296
Пойыздағы көрпе-төсек дауы: Тасымалдаушы компания Жоғарғы сот шешімін неге орындамайды?
Пойыздағы көрпе-төсек дауы: Тасымалдаушы компания Жоғарғы сот шешімін неге орындамайды?
"Жолаушылар тасымалы" компаниясының басынан дау арылар емес. Жол жүру билетін қайтару кезінде 1000 теңгеден ұстап келген компанияның қитұрқылығы жуырда әшкереленіп, құзырлы орындар 800 миллион теңгеден астам айыппұл салған болатын. Билеттің жыры бітпей жатып, енді пойыздағы көрпе-төсектің төңірегінде шу шықты.
Осы айда "Жолаушылар тасымалы" компаниясының сайтында қызықты хабарламаның шеті қылаң етті. Ресми хабарламаның мағынасы "мердігер компания стандартқа сай төсек-жабдықпен дер кезінде қамтамасыз етпегені үшін 1-20 қараша аралығында пойызбен қатынаған жолаушыларға 300 теңгеден қайтарылады" дегенге саяды.
Кәсіпкер, жолаушылар пойыздарын он жылдан астам уақыт көрпе-төсекпен қамтамасыз етіп келген "Ас-Ай" компаниясының жетекшісі Асқар Омаров соңғы рет тендерге бес жыл бұрын қатысқанын, жеңіске жеткенін, алайда, өзі басшылық ететін компанияның қызмет көрсетуден аластатылып отырғанын айтады.
"Бүгінде "Жолаушылар тасымалы" екі жаққа ақша төлеп отыр. Соңғы төрт жылда айырылған пайдамды сот шешімі бойынша мен өндіріп келемін. Мені шеттетсе де, шығын төлеп отырғаны аздай, тасымалдау операторы тағы бір мердігерге қыруар қаржы төлеп келеді. Теміржол саласында жағдай онсыз да мәз емес. Алайда, қаражатты үнемдеп, заң аясында жұмыс істеудің орнына олар ақшаны бекер шашып, біздің компанияны шеттетіп келеді", - дейді "Ас-Ай" компаниясының басшысы Асқар Омаров.
Кәсіпкер бірнеше рет сотқа жүгінген екен. Барлығын да сот оң шешім шығарған. Сот шешімдері қолда бола тұра, өз талабын толық орындата алмай жүрген ол президент Тоқаев пен ұлттық теміржол компаниясы басшысы Мыңбаевқа хат жазбақшы.
Айта кетейік, кір жуу комбинаты жолаушылар пойыздарын төсек-жабдықен қамтамасыз ету үшін кеңес жылдары құрылған. Жылдар өте жабдықтардың тозығы жетіп, кәсіпорын сатылып кеткен. "Біз оны сатып алдық. Жаңа техникамен жабдықтадық. 150 адамды жұмысқа алып, он жылдай жақсы жұмыс істеп келдік. 2014 жылы "Жолаушылар тасымалы" АҚ "Экспресс" филиалына қарасты "Тальго" вагондарын төсек-жабдықпен қамтамасыз етуіміз керек еді. Алайда, тасымалдау операторы шартты біржақты бұзып, бір пайдамыздан айырылдық. Сол үшін бірнеше рет соттастық та. Барлығында да жеңіске жеттік. Алайда, біздің қызметімізді "Жолаушылар тасымалы" шеттетіп отыр", - дейді кәсіпкер.
Асқар Омаров тоқтап қалмақ емес. Әрі қарай да әділет іздейтінін жеткізді.
"Бір түсінбейтінім - квазимемлекеттік секторда неліктен сот шешімін құрметтемейді екен? Тасымалдау мекемесіне қатысты екі жеке сот анықтамасы шықты. Олар барлығын ретке келтіру керек. Ол ештеңе емес, жауапкер компания Жоғарғы соттың шешімін де пысқырып отырған жоқ. Ал шешімі орындалмайтын сот жүйесінен бізге не пайда?, - дейді ол.
Естеріңізде болса, "Жолаушылар тасымалы" АҚ саласын реттеуге таяуда неміс азаматы Михаэль Кортюм тағайындалған болатын. Шетел азаматының әзірге көпшілік алдына шығып, қандай жұмыстар атқарып жатқанын айта қоймады. Не болса да, жолаушылардың тілегі біреу - тасымал саласында тәртіп орнаса дейді.