Оңай берілетін онлайн несие

Оңай берілетін онлайн несие

Оңай берілетін онлайн несие
ашық дереккөзі
1029
«Бір басымда бір жарым миллион теңге қарызым бар». Түнгі уа­қытта телефонына келген осы бір хабарлама оның есін шы­ғарып­ты. Бір танысым інісінің басына түскен жағдайды баяндап бергенде онлайн несиенің талайды түңілдіріп жүргеніне кезекті рет көз жет­кіз­дім. Интернет арқылы оп-оңай рәсімделетін бұл қарызды көп­шілік «батпан құйрық» көретіні рас. Бірақ оның соңы орға жықпай қой­майтыны тағы рас. Онлайн несие, мик­ро­несие рәсім­дей­тін ша­ғын ұйымдар туралы бұ­ған дейін та­лай рет айтылып, талай рет жазылғаны бізге де, оқырман қауым­ға да белгілі. Бі­рақ «айтпаса сөз­дің атасы өледі» де­генге иек ар­татын қазақ емеспіз бе?! Онсыз да кү­нін әзер көріп жүрген көп қазақтың ба­­сына қара бұлттай үйірілген несие қа­ры­зы күн санап өсіп бара жатқанын жа­сырып-жаба алмаспыз. Тіпті, бір несиесін екін­ші банктен қарыз алып жауып жүр­гендер қаншама?! Эко­номистер елдің ең басты қателігі осы еке­нін айтқанымен, оларда өзге амал жоқ. Оның үстіне, алған қа­рызын ұтымды пайдалануға бәрінің бір­дей қаржылық сауаты жете бермейді.

«Онлайн несиеден опық жедім»

Жұрттың онлайн несиеге үйір болуының басты себебі – еш­қандай құжатты талап етпейтіндігі. Иә, ин­тернет арқылы онлайн қарыз алу үшін же­ке басыңызды куәландыратын құ­жа­тыңыздың деректерін енгізсеңіз болғаны. Ал ақшадан қысылып тұрған адам үшін бұл өте ұтымды. Тіпті, мұндай несие беретін ұйымдар жұмыссыздардың да бетін қайтармайды. Жұмысың, табысың туралы анықтама талап етпейтін «жыл­дам ақша берушілер», әсіресе жастарды елік­­тіріп отыр. Онлайн несиенің орға жы­­ғарын болжамаған жастардың бірі – Мәу­­лен (есімі өзгертілді). Әуелде қаржы­дан қысылған Мәулен жалақыға дейін он­лайн қарыз алуға бекінген. Бірақ ол бір айдан кейін қарызын қайтару үшін одан әрі «былыққа» батарынан күдіктенбеген де. Жалақы алған күні қарызымнан құтыла қоямын деп ойлаған азамат жағдайдың бұлай аяқталарын білгенімде, онлайн несиеге жоламас едім дейді. «Өзім бар-жоғы 40 мың теңге жалақы аламын. Тығыз уақыт аралығында қаржы қажет бол­ғандықтан, онлайн несиеге жүгін­ген­нен өзге амалым болмады. Өйткені банк­ке барып, құжат тапсырып жүруге уақыт тап­шы еді. Оның үстіне банктің менің жа­лақыма несие шығара қоюы да екіта­лай. Сонымен не керек, интернет арқылы тез арада онлайн қарыз рәсімдедім де, еш ке­дергісіз 35 мың теңгені қолыма алдым. Ол кезде ақша тапқаныма қуандым да, арты қалай болатыны туралы ойламадым. Жалақы алған күні қарызымнан құтыла қояр­мын деп ойладым», – дейді онлайн несие алып опық жеген Мәулен. Кейіпкеріміздің айтуынша, ол онлайн несие берушілердің пайызы тым жоғары екенін білмеген. Қарызын дәл уақытында қайтара алмаған азамат пайыздық үлесті көргенде төбесінен жай түскендей бол­ған. Сөйтіп, бір айдан кейін қарызын қай­­­­­тару­ға шамасы келмеген Мәулен амал­сыз­дан екінші бір жылдам несие рәсім­деу­шінің көмегіне жүгінген. «Осылай тізбек жалғасып кете берді. 40 мың теңге жала­қым еш нәрсеге жетпегесін, бірінен алып, екіншісіне төлеп жүре бердім. Соңында қарызға белшеден баттым. Екі-үш ай ішін­де 10-нан астам микрокредит ұйы­мы­на берешек болып, жалпы қары­зым 1,5 мил­лион теңгеден асып түсті» деп жағ­дайын түсіндірді кейіпкеріміз. Ең қызығы, әбден қарызға батқан 23 жасар жігіттің бетін қайтарған ұйым болм­апты. Бәрі де сұраған сомасын еш қиын­дықсыз беріп отырған. Осылайша, Мәулен онлайн несие алудың «маманына» ай­на­лып шыға келеді. Тіпті, бұл «былық­қа» достарын да батырып үлгеріпті. Соң­ғы сәтте бүкіл қарызын қағазға түсіріп, есебіне жеткісі келгенде Мәулен бұл қа­рыз­дан бір өзі құтыла алмасын анық тү­сінеді. «Не істерімді білмей кеттім. Дос­тарым­ның атынан рәсімделген несиелер де бар. Бәрі бір-бірін жабу үшін алынған қа­рыз болғандықтан, өтеу мерзімдері де бір уақытта. Ең қиыны да сол болды. Ты­ғырықтан шығудың жолын таба алмадым. Өзім­ді іштей жегеніммен, артқа қарай жол жоқ. Болар іс болды, бояуы сіңді. Жағдайымды ешкімге түсіндірмедім. Ақымақ болып көрінгім келмеді, шы­нымды айтсам», – дейді Мәулен. Біздің кейіпкеріміз онлайн несие алып, оңбай ұтылғандардың бірі ғана. Елімізде мұндай жандар өте көп. Олардың біразы онлайн несиенің қыр-сырын толық білмейді. Ал жастардың көбі үшін мұндай несие берушілер интернеттегі «құтқарушылар» іспеттес.

Айы оңынан туған алаяқтар

Онлайн несие рәсімдеуші ұйым­дардың ешбір құжат талап ет­пейтіндігі алаяқтарға қолайлы болып тұр. Мұндай ұйымдардың көпшілігі қарыз алушыдан жеке куәлік қана талап етеді. Осыны ұтымды пайдаланған алаяқ­тар талай жұртты сан соқтырып жүр. Мысалы, өткен аптада Алматыда құқық қорғаушылар онлайн несиемен айналыс­қан алаяқты қолға түсіргенін хабарлады. 32 жастағы әйел 269 адамның атынан онлайн несие рәсімдеп үлгерген. Алаяқ­тың құрығына түскендердің бәрі – ба­зардағы саудагерлер. Күдікті қала базар­ларынан тауар сатып алу арқылы са­тушылардың сеніміне кірген. Тауарға төлейтін қолма-қол ақшасы болмаған­дық­тан, банк картасы арқылы төлеуге келіскен. Сөйтіп, сатушылардың банк карталары мен жеке куәліктері туралы мәліметтерге қол жеткізген. Одан кейін алаяқ қажетті мәліметтерді енгізу арқылы онлайн несие ұйымдарынан әлгі сату­шылардың атынан қарыз алған. Тіпті, саудагерлер өзін танып қоймас үшін базарға әр келген сайын келбетін өзгертіп, шашын түрлі түске бояп алған. Қазір кү­дікті ұсталып, тергеліп жатыр. Алматы қалалық полиция департаменті ресми өкілінің айтуынша, күдікті осыған дейін де қылмыстық жауапкершілікке тар­тыл­ған екен. Осы оқиғаның ізінше Таразда ин­тернет арқылы алаяқтық жасаған 28 жас­тағы тұрғын ұсталды. Ол онлайн несие рә­сімдеу арқылы жұрттың 500 мың тең­геден астам қаражатын қолды қылған. Алаяқ­тың бұл әрекетінен 10 адамның жапа шеккені белгілі болды. Уақытша ұстау абақтысына қамалған күдікті бар кінәсін мойындап отыр. Қазір осы іс бойын­ша сотқа дейінгі тергеу жүруде. Айта кетейік, жыл басынан бері Жамбыл об­лысында осыған ұқсас 70-тен астам дерек тіркеліпті. Ал өткен айда Көкшетау қаласында осындай бір алаяқ қолға түскен болатын. Көкшетаулық алаяқ 30 жастағы азаматты алдап соғыпты. Көкшетау қалалық по­лиция бөліміне хабарласқан жергілікті тұрғын өзінің атына онлайн несие рә­сім­делгенін несие беруші ұйымнан ха­бар­ласқан кезде бір-ақ білген. Ал полиция қызметкерлері жедел іздестіру шарасы кезінде алаяқтығы үшін бұрын сотты болған күдіктіні бір тәуліктің ішінде ұстады. Ол зардап шегушінің әріптесі арқылы несие карта туралы мәлі­мет­терді біліп, ұялы телефонның көмегімен онлайн несие рәсімдеген. Дәл осындай оқиғалардың бірі жыл басында Қостанай облысында тіркелді. Интернеттегі алаяқтар Қостанай облысы тұрғынының атынан онлайн қарызға өтініш берген. Әйел бұдан несиені кешік­тіру туралы хабарлама алғанда ғана ха­бардар болыпты. Қостанай облыстық полиция департаменті баспасөз қыз­метінің хабарлауынша, аралас тауар­ларды сатуға арналған жаңа технология­лар, әртүрлі веб-сайттардың пайда болуы онлайн несие алуға арналған түрлі тә­сілдер сызбаларын жасауға мүмкіндік бе­реді. Тиісінше, бұл – алаяқтар үшін оңай олжаға кенелудің бір жолы. Ізгілік пен қазақылықтың ортасы саналатын оңтүстік өңірде де алаяқ­тардан аяқ алып жүру мүмкін болмай барады. Мә­селен, қыр­күйек айында Арыс аудан­дық ішкі іс­тер бөліміне жергілікті тұр­ғын­дардың бірі келіп, банк кар­та­сын­дағы қомақты сомасының жым­қы­рылғандығы жайлы арызданған. Белгілі болғандай, күдікті әйелдің төленбеген несиесі бол­ғандықтан, банк карта­сындағы ақшасын пайдалана алмаған. Сондықтан ақша табудың оңай жолын іздеп, арам ой туын­дап, оны іске асыру үшін көрші әйелді пайдаланған. Яғни, күдікті жәбірленуші көршісіне барып, банк картасына таны­сына айтып ақша салдырып, сосын шы­ғарып аламын деп өтінген. Осылайша, жалған сылтаумен жәбірленушінің құпия кодын, деректерін біліп алып, 3 банктен 300 мыңнан астам теңгеге онлайн несие рә­сімдеген.  Сондай-ақ жәбірленуші әйел­дің шотына келіп тұрған жүктілік кезінде берілетін бір­реттік жәрдемақысы, яғни 400 мыңнан астам ақшасын ұялы телефон арқылы басқарып, өз пайдасына жарат­қан. Жалпы, күдікті әйел өзінің көршісіне 700 мыңнан астам теңгеге шығын келтір­ген. Міне, мұның бәрі бүгінгі қоғамда алаяқ­тарға құрбан болудың оп-оңай екен­дігін дәлелдейді. Өкініштісі, сол арамзалардың бәрін бірдей қолға түсіру мүм­кін болмай тұр. Ал алданған аңқау жұрт осындай әккі алаяқтардың кесірінен он­лайн несие қарызын төлеп, жазықсыз шы­ғынға батып жүр.

Заңды білу маңызды

Интернетте жарнамасы жер жарып тұрған онлайн несие беруші ұйымдардың бәрі бірдей заңды жұмыс істей ме? Бұл аса маңызды сауал болғанымен, нақты шешімі табыла қой­маған мәселе. Кейбір дереккөздерге сен­сек, мұндай ұйымдардың басым көп­ші­лігінің жұмысы заңсыз. Рұқсаты болмай, қызметі заңмен реттелмеген онлайн несие сервисі қарыз алушының мойнына үлкен пайызды, айыппұлды және қо­сым­ша қызмет ақысын еселеп қосады. Не­гізінен, елімізде тек арнайы рұқсаты бар банктер мен микроқаржылық ұйым­дар ғана несие беруге құқылы. Ал өзгелердің жұмысы заңсыз болып есептеледі. Ұлттық банк өткен жылы ақшаны интернет ар­қы­лы оңды-солды тарататын фирмаларға жылдық пайыздық мөлшерлеме 100 пайыздан аспауы тиіс деген норма бекіткен. Алайда ережені елеп-ескеріп жатқан ешкім жоқ. Оны бүгінгі күні 700-1000 пайызға дейін үстемеақымен несие төлеп жүрген жандар дәлелдейді. Ста­тистикалық деректерге жүгінсек, елімізде соңғы бес жыл ішінде 200 млрд теңгенің онлайн несиесі берілген. Жан басына шаққанда 3-4 қарыздан келеді. Ал онлайн несие көмегіне жүгінетіндердің 55 пайызы – жоғары білімді және отбасын құр­маған азаматтар. Сарапшы мамандардың пікіріне сен­сек, онлайн несиенің зардабын тартқан азаматтардың басым көпшілігі өздерінің құқықтарын қорғауға құлықты емес тәрізді. Өйткені онлайн несие алып, орға жығылғандардың көпшілігі өз құқығын қорғағаннан гөрі тағы да қарызданып-қауғаланып сол несиені өтегенді құп көреді. Егер кез келген адам онлайн несие алып, үстемеақысының тым жоғары еке­нін білсе, заң жүзінде өз құқығын қорғай алады. Азаматтық кодекстің 159-бабына сәйкес, арнайы рұқсаты жоқ онлайн сервистің келісімшарты, яғни үстемеақы және өзге де төлемдер заңсыз болып танылады. Онлайн несие алған кез келген адам келісімшарт бөліктерін заңсыз деп тану туралы сотқа жүгінсе, тек негізгі борышын ғана қайтаруға құқылы. Алайда мұны онлайн қарыз алғандардың көбі ескере бермейді. Ескергеннен бұрын, біздің елде өз құқығын толық білетіндер аз. Ал әлгіндей микроқаржы ұйымдары­ның уысынан құтылу үшін өз құқығың мен міндетіңді білу аса маңызды. Ол үшін Азаматтық кодексті, Коллекторлық қыз­мет туралы заңды мұқият оқып шығу қа­жет. Әйтпесе, әлі талай қазақ онлайн не­сиеден опық жейтіні анық.

Серіктес жаңалықтары