2006
Бүгінгі оқырман кітапты талғап оқиды
Бүгінгі оқырман кітапты талғап оқиды
Меломан дүкендер желісі сайты ең көп сатылған үздік 30 кітаптың тізімін жариялапты. Негізінен шетел әдебиетінен құралған бестселлердің ішінде қазақстандық үш автордың ғана кітабын көзіміз шалды. Олар: Шан Сапаровтың «Бандитская Алма-Ата. Рассвет» қылмыстық романы, Берік Әбдіғалиұлының қазақ және орыс тіліндегі «Алашорда әскері. Войско Алаш-Орды» еңбегі мен Елжас Ертайұлының «Баланы жазасыз тәрбиеле» кітабы.
Статистика не дейді?
Жыл сайын ЮНЕСКО ең көп кітап оқыған елдің қаласын анықтайды. Мысалы, 2018 жылы Грекияның Афины қаласы, 2017 жылы Гвинея Республикасының Конакри қаласы таңдалса, 2016 жылы Польшаның Вроцлав қаласы танылды, ал 2015 жылы Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласы «кітапты ең көп оқыған қала» атанған. Picodi.com компаниясы биылғы жылдың наурыз айында Еуропа, Азия, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Африка және Австралия елдерінен 7 800 адамға сауалнама жүргізген болатын. Зерттеу барысында Picodi.com платформасының әлемнің 41 еліндегі кітап өнімдерінің нарығы туралы ішкі статистикасы да қолданылған. Picodi.com компаниясының сауалнамасына қатысқан қазақстандықтардың 67 пайызы кітап сатып алатындықтарын айтқан. Тұрақты түрде кітапханаға барушылар 13 пайыз болса, кітапты достарынан сұрап алып оқитындардың үлесі 5 пайыз екен. Ал 21 пайыз адам кітапты көп оқымайтындықтарын және кітапқа қызығушылықтарының жоқ екендігін айтыпты. Жалпы статистика нәтижесі жаман емес: ерлердің 67 пайызы, әйелдердің 77 пайызы соңғы бір жылда кем дегенде бір кітап сатып алғандарын айтқан. Статистика көрсеткендей, елімізде ерлерге қарағанда әйелдер көбірек кітап оқиды екен. Сауалнамаға қатысушылар арасында аудиокітап тыңдаушылардың үлесі 3 пайыз ғана екен. Бұл елімізде баспа кітаптарға сұраныс әлі жоғары екендігін көрсетеді: 80 пайыз адам кітапты интернет-дүкеннен, ал 63 пайызы кітап дүкендерінен сатып алады. Яғни, елімізде кітаптарды жеткізу қызметі үлкен сұранысқа ие болып отыр деген сөз. Қазақстандықтар көбінесе өз қалаулары бойынша кітап оқиды (қатысушылардың 86 пайызы дәл осы нұсқаны таңдаған), ал 5 пайыз оқырман әдеби сыйлықтың лауреаты болған кітаптарды оқиды, оқырмандардың 17 пайызы таныстарының кеңесімен немесе шығарма экранға шыққаннан кейін қызығушылық танытып оқиды екен. Сауалнамаға қатысқандардың 29 пайызы блогерлердің әлеуметтік желідегі шолуларын қарап кітап сатып алатынын, 71 пайызы дүкендегі жеңілдіктерді пайдаланатынын айтқан.Сұранысқа ие жанрлар
Кеңес өкіметі тұсындағы көркем әдебиетке деген қызығушылық әлі сақталған екен, сауалнамаға қатысушылардан оқырмандарымыздың 83 пайызы көркем әдебиетті оқығанды қолай көретінін айтыпты. Сонымен қатар ғылыми және ғылыми-көпшілік әдебиетке сұраныс артқан. Деректі проза мен естелік кітаптарға қызығушылар саны өте аз екен. Заманауи романдар, классикалық әдебиет, детективтер, тарихи прозалар мен шытырман оқиғалар – оқырмандардың ең көп сатып алып оқитын жанры болып шықты. Үздік бестіктен поэзия жанрын көре алмадық. Жалпы алғанда, сауалнамаға қатысушылардың 91 пайызы қазіргі бас- па өнімдеріне оң баға беретінін айтқан. Кітап оқушылар барлық кезде де табылады, бірақ оқырмандардың саны әлем бойынша азайғаны анық. Бүгінгі адамдардың басты мәселесі – бос уақыттары аз және бос уақыты болған күннің өзінде оны кітап оқуға арнамайтындықтарында болып отыр. Соңғы бесжылдықта елімізде отандық коуч, психологтардың кітаптары үлкен сұранысқа ие болып отыр. Тұлғалық дамуға арналған қазақ тіліндегі кітаптар да көп таралыммен шығып жатыр. Біріншіден, сол авторлар бүгінгі қазақ оқырмандарына не қажет екенін біліп отыр. Екіншіден, шығарған өнімді қалай оқырманға жеткізуді меңгерген. Мысалы, сіз автордың 500-1000 дана кітабын сатып алып, бәрін сатсаңыз қосымша сыйлықтар, бағалы техникалық заттар, шетелге жолдама немесе қомақты қаржыға ие боласыз. Мысалы, кәсіпкер, ресторатор Қуаныш Шонбайдың тұлғаны және бизнесті дамытуға қатысты «Екінші болма» кітабы 145 мың данамен таралып бестселлерге айналды. Бұл – оқырман сұранысының дұрыс зерттеліп, менеджмент және маркетинг саясатының оң жолға қойылғандығының көрінісі болса керек. Марфуға Шапиян, журналист-блогер: – Әлемде 130 миллионға жуық кітап бар. Оның бәрін тұрмақ, бір ширегін оқуға адамның ғұмыры жетпейді. Ал қызықты кітаптар өте көп. Уақытын жұмысқа арнайтын жандардың өзін дамытуға уақыты аз келеді. Ал олар кітапты көбірек оқығысы келеді, бірақ уақыт тапшы немесе сатып алуға ақшасы жете бермейді. Не істеу керек? Оның шешімі – саммари әдісі. Саммари – көлемді еңбектің қысқаша мазмұны, 500 беттік кітаптың 20 бетке сыйған сығындысы. Бұл – біреудің ойдан шығарған дүниесі емес, кітапта бар ақпаратты қысқартып беру. Әлемде көптеген адамдар кітаптың өзін оқымай, саммариін оқып уақыты мен ақшасын үнемдейді әрі қажетті ақпарат алады. Ал бізге керегі де осы емес пе? Бірден айтайын, саммари көркем әдебиетке жатпайды. Көркем әдебиетті адам жан дүниесін рухани азықтандыру, дем алу, ой-өрісін кеңейту үшін оқиды. Саммари көбінесе нон-фикшн, психологиялық, бизнес, жеке тұлғалық даму кітаптарына жасалады.⠀ Мысалы, бестселлерге айналған Хэл Элродтың «Магия утра» кітабын оқығанда қайталаудың көптігінен көзім сүрінді. Ішіндегі пайдалы ақпарат бір бөлімге-ақ сыйып кетер еді. Бірақ оны әбден сағызша созған. Осыны саммари әдісімен 20 бетке сыйдырып, қазақ оқырмандарына ұсынса, қандай жақсы болар еді деген ой болды. Ақыры не керек, жазып көрдім. 200 беттік кітаптағы ең керекті мәлімет 16 бетке сыйып кетті. ⠀ Менің байқағаным, саммариге сұраныс өте жоғары. Өйткені адамдардың барлығы кітап оқуды әдетке айналдырмаған. Бірақ ақпарат алғысы келеді. Сондықтан кітаптың саммариін оқу арқылы қажет ақпаратты алады. Жоғарыда айтқанымдай, саммари көркем әдебиетке жатпайды. Танымдық, психологиялық, ақпараттық кітаптарға жасалады. Бізде осыған дейін электронды 2000-ға жуық саммари өтті. Ал жақында біз осыған дейін жасалған 5 саммариді бір жинаққа топтап, кітап етіп шығарып жатырмыз. Оны да сұраушылар көп. Саммари арқылы кітап оқитындарды көбейтеміз деп ойлаймын. Өйткені қысқа ақпаратқа адам тоймай, кейін толық нұсқасын оқығысы келіп, қызығушылығы артады.Арайлым Жолдасбекқызы