Мырзатай Жолдасбеков: Елбасының әлі айтылмаған қырлары көп

Мырзатай Жолдасбеков: Елбасының әлі айтылмаған қырлары көп

Мырзатай Жолдасбеков:  Елбасының әлі айтылмаған қырлары көп
ашық дереккөзі
880
Қазақстанның талай тар жол, тайғақ кешуден өтіп, Тәуелсіз мемлекет атанғаны, әлем елдерімен терезесі тең болу жолында қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткергені ақиқат. Сол бір күрделі шақтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбек атқарғаны да күллі жер жүзіне мәлім. Осы ретте азаттықтың ақ таңы атып, ел іргесін бекітуде Тұңғыш Президентпен қатар жүріп тер төккен мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековпен 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні қарсаңында Нұрсұлтан Әбішұлының сарабдал саясаты мен өмір жолы хақында әңгімелескен едік. – Мырзатай аға, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлын ең алғаш оқушы кезінде көрген екенсіз. Сол кездегі бала Нұрсұлтанның бойынан көшбасшылық қасиетті байқай алған ба едіңіз? – Болашақ Президентті алғаш рет 1957 жылы көрдім. Қаскелеңдегі Абай атындағы қазақ орта мектебінде педпрактикадан өткенімде Нұрсұлтан оныншы кластың оқушысы еді. Жүзі жайнап, екі көзі оттай жанып, жарқ-жұрқ етіп, ай маңдайы жарқырап, бәйге атындай тыпыршып отыратын. Ішіне сыймай жүрген бір құдірет бардай көрінетін. Қажырлы, еңселі болатын. Тұрғыластарының арасынан иығы озық тұратын. Намысшыл болатын. Момынға болысып, жұртқа көмектесіп жүретін. «Болат кездік қын түбінде жатпайды» дегендей, Нұрсұлтан жастайынан қынаптан суырылған қылышқа ұқсады, әуел бастан-ақ мұзжарғыш кемедей қай ортаға барса да сыйып, сіңіп жүре берді. Орта мектепті үздік бітірді. Бала жастан елгезек болып өсті. Ерте тұрды, кеш жатты. Отбасының ауыртпалығын әке-шешесімен бірге көтерісті. Жатпай-тұрмай ата-анасына қолғабыс тигізді. Өзі қатарлы балалар ауылын қимай жүргенде Қаскелеңге тиіп тұрған әсем Алматыға емес, ол кезде жер түбіндей көрінетін Арқадағы Қарағандыға, оның да өзіне емес, жанындағы ол кезде атын біреу естіп, біреу естімеген Теміртау қаласына, онда да оқуға емес, жұмысқа тартып кеткенін, кейіннен өзге де қазақстандық жастармен Днепродзержинскіге аттанғанын, келгеннен кейін Қазақстан Магниткасының маңдайалды металлургі атанғанын да, сонда жүріп көзге түсіп, әуелі комбинаттың, одан қаланың, одан облыстың басшылығында болғанын да, қылшылдаған қырықтағы жасына жаңа жеткенде республикалық деңгейдегі лауазымды қызметке – Орталық Комитеттің хатшылығына шақырылғанын да, мұнан соң көп ұзамай сол кезде Кеңес Одағындағы ең жас Совмин Төрағасы болып бекітілгенін де бүгінде халық жақсы біледі. – Бесіктегі баланың бек боларын кім біледі, Қарындағы баланың хан боларын кім біледі, – дегендей, ол кезде Нұрсұлтанның Президент боларын кім болжады дейсіз. Бірақ табиғатынан жалындап тұрған жастың түбі бір жерді жарып шығатынын жұрт сезетін еді. – Еуразия кіндігінде ұлт пен ұлысты сүттей ұйыта білген Тұңғыш Президент – Елбасының ерен еңбегі талай шығармаңызға арқау болды. Сонда Нұрсұлтан Назарбаевтың бір арманы – Ұлы далада Мәңгілік ел орнату идеясы екенін атап айтқан едіңіз. Осы жөнінде айтып беріңізші... – Ұлы далада Мәңгілік ел орнату идеясы бүгін ғана туа қалған жоқ, ықылым замандардан бері, ел орнап, билік пайда болғалы бері жалғасын үзбей келе жатқан әлемдік құбылыс, асыл арман. Адам баласы өмір бойы жұмақ жерді, жұмақ елді, бақытты, еркіндікті іздеумен, аңсаумен келеді. Ол – арман, татулығы жарасқан, береке-бірліктің елін орнатудың, Мәңгі ел орнатудың идеясы. Назарбаев бұл идеяны халқының байырғыдан бері жалғасып келе жатқан байтақ тарихынан алып отыр. Ол – қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман, түркі дүниетанымындағы Өтүкен, халқымыз армандаған Жиделі Байсын, Асан қайғы желмаяға мініп шарқ ұрып іздеген Жерұйық, бақытты өмір, баянды тіршілік. Қытайлар өзін аспанасты еліміз дейді, яғни аспанасты, жерүсті еліміз деп отыр, жапондар өздерін Күншығыс еліміз дейді, біз – Ұлы дала еліміз. Кез келген мемлекетті дамытатын, халықты арманына жетелейтін күш – идея, идеология. Идеология дегеніміз – сол елдің бағдаршамы, адастырмайтын компасы. Егер ол болмаса кеме – мұхитта, ұшақ – көкте, адам жерде адасады. Арғы-бергі тарихта елім мәңгі болмасын деген бірде-бір мемлекет жоқ. Бәрі де соны армандаған. Бірақ жете алмаған. Бұл идеяны Нұрсұлтан Назарбаев елінің тәуелсіздігін қорғау үшін, Тәуелсіз Қазақстанды дамыту үшін ұсынып отыр. – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның мемлекет ретінде даму жолында ұстанған саясатын қалай бағалайсыз? – Әрине, жоғары бағалаймын. Ең әуелі жалпақ дүниеге ат ізін салып, барған жерінен бос қайтпай, еліміздің туын аспандатып, еңсесін асқақтатты. Сөзін өткізді. Қаншама алпауыттың бүйрегін бүлк еткізіп, елдегі тұралап жатқан шикізат пен өндіріс көзіне шеттен инвестиция тарта білді. Тұңғыш Президентімізді бұл күнде әлем мойындады. Ұлыбританияның саясаткері Джонатан Айткеннің Лондонда, ағылшын тілінде, «Назарбаев және Қазақстанның дүниеге келуі: коммунизмнен – капитализмге» деп аталатын кітабы жарық көрді. Бұрын бұл автордың АҚШ президенті Ричард Никсон туралы кітабы шыққан. «Назарбаев туралы кітап жазуға не себеп болды?» деген тілші сауалына кәнігі саясаткер: «Өмір баспалдағы өнеге баспалдағына айналған адам ретінде Назарбаев оқырманды қатты қызықтырады» – деп жауап береді. Иланбасқа шараңыз жоқ. – Тәуелсіздіктің тұғырлы болуы жолында әу бастан Елбасымен бірге жұмыс істеп жүрген жандардың бірі де бірегейісіз. Жадыңызда жатталып қалған ерекше оқиғалар бар ма? – Мұндай оқиғалар өте көп. Оның бәрі менің еңбектерімде айтылып та, жазылып та жүр. Десек те, дәл қазір мұнан жиырма сегіз жыл бұрынғы жағдай есіме түсіп отыр. 1991 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президентін сайлау өтісімен біз өзімізде бұрын-соңды болып көрмеген оқиға – инаугурацияны өткіздік. Инаугурация рәсімі аяқталып келе жатты. Бәрі де жиналған жұртшылықтың көкейінен шыққандай болды. Сөйтіп тұрғанда... Сол сәтті есіме алсам, әлі де жүрегім атқақтап соға жөнеледі. Иә, сөйтіп тұрғанда сахна төріндегі мемлекеттік Ту көз алдымызда қисайып бара жатты... Кенет, о құдірет, әлгі құлап бара жатқан Туды Президент бір қолымен қағып алғаны!.. Ту сыртында тұрған Тудың құлап бара жатқанын қалай көріп қалғаны, соны қалай ұстап үлгергені таңғаларлық. Ал енді осы жай адамның ісі ме? Жоқ, бұл жай адамның ісі емес. Сол оқиғаның символдық мәні бар сияқты болады да тұрады маған. Нұрсұлтан Назарбаев шынында да, қазақтың жығыла жаздаған Туын қайта тіктеген азамат. – Елбасының көпшілік біле бермейтін қырлары сізге мәлім болар. Бөлісе отырыңызшы... – Елбасының әлі айтылмаған қырлары өте көп. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары лауазымды қызметке тағайындаған адамдарды өте жиі ауыстырып жатты. Бір күні біреуді қызметінен алды. Әңгімелесіп отырғанда маған: «Мырзеке, кейбіреулер Назарбаевқа бәрібір деп ойлайды. Өзінің ойына келгенін істейді дейді. Бірақ мен біреуді өзім қызметке қойып, орнынан алсам, сол күні ұйықтай алмай шығамын» дегені бар. Бұл – асқан жанашырлығы, кісілігі. Нұрекеңнің керемет қасиетінің бірі – дастарқанның гүлі, ажары. Ел үшін ең бір қиын кезеңдерде қатар жүрдік. Ахуал ауыр. Сол кезде биліктегі адамдар, жанындағы серіктері бір дастарқанға жиналамыз. Нұрекең дастарқанның төрінде отырып, әңгіме айтқанда қайғының бәрін ұмытып кетесің. Ол кісі – әзіл-қалжыңның қамбасы! Кез келген оқиғаға байланысты қалжың айтатын. Нұрекеңді дастарқан басында тыңдау бір ғанибет! Әзіл-қалжыңды ғажап айтатын екі адамды білемін: бірі – Нұрекең, екіншісі – 16 жыл ҚазМУ-дың ректоры болған марқұм Өмірбек Жолдасбеков. Тағы бір таңғаларлық қасиеті – қазақ тарихының терең білгірі. Тарихшыларымыздың көңіліне келмесін, қазіргі кезде елде жүрген адамдардың ішінде қазақ тарихын Нұрсұлтан Назарбаевтан терең, артық білетін жан жоқ. Мені қайран қалдыратын енді бір қасиеті – есте сақтау қабілетінің күштілігі, жадының кереметтігі. Айтқанын ешқашан ұмытпайды. Елімізде болып жатқан оқиғалардың сандарының бәрі басында ғой! Кісі қызығарлық қасиетінің бірі – домбыра тартып, ән салатынын жұрт біледі. Оған қоса, қазақтың халық әндерінің бәрінің сөзін жатқа білетініне таңғаламын. Әншілердің ішінен Ақан Әбдуәлиевті тыңдағанды жақсы көретін. Сол Ақанның айтқан әнінің сөзін түзетіп беретін. Өз халқының бар қадір-қасиетін бойына жиған, әдебиетін, мәдениетін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін жетік білетін адам ғана осындай деңгейге жетеді. – Әңгімеңізге рақмет!  

Әңгімелескен

Әсел ӘНУАРБЕК

Серіктес жаңалықтары