалатын секілді. Телеарналарды жаулаған үнді, кәріс, түрік телехикаяларын біраз экраннан ығыстырғандай болған «Таңдау», «Бәсеке», «Жібек», «Әулет» тәрізді қазақстандық телехикаялар көрермен ықыласына бөленгенін айта кеткеніміз жөн. 2015 жылы түсірілген телехикаялардың қатары көп. Көп болғаны да жақсы. Өйткені көптің арасынан сапалысы іріктеліп, халықтың жүрегіне жол табады. Осы жылы кинорежиссер Ермек Тұрсынов түсірген «Жат» фильмі «Шет тілдегі ең үздік фильм» аталымы бойынша «Оскар» киноакадемиясының жүлдесіне ұсынылғанын да айта кеткен абзал. Сондай-ақ, биылғы жылы елдің есінде қалып, көрерменнің ықыласына бөленген фильмдердің бірі – «Құнанбай» фильмі болды. Досхан Жолжақсынов түсірген «Құнанбай» көркем фильмі атақты дала кемеңгері, қарадан шығып хан атанған Құнанбай Өскенбайұлының өнегелі өмірінің бір кезеңін қамтиды. Фильмде Құнанбайдың тек жеке басы ғана емес, сонымен қатар, XIX ғасырдағы қазақ қоғамының шынайы келбеті мол көрініс тапқан.
2015 жылдағы қазақ мәдениетіндегі тағы бір есте қаларлық жағдай – ЮНЕСКО-ның айтыс өнерін адамзаттың мәдени мұрасы қатарына қосуы. Намибияда өткен Материалдық емес мәдени мұраны сақтау комитетінің оныншы сессиясында айтыс ерекше суырып салма өнері ретінде Қазақстан мен Қырғызстан атынан тізімге енгізілді. Ал өткен жылы ЮНЕСКО қазақтың күйі мен киіз үйін адамзаттың мәдени мұрасы қатарына қосқан болатын.
Бүгінгі күні Қазақстан мәдениетін әлемдік деңгейде лайықты танытып жүрген өнерпаздар қатары көбейіп келеді. Тәуелсіз Қазақ елінің жеңісті күндері көп болсын деп тілейміз. Той жылына айналған қой жылындағы жеңісті сәттер мешін жылында да жалғасын тапса деген тілегіміз бар.
Әсел ӘНУАРБЕК