

Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ
Алматы – Стамбұл – Анкара − Алматы
[caption id="attachment_9005" align="alignnone" width="1920"]
М.БАЙҒҰТТЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ ХАҚЫНДА
Түркия мен Қазақстан арасындағы саяси-экономикалық қарым-қатынастардың дамуына қарай мәдениет және әдебиет саласындағы байланыс күн өткен сайын нығайып келеді. Мәдени байланыстың аясында әдебиеттің орны ерекше екенін атап өту керек. Туыс әрі бауырлас екі халықтың әдебиетін байланыстыру, екі елдің қаламгерлері арасындағы қарым-қатынасты нығайту мақсатында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын жиындар мен басқосулар, өзара кітаптардың аударылып шығару ісі әдеби байланысты одан әрі күшейтетіні белгілі. Әсіресе, соңғы кездерде түрік әдебиеті өкілдерінің қазақ тіліне, қазақ қаламгерлерінің түрік тіліне аударылып, шығармалардың жарық көруі – екі туысқан халық үшін үлкен жетістік. Осы тұста көптеген игі бастамаларды көтеріп, қолдау білдіріп жүрген Қазақстанның Түркиядағы елшісі Жансейіт Түймебаевқа шын жүректен алғыс айтқым келеді. Сонымен қатар Түркия тарапынан осы әдеби жобалардың жүзеге асуына атсалысып отырған «Бенгу» баспасының директоры Якуб Омароғлыға ризашылығымды білдіремін. Бүгінгі басқосудың басты себебі – қазақтың белгілі қаламгері, талантты жазушысы Мархабат Байғұттың «Дауыстың түсі» деп аталатын кітабының түрік тіліне аударылған нұсқасының тұсаукесері. Мархабат Байғұт өте сезімтал жазушы. Қазақ қоғамындағы нәзік мәселелерді аңғара білетін және соны көркем тілмен жүрекке жеткізе алатын талантты қаламгер. Ұлттық рухтың оянуы, ұлттық салт-дәстүрдің ұмытылмауы сынды қоғам үшін аса қажетті тақырыптарды көріп жүретін жазушы өзінің көпшіл әрі қоғамшыл мінезімен де ерекшеленеді. Осы орайда журналистика саласында жинақтаған тәжірибесінің ықпалы байқалады. Сондықтан жазушының барлық әңгімелері қоғамдық тақырыптарды қамтып отырады. Қай бір әңгімесін оқып қарасаңыз қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі туралы әңгіме өрбітеді. «Атына заты сай» дегендей, әңгімелердің барлығы түрлі-түсті, яғни әртүрлі мәселелерді көтереді. «Дауыстың түсі» атты әңгімелер жинағында Кеңестік кезеңнің соңғы жылдарын, тәуелсіздікке өткен өтпелі кезеңді, сол кезең ішіндегі аласапыранды түрлі оқиғалар мен сюжеттер арқылы шебер суреттеген. Мәселен, «Жалбыздының жағасында» атты әңгімеде еңбекқор әрі жанкешті Орынкүл Жаңасбаеваның есте қалатын образымен танысып отырмыз. «Бір дорба диплом» атты әңгімеде ағылшын тілін меңгеріп, ешкімді менсінбейтін санаға қарсы өзінің құндылықтарына оралудың маңыздылығын аңғарып отырмыз. Өзге тіл мен мәдениетке қалай қызығатын болсақ, солайша өзіміздің ұлттық құндылықтарымызға да қызығушылық білдіру қажеттілігі айтылған. Орхон-Енисей жазбаларына мән берген қазақ жастарының осыған орай шара ұйымдастырғысы келгендігін көреміз. «Киікоты» – ауыл сағынышының әңгімесі. Ауылдан алыстап кеткен қалалық тұрғынның трагедиясы. Киікоты – сағыныштың символы. Ауылдан келген киікоты – ауруға ем, дертке дәру. Физиологиялық әрі психологиялық ауруларды емдейтін, қуаныш пен шаттық сыйлайтын шөп. Тау мен қырда өсетін шөптердің жұпар иісі ауыл өмірін еріксіз сағындыратыны рас. Ал сол шөптің емдік қасиеті әңгіменің кейіпкеріне қалай әсер ететіндігін сезінудің өзі бір ғанибет. Мархабат Байғұт – құндылыққа мән беретін жазушы. Оның әрбір әңгімесінің астарында үлкен мән жатады. Сондықтан барлық әңгімелері халыққа арналып жазылған. «Мәшине мәселесі» – дүниеге мән беріп, рухани құндылығынан алыстаған адамзаттың әңгімесі. Кеңестік кезеңді, адамдық құндылықтарынан ажыраған қоғамды сынның садағына алатын жазушы қоғамның ішінде белең алып отырған өміршең мәселені қозғайды. «Шел» – көркем мінезді арқау еткен әңгіме. Атақ-мансап, қаржы-қаражат, даңқ-дәрежеге жеткен сайын материалдық ашқарақтық, обырлық адамның көзіне шел бола бастаған сайын рухани құндылықтар ұмытылады, артынан мінез өзгереді де бұзылады, сөйтіп адамдық қасиеттен ештеме қалмайды. Әңгіменің қозғайтын мәселесі осы. Келінінің әдепсіздігіне шыдай алмаған қария Тәнтейдің образы естен кетпейді. Тәнтей мен оның баласы Меліс Төленшиев арасындағы терістікті байқауға болады. Жұмысына, мансабына өлердей мән берудің кесірінен жұбайының әдепсіз әрекетіне селқостық танытқан Тәнтейдің баласы Меліс Төленшиевтің қасиеттен соншалықты алыстап кеткендігіне куә боласыз. Жазушы Мархабат Байғұт көркем тілге өте мұқият. Тілдің қасиетін сақтайтын, тілдік ережені шебер пайдалана алатын талантты қаламгер. Әңгімелерінде орын алған кейбір сөз бен тіркестер нәзік қолданылғандығы байқалады. Солардың ішінен «Қозапая» деп аталатын әңгімесі ерекше. «Қозапая» дегеніміз мақтаның сабы, бұтағы. Осы бір атаудың өзінен әңгіме етіп шығару шеберлікті талап ететіні сөзсіз. Сол сияқты «Сүмбіленің суы» атты әңгімесінде тілге қатысты сын бар. Сатиралық сарынмен баяндалған әңгімеде онсыз да орыс тілінде сөйлеп жүрген қоғамның енді ағылшын тілінде сөйлей бастағаны туралы сөз етеді. Шынтуайтында, жазушы әрбір әңгімесінде кейде ашық, кейде астарлап тіл мәселесін қозғап отырады. Ана тілде сөйлеуге, ана тілде жазуға үндейді. «Ақсақ кемпір» атты әңгімесінде жазушы ана тілінде сөйлемейтін шен-шекпенділерді сынайды. Халықты тыңдамай, қоршаған ортаның, қоғамның ластануына мән бермей келген жоғары мәртебелі шенділерді сатираның тіліменен сынға алады. «Дауыстың түсі» атты әңгімелер жинағы – қазақтың қоғамдық өмірін, тәуелсіздіктен бұрынғы және кейінгі кезеңді анық көрсететін, осы өтпелі жылдардағы аласапыранды толық сезіндіретін, шебер жазылған кітап. Жазушы Мархабат Байғұт қазақтың басынан өткен осы бір қиын кезеңді оқырманның сана-сезіміне асқан шеберлігімен, сатиралық сарынымен және талантты суреткерлігімен жеткізе алған. Әңгімелердің кейіпкерлері тек қазақтар ғана емес. Қазақстанда этникалық топтар көп болғандықтан, өзге ұлт өкілдері де әңгімеге арқау болған. «Гамбургтағы қазақтар» – Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін қазақ жеріне келген немістер туралы әңгіме. Әр ұлттың өзіндік мінезі бар. Салты басқа. Немістің тәртібі қалайша бізге үлгі болса, сол сияқты қазақтар үшін де өзгермеген қағида. Немістің қолы тиген жердің бейнесі өзгере қалатындай, дүние құлпыра салатындай. Ганс пен Килданың екпіні болмай, Эра ақыр-аяғы өмірмен қоштасады. Жазушы «Крест» атты әңгімесінде қазақ Бісмілләнің асырап алған Андрей баласын жоғалтып алғаннан кейін тартқан бейнеті мен бойындағы адамдық қасиеті дін мен ұлттан әлдеқайда биік тұратындығын мысалға келтірген. «Жоғалған Жұрнақ» атты әңгіме қазақ үшін қасіретті болған Желтоқсан оқиғасын арқау етеді. Шамамен отыз жыл бұрын болған оқиға туралы өрбиді. Өткен өмірдің оқиғаларынан ешкім бас тарта алмайды. Болған күйінде қабылдап, ғибрат алған абзал. 1986 жылы сотталған, кінәланған, азапқа душар болған, қоғамнан шеттетілген, өлген кезде жаназасын шығарудан бас тартқан адамдардың тағдырын бейнелейтін әңгіме. Сондықтан да Жұрнақ Қонақбайұлы – бір ғана кейіпкер емес, сол оқиғадан кейін жоғалған ұрпақтың трагедиясы.
Жәмиля КЫНАДЖЫ, Гази университетінің ғылым докторы
Анкара – Түркия
Тәржімалаған Мәлік Отарбаев