Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Алматыдағы Республика сарайында адамзаттың асылы пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған айына арналған "Әз пайғамбар хақ жолы" атты мерекелік Мәуліт кеші өтті, деп хабарлады ҚМДБ-ның баспасөз қызметі.
Мәуліт кеші қараңғылықта қалған адамазатты жарыққа шығару үшін Алла Тағала тарапынан Жебірейіл (ғ.с.) періштенің Мұхаммед пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алғашқы уахиды әкелуі туралы арнайы әзірленген бейнебаянмен басталды. Кейіннен Алматы Орталық мешітінің азаншысы, қари Серік Полатханұлының «Алақ» сүресінің алғашқы бес аятын оқумен, ақын, сазгер Жәкен Омаровтың қазақша Мәуліт жырын айтумен және Қанатбек Полатбек, Сержанәлі Әлібек, Ерген Айтымбетов, Райым Уайыстың әсем әнімен жалғасты.
Мәуліт кешін ҚМДБ-ның төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз Хазірет салтанатты түрде сөз сөйлеп ашып берді. Бас мүфти өз сөзінде пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мәуліт айымен Алматы жұртшылығын құттықтап, Алла елшісінің дүниеге келіп, ғаламды нұрға бөлеуі – артына ерген үмбеті үшін үлкен қуаныш екенін айтты. Пайғамбарымыздың ғибратты ғұмырынан сыр шертіп, мұсылмандарды оның көркем мінезінен үлгі алуға шақырды. Сондай-ақ Мәуліт мерекесін тойлаудың артықшылығы мен пайғамбарды сүюдің, оның хақ жолымен жүрудің маңызына тоқталды.
Ал "Ақ орда" республикалық қозғалысының төраға орынбасары Қанат Мұсағұлов осы қозғалыстың төрағасы Қайрат Сатыбалдыұлының құттықтау сөзін жеткізді. Көрермен көзайымына айналып үлгерген, әдемі әзілдерімен ақиқатты астарлап айтып жүрген "Өнер қырандары" әзіл-сықақ театры "Сахабалардың пайғамбарға деген махаббаты", "Пайғамбар мекеніне сағыныш" атты тәрбиелік мәні зор қойылымдарын ел назарына ұсынды. Мақсат Сабитов "Кешір, иә, Расулалла" атты әсерлі монологын орындаса, кеш соңы Ерген Айтымбетов "Пайғамбарға салауат" әнімен аяқталды.
Естеріңізге сала кетсек, ақын Жәкен Омаров өткен жылы орындаған Мәуліт жырында пайғамбарымыздың дүниеге келуі мен қырық жасқа дейінгі өмірін баяндаған еді. Ал биылғы Мәуліт жыры алғашқы уахидың келуінен бастап пайғамбарымыздың Меккедегі дінді жаюы, сахабалардың ислам дініне кіруі, Миғраж сапары, соңында мүшріктерден жапа шеккен Алла елшісінің Мәдинаға қоныс аударуымен аяқталды. Алла бұйырса, келер жылғы Мәулітте пайғамбарымыздың Мәдина қаласында өткен өмірі жырланатын болады.
Алматыда аталып өткен биылғы Мәуліт мерекесі 3 бірдей жаңалығымен ерекшеленді.
Бірінші – өткен жылғы Мәуліт мерекесінде кеш атауымен бірдей "Тәлімгер пайғамбар тағылымы" атты кітап жарық көріп, елге таратылған болатын. Сол сияқты биыл да Мәуліт кешімен аттас Пайғамбарымыздың хақ жолын үйрететін "Әз пайғамбар хақ жолы" атты жаңа кітап шығарылып, кеш қонақтарына үлестірілді. Бұл үрдіс алдағы Мәуліттерде өз жалғасын табады деген үміттеміз.
Екінші – Мәуліт кешінің 2-сеансында көрермендер арасында ұмра қажылығы ойнатылды. Көрермендердің арасын екі адам, демеушілердің көмегімен, "Хикмет-Тревл" қажылық компаниясы арқылы ұмра қажылығына баратын болды.
Үшінші – Республика сарайының фойесінде пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірінде пайдаланған заттарының фото-галереясы, пайғамбарымыздың ата-тек шежіресі, Қасиетті қағбаның, "Ибраһим мақамының", Сафа мен Маруаның макеттері және I LOVE MUHAMMAD (Мен пайғамбарымды жақсы көремін) көрнекілігі қойылды. Сонымен қатар, қонақтар пайғамбарымыздың каллиграфиялық (көркем жазу) шеберлікпен жазылған есімдерінің көрмесін тамашалады.